Сырдың сырлы шежіресі

570

0

Сырға толы сенсің мирас шежіре,

Сыртта оттай басыласың көзіме.

Жатырқамай орын бердің,

Жассынбай,

Тұңғыш рет өлеңімнің өзіне.

Бір өзіңе сұлу сөзді жиғандай,

Төрт бетіңе Сырдың бойы сыйғандай.

Тасқа басқан мақалаңа мәйекті,

Сенетінбіз түгел ұйып имандай.

Қарт Қаратау… айдынды Арал арасын,

Елін… жұртын, егінжайын… даласын,

Сен жырладың, тоқсан бес жыл тоқтамай,

Сыр бойыңның данасы мен баласын.

Төрт бетіңде толған мақсат, толған жыр,

Тақырыбың – жауһар Қызылордам бұл.

Ой салады оқырманға әр саның,

Таңғы шықтай жапыраққа қонған бір.

Сенен таптым қаламы ұшқыр досты өңшең,

Талай талант тұсауын да кескен сен.

Алуан-алуан жаңалықты жеткіздің,

«Алтын күрек» сияқтанып ескен сен.

Тоқсан бес жыл толғанып сен келесің,

Талай уақыт тастап артқа белесін.

Мүлде жақын, күн де жақын өзіңе,

Бір ғасырдың көретұғын төбесін.

Тоқсан бес жыл том-том тарих сен асқан,

Әр бетіңде мағына бар мен ашқан.

Қай қоғамның тұсында да кірпішін,

Сенің сөзің жігер беріп қаласқан.

Аптап… аяз… соқсын мейлі, борасын,

Сырдың тынбай тіршілігін шоласың.

Осы аймақтың жаңалығын өрнектеп,

Құт қонақтай әр үйге сен соғасың.

Ақпараттық бәйгеде алда боласың,

Оқырманмен доссың, жолдас-жорасың.

Қолтығында сен жүресің қойшының,

Қара қоста диқанменен қонасың.

Сенсің күллі Сырдың сырлы айнасы,

Жаңа Қазақ елімен бір жайнашы.

Тоқсан түгіл жүзден әрі асқанда,

Әр сөзіңнің тисін жұртқа пайдасы.

Тоқсан бес жыл өтсін мейлі арада ол,

Алдыменен қолға сені алады ел.

Байтақ Сырдың баяндаған болмысын,

Басылымым, мазмұнды сен бола бер!

Толыбай АБЫЛАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<