Олар жетінші сыныпта кездескен. Әсел – төрағаның қызы. Әнуар мен Әділ – осы мектепке биыл жаңадан келген балалар.
Қыркүйек айының алғашқы күндерінің бірінде сабақ бітіп, бір топ бала үйлеріне қайтып келе жатты. Әнуар мен Әділдің қасында Әсел мен оның дос қыздары бар еді. Арттарынан жеткен 3-4 бала бұл екеуіне тиісе кетті:
– Кеше келіп, біздің ауылдың қыздарымен бірге қайтатын сендер кімсіңдер? – деді қарадомалақ кішкентайлауы.
– Өздеріңе не керек? – деді шикіл сарысы.
– Көп созып не қыламыз, одан да былай… Ұзынтұрасы Әнуарды шапалақпен тартты. Намысқа тырысқан Әнуар да қарап қалмады. Қыздар шырылдап, ажыратпақшы болып жатқанда Кенжебай ағай келіп қалып, бұзақылар қаша жөнелді де, Әнуар мен Әділ тұрып қалды.
– Бұлар емес ағай, аналар, – деді Әсел қашып бара жатқандар жаққа қолын нұсқап.
– Ертең сөйлесеміз, – деді де ағай үйіне қарай бұрылды.
Үшеуі клубтың қасынан өтіп, келесі көшедегі қыз үйінің тұсына келді.
– Бүгіннен бастап үшеуміз ажырамас дос боламыз, – деп Әсел екеуінің қолын кезек-кезек қысқан. Қашанда бұлардың қасынан табылатыны үлкен демеу еді. Араларына енді келіп қосылған екі балаға осы ауылдың бұзық балалары көп тиісетінін әкесіне айтып берген. Төраға мектепке келіп, директормен сөйлескен. Мұнан соң екі бала еркінірек жүрді. Әділдің әкесі шопан болғандықтан, Әнуардың үйіне жатып оқитын. Ауылдың қақ ортасында тұратын Әселдің үйі Әнуар мен Әділдің мектепке бірге келіп қайтатын жолы болғалы қашан?!
Ілезде екі жыл өте шықты. Тоғызыншы сыныптың сабағын үш күн оқығасын оқушыларды күріш жинауға алып кеткелі жатты. Балалар ағаш бортты «Газ-52» автомашинасының қорабына төсек-орын салған қаптарын жатқызып, үстіне жайғасты. Орталарына Әселді алып, көппен бірге екі бала Сырдарияның келесі бетіндегі «Арайды» бетке алған. Бұл – кіндік қаны тамған атамекені. Кішкентайынан жағасында асық атып, жазда салқын суына шомылған, қыс түссе кәнөк теуіп, шана сүйреткен Ақсу көлі шалқып жатыр. Көктемде құм жуасын теріп жейтін «Ақбет аралы», мұнан соң «Қияқты», «Ақкешпе», «Мақпал» көзге оттай басылды. Әсел өтіп бара жатқан жер-су аттарын Әнуар мен Әділден сұрап отырды. Тас жол солға бұрылып, біршама жүргесін құмдауыт төбешік тұсына келгенде Әділ:
– Ертеректе осы жерді «Естек» деген тайпа мекендепті. Аңғарсаң, әнекей орындары да жатыр, – деп төбе басындағы опырылып үйіндіге айналған қабырғалардың орнын нұсқаған. Төбе етегіндегі тас жаугершілік заманда шейіт кеткен бір атақты кісіге қойылған белгі болса керек. Осыдан төрт-бес жыл бұрын облыс орталығынан бір ғалым келіп көрген дейді. Тастағы жазу өшіріліп қалғасын, оқи алмаған сыңайлы. Сонау 50-жылдары таңба-жазулар өше қоймаған екен, бүгіндері тым көмескі.
Осы аймақта парсының әйгілі Кир патшасы мен сақтардың патшайымы Томирис ханшайым әскерлерінің арасында қырғын соғыс болып, Кир патшаның басы кесілген деседі, ал мына тас белгінің кімге қойылғаны белгісіз.
– Анау биік төбе – асар. Осындай жеті асар бар. Соның үшеуін мен көрдім, – деді Әнуар. Төбесіне де шықтым. Бұлар – жаудан қорғану үшін салынған қамал-қорғандар. Жау жақындаса бекінетін және қорғанатын орын. Тағы да естігенім, шапқыншыларды көрсе, асарлардағылар бір-біріне хабар беріп отырған. Жазық дала ғой, ол бірден көзге шалынады екен.
Қыз таңырқады да:
– Біз келе жатқан «Құс ұясы» деген жердің де тарихы бар ма? – деп сұрады.
– Бұл – беріректегі атау. Алғаш рет күріш егуге келген егінші-механизаторлар сол маңдағы дарақ жыңғылдан құстың үлкен ұясын көреді. Содан «Құс ұясы» аталып кеткен ғой. Мұны айтқан Әділ.
…Өмір дегеніңіз жалғасты тіршілік емес пе, алдағы екі жылдың күзінде де осы жерге келіп, күріш жинауға қолғабыс беретінін олар білген жоқ. Әсел достықтың балауса сезімге ұласар сәті дәл осы жерден басталар деп ойламаған-ды.
«Арайдың» құнарлы кең даласына Сыр маржанын көп егіп, жылда мол астық жинайтын «Коммуна» кеңшарының еңбеккерлерімен бірге жоғары кластың балалары күзде тайлы-таяғы қалмай тағы да егінжайға келген. Солардың қатарында үш дос он біріншіде оқитын Әнуар, Әсел және Әділ де бар еді.
Дала қосындағы алғашқы түн. Жас көмекшілер жылдағы әдеті бойынша алау жағып, оттың айналасын қоршай отырды. Мектепке жеті жастарынан қабылданған олар (ол кезде солай) енді он сегіз жасқа аттаған бозбала мен бойжеткен! Үп еткен жел жоқ, тымырсық түн. Ай тас төбеде тұр. Айнала сүттей жарық. Екі досының ортасынан орын тепкен Әсел тым көңілді. Әдемі, бозаңдау реңі оттың қызумен қызыл шырайланған. Бір сәт отырғандар қолқалап Әділге ән айтқызды:
– Түн жамылып келеміз,
Айсыз ашық аспан.
Төбемізде жұлдыздар,
үнсіз жымыңдасқан.
Бара жатқан зымырап,
байқалмайды уақыт.
Бұл не деген қуаныш,
Бұл не деген бақыт…
Ашық дауыс түнгі аспанды тербеп әкеткен.
– Тағы, тағы жұп болсын! – деп жатыр жолдастары.
– Айтсайшы, – деп қалды Әсел де. Әділ бетін бұрып қызға қарап, сәл ойға шомғандай болды. «Әсел, сен білсең ғой, менің жүрегімнің еркімнен тыс кеткенін. Айт десең, тек саған ғана арнап айтар едім, бірақ оны түсінесің бе, қалай қабылдайсың? Жан сырым еді, досым Әнуар да білмейді. Бірақ, көрейін, ішіме сақтай беріп қайтемін?!»
– Әнін бұл жүректің,
бір саған сыйлаймын.
Жаныма гүл ектің,
өзгеге қимаймын.
Жарасым табатын,
барымсың, бағымсың.
Мен үшін қымбат тым,
әр күнің, сағатың… – деп соза берді.
– Мынау біз естімеген ән ғой, – деді қыздардың бірі.
– Иә, жаңадан шыққан ән шығар, бір естігенін Әділ тез қағып алады емес пе?!
Бұл – екіншісінің айтқаны.
– Енді бір орындашы Әділ, мынауың қатқан екен, – деген жан досы Әнуардың да сөзі құлағына тиді. Қайталап шықты. Бірақ, бір сұрақ көңілін алаңжарлы еткен. «Әсел қалай қабылдады екен?» Алау басындағылар тарай бастағанымен, Әділ орнынан қозғала қоймады. Сосын Әсел мен Әнуар да кідірген.
– Төбе басына қарай жүріп қайтайықшы, – деді Әділ қызға. Бір-бірінен ештеңе жасырып көрмеген үшеу, алғаш рет осылайша бөлектеніп еді. Әнуар ренжи қоймағанымен, ойланып қалған. Дала қосынан 300 қадамдай жердегі төбе басына шыққанда ай батып бара жатты.
– Жаңағы ән саған арналған, Әсел мен сені жанымдай жақсы көрем, – деп Әділ бір-ақ кесті.
– ??
– Естисің бе, неге үндемей қалдың? Әлде, Әнуарды қалайсың ба? Абай айтқан «іштегі дертті» сыртқа шығармасам, не болады? Достықтың соңы осыған әкеледі деп ойлаппын ба, дәрменім жетпеді. Бірақ махаббатқа қашанда үшінші артық. Егер Әнуарды өмірлік серік етемін десең, уәдеңді бер, мен сендерге бақыт тілеймін. Алда-жалда біреулерің тайқып кетсеңдер, өмірбақи кешірмеймін!
– ??
– Жауабың жоқ болса, қайтайық.
Сөзді өзі бастап, өзі қойған Әділ Әселдің қолынан тас қып ұстап алды да, дала қосына қарай жетектей жөнелді.
Қыздың алақаны от қарығандай ыстық екен…
– Тұра тұршы, Әділ, қате түсініп жүрерсің. Неге бала болып қала бермедік, неге бойжетіп, неге бозбала болдық?! Шынымды айтсам, мен сені де қимаймын. Қараңғыда бет-әлпетін көрмегенімен, қыз дауысындағы дірілді сезген Әділ кілт кідірді. Тұла бойы шымырлап қоя берді де, естілер-естілместей етіп:
– Сонда қалай болады? – деп күбір етті.
– Білмеймін, білмеймін…
Осы сәтте алдарынан біреудің сұлбасы көрінген. Бұл Әнуар еді.
Ертесіне ауырдым деп жұмысқа шықпаған Әділ қатынаған көліктің біріне ілесіп, ауылға қайтып кеткен. Не де болса, он біріншіні басқа мектепте оқиын деп шешті. Осыған нық бекінген ол облыс орталығындағы малшылардың балалары оқитын мектеп-интернатқа келді.
Мектеп бітіру кешінде Әсел Әділдің өзіне арнап шығарған әнін айтқан. Сыныптастары жапа-тармағай биге көшкенде, төбе басындағы сол бір түн Әселдің есіне түсе берді: «Алда-жалда біреуің тайқып кетсеңдер, өмірбақи кешірмеймін» деген Әділдің сөзі. Сол-ақ екен, «жүр, билейікші» деп Әнуарды ортаға тартты.
Қолдарына аттестат тиген бойда, Әнуар мен Әсел қалаға бет алды. Әділге кездесіп, оны мектеп бітіруімен құттықтамақшы еді… Мектеп-интернаттың коменданты Әділдің күні кеше жиналып, біржола кетіп қалғанын айтты.
Мектепті өте жақсыға бітірген Әсел Алматының мединститутына, Әнуар ауыл шаруашылығы институтына түскен. Әділ болса ауылға оралып еді. Қарақұмды жайлап отырған шопан балаларын ата-анасына әкеткелі жатқан автомашинаға үлгірген. Әке-шешесіне көзайым болған. Қазан айының басында қойшылар елге құлады. Әсел мен Әнуардан екі хат келіп жатыр екен. Бірінде облыс орталығынан өзін іздегендерін, сосын жолға шыққандарын, қазір жоғары оқу орындарына емтихан тапсырып жатқандарын жазыпты. Аяғына: «Достарың Әнуар және Әсел» депті.
Екінші хатта студент болғандарын қуана жеткізіп, екі институттың жатақханасындағы мекен-жайларын көрсетіпті. Сағынғандарын, келсе қуана-қуана күтіп алатындарын жазған… Алайда Әділ екеуінің тыныштығын бұзғысы келмеді: «Хат жазысып тұрайық, мен әкеме көмекшімін» деп қысқа қайырған.
Тағдыр оларды кездестіруге жазбапты, екеуінен 6-7 ай үлкендігі бар Әділді қараша айының соңында әскерге шақырды.
Үш айдан соң, Әнуарға Әділдің көп күттірген хаты жетті. Сонау тәжік-ауған шекарасынан жазған. «Карантин мерзімі бітіп, әскери айла-тәсілге машықтанып жатырмыз, Әселге сәлем айт, мен үшін бетінен бір сүйіп қой» депті. Соңына хатты жолданған күн, әскери бөлімнің нөмірі мен дала поштасын көрсеткен. Әнуардың жүрегін үрей биледі. Себебі, тәжік-ауған шекарасы қауіпті екенін баспасөз беттерінен оқып жүрген. Әселге барып, Әділдің сәлемін жеткізді. Әділдің соңғы хаты бұлар бірінші курсты аяқтап, каникулға қайтқалы жатқанда келді. Қарулы-қақтығыстар болып тұратынын жазған.
Екінші курстың сабағына кіріскендері қашан, алайда Әділден хат келмеді. Екеуі ақылдаса келе әскери бөлім командирінің атына телеграмма жіберген. Жауап тез жетті: «Кіші сержант Тәңірбергенов әскери госпитальда. Бөлім командирі Н.А.Быковских». Бар болғаны осы. Арада екі жыл өтті. Әділден ешқандай хабар-ошар болмады.
Мединституттың үшінші курсында оқитын Әселдің тобын бірде қаланың шеткері аймағына орналасқан әскери госпитальға тәжірибеден өтуге апарған. Осындағы шектеулі сырқаттардың ауру тарихымен танысып отырғанда, Әділ Тәңірбергеновтің құжаты шыға келді. Мұны курстасы Бибізада көрген де, туған жылы мен туған жеріне көз жүгіртіп өтіп, Әселдің аузынан тастамайтын Әділі екенін біле қойған. Әдепкіде анадай жерде отырған құрбысына қарап айқайлап жібере жаздады да, өзін тез басты. Екі ойлы күй кешкен Бибізада сәл кідірді де, қолындағысын көріп біткен құжаттардың арасына қосып жіберді.
Маңдайға жазса не шара, бұл науқас соғыста басынан ауыр контузия алған Әділ еді.
Темірбек ЕСЖАНОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<