Тозақ аралы (романнан үзінді)

537

0

Сурет ашық дереккөзден

АРАЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

…Уһ, ақыры Қайдардың табаны жан-жағын қопалар қоршаған, ну жыныс қамыс өскен қара жерге тиді-ау. Қара саннан келетін, шекеңнен бір-ақ шығатын мұздай суды шімірікпей кешіп, найзадай нар қамыстарды  қақ жарып құмдауыт аралшыққа тұра ұмтылды…

…Қайдар ығып келген кішкентай арал «Орыс қамыс» аталатын. Бұл маңайда жаңа бір әзірде айтқанымыздай бір-бірінен мойны алыс, кейбірі жүзіп баратындай жердегі елсіз-сусыз аралшықтар аз емес еді. Көнекөз құйма құлақ қариялар ерте заманда теңіз тасып кеткен кездері бұл аралдар су астында қалған деседі. Тіпті анау Сыр өзенінің осы теңізге құятын тұсынан Көкаралға дейін қара жер болған, түйелі керуендер арғы бетке құрдай шұбырып жатыпты дейді екен.

Ал Қайдар шыққан арал құмдауытты, сораң, баялыш, сексеуіл аралас өскен, енсіз, есесіне ұзынша арал болатын. Әбден әлсіреп әл-дәрмені құрыған, ол аяғы жеткен жерге дейін еңбектеп барып сұлай кетті. Сол етпетінен жатқан күйі қос құлашын жайып жіберіп сұп-суық құмшық үстінде бірғауым жатты. Ояу күйінде бұл сонда өңім бе, әлде түсім бе деп біресе астындағы жерді, үстіндегі шайдай ашық аспанды бір күдікпен, бір үмітпен шолып жатыр.

Тірі адам тіршілігін жасайды. Сосын түрегеп қамысқа тірелген сең үстіндегі ау-құралын, ағаш шананы бөлшектеп дөңестеу биік жерге тасып алды. Ақ тер, көк тер боп, әлгі заттарды қара жерге әзер сүйрелеп жеткізді. Әл-дәрмені құрып қалыпты. Сонан ат жабуды астына екі бүктеп төсеп бірғауым мызғып алды.

Аралдың айналасы айдынды су. Ызғып тұр. Оянса тұла бойы әжептәуір жеңілдеп қалыпты. Ендігі жұмысы күн тас төбеде тұрғанда әлгі дөңестеу жерден жерқазба қазып алып, сонда паналамақ. Өйткені алда әлі көктемгі ызғырық жел-құзы бет қаратпайтын «бесқонақ» бар. Сондықтан аш қарыны шұрылдап тұрғанына қарамастан қайратына мінген Қайдар дереу іске кірісіп кетті…

Әуелі мұз үстінен үкі оятын ұшы үшкір сүйменмен жерді ұрғылап еді. Сүйменнің ұшы үстіңгі жер қабатына тебен инедей көктей өтті. Тоң жоқ. Жас баланың еңбегіндей былқылдап жатыр. Сонан аяғының астындағы жерді кісі бойы тереңдетіп, ұзындығын бес-алты, енін төрт қадам етіп қазды. Сосын оның ішін төрт бұрышты қылып кеңейтті. Бір жақсысы жердің астында сыз жоқ. Құп-құрғақ. Ендеше не тұрыс.

Қолындағы күрекпен жағалаудағы бармақтың жуандығындай қамыстарды түбінен қиып, қазған жеріне тасыды. Шананың ұзын қос сүйретпесін сүйменмен ортасынан сындырып, жерқазбаның төбесіне салды. Жан-жағына шананың ағаштарын бұзып, төбедегі сүйретпенің арасына аудың шыжым жібімен байлады. Үйіліп жатқан қамысты әуелі баулап, қалың етіп жерқазбаның төбесін біртегіс жауып шықты. Үстін шалаңмен, құммен бастырып, теңіз жақтан еңбектеп кіріп, еңбектеп шығатын есік, төбесінен терезе орнына тесік шығарды.

Шананың ішіндегі екі-үш тартым ауы осы кезде есіне түскен Қайдар оны тараштап жазып, тәртіпке келтірді. Сырты күйелеш темір шелекті құммен ысқылап жуып, жерқазбаның алдындағы жуан сексеуілдің бұтағына салбыратып іліп қойды. Кеудешесінің ішкі қалтасында үлкен қорап толы шырпысы бар еді. Соны сыртынан сипап-сипап қойды.

Көңілі жайланғаннан кейін шананың табанында жатқан екі-үш тыранның қабыршағын пышағымен аршып, тазалап, шелектің ішіндегі суға батырды. Бары осы. Басында оншақты болатын. Оны ағасы екеуі тісімен шикілей жұлмалап баяғыда түгескен.

Әбден әлі құрып қапты. Сонда да белін бүкпей сексеуілдің қу бұтақтарын шырт-шырт сындырып, шелектің астына от тамызды. Сақал-мұрты қауғадай боп өскен, арып-ашыған бет-жүзін оттың ыстық лебі шарпыды. Рахат. Тұла-бойы жас баладай балбырап жүдә жеңілдеп қалды. Соның әсерімен орта шелек суға әлгі тырандарды тоғытып жіберді.

…Аздан кейін қайнап жатқан тоң балықтың иісі аузының суын шұбыртып, аш қарынын шұрылдатқанда буы бұрқыраған шелекке қарай еріксіз ентеледі. Адам баласының ауруға шыдаса да аштыққа төзуі қиын екен.

Қолындағы ернегі мүжілген ағаш қасығымен шелекте кілкіп тұрған көбікті олай-бұлай ысырып ыстық сорпаға танауын төсеп кішкентай тұрды. Сосын қасығымен балық сорпасының дәмін көрген. Ащы да емес, тұщы да емес. Үрлеп ішіп еді. Аш қарыны одан әрмен қылқылдап, араны одан әрмен ашыла түсті.

Буы бұрқырап піскен балықты қамыстың үстіне түсіріп, әп-сәтте ашқарақтана соғып алды. Оның үстіне есіне балықшы қауымның арасында айтылатын аңызға бергісіз әңгімелердің  түсе кетпесі бар емес пе.

Ертеректе Арқадағы бай ауылға ұзатылған балықшы ауылдың қызы қой етінен әбден жерісе керек. Сонда «Қара қойдың құйқасынан балығым артық еді-ау» деген екен. Сол сияқты балықта еламан деген тікені болады. Соған байланысты айтылған сөз де әлі күнге Қайдардың есінде.

Бірде балық жеп отырған жігіттің өңешіне әлгі балық тікені қадалып тұрып қалыпты. Су ішкізеді, қатқан нан жегізеді, о жақ, бұ жақтан емші-тәуіптер келіп, ем-дом қолданады. Болмайды. Сонда өңешіне еламан тікенегі кеткен жігіттің жанындағы жолдастары  «Еламан тікенегі кетіпті, еліне сәлем айта бер» деген көрінеді. Ақыры әлгі жігітке ем қонбай, ажалы балықтан, еламан тікенегінен келіпті деседі.

Балықшылардың кейбірі піскен балықтың қол басындай бөлегін аузына атып жіберіп, алдындағы ауларын тараштап жазып отыра береді. Екі қолы бос емес. Сол кезде әлгі балықтың сүйегі, тікенегі езуінен өз-өзінен түсіп жатады.  Құдды комбайн сияқты.

…Асқазанына біраз ел қондырған Қайдар артынша ағаш қасықпен жүдемелете сорпа ішіп біраз тыңайып қалды. Соның күшімен дереу тараштап жазған бес-алты тартым ауын қалың қамыстың арасындағы ашық суға құрып тастады.

…Көктем күні көкжиекке қызылқұлақтана батып бара жатқанда тағы да бес-алты бау қамыс қиып әкеп жер қазбаның еденіне төседі. Үстіне атжабуды төсеп тастады. Сонан соң керіліп-созылып барып соның үстіне кескен теректей сұлай кетті…

…Ертесіне әзер оянған Қайдардың бойы дел-сал. Біреу төмпештеп тастағандай көзін жерқазбаның төбесіне қадап біраз жатты. Жатқан адамға ой үйір. Тап қазір өзінің қайда келгенін ойлап жатыр. Ой түбі тұңғиық, терең мұхит сияқты. Ағысы алдына салып айдап кетуден тайынбайды. Тағы да біраз жатып амалсыздан түрегелді. Сонымен мұның белгісіз аралдағы екінші күні басталды. Тірі адамға тіршілік керек. Әуелі сексеуіл бұтағында ілулі тұрған шелекті жуып-шайып, түбіндегі теңіздің кермек суын қайнатып ыстық сусын ішті. Маңдайы жіпсіп, құрыс-тырысы жазылды.

Сөйтіп тұрғанда көзі еріксіз қамыс пен қопалардың жиегіне ығып кеп бірінің үстіне бірі мініп күр боп қатқан мұз бөліктеріне түсті. Астын су, үстін күн жеген сеңдер әнәукүнгідей емес, көлемі біраз кішірейіп қалыпты. Аппақ. Алыстан қараған адамға аңыздағы ақ сарайлар сияқты. Бұл болса алыстағы белгісіз аралда аңыздағы адамдай өмір сүріп жатқан жоқ па. Ендеше сол сеңдерді ерімей тұрғанда ерінбей-жалықпай кәдеге асырса қанекей.

Балықшы ауыл адамдарының жазғытұрғы «өліара» кезде сеңді бөлшектеп үйдегі бөшкеге тасып ауызсуға пайдалану бұлжымас дағдысы болатын. Жарықтық, сол бөшкедегі мұз әбден еріп біткенде еріндері тұщы суға тиген ауыл адамдары қашан қар кетіп, еспенің суына ентелей жамырасқанша ауызсудан тарықпаушы еді.

Қайдар да сонан бастап жерқазбаның жанынан терең шұңқыр қазып, астына қамыс төсеп мұз кесектерімен толтырды. Үстін қамыспен жауып тастады. Бөгендегі жаздай балық, ет өнімдерін сақтайтын Құспанның мұзқаласы тәрізді. Қажет кезінде сонан бір-екі кесегін алып шелекке салып қояды. Күні бойы күн астында тұрған мұз ерігенде бұл қарық-қазина боп қалады. Ішсең мұздай су тас төбеңнен бір-ақ шығады. Есесіне шілдедегі кенезесі кепкен таңдайыңды жібітіп, шөліңді басады. Тұп-тұщы. Құдды зәмзәмнің суы сияқты.

Бір күні аралдың ортасындағы биік дөңеске шығып, жан-жағына жіті көз тастаған. Қараса бұл шыққан аралдан басқа да көз ұшында бұлдырап тағы бір жұмбақ аралдар көрінді. Жазғытұрғы сағыммен белгісіз бағытқа жол шеккен қазақтың керуен-көшіне ұқсайды.

Ол аралдар шын мәнінде бұл тұрған аралға жақын жердегі Қызылбай, Көзжетпес, Манакөл, Қарарал болатын. Одан әрідегі Қасқақұлан, Қосарал аралдары әлдеқайда алыс еді. Сондықтан өзі шыққан әлгі аралдан көзіне әрі жылыұшырай, әрі жұмбақтау көрінген жоғарыдағы төрт арал бейне бір бұған  үлкен жер сияқты көрінген. Бірақ о жақтан тіршілік белгісі білінбейтін. Сонда да дәтке қуат, көрер көзге үміт ұялатады. Бейне алыста саяқ жүргенде көп адамның ішінде қандас туысың не ауылдасың, не танысың анадайдан көзге шалынғандай кеуде сарайың кеңіп сала береді екен. Тап сол сәтте бұл да сондай күй кешіп тұрған еді.

Осы кезде тұмсық батпас қалың қамыстың ішіндегі алақандай айдын суға құрған аулары жақтан салдыр-гүлдір дыбыс естілді. Құлағын түрген Қайдар дереу суды шалпылдата белуардан кешіп барып ау құлағына жармасты. Торға түсіп тыпырлаған су маржандарының күшінен ау қалтқылары безгек тиген адамдай дір-дір етеді.

Басқа балықтардай емес, сазан балық өлермен. Ауға түссе өстіп әлек салады. Тентек. Есесіне қабыршағы сары алтындай көздің жауын алады. Бірақ судан шығарып ау торынан жазып алғанда біраз шоршып барып әрең басылатынын қайтерсің. Қайдар әлгі сазанмен қоса ау торына қанаттарынан іліккен бір-екі тыранды ау торынан әрең жазып, қамыс арасында бір құлағы байлаулы тұрған торға емін-еркін жіберді. Бұл – әлдеқандай күнге сарымайдай сақтаған тірі азығы.

Ауларын балықтан жазып, жаңғыртып қамыс жағалай қайта құрып бола бергенде «Қайдасың» дегендей кеме гудогы алыстан құлағына шалынды. Апыр-ай, сол ма, сол емес пе дегендей бұл құлағын қайта тосты. Сол. Анық сол кеме гудогы. Бұл қайдан шықты екен? Аспаннан түсті ме, әлде су астынан шықты ма? Жасаған ием жар бола гөр. Жалғыздың жебеушісі бір Алла.

Бұл кезде әлгі таныс гудок дауысы тағы бір-жар рет жер астынан шыққандай құлағының түбінен естілген. Колхоздағы «Мойва» атты елу аттық күші бар жапондық ағаш кавасок кеменің өстіп анда-санда шалық шалғандай өкіріп-бақырып алатыны бар еді. Аумайды мынау дауыс содан.   

Көптен көрмеген, біраздан келмеген туысы келе жатқандай жүрегі дүрсілдеп аралдың бір шетіндегі биік дөңге қарай өкпесі өшкенше тұра жүгірді. Аралдың ортасындағы көлшікті жағалай дөң басына сол жүгірген бойда жеткенше жан тері шықты-ау. Соған қарамастан ол дөң үстінде тұрып тұсынан сонау алыс жерде өтіп бара жатқан кемеге қос қолын бұлғады. Жан дауысымен айғай салды.

– Ей, мен мұндамын, мұн-да-мын! Ала кетіңдер, ала кет-ің-дер! Алла тілектеріңді берсін!

Жаңа бір әзірде көкжиектен көрінген кеме біраздан соң ақжал толқынды құс тұмсығымен қақ жарып бірте-бірте алыстап бара жатты. Тіпті мұның жан дауысын шыбын шаққан құрлы көрмегендей. Баленьдорынан бұрқ-бұрқ еткен бозғылт түтіні аспанда қалықтаған әлгі кеме шетсіз-шексіз теңізге сіңіп, аздан соң көзден жоғалып кетті.

Қайдар болса дөң басында көпке дейін селсоқ тұрып қалды. Жүрегін белгісіз біреу жұлып әкеткендей не өлі, не тірі күйде емес. Салы суға кеткендей, көмейінде бір өксік бар. Қара орманынан айырылып қалғандай көкірегін өкініш тырнайды.

Бұл қалай болды сонда. Кеменің палубасын, онда жүрген адамдарды, камбуз, рубкасын да мына  көзімен көріп еді ғой. Ендеше дөң үстінде қол бұлғаған мұны көрмейтіндей кемедегілердің көздері соқыр болғаны ма?

Сонан соң бойын билеген запыран ашу мен өксікті өкініштің екпінімен кісі бойына жетеғабыл жыңғылдың түбін бір тепті, сол дәрменсіз күйде құмшыққа құйрығын нығарлай басып отыра кетті. Қарап отырған жоқ. Жан-жағына жіті көз тастап отыр.

Бір кезде сонау жағада төңкерулі қирап жатқан ағаш қайыққа көзі түсті. Қайдарды бұл аралға тағдыр дауылы айдап әкелгелі екі айдай уақыт болыпты. Сонан бері мұның көзіне шалынбағаны қалай?

Бұл не болды екен? Әлде өзінен бұрын да бұл аралға адам аяғы тиген бе? Бәлкім, аралдың бір шетінде адам баласы бар шығар. Кім екен ол. Адам ба, сайтан ба?

Жүрегіне әлдебір үміт, әлдебір күдік ұялаған белгісіз арал иесі әуелі жағадағы қираған қайыққа қарай бір заматта құстай ұшты. Жолда келе жатып ойы сан-саққа жүгірді. Жалғыз адамға ой серік. Жүрсең жол қысқарады, ұйықтасаң уақыт қысқарады. Бірақ ой түбіне жете алмайсың. Бейне ескексіз қайық сияқты. Қара жерге шыға алмай шырғалаңға батып кетесің.

Әне-міне дегенше әлгі қайықтың жанына жетіп келді. Бұл аралға аяқ басқалы қалай көрмей жүрген. Кәдімгі ағаш қайық. Әр жерде құм шетін шала-шарпы көмген қос ескегі шашылып жатыр. Одан әріректе жатқан ішіне су өтпейтін резеңке қапшықты көзі шалғанда әуестігі тіпті арта түсті. Сол әуестігі еселеп арта түскен ол қапшыққа қол тигізбей тұрып жан-жағына сақтана көз жүгіртті. Басы әңкі-тәңкі. Ойы он саққа жүгіреді. Бір жағынан балықшыларда мұндай резеңке қапшық жоқ. Бұл аймаққа ондай заттың таңсық кезі. Қарапайым балықшылар түгілі, мүйізі қарағайдай атқамінерлердің қолына түспейтін зәру дүние. Әлгіндей қапшықтардың бұл маңайда пайда болуына, оны тұтынуға әлі бақандай талай жылдар керек еді.

Жан-жағына сақтана қараған Қайдар резеңке қапшықтың аузын байлаған Арал өңіріне таңсық жіпті таңдана тұрып шешті. Қолы дірілдеп қапшықтың ішіне саусақтарын сұғына сүңгітті. Бойын әзер билеп әлгінің түбін біраз қопсытты. Бір кезде ішінен әлдебір жат тілде жазылған қойын дәптер, Арал теңізінің жағрафиялық картасы, компос және дүрбі шықты. Бәрінен бұрын қолына қапшықтың түбінен шырпы, қолшам мен аса таңсық қант пен қатқан нан және кофе, тұз салынған құты іліккенде қатты қуанып кетті.

Төңкерулі қайық болса әбден қираған. Көп жылдардан бері жатқаны, тозығы жетіп, жан-жағын шеге құм желмен көміп тастағанынан байқалып тұр. Ол тағы да айналасын асықпай әбден шолды. Теңіз суы, тентек толқындар жалаған сол аралдың құмдауыт жағалауы. Сол сәтте бірауық «Сонда бұл қайықтың иесі қайда болғаны» деген сауал Қайдардың көңілінен жерқазбаға жеткенше кетпей қойды. Сонан сол күдік біразға дейін жанын жегідей жегені бар емес пе. Бірақ «дауылда суға кеткен шығар» деген дүдәмал ойға шырмалған Қайдар біртіндеп бұл оқиғаны ұмытып та кетті.

…Тағы бір күні азанғы ыстық суын асығыс ішіп, кеше кештен қалған піскен балықтың қол басындай кеспесін жүріп бара жатып апандай аузына атып ұрған Қайдар енді аяғы жеткенше өзі келген аралды аралап шығуға аттанды.

Белгісіз аралға саяхатты әуелі әнәукүнгі қирап жатқан қайықтың тұсынан бастаған ол бұл аралдың біраз жерін түс ауғанша аралап шықты. Сонда бір байқағаны, теңіз тасығанда бұл жерді де алапат су толайым басып, тіршілігі тып-типыл болатын көрінеді. Оны аяқ астындағы бақалшақтардан көріп келеді. Әй, бұл теңіз адамзат баласы жаралғалы талай тасып, талай қайтқан шығар-ау. Есте жоқ ескі заманнан бері жағалау жұртын ашықтырмай асырап келе жатқан теңіз туралы әңгіме тиегі ағытылса «ойбай-а, ан-ау «Көкаралға» маяк шамы жылт-жылт еткен дарияның аяғынан түйелі керуендер өтіп бара жатқанын талай мына көзімізбен көрдік қой. Әлгі керуендер одан әрі түркімен аса ма, парсы аса ма, әйтеуір қомдарына қомақты заттар тиелген ұзын көш көкте көшкен тырналар сияқты тізбектеліп өтіп бара жататын» деп отыратын.

Қазір әлгі қариялар айтқан «Көкарал» мен бергі беттің арасы Аралдан шыққан, Аралға бара жатқан кемелер күндіз-түні жүзген терең теңіз айдыны.

…Бір кезде шаршап-шалдыққан арал иесі кісі бойындай жыңғылдың көлеңкесіне жандәрмен жантая кетті. Сәуір айының отты күні төбесінен ауғанша мызғып алды. Қолының күс басқан сыртымен көзін уқалап ұйқысын ашты. Жер таянып түрегеп әлгі күні кеме кеткен жаққа өңешін созып өлгенше қарап, ақыры үміті үзілгендей қолын бір сілтеді.

Жерқазбаға қайтарда аралдың шығыс жағын жағалап келе жатқан оның аяғына баялыш пен дүзгіннің бұтақтары оралып, жүрісін баяулатты. Сөйтіп келе жатқанда жолда оған түнеугүні  қираған қайық жанынан табылған резеңке қапшықтың тағы бірі кездесті. Жартылай құм басып, сыртын күн жеп тастапты. Қапшықтан сәл әрірек сыртында «май шабақ» және «сиыр еті» деген жапсырма жылтырақ қағазы бар қаңылтыр қалбырлар ашылмаған күйінде қалай болса солай әр жерде шашылып домалап жатыр.

Қайдар жан-жағына сақтанып қарап, терең ойға шомды. «Апыр-ай, бұл заттар аралға қалай, қайдан келген? Бұларды біреулердің әкеп тастауы мүмкін бе? Бәлкім, өзін тағдыр желі айдап келген меңіреу аралда тағы біреулердің бар болғаны ма сонда? Егер адам баласы болса осы уақытқа дейін мұның көзіне қалай көрінбей жүр? Әлде Әмірикадан келген шпион ба екен? Әлде теңіздегі кемелерді тонайтын теңіз қарақшылары ма бұл?»

Өз ойынан өзі шошынған ол ілгері жүре бергенде селк ете қалды. Себебі, Қайдардың дәл алдындағы аласа төбенің етегінде жартылай құм басқан, үстіндегі киімдері жыртылған, тозған адамның дене сүйегі жатыр еді. Әлгі адам денесін, киімдерін әлдебір аңның әбден жұлмалағаны бірден байқалады. Денесінің бір сылым еті жоқ. Құр қаңқа. Екі көзінің ойығы үңірейіп суық тартады. Ол да «Мен сені көріп тұрмын. Сен де бір күні мендей боласың, мендей болып сүйегің осы меңіреу, адам аяғы баспаған аралда қалатын болады» дегендей шошындырып тастаған. Сәлден соң бойы үйреніп әлгі адам қаңқасын айдалада қалдырмай бетін жасыруға бел буды.

Адам баласы азапта да адам, тозақта да адам. Кімнің көзі жетеді ертең не болмағына. Бүгін патша болсаң, ертең пақыр боласың, бүгін теңіздей тасып тұрсаң, күндердің бір күні шалшық болмасыңа кім кепіл. «Құлан құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген осы шығар.

Қайдар мынау адам қаңқасын дереу айдалада ашық-шашық қалдырмай жедел жерлеу қамына кірісіп кетті. Ақ тер, көк тер болып кіндіктен келетіндей терең шұңқыр қазып, әлгі сүйекті  білгенінше бар құрметін жасап жер қойнына табыс етті. Әлдеқашан Сібір жақта сүйегі қурап қалған байғұс әкесі бала күнінде құлағына құйғандай үйреткен дұғасын дауысын шығарып оқыды. Иесіз аралда ит-құсқа жемтік қылмай жалғыз өзі жаназасын шығарды. Сөйтіп белгісіз аралда белгісіз болып қалған жалғыз адамның басына сексеуілдің жуан бұтағын сындырып алып құнттап қадады. Аты-жөні, ұлты, тұрағы тіпті беймәлім марқұмға қолынан келгені осы болды. Бұған да шүкірлік. Ол өзінің адами борышын өтеді. Ал әлгі марқұм кім? Қайдар үшін кім болса да бәрібір. Ең бастысы, ол да өзі сияқты екі аяқты пенде. Мейлі, американдық болсын, африкалық болсын, орыс болсын, шүршіт болсын. Адам баласы ешқашан адамшылығына қылау түсірмеу керек. Басына қандай іс түссе де.  Сонда ғана атыңа лайық боласың. Екі аяқты адамның төрт аяқты аңнан артықшылығы да сонда. Хакім Абайдың:

«Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?!»

деуі бекерден бекер емес-ау.

Адами парызын алыстағы аралда адасып жүріп адал атқарған Қайдардың арқасынан ауыр жүк түскендей «Уһ» деп төмпешік бейіттің жанына отыра кетті. Жалғыз адамға ой серік. Кімнің қайда, қай жерде қалатыны Жаратқан Құдайға ғана аян. Әкесінің сүйегі де әне қалған жоқ па ата-бабасының өмірі барып көрмеген, табаны туғалы тимеген жат жердің топырағында. Ал байғұс әкесінің сүйегі айдалада қалатындай жазығы не? Бар кінәсі теңіз үстінде басын бәйгеге тіге жүріп, өзі аулаған екі-үш түйір шабақты әкеп, үйдегі ашқарын отбасына нәпақа етіп бергені ме? Сол үшін ауылдағы ағаш белсенді Айдар сыртынан акт жасатып айдатып жіберген жоқ па? Жазықсыз жапа шеккен, қызыл үкіметтің құрығына іліккен, қысым көрген жалғыз мұның әкесі ме? Шағын ауылдағы бес-алты шаруа адамды «жапонның тыңшысы, бай-құлақ, Ислам дінін уағыздады» деген жалған желеумен мұрнынан тізіп Ақтөбе, Арал, Қазалы түрмелеріне  қойдай айдаған. «Үштіктің» үкімімен кейбіреулері сотсыз, тергеусіз атылып, бірсыпырасы ондаған жылдарға кесіліп, елден тысқары түрмелерге айдалып кеткені қазір ащы аңыз сияқты.

Әй, айналасына зәрін төккен зар заман-ай. «Батпақты» көлдің жағасындағы Әжімбет мақсымның мешітін трәктірмен тапап тастамақ болғаны ше? «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген осы шығар. Аудан, ауыл басшылары араша түсіп ауыл балалары үшін бастауыш мектепке айналдыру мақсатында аман алып қалмағанда не болар еді.

Кейін Айдар белсендінің аузы кәдімгідей қисайып кетіпті.  Ауылдағылар «Әжімбет мақсым тегін адам емес еді. Сол кісінің аруағы атты мұны» десті. Қызыл үкіметтің құйрығынан кіріп, аузынан шығып жүрген құйыршық неме қатты азаптанып ауырып, ақыры ажал қақпанына түсіпті. Көмілгенде көрде жатқан сүйегін көртышқан ба, ит пе, жер үстіне қайта-қайта шығарып тастай беріпті. Амалдары таусылған ағайындары доңыздың нәжісін қосып қайта жерлепті деседі. Сөйтіп тыным тауыпты. Әне, сол кейінгі жас ұрпаққа тағылым болса қанекей.

…Әлгі резеңке қапшыққа әр жерде домалап жатқан қалбырларды жинап салған Қайдар артына бұрылмастан аралдың арғы басындағы тұрағына тура салды. Жерқазбаға жеткенше жан-жағына қарамауға тырысты. Қараса біреу көріп қалатындай, біреу тауып алған олжасын тартып алатындай.

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» десетін анасы шалы итжеккенге  айдалып кеткенде. Сол айтқаны енді кенже ұлының басына аумай-төкпей айналып келіп тұрғанын қарашы. Адам баласының жалғыздыққа да еті үйреніп кетеді екен. Үш күннен соң көрге де көндігесің дегені осы шығар. Әуелгіде иесіз аралда елегізіп жүретін, келе-келе көндікті, үйренді. Ау, өйтпегенде қайда барады? Ұша ма? Елсіз-сусыз белгісіз аралда жападан-жалғыз күн кешкелі міне, үшінші ай өтіп бара жатыр. Әуелгіде таң атып, күн батпайтындай көрінген. Түн баласы жатқан жерінде дөңбекшіп көз шырымын алмаған кездері аз болған жоқ. Сонан таң атып, күн шығып болмайтын. Келе-келе еті үйренді. Тұяқ серіппей қатып ұйықтағанын көрсең. Үйдегідей болмаса да үйіндей болған жерқазбаға кіреді, шығады. Күнұзағына ермегі ауларын тараштап, шөп-шаламын қағып, торға түскен балығын талғажу етеді. Бұрқылдатып қайнатып, пісіріп не қып-қызыл шоққа басып ішіне ел қондырады. Онан қалды қолына таяқ ұстап аралдың о шеті мен бұ шетін кезеді. Бейне кезбе сияқты. Әйтеуір таң бозарып атқаннан күн құлақтанып көк теңіздің ар жағына құлағанша екі қолы, екі аяғына тыным жоқ. Кейде дөң басында отырып, күнұзаққа қадалып теңіз айдынынан көзін алмайды. Онысы әнәукүнгідей буалдыр түтіні бұрқылдап, кеме қарасы көрінер ме екен дегендегісі.

…Көп кешікпей әлгінде дауысы әлдеқайдан жер жарған кеме бұл мекен еткен аралдан алысырақ жүзіп бара жатты. Оның бұрқыратып жаққан түтіні аспанды бойлаған отына да қайырылмай біраздан соң көзден ұзап кетті. Әйтеуір түзде жүрсе де, үйде жүрсе де адам шіркін үмітке үйір. Жақсылықтан үмітін үзбейді. Қайдар да тап қазір сол үміттің жетегінде ынтығып отыр. Қырдың қызыл түлкісіндей құйрығы бұлғаңдап ана қырдың астынан бір, мына қырдың астынан бір жылт еткен сол үміт дегенің қанекей, қандай ол. «Иә, Қайдар үмітің ақталса үйіңде боласың, ақталмаса аралдағы бұрынғы күйіңде қаласың» деп ішінен мазасызданып отырған жайы бар еді қазір оның.

Бүгін де сол соқыр үмітті малданған ол дөң басында тізе бүкті. Сонан бесін ауғанша, төбесін аптап ыстық тескенше қимылсыз отырды. Екі көзі көкжиекке ұласқан ұлы теңіз үстінде. Кірпік қақпайды. Көңілі сергек, құлағы түрік.

Көз алдындағы теңіз төсі күн астында ақ күмісше жалт-жұлт етеді. Жақын жердегі ақ бауыр шағалалар арал жағасындағы таяз су үстінде қиқулап қанаттарын қайшыласа қағады. Бір кезде кезек-кезек суға лақтырған тастай шүйіліп кеп қап-қара тұмсығында тыпырлаған майда шабақтарды іліп алып аспанға көтеріледі. Шіркіндердің шаңқ-шаңқ еткен үндері құлақ құрышыңды қандырады. Бұл суреттер теңіз баласына сондай ыстық, сондай жағымды. Ауылдағы радиодан күн құрғатпай берілетін Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінің күмбірлеген күйлерінен бір кем емес. Тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді.

…Дөң басында манадан тапжылмай отырған Қайдардың екі көзі күн астында мың құбылған, алтынмен аптап, күміспен күптеген алып қазандай теңіз үстінде. Үміт шоғын үрлеген үстіне үрлеп отыр. Ойы дауыл күнгі аласапыран теңіздей қым-қиғаш.

Ел құлағы елу. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды. Әйтеуір отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды дегендей теңізден аттап әрісі Мәскеу, берісі Алматы түгілі, мына тұрған облыс орталығы мен Арал қаласына өмірі табаны тимеген, тіпті қызыққа, қыдыруға құлқы жоқ балықшылар бар ауылда. Бірақ ойдағы-қырдағы он-сан жаңалық соққан желмен жете ме, әлде әрі-бері құрдай жорғалаған елмен жете ме, әйтеуір бұл ауылға жария жаңалықпен қоса қаңбақ сияқты қаңқу сөз де жұрттан қалмай жетіп, құлақ құрышыңды қандыратын.

Рас болса Арал балықшыларының бастарын бәйгеге тігіп, қыстың қызылы шұнақ аязында тоңып-шашырап, жаздың жаныңды қоярға жер таптырмайтын аптабында отбасынан еріксіз безіп, көшіп-қонып жыл он екі ай аулаған балығы Мәскеу қаласы тұрғындарының бір күндік асына әрең жететін көрінеді, яғни жұмырына жұқ болмайды деген сөз бұл.

Қолдары өмірі күс-күс, жүздері желмен мыстай жылтырап тотыққан балықшы байғұстардың жай-жағдайын, хал-ахуалын ойлап жатқан қайсы бар үкімет басында үкідей үлпілдеп отырғандардың. 1921 жылы сонау Кремльден пролетариат көсемі Лениннің  сол  жылғы қазан айында жазған әйгілі хатын құшақ жая қарсы алып, Волга мен Еділ бойында аштыққа ұшыраған 7 млн қарт пен қызыл қарын балаға қарлы-боранды қыс айларында 14 вагон балық жөнелткен Арал балықшылары болатын. Соны бүгінде иығы бүтінделіп, қарны тойғандардың қайсысы ойлап жатыр. Жұтқандары жұмырына жұқ болмағырлар Құдайдан да, өздері ант-су ішіп, отын отап, суын ішіп жүрген партиядан да айылын жимайды өңшең албастылар. Істері бөлек, сөздері бөлек еді сол сұмырайлардың. Колхоз клубының кіреберіс қабырғасында саяси бюро  мүшелерінің суреттері сап түзеп самсап тұрғаны ылғи. Қане, қайсысы солардың мынау сорлы балықшының сорға батқан бес елі бейнетіне болысып жатқаны. Өмірі Арал теңізін көрмеген, тіпті көруге құлықсыз сол немелерден не қайыр. Ойбай-ау, қызыл жұлдызды Кремльдің төрінде, тас көшелі Мәскеудің жерінде шіреніп, шырт түкіріп отырған сол шенеуніктер түгілі, облыс, ауданды айтпағанда, «Қаратүп» колхозын басқарғандар да пайғамбардан кем емес. Айдағандары жүріп, ойлағандары болып тұрғасын жерге емес, аспанға қарайды. Сірә, құдайлары сол жақта болса керек. Бұлар үкіметтің балықшылары емес, қолдағы құлдары сияқты. Колхоздың бескүндік, тоқсандық, жылдық балық аулау жоспары орындалмай жатса да, балықшы байғұсты кінәлайды бәрі. Ау, сонда бұларды су астының патшасы Сүлеймен дей ме. Балық біткенді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған. Балық жоқ болса су түбіне сүңгі дейтін сияқты пәтшағарлар. Сол балық үйірін амалсыз қуалап дауылда суға кеткен, теңіз түбінде қалған балықшы аз емес. Жарықтықтардың асыл сүйегі бүгінде балық жемтігіне айналған шығар-ау. Әйтпесе о жақтан қайтып келген пенде әзірге жоқ. Былайғы күндері балықшының бір күн аяқ-қолын созып демалуына мұршасы жоқ. Құдды қуғын-сүргін жылдарғы көк мылтықтың астында жүрген сияқты. Жоспар орындалмай қарсы келсең қарабетсің. Жиналыс жасап жыныңды қағып алады. Әйтеуір бұлардың екі аяғын бір етікке тығады.

Сол тұстары колхоз бір қайық ауды ерлі-зайыпты екеуінің еншісіне беретін еді. Әйелі ескек ессе, еркегі ау төгіп, ау суырады. Сонан қайық ішінде ерлі-зайыпты екеуі ертеден қара кешке дейін үйме-жүйме қырық-отыз ау торына шырмалған су маржандарын біртіндеп жазып алып балық қабылдау пунктіне өткізеді. Ауды басып қалған шөп-шаламды да сонымен қабат бел жазбастан бүкшиіп отырып тазартады. Олардың күнде қайталанып келетін осы тірлікке еті әбден үйреніп кеткені соншалық, дауыл күндері де теңізге қарап отырмаса бойына ас батпайтын сықылды. Әй, қу тірлік-ай.

Демалыс дегенді білмейді бұл бейнеткерлер. Тек дауыл күндері ғана еңсе тіктеп, ел қатарлы бой жазып бір рахаттанып қалады демесең, көбісі жыртылған ау торларын жамап-жасқап, көңгелеп тәртіпке келтіріп жатады. Кейбірі ауылдың маңдайына біткен жалғыз дүкеннің маңайында әңгіме-дүкен құрып, әзіл-оспақ соғып уақыт өткізеді. Әйелдері болса бала-шағаның кір-қоңын жуып, қоржын тамының қотыр-қотыр қабырғаларын әктеп, әуре-сарсаңға түсіп жатқаны.

Сөйтіп жүргенде колхоз белсенділері балықшылардың үйлерін жағалап, «балыққа шығыңдар» деп бүкіл ауылды басына көтереді. Боқтайды. Боралайды.

– Әй, иттің балалары, бұл не жатыс? Қане, бірің қалмай қазір теңізге шығыңдар! Әйтпесе жиналысқа салып, жындарыңды қағып аламыз, – деп әр үйдің әйнегін қамшымен сабалап, дүрсе қоя беретін еді.

Балықшылардың ішіндегі бас көтеретіні апайтөс Атағұлла. Сол баж-бұж етіп ауылды аяғынан тұрғызған партком Қажымұратқа бүйірден тиісіп, қарсы атака жасайды.   

Жаңағы Айжарымтасты, Изенді деген теңіздің түстік жағының түбі. Шалғай жерде. Желкенді қайыққа жуық арада жеткізбейді. Мойыны алыс. Жері аты айтып тұрғандай таулы, тастақты. Суы терең. Түбі көрінбейді. Туғалы теңізбен біте қайнасқан ержүрек деген балықшының өзі бұл араға шомылуы екіталай. Балықшы біткен бір-екі ай сол маңайдан балық аулайды. Тұрмысы мәз емес. Есесіне тамағы тоқ. Бескүндік, айлық жоспарларын әлденеше есе асыра орындап тастаған. Ел алдында атағы дүркіреп, аты озып жүрген стахановшы балықшылар аз емес.

Аудан орталығындағы балық комбинатының балық қабылдайтын кемелері бұл жерге күн құрғатпай ерсілі-қарсылы құрдай қатынап жатады. Солар әр келген сайын бума-бума газеттер әкеледі. Осының ішіндегі аудандық «Екпінді балықшы» газеті көзге жылыұшырайды. Озат балықшы атанып, газет бетінен ойып орын алғаны жақын маңайдағы ауыл дүкендерін жағалап «Мәскеудің айрықша арағы» атанған бөтелке-бөтелке ащы суын әкеп, әбден қызған соң жағаласып бір-бірінің жағасына жармасып жатқаны өздеріне қызық, сырт көзге сөкет болатын. Ертеңіне олар түк болмағандай жаймашуақ жағдайда жайбарақат жұмыстарына жұмыла кірісіп кететін.

Жалпы, теңіз жағалауында өмір кешкендердің әрқайсысының мінезі дауыл күнгі теңіз тектес, бірақ ашуы әп-сәтте сап басылып жататын. Соған қарап сырттан келгендер, соны көргендер еріксіз бас шайқайтын.

…О кезде теңіздің тұс-тұсындағы қойнау-қолаттары, адам аяғы баспаған басаттары жаз айларында тоқшылық пен молшылық тоғысқан хан базары іспеттес болатын. Жарықтық, әсіресе Айжарымтасты аралшықтары  нағыз құс базары екен. Дүние жүзіндегі құс атаулы осы аралдарда сияқты. Бірі ұшып, бірі қонып жатады. Сол аралға жолың түссе жұмыртқаның неше атасын көрер едің. Аспанға қарасаң ұшып жүрген құстардан көк жүзі көрінбейтін.

Құмдауыт жағалаудың кез келген жерінде шағаланың тарғыл жұмыртқалары бығып жатады. Ара-арасында жігіттер әлгі жұмыртқаларды жабыла теріп әкеп күйелеш шелекті толтырып пісіріп қарынына ел қондыратын. Балықшы үшін балықтан басқа, бұл да бір таңсық тамақ.

Сол Айжарымтасты аралдарының маңайынан айжарымдай уақыт балық аулаған, күнге күйіп, жүзі тотығып тура Конгодан келе жатқандай олардың хабары құлағына тиген күллі ауыл тағатсыздана тосатын. Тайлы-таяғына дейін қалмай төбе басына жиналып, етектегі ен жайқын теңіздің төрін көзімен кезген кезін көрсең. Үлкені бар, кішісі бар «келе жатыр» деген хабар құлағына тиген олардың сол кездегі қуанышын қарапайым сөзбен жеткізу қиын еді.

Төбе басында сол тұрыстары тұрыс. Аяқтарын байлап-матап тастағандай. Бірін-бірі кимелеп, бірдеңеден құр қалатындай өңешін өлгенше созып тұрғаны қызық. Азаннан кешке дейін сол тұрыстары тұрыс. Тапжылмайды. Тіпті артындағы ауыл жақтан шыққан «әй, шай іш» деген дауысқа да бұрылып қарауға мұршасы жоқ. Бұлар күтіп тұрған балықшы кемелері өздері жоқта көкжиектен шыға келсе бар қызығын, бар үмітін жоғалтып алатындай сол тұрған күйі артына қарай қолын бір сілтейді төбе басында иіріліп тұрғандар.

Көздерінде жас. Қуаныш жасы. Сағыныш жасы. Жауды жеңіп елге қайтып келе жатқан жеңімпаз жауынгерлерді сағынып, сарғайып қалай күтсе, алыстан оралған балықшыларды ауыл адамдары солай тағатсыздана, сабырсыздана тосатын. Әсіресе әкелерін, ағаларын аңсаған күс табан балалардың кішкентай жүрегі күлеңкер көйлекті жарып шығатындай дүрс-дүрс соғатын. Олардың теңізден көз алмаған суретіне тіл жетпеуші еді. Ал ерін күткен жас келіншектердің сарғайған сағынышын, жардың ыстық құшағын, тәтті сезімін қарапайым тілмен айтып жеткізу қиын. Оны мына елсіз аралда адасып жүрген бейбақ бойдақ қайдан ұқсын, қайдан түсінсін.

Бір кезде түтіні будақтаған балықшы кемелері де көкжиектен әрең дегенде әйтеуір көзге шалынады. Осы кезде жұртты кимелеп алға озған Жанназар шал жанұшыра шіңкілдейді:

– Әй, анау бірінші келе жатқан Досмағамбеттің кемесі, екіншісі Бөлегендікі, – дейді білгішсініп.

– Оны қайдан білдің? – дегендерге жауабы дайын:

– Ойбай-ау, Досмағамбет стахановшы капитан емес пе?! Сондықтан бірінші болып ол келмегенде мен келемін бе?

Былайғылар «сөзің бар болсын» деп шал сөзіне елең етпейді. Бірақ әлгі кемелер ауыл алдына жақындағанда Жанназар шалдың көрегендігіне еріксіз иланып жататын.

Сонан ауылдың тайлы-таяғы қалмай жағалауға жапа-тармағай ұмтылады. Бұлар жетем дегенше қара қайықтар да жағалауға тұмсық тіреп, балықшы жігіттер құстай ұшып келгендерді шетінен құшақтап, мәре-сәре болып қалады.

Сөйтіп ауылға сағындырып жеткен балықшылар қаздың сап-сары балапандарын, сол жақтағы сауда нүктелерінен сатып алған алуан түрлі ойыншықтарын, арзанқол тәттілерін бүкіл ауылға базарлық ретінде үлестіретін. Бұл күні әсіресе, балалардың қуанышы еселеп артады. Топ-тобымен жүгіріп жүріп әр үйден тәтті жейді. Ауыздары жағал-жағал. Жеген де мәз, жемеген де мәз.

Айта берсең балықшы ауылдың қай кезде де өз қызығы өзіне жетеді. Тапшылық, таршылық, жоқшылық та бұл ауылды айналып өтпеуші еді. Жер бетіндегі барша адамзат баласы сияқты «Қаратүп» колхозының адамдарына да әлгі жағдайлар ортақ болатын. Тұрмыстың тақсыретін қаншалықты тартса, шүкіршілігін де соншалықты мәрте айтудан жалықпайтын. Ашпын деп айтпайды, жоқпын деп жасымайды, бар болса тасымайды. Өйткені бәрінің тұрмысы біркелкі. Бірінен бірінің озып бара жатқаны шамалы.

Әй, жер жүзінде қазақтай қанағатшыл, қайырымды, мейірімді ұлт жоқ шығар-ау. Керек десең, кешкілік біз тұмсықты сары маса ашық-шашық денесін шағып, мазасын май ішкендей етсе де «Бұл да Жаратқанның жан берген жәндігі ғой» дейтін кеңқолтық қазағың осы.

Өзі ішер ас, киер киімге жарымай отырса да қонағын құдасындай сыйлап, құрмет көрсетеді. Төрінен орын, төбесінен жай береді. Астындағы жалғыз атын мінгізіп жібереді, қорасындағы қолына қарап  отырған жалғыз малын сойып, қонақасы беріп, асты-үстіне түсіп жайлайтын да біздің қазақ қой. Пейілі періште іспеттес.

Сонау Ресей патшасы тұсында қазақ жерін басыбайлы меншіктеу мақсатында талай келімсек табалдырығымыздан аттап, келе-келе төрімізге шыққан жоқ па?! Сондай ағылған жатжұрттықтардың табаны тұңғыш рет Солтүстік Арал жағалауына тиген. Соның көбісі теңізбен сырмінез болса керек. Әйтеуір осы елге келе сала балық кәсіпшілігіне жанталаса кірісіп кетті. Ау көңгелеп, қайық жасатты. Жағалаудан үлкен мұзқала салып, жергілікті балықшыларды балық аулауға жаппай жекті. Сондағы беретіні азын-аулақ тиын-тебен. Соған қарамастан қолында малы жоқ сенделіп жерге сыймай жүрген бірқатар ел біртіндеп балық аулау, балық тұздау жұмысына амалсыздан жегілді. Әліпті таяқ деп танымайтын балықшы балалары үшін орыс-қазақ бастауыш түземдіктер мектебінің есігін айқара ашты.

Бұрын теңіз тереңінен балық аулау өңі түгіл түсіне кірмеген жергілікті кәсіп иелерін қайық жасап, желкен керуге дағдыландырды. Жаздай ауланған балықты мұзқалада  бабымен сақтап, қыс айларында Ресей қалаларына «Қамыстыбас» бекетіндегі болат жол арқылы жөнелтіп жатты…

Толыбай АБЫЛАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<