Қауіпті індетке қоғамның барлық күш-жігерін жұмылдыру арқылы ғана қарсы тұрамыз

157

0

Сыбайлас жемқорлық – құқықбұзушылық қана емес, халықтың мемлекетке сеніміне селкеу түсіретін, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс. Түркістан қаласында өткен
ІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет», – деді.

Президент Үкіметті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық бағытын түбегейлі қайта қарауға шақырып, уәкілетті органдардың алдына бірқатар міндеттер қойды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы міндеттердің орындалуы жөнінде арнайы сұхбат берді.

Қауіпті құбылысқа қоғамның барлық күш-жігерін жұмылдыру арқылы қарсы тұрамыз

– Құрметті Нұрлыбек Машбекұлы, кейінгі жылдары облыс бюджеті еселеніп, қомақты қаржы өзіңіздің тапсырмаңызбен өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталып келеді. Оның ішінде халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту әлі де маңызды. Бюджет қаражатының тиынына дейін шашау шығармай игеріп, ел игілігіне жарату – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екені даусыз. Осы жағы облыста қаншалықты ескерілген?

– Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында өңір бюджеті өсті. Осыдан екі жыл бұрын ол 364 млрд теңге болса, биыл 744 млрд теңгеден асты. Соның негізінде 2024 жылғы 10 айдың қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасында өсім қалыптасты. Осылайша аймақтар арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда. 2022 жылдан бері халықты ауызсумен қамтуда 16 млрд 800 млн теңгенің
55 жобасы жүзеге асып, халыққа орталықтандырылған таза су беру деңгейі 98,6 пайызға жетті. Электр энергиясымен қамтуда 2022 жылдан бері 18 млрд теңгенің 70 жобасы іске қосылды. Биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба қолға алынды. Бұл электр желілерінің тозуын 62 пайызға төмендетеді. Аймақта 43 млрд теңгеден астам қаржыға 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөндеуден өтуде.

Президентіміз биылғы Жолдауында «Үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру» деп, аса жауапты міндеттер жүктеді. Мен үнемі басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты жоспарлау, уақытылы игеру мәселелеріне қатаң талап болатынын ескертіп келемін. Облыс бюджеті – облыстың тайқазаны, онда әрқайсысымыздың үлесіміз бар. Сондықтан халық үшін бөлінген қаражаттың әр тиынына дейін халықтың игілігіне жұмсалуы қажет.

– Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы, ысырапшылдыққа жол берілмеуі — маңызды міндет. Оны ең өзекті мәселелерге бағыттауды өзіңіз де үнемі айтып келесіз. Дегенмен, жыл соңына қарай үнемделген қаржы туралы әңгіме жиілейді. Осы жағын тарқата түссеңіз…

– Бюджет қаржысын үнемдеу, оның мақсатты жұмсалуы Президент талап еткен басымдыққа ие міндеттер қатарында. Дегенмен, бұл бағытта кемшіліктер кездеспей тұрмайды. Мысалы, атаулы көмек алушылар қатарында шынайы табысын жасырып, жалған ақпарат ұсынғандар бар болып шықты. Қаржыны нақты, мұқтаж кісілерге беру туралы тапсырмамнан кейін 2022 жылдан бастап мониторинг тобы құрылып, жұмыс күшейді. 2022 жылы мемлекет көмегін алушылар саны 2021 жылдың соңымен салыстырғанда 6 мыңға азайып, 409 млн теңге үнемделді. Ал былтыр 2022 жылмен салыстырғанда тағы 14 мыңға қысқарып, 1,7 млрд теңге қайтарылды. Биылғы көрсеткіш 15 мыңнан астам адамға азайып, үнемделген қаражат 1,2 млрд теңгеге жетті. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысымен (69 752 адамға – 4,7 млрд теңге игерілген) осы кезеңге дейін 2 жыл 10 айда көмек алушылар тізімі 70 мыңнан 32 мыңға түсіп, 3,3 млрд теңгені сақтап қалдық.

Бюджет қаражатының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі – фейс-бақылау жүйесі. Аталған мобильді қосымша 2023 жылы балабақшаларда деректердің бұрмалануын, бюджет қаражатының тиімсіз шығынын болдырмау мақсатында пилоттық режимде қолданыла бастады.

Әуелгіде ата-аналар тарапынан бұл жаңашылдыққа қатысты түсініспеушіліктер туындағаны рас. Дегенмен, фейс-бақылау өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Жүйе енгізілгенге дейін бала саны 52 654 болса, одан кейін бала саны 48 513-ке дейін төмендеп, бір айда
4 141 «ауадағы бала» анықталды. Жыл аяғына дейін тағы 19 263-ке жетті. Одан бөлек 5 605 баланың балабақшаға келмегені, 12466 баланың негізсіз еңбекке жарамсыз парағы есебінен, 20674 баланың негізсіз демалыс есебінен қатыспағаны анықталды. Осылайша барлығы 58 мыңнан астам бала есебінен
3,3 млрд теңге қаржы үнемделді (бір балаға құны – 57 020 теңге). 2024 жылғы кезектілік бойынша 56 683 баланы мектепке дейінгі білім беру ұйымында тәрбиелеу жоспарланған. Дегенмен, нақты келген бала саны 49 880-ді құрап, мобильді қосымша арқылы 6 803 баланың ауадан алынғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, 11 айда 15 659 қатыспаған бала, негізсіз еңбекке жарамсыз парағы есебінен 8862 бала, негізсіз демалыс есебінен 20388 бала анықталды. Барлығы 51712 бала есебінен 3,5 млрд тг қаржы үнемделді (бір балаға құны – 67 835,5 теңге).

2024 жылдың қаңтар айынан бастап конкурс талаптарына сәйкес келмеген 576 орындық 8 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылып, бюджет қаржысы тағы 468,8 млн теңгеге үнемделді. 2023-2024 жылдар аралығында 7,2 млрд тг қаржы сақталып, ол саланың басқа бағыттарын қаржыландыруға жұмсалды. Жалпы, бүгінгі таңда облысымыздағы мектепке дейінгі 677 ұйымда 49 880 бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балалардың 92,6 пайызы, 3-6 жас аралығындағы балалар түгелдей қамтылған.

– Статистикаға сүйенсек, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі мемлекеттік сатып алулар саласында жасалады екен. Оның ашық әрі әділ өтуі үшін, саладағы қауіпті факторлардың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолға алынған?

– Мемлекеттік сатып алу саласында ұйымдастырылатын конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, жергілікті атқарушы органдарға түсетін жүктемені азайту мақсатында 2023 жылдан бастап облыста – бір ұйымдастырушы тәсілін енгіздік. Бүгінгі күні веб-порталда 1 158 тапсырыс беруші тарапынан 120 810 сатып алу жоспарланып, жүзеге асырылуда. Жалпы жоспардың 4,5 пайызы конкурс тәсіліне тиесілі. Тиісінше облыс бойынша жоспарланған қаржының 87 пайызын конкурс арқылы бірыңғай ұйымдастырушы өткізеді.

Орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар нәтижесінде ішкі мемлекеттік аудит органдары конкурс қорытындыларына бағытталған камералдық хабарламалар саны өткен жылмен салыстырғанда 78 пайызға азайды. Сонымен бірге әлеуетті өнім берушілердің конкурс қорытындыларына қатысты шағымы өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға төмендеді.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 шілдеде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға қол қойды. Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Парламент Мәжілісінің депутаттары алдында «сақалды» құрылыстар бойынша мердігерлердің жауапкершілігін арттыру бойынша ұсыныстарымыз жаңа заңда қолдау тапты.

Атап айтқанда, кешіктірілген және орындалмаған шарттық міндеттемелері бойынша сот шешімі болған жағдайда мердігерлер 2025 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Бұл өзгеріс мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп, міндеттемелерін орындауда мұқият болуға мүмкіндік береді.

– Қызылордада құрылысы сағызша созылған қандай «сақалды» құрылыстар бар? Бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған жоқ па бұлар?

– Қазіргі таңда құрылысы ұзаққа созылған 5 нысанның 4-і толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Олар – Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйі, 250 орындық мектеп, Жанақорған кентіндегі 300 орындық мектеп, Арал ауданының Жақсықылыш кентіндегі спорт кешені және Аталған нысандарды салуға жауаптылық алған «SCS Инжиниринг», «Қазқұрылыс Сервис», «Система безопасности НС» мекемелері қазіргі таңда мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізілді.

Енді бізде Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана қалып отыр. Оның құрылысы 2019 жылы басталып, әлі күнге дейін созылып келеді. Мердігер «Атамекен» компаниясының кестеден бірнеше рет кешігуіне сәйкес шарт біржақты бұзылған. Сондықтан қайтадан конкурс жарияланып, «Интегрострой» компаниясы жеңімпаз болды. Компания құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауға міндеттелді.

Аудан әкімдіктері тапсырыс берген 5 нысанның құрылысы әлі аяқталар емес. Олар – Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісі («Қазқұрылыс Сервис» ЖШС, «Корпорация АлемҚұрылыс» ЖШС. Сот шешімімен толық аяқтау міндеттелген), Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлі 5 арендалық тұрғын үйлер («Қазқұрылыс Сервис» ЖШС, «НұрТехСервис» ЖШС); Қармақшы ауданының Ақай ауылындағы дене шынықтыру кешені («Өмірзақ» ЖШС), Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы дене шынықтыру кешені («SCS Инжиниринг» ЖШС), Қазалы ауданының Кәукей елді мекеніндегі 100 орындық клуб («SCS Инжиниринг» ЖШС).

Құрылыстың ұзаққа созылу себебін анықтау, осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында «сақалды» нысандарға талдау жасалды. Аталған 9 проблемалы нысанның 4-нің мердігері «Қазқұрылыс Сервис» компаниясы болса, 4 нысанның мердігері – «SCS Инжинирнг» мекемесі. Бұл екеуі республика бойынша бір мезетте бірнеше нысан салу бойынша тендер жеңімпазы болып, оларды өз күшімен салуға мүмкіншілігі жетпеген.

– Өзіңіз атап өткен мәселелер сайып келгенде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге әкеп тірейді. Елімізде онымен ымырасыз күрес бағытында ілкімді қадамдар қолға алынды. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы. Өңірде тұжырымдама қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Тұжырымдама аясында іс-қимыл жоспары бекітіліп, біздің бастамамызбен жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 1-тармағын орындау үшін Үкіметтің әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жөніндегі және үлгілік базалық бағытының 4-жобасына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспар бүгінгі таңда осы құжат негізінде жүзеге асырылуда.

Жоспарға сәйкес биыл облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның 3 мәрте отырысы өтті. Күн тәртібінде 12 мәселе қаралып, тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді. Қабылданған шешімдердің 59-ы жергілікті атқарушы органдарға,
2-уі орталық атқарушы органдардың аумақтық құрылымдарына жүктелді.

2024 жылғы 10 айдың қорытындысына сүйенсек, облыс бойынша өкінішке орай сыбайлас жемқорлық сипатындағы 60 қылмыстық іс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда артқандығы байқалып отыр. Бұған қатысты облыстық басқармалар мен қала және аудан әкімдіктерінде, оларға қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, анықталған тәуекелдерді жою мақсатында тиісті шаралар қабылдануда. Облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік тапсырыс бойынша 10 жобаны жүзеге асыруға 41 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу, нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру мақсатында тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірмелік іс-шаралар, жастар арасында кездесулер, білікті заңгерлердің, еңбек адамдарының қатысуымен ақпараттық кеңістікте арнайы жарияланымдар ұйымдастырылуда.

– Сұхбат соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталсаңыз…

– Белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарымен бірге жаңа орта қалыптастыру маңызды. Әсіресе, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыздық көзқарас қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып келеді.

Облыста құқықтық кеңес беруде, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізуде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптасыру» жобасы өз септігін тиігізуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аумақтық департаментімен бірлесіп аталған жобаға аймақтан белсенді азаматтар, азаматтық қоғам өкілдері мен квазимемлекеттік сектор субъектілері, өзге де азаматтар волонтер ретінде тартылуда.

Жобаның «Pro bono» бағытын орындау бойынша жергілікті тұрғындарға құқықтық кеңестер беріп, олармен кездесулер ұйымдастырылып, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік жасалып отыр. Азаматтардың құқықтық сауатын көтеру үшін заң баптарын түсіндіру мақсатында үнемі келелі басқосулар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында тақырыптық материалдарды үздіксіз жариялап отыру күн тәртібінен түскен емес.

Мемлекет беделіне нұқсан келтіретін зұлымдықпен ымырасыз күресу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Осы бағытта қабылданған шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстар облыс тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді. Сыбайлас жемқорлыққа пәрменді түрде қарсы тұру үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың, заңнамалық түсіндіру жұмыстарын барынша күшейтудің мәні айрықша.

Жұртшылық өздерінің құқықтарын, қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда онымен күресудің нақты жолдарын білсе, заңды белден басу, бұра тарту азая түсетіні анық. Бұл дерттің одан әрі асқынбауы үшін оған бөгет болудың барлық амалын қолдану және қоғамның барлық күш-жігерін жұмылдыру арқылы ғана тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады.

Жаңару мен жаңғыру жолындағы жаңа Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы жарқын ел болуы әрқайсысымыздың өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек.

– Әңгімелесуге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<