Туған жер, саған тәу етем

629

0

Ардагер журналист Айгелді Разақов есімі аймаққа жақсы таныс. Көп жыл БАҚ саласында қызмет еткен журналист Сырдария аудандық «Сырдария» газеті, сондай-ақ жеке иеліктегі «Тіршілік», «Самала» газеттері арқылы өңірдің рухани дамуына еңбек сіңірді.

 2020 жылы денсаулығына орай Алматы облысына көшкен ағамыз қазір туған жерге оралды.

А.Разақов – ойы орамды, сөзі өткір ақын. Оның шығармалары шынайылығымен де бағалы. Ақынның ашық та, ақиқатшыл мінезі өлеңі арқылы өріліп, оқушысын кең тыныстатады.

Біз бүгін қаламгердің жырларын оқырман есіне салып қоюды жөн санадық.

БІЗ ТЕҢІЗДЕНБІЗ

Біз – теңізденбіз, теңізденбіз,

Егізбіз, еншілеспіз теңізбен біз.

Тербетіп толқынына ұрпақтарды,

Уызын ұлылықтың емізгенбіз.

Біз – морякпыз, теңіздің арысымыз,

Арыстаны, аюы, барысымыз.

Ерлігін теңізшінің білгің келсе,

Тау тектес толқындармен алысыңыз.

Біз – Бөгенненбіз, Бөгенненбіз,

Топырағы киелі көгенненбіз.

Ақырзаман алқымнан алса-дағы,

Өліспей беріспейтін өлерменбіз.

Өлерменбіз, өміршең дегенмен біз,

Тамұққа тамыр жайып көгергенбіз.

Қаңтардың қарт аязын бас білдіріп,

Ақпанның ақ боранын шөгергенбіз.

Біз – Аралданбыз, Аралданбыз,

Ақиық айдынынан нәр алғанбыз.

Теңіздің тіршілігін сақтау үшін,

Жалғанмен жағаласқан ән арманбыз,

Біз – Аралданбыз, біз – теңізденбіз!

 ЖҰЛДЫЗ БОП ЖАНҒАН

(Тағдырдың қатал сынағына қарамастан адамзат тарихында қайталанбас ерлік үлгісін жасаған қазақтың қайсар ақыны Зейнолла Шүкіровтің рухына)

Тұрғызбай науқас, кеудемнен басып бір залым,

Кірпігім ғана қимылдап жатыр, құр жаным…

Туған ел сонда төсектен алдың көтеріп,

Туған ел, саған ризамын!..

***

Мүмкін тағдыр босаттырған тақымды,

Атан тарпып жабыстырды зақымды.

Құлап түсіп екі аяғы сал болып,

Сегіз жаста төсек тартып аһ ұрды.

Өтті күндер, өтті түндер өксікпен,

Сел боп ақты көздің жасы көпшіктен.

Төрт қабырға басып тұрды еңсені,

Албастыдай жарымжанға өшіккен.

Өмір жатты арпалысып азаппен,

Тәркілесті тағдыр құйттай қазақпен.

Күндіз-түні айқас, арты итжығыс,

Сайтан сылқ-сылқ күлетіндей мазақпен.

Бала зейін ауды кенет кітапқа,

Қол қарманып ілінгендей бұтаққа.

Бұл тозақтан шығу жолын тапқандай,

Әлем сыйып тұр ғой мынау кітапта.

Сосын кетті формула мен заңдарға,

Табиғатқа құстар менен аңдарға,

Есеп-қисап, астрономия, химия,

Жетті енді көкке қанат самғарға.

Қалам – қару, дәптер – айқас алаңы,

Күндіз-түні талмай қиқу салады.

Әз-табиғат таулар, теңіз, толқындар,

Бала ақынды құшағына алады.

Тыныс кеңіп тартуына даланың,

Бас білдіріп салды жолға қаламын.

Ағытылды ақтарылып өлең, жыр,

Басын иді тағдыр танып таланын.

Қанатсыз-ақ қалқып көкке самғады,

Жердегі ізін құс жолына жалғады.

Міне жеңіс, бір жұлдыз боп жанғаны,

Міне жеміс, бір жұлдыз боп қалғаны.

Армандарды жетелейтін асқарға,

Айналды ол өлмейтұғын дастанға.

Жанып тұрсын өнеге боп жастарға,

Жарық беріп тұрған жұлдыз аспанда.

САҒЫНЫШ

Аралым ақ айдыным, ақ толқыным,

Көп ойлап өзің жайлы көп толқыдым.

Жеткізе алар ма екем жүректегі,

Сыздаған сағыныштың пәк солқылын.

Ілімін ұлылардың ала білген,

Сырласып табиғат пен жусан гүлмен.

Толқынмен құлын-тайдай ойнап өстік,

Егіздей бауыр басып бала күннен.

Әппақ құм құшағындай анамыздың,

Көктем мен арасында қара күздің.

Ойыннан сіле қатса жатушы едік,

Қаперсіз бауырында даламыздың.

Туған жер неткен ыстық топырағың,

Тұлпардан қалған мен бір шоқырағың.

Жетісу жер жәннаты дегенменен,

Жағаңды аңсауменен отырамын.

Бәрі ыстық – суың, құмың, аңызағың,

Жасырып көзден тамшы тамызамын.

Еске алсам қаязың мен бекіреңді,

Елітіп сілекейді ағызамын.

Тағдырдың тартуларын бөлісеміз,

Ұлың ем тынысы бір, өрісі егіз.

Тербелсін толқыныңда сағынышым,

Кім білсін, енді қашан көрісеміз…

Айкелді Әбді-Разақ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<