Төртінші бекет (әңгіме)

391

0

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қала мен ауыл арасының жол қатынасы мүлде шешілмеген еді. Бүгінгідей асфальт жол да, онымен құрдай қатынайтын көлік те жоқ. Ауылдан жолаушылап шыққандар 4-5 шақырымдай жердегі 4-теміржол бекетіне қарай жаяу-жалпылап шұбыратын. Бекет болғандықтын мұнда жүйрік пойыздар тоқтамайды, жолаушылар пойызы ғана тоқтайды. Соның өзі жақсы…

Облыс орталығындағы педагогикалық институтта оқитын ағасы Ақылбекті осы жерден күтіп алып, шығарып салу – інісі Мейрамбектің міндеті. Енді бір аптадан соң, жаңа оқу жылы басталады, бұл тоғызыншы сыныптың партасына отырады. Мектеп тауысқанда ағайы институт бітіріп келеді. Сосынғы кезек Мейрамбектікі. Үйдегілердің алдағы жоспары осындай. Міне, бекет бойында ағасын отырғызып салғалы тұр. Сәлден соң «Алматы-Орал» пойызы екпіндей келіп жетті. Ағасы вагонға кіргесін де, пойыз жылжи бастағасын да, Мейрамбек асыға қоймады. Шағын атарбаның алды-артын, доңғалақтарын бір-бір қарап өтіп, тортөбелдің мойын қамытын созғылап, жөндеген болды. Енді шыға бергенде айдау жолдың бойында тұрған әйел мен қызды көріп тоқтай қалған.

– «Коммунаға» баратын шығарсың, – деп қалды қысқа жеңді, көгілдір көйлекті, ақсары әйел сұраулы кейіппен.

– Иә, апай, – деді де Мейрамбек дереу түсіп, жүктерін арбаға салды. Жүргесін әңгімені жолаушы әйел бастаған:

– Ақтөбе жақтан келе жатырмыз, мен осы жердікімін… Әйел терең тыныстағандай болды да: – Ботабай деген кісінің қарындасымын, – деді.

– Ботабай көкем бас зоотехник ғой, біздің көршіміз.

– А, солай ма, тіпті жақсы болды, сонда сен кімнің баласысың?

– Тұрғанбектің баласымын, апай.

– Ветврач Тұрғанбектің бе?

– Танитын ба едіңіз?

– Неге танымайын, менен екі класс жоғарылығы болмаса, бір мектепте оқыдық ғой…

– Солай деңіз?!

– Өзіміздің бала екенсің, танысып отырайық, мен Мәрзия деген апаңмын, мынау қызым Айнаш, енді тоғызыншыға барады.

Артына бұрылып еді, қыз оп-оңды көрінді, алайда ұяңдау ма, тіктеле алмады.

– Атым – Мейрамбек, Айнаш менімен құрдас екен. Мен де енді тоғызыншы оқимын.

Тортөбелге қамшы басты… Әне-міне дегенше ауылға жетіп келген. Ботабайдың үйімен төрт жылдан бері көрші. «Құрдасымның қасына отырамын» деп бұлардың қатарынан алты бөлмелі үлкен үй тұрғызып алған. Әйелі Зүбәйра ауылдағы дәрігерлік емхананың меңгерушісі. Бір қыз, екі ұлы бар. Есігінің алдына келіп тоқтаған атарбаны және одан түсіп жатқан қонақтарды көрген көршілер далаға жүгіре шығып, бір-бірімен құшақтасып жатты. Біршама уақыттан соң даладағы жерошақта бағылан қозының еті қайнады. Сол маңайдағы 3-4 үйдің үлкендері қонақтардың сыбағасын бөлісе жеп, біразға дейін бұл отбасында әңгіме-дүкен қызды. Келесі күні Мейрамбектің әке-шешесі қонақтарға дастархан жайған.

Мәрзия апай мен Айнаш Ақтөбеге қайтпады. Бірінші қыркүйекте Айнаш Мейрамбекпен бірге мектепке келді. Класс жетекшісі екеуін бір партаға отырғызған. Ол математика, физика пәндерінен алғыр екен. Мұның осал жері осы екі сабақ еді. Бас- аяғы 2-3 айдың ішінде Мейрамбек есепші болып шыға келді.

Ақтөбенің медицина институтын бітіріп, он жылдың үстінде дәрігерлік қызмет атқарған Мәрзия апайды аудандық денсаулық сақтау бөлімі емханаға балалар дәрігері етіп тағайындады. Үйлерінің оңтүстік жағында «Иіркөл» атты көл болатын. Көктемде Сырдың тасқын суы кемерінен асыра толтыратын, сосын айнадай жарқырап жатушы еді. Жағалауы көк майса құрақ, жиектерін жібектей жұмсақ қоға басатын. Ерте көктемнен суық күз жеткенше құс базары бір толастамайды. Айдынына қармақ салып, шағын резеңке қайықпен сан рет серуендеген Айнаш екеуінің қызықты күндері аз болған жоқ. «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деп өскен қазақтың ұрпағымыз ғой, былайғы жұрт екеуін ағайынды не егіздің сыңарына ұқсататын. Ол кезде қыз бала тәрбиесіне ел болып көңіл бөледі, әсіресе жоғарғы класта оқитын қыздарды мектептегі «қыздар кеңесі» деген қоғамдық ұйым жіті бақылайтын. Қыздар кеңесіне Айсара дейтін апай басшылық ететін. Апайларының қаталдығы сондай, қыздар тұрмақ ер балалар да ол кісіні көргенде ығысып кетуші еді.

– Басбаев сен Рахметоваға қара, басқа жақтан келді екен деп ауылдың тентек балалары мазалап жүрмесін. Ондай жағдай бола қойса, тура маған кел, – дегені бар. Сосын Мейрамбек өзін Айнаштың нақ бір қорғаушысындай сезіне бастады. Біреу-міреу сөзге тартқысы келіп үйірсектей бастаса, қасына жетіп барады. Мектепке, кей-кейде кешкі киноға да бірге барып, бірге қайтады. Жоғарыда айтқандай кластары да, парталары да бір. Кейде Айнаш бұған: «Көршімсің бе әлде көлеңкемсің бе?» деп күліп алатын.

Оныншы кластың көктемі ерте келді. Наурыз айының ортасында күн күрт жылып кетті де «Иіркөлге» құстар ағылды. Көктемгі каникулдың бір ашық күні түске таман екеуі көл жағасына барды. «Иіркөлдің» беті қарақұрым. Біраз уақыт құс базарын тамашалап отырған. Үйректер, қарабауыр қасқалдақтар, сұрғылт кегрлер суға сүңгіп, бірінен кейін бірі көлдің бетін сыза жүзеді. Өздерінше ерекше дыбыстар да шығарғандай болады. Сәл әріректен қаңқылдаған қаз дауысы естіледі. Аппақ-аппақ шағалалар шаңқылдап, төбені шыр айналып ұшып жүр.

– Мынау барқыт көктемнің гармониясы ғой, – деген Мейрамбек.

– Иә, тауып айттың-ау, тек бір ән ғана жетпей тұр, – деген Айнаш.

– Ол қандай ән болды екен?

– Мысалы: «Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып оралды Алматыға» немесе «жүректі мазалап қозғайсың, бәрібір қолыма қонбайсың ақ шағала» деген жолдары бар әндер ше?

– Қосылып айтып көрейік!

– Қайсысынан бастаймыз, Мейрамбек?

– Мен «Ақ шағаланы» ғана білемін.

– Онда, қане?!

 Жақында ғана үйренген әнді баяу бастады. Айнаш қосыла кетті. Әнді аяқтап болғасын Мейрамбек:

– Бүгіннен бастап, біз бұл көлді «Айнакөл» деп атайық.

– Ол ненің құрметіне?

– «Ненің» деген сұрақты, «кімнің» дегенмен ауыстыр да маған қара?!

– Кім-нің, ал қара-дық!

Қыздың қос жанары күлімдеп кетті.

– Сенің құрметіңе, Айнаш! Айнаш деген сыныптасым әрі көршімнің құрметіне.

– Сен де айтасың-ау…

Он бірінші кластың екі тоқсанын аяқтап, үшінші оқу тоқсаны бастағалы жатқан күндердің бірінде Ботабайдың үйіне екі бейтаныс кісі келді. Бұл жолы қонақтар үшін сойылған уақ малдың сорпа-суын ішуге, көршілер шақырылған жоқ. Тым-тырыс… Ертесіне таңертең Айнашты көрді. Әлденеге қобалжулы. Сұрақ тастаудың қисынын келтіре алмаған. Сөзді қыз бастады:

– Мен кететін болдым, – деді ол естілер-естілместей етіп.

– Қайда, қайда кетесің? Дауысы қаттырақ шығып кетті білем.

– Тсс, сабыр қыл! Досының екі қолын тас қылып ұстап тұрды да:

– Мен әкемді сондай жақсы көремін. Арақ ішуін мүлде қойыпты, Ақтөбенің медицина институтына қызметке орналасқан. Қала орталығынан үй беріпті. Енді қайтамыз. Анамды көндірдім. Әке-шешенің ортасында екі аяқты алшаңдай басып жүргенге не жетеді?!

– Сонда келмейсің бе?

Жүрегі езіліп сала берді де отыра кетті. Қимастық сезім мең-зең халге түсірді.

– Келемін, міндетті түрде келемін. Төртінші бекеттен күтіп алып, «Айнакөлге» апарасың.

– Қашан жүресіңдер?

– Түстен кейін қамданамыз. Кешқұрым келетін пойызға отырамыз. Ботабай көкем билет алып келуге кетті.

– Маған барғасын мекен-жайыңды толық көрсетіп, хат саласың ба?

– Әрине, үш жылға жуық бір класта, бір партада отырған досым әрі қорғаушы-көршіме хат жазбағанда кімге жазамын?

Ол күліп алды, бірақ оның да қимай тұрғаны анық еді.

Қоштасар сәт кім-кімге де жеңіл болған жоқ. Қайсыбір көңілшек көршілер көздерінен жас алды, соның бірі мен едім. Емханада өз ісін мінсіз атқарған Айнаштың анасы Мәрзия апай шын мәнінде көпшіл әрі инабатты кісі болатын. Ешкімді бөліп жармайтын, қандай сәттерде де сырқат жандардың жанынан табылып, дәрігерлік қызметін аянбай көрсететін. Мәрзия апайды жұрттың бәрі сыйлаушы еді. Міне, енді қызын ертіп Ақтөбеге қайтпақшы.

Ботабай көкесінің сегіз орындық «Газ-69» көлігімен қонақтарды шығарып салушылардың бірі – Мейрамбек болды. Шамасы, мұны Айнаш қалаған болар… Ботабай көкесі: «Сөмкелерді мәшинеге сал, сосын қонақтарды пойызға екеуміз отырғызып қайтамыз» дегенде қуанып кетті.

Төртінші бекетке пойыз келуге жарты сағаттай бұрын жеткен. Үлкендер өздерінше әңгімелескен болады, ал Айнаш екеуі өткен-кеткенді айтып, толқып тұрғанда пойыздың да қарасы көрінді-ау…

– Қимаймын, амал не қош бол, Айнаш! – деп қыздың оң қолын екі алақанының ортасына қысты.

– Біз көп кешікпей кездесеміз, әзірге сау тұр, сенімен бірге жүрген күндер ұмытылмайды.

Ақпан айының басында Айнаштан хат келді. Ақтөбе қаласындағы бір аралас мектепте (орыс-қазақ мектебі) оқып жатқанын айтқан. Анасының да жұмысқа орналасқанын, әкесінің институтта аға оқытушы болып абыройлы қызмет етіп жүргенін жазған. Ауыл мектебіне қарағанда қала мектебінің айырмашылықтары бар екеніне тоқталған. Қалаға үйренісіп келе жатқанымен ауылды сағынғанын, кластастарына сәлем айтуды сұраған. Мектепті бітірген бойда ауылға барамын дей келе, мекен-жайынан хабардар еткен.

Түнде отыра қалып, Айнашқа жауап хат жазды:

 «Сәлем хат!

Айнаш! Хатыңды алып, қуанып қалдым. Сенің қандай мектепте оқысаң да ешкімнен кем түспейтініңе сенемін. Қалада білім алғанға не жетсін?! Орысша үйренесің дегендей… Менің де арманым – аттестат алғасын үлкен қалалардың біріне барып институтқа түсу. Кейде ойлап қоям, сенің қасыңда болсам деп, кім білген арманның аты арман? Айтпақшы, Ақылбек ағам келіп кетті. Пойызға шығарып салдым. «Енді 4-5 айдан кейін аманшылық болса, диплом алып, мұғалім болады. Маған: «дайындала бер, тіл-әдебиетке түсіремін» дейді. Менің мұғалім болғым келмейді, бір үйге бір мұғалім жетпей ме? Әзір бұл ойымды ешкімге айтқаным жоқ. Қыс тезірек өтіп, көктем, сосын жаз келсе ғой… «Айнакөл» мұз болып қатып жатыр. Ауылдың адамдары жағалаудағы қамыс-құрағын отқа жағуға қыршып, орып алуда. Көңілсіз көрініс… Санағанда күн де өтіп болмайды екен. Сәлеммен Мейрамбек».

Наурыз айының ортасына таман Айнаштың екінші хаты келді. Мединститутқа түсуге талап қылып жатырмын депті. Жеке түскен суретін салып жіберген. Әдемі. Қалаша киінген, әсем әрі сымбатты бойжеткен екені көрініп-ақ тұр. Сыртына: «Досым Мейрамбекке» деп жазған.

Оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылды. Енді мемлекеттік емтихан. Алғашқы қазақ тілі мен әдебиетінен шығармадан төрттік баға алған Мейрамбек түстен кейін жолдасы Жақайды ертіп, «Айнакөлге» келген. Екеуі қармақ салып, жағалауға тым жақын келіп-кетіп жүрген құстарды қызықтады. Резеңке қайықпен көл ортасына дейін барып қайтты. Жолдасына Айнаш туралы сыр ашқан.

Жақында келіп қайтатынын айтқасын Жақай:

– Балық аулап, керемет уха жасап беремін, – деді.

– Рахмет, тіпті жақсы болар еді, дос қызы Айғанымды қосып алайық. Бұл – Мейрамбектің риза болғандағысы.

Тарих пен қоғамтанудан соңғы емтиханды тапсырған күні Айнаштан жедел хабар жетті: «20-маусым күні ертеңгілік өзің білетін пойызға отырамын. 3-вагон. Айнаш» делінген.

Қуанғаннан Жақайдың үйіне тартты.

– Міне, келетін болды. Сөзінде тұратынын білгем, – деп жолдасын құшақтай алған.

– Дұрыс екен, бірге қыдыратын болдық. Уәдемде тұрамын, «Айнакөлден» балық ұстап, сорпа қайнатамыз! – деді досы.

Ертесіне ерте оянды. Тортөбелді қорадан алып шықты.Үстін тазалап, ат арбаға жегуге дайындады. Сәске түс шамасында 4-бекетке қарай тартты. Жолшыбай жаяулап, пойызға отыру үшін бара жатқан ерлі-зайыпты ауылдасын арбаға отырғызып алды. Екі араға желіп-жүріп жетіп, әбден мәшкүл болған тортөбел жортып келеді. Бекетке келіп тоқтағанда, пойыз келуіне әлі біршама уақыт бар еді. Атының қамытын ағытып, жүгенін алды, екі қос уыстай арпа салған жем дорбаны басына ілді.

Пойыз келе бергенде 3-вагон бас жағында болар деп алға қарай жүгіріп еді, сөйтсе реті артынан басталыпты. Енді кейін қарай жүгірді. Пойыз тоқтаған бойда көргені 50-60 метрдей жердегі вагоннан түсіп жатқан ши қалпақты, ақшыл көйлекті қыз болатын. Айнаш екенін жазбай таныған Мейрамбек құстай ұшты, ол да жедел адымдаған. Жеткен бойдан жерден тік көтеріп алды да, қызды шыркөбелек айналдыра берді. «Қуанған мен қорыққан бірдей» дегендей қапелімде ауыздарына сөз түспеді.

Екі аптадай ауылда болып, қыдырыстаған Айнашпен бірге Ақтөбеге оқуға түсуге аттанатынын, көрші Қызылорда облысынан ауыл мектебін бітірген балаларды Ақтөбе медицина институты осы жылы конкурссыз қабылдайтынын, Айнаштың әкесі екеуін де институттың «емдеу бөліміне» оқуға түсіретінін Мейрамбек те, ата-анасы да әзір білген жоқ. Бұған себепші болған Айнаш еді. Бозбала мен бойжеткеннің кейінгі өмірі қалай жалғасты, ол – өзінше бір әңгіме…

 Темірбек ЕСЖАНОВ

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<