«Әр ұрпақ өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруы керек»

2904

1

Биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Тарихи қысқа мерзімде еліміз әлеуметтік-экономикалық жағынан орасан зор жетістіктерге жетті. Осы жолдың барысында әлем өркениетімен бірге еліміз бірнеше жаһандық дағдарыстарды басынан өткеріп, күрделі сынақтардан абыроймен өтті.

«Сыр-сұхбаттың» бүгінгі қонағы – қоғам қайраткері, саясаттану саласының философия докторы, республикалық «Экологиялық «Байтақ Болашақ» альянсы басқарма төрағасының кеңесшісі Өлмесхан Мәтенұлы Болатбеков.

– Өлмесхан Мәтенұлы, сізді Сыр жұртшылығы жақ­сы біледі. Ұзақ жыл об­лыстық, қалалық атқару­шы билікте, «Nur Otan» пар­­­тиясында басшылық қыз­­­мет атқардыңыз. Кейінгі уақытта Нұр-Сұлтан қала­сына қызмет ауысты­рып, рес­пуб­ликалық ақпарат құ­ралдарында салиқалы пікір­леріңізбен көрініп жүр­ге­ніңізді білеміз. Әсіресе қо­ғамның бүгінгі өткір проб­лемалары туралы айтасыз… Қоғамның түйткілдерін ай­ту биліктен кеткен соң оңай соғатын шығар, қалай ой­лай­сыз?

– Қоғамдағы кемшілік қай дәуірде де болған. Оны байқау, байқап қана қоймай, қоғамдық пікір деңгейіне көтеру әрбір азаматтың парызы деп ой­лаймын. КазГу-ды бітірердегі дипломдық жұмысымның та­қырыбы «Социалистік Қа­зақстан» газетіндегі журналист Нури Муфтахтың сын мате­риалдары ізімен «Хат жолға шақырады»  атауымен сара­лау­ға арналған  болатын. Нури ағамыздың ғана емес, ол кезде барлық деңгейдегі басылым­дардағы жарияланған сын ма­териалдардың  пәрменділігі  жо­ғары, сұрауы қатаң  болатын. Үлкенді-кішілі басшылар мұны жақсы түсінді. Адал жұмыс жасауға талпынды деп айта аламыз. Әрине, көмейі мен пиғылы таза емес  қызметкер, ертелі-кеш міндетті түрде жа­заланатын. Халықтық ба­қы­­лау пәрменді, жүйелі, нә­ти­желі жүргізілді. Кейде сол уақытты, жастық шақты аң­сайсың. Біз өйткені сол батыл, шыншыл аға ұрпақтың өне­гесімен тәрбиелендік. Қо­ғам­да өмір сүре отырып оның кемшіліктеріне бейжай қа­рау­ға болмайды. Сол ағала­рымыз сын жазса, қоғамның көлеңкелі тұстарын бұқара алдына шы­ғарса, оны бір өзінің бақай есебіне құрмағанын атап өткім келеді.  Мойындауымыз керек, осы жағынан бүгін кемшін түсіп жатқанымыз бар.

– Есіңізге Алаштың қайсар ұлы Әлихан Бөкейхановтың мына сөзін салғым келеді. ХХ ғасырдың басынан бастап, кешегі қуғын-сүргінге де­йін қазақтың келешегі үшін күрескен, ақыры сол жол­да өмірін қиған Әлихан «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе болашақ ұрпағымызға көп жүк қалдырып кетеміз» деп­ті. Қалай біліп айтқан десе­ңізші…

– Тамаша айтқан. Бұл – біле білсеңіз, философия. ХХ ғасыр қазақ үшін апатты дәуір болды. Оның бәрін қайталап жатқым келмейді. Ал біз өз ұрпағымызға бұйырған қиындықты, проб­ле­маларды қалай шешіп жа­тырмыз? Алдағы ұрпақ бізді сол замандағы іс-әрекетімізбен бағалайтын болады. Барлығын жиып қойып, келесі ұрпаққа қоғамдағы қордаланған қиын­дықтар жүгін сол деңгейінде қалдырсақ, бізді олар кешір­мейді. Міне, Бөкейханов осы жөнінде айтып отыр. Қазір, менің ойымша, жалпы бізде сабақтастық дәстүрінің тіні үзілген сыңайлы. Кеше мен бүгіннің байланысы жоқтың қасы. Табиғи заңдылық бойын­ша кешегісіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Кеңестік жүйе тар­қап, балапан басымен, тұ­рымтай тұсымен кеткен за­манда, одақтас республикалар арасында бағытын айқындап, дұрыс та, тура жолын таңдап алған ел Қазақстан болды. Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Билікте әуелі экономика, сосын сая­сат» деген ұстанымды алға тартты. Ол жемісін берді. Қа­зақстанның саяси тұрақ­ты­лығына сенген  шетел ин­вес­торлары  елдің барлық өн­ді­рістеріне  миллиардтаған қар­­жысын салды. Онсыз  өзі­міз игеретін әл-қуатымыз бол­­ма­ғаны анық. Жұ­мысшы қыз­­мет­кер­лердің айлығы, зей­нет­керлердің зей­нетақысы, сту­­дент­тердің шә­кіртақысы тө­ле­нуі керек.

Өмір тоқтап тұрмайды, алға жылжиды. Бюджеттің негізгі бө­лігін құрайтын өндірістің мұнай, газ, уран, т.б салалары сенімді басқаруға берілді. Жер­гілікті жерден мысал келтірейін, 2000 жылдардың басында Сыр елінің  бас қаласына жігерлі де табанды, мол тәжірибелі азамат басшылық етті. Қаланы  қайтсе жайнатамын, құлпыртамын  де­ген ой-идеялары, сол кездің  тапшылығына орай қаржылай қамтамасыз етілмеді. Соған қ­арамастан өзін де, өзгені де аямайтын, жанкештілік бас­қаруымен қалада бүгінгі күнге өң, әр, сұлулық беріп тұрған қаншама сәулет құрылыстары, нысандар ашылды. Мұны не­ге айтып тұрмын? Бүгінгі кү­ні бөлінген қаржыны неге игермедің деп биліктің талқы тезіне салынады. Соған түспеу үшін, жап-жақсы, сапалы тұрған алаңдардағы, тротуарлардағы брусчаткалар, кафельдер сү­ріледі, миллиондаған қаржыға бағаланған жаңасымен ауыс­тырылады. Қаржыға ішің аши­ды. Одан да бұл ақша неге ең қажетті сұраныстағы жерлерге жаратылмайды деген ой келеді. Бұл ой, көз бізде ғана емес халықтың бәрінде де тұр ғой. Бұл – бір ғана жолға төселген затта ғана емес, бар салада да жайлаған нәрсе.

Қызмет бабымен барлық облыс орталықтарын жиі ара­лаймын, сыртқы келбет-сым­­батына көз саламын да, Қызылордамен салыстырамын. Сөз жоқ, қаладан сыртқа шық­паған тұрғынға, өз қаласы сұлу болып көрінуі  мүмкін.

Тәуелсіздік жылдарының басында  бір ендікте жатқандай табиғаты да, ауа райы да бірдей  салыстырылатын Қызылорда мен Атырау  бір деңгейдегі қа­лалар, «үлкен ауыл»  болып қабылданатын. Бірақ, бола­шақ мұнайлы орталық сана­латын Атырау билігі шетел ин­вес­торлары, америкалық Шев­рон, итальяндық Аджип және тағы басқа көптеген ком­панияларға  жыл сайын, бө­ліп-бөліп, төгіп-төгіп қалаға әлеуметтік, мәдени, денсаулық, білім ғимараттарын  салуды міндеттеді.  Жергілікті билік комиссиясы дайын болған ғимараттарды сапалы дәрежеде қабылдап алуды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде батыстағы қала бір-біріне ұқсамайтын, сәу­лет-архитектураның озық үлгілерімен жарақтанған қа­лаға айналды.

Қызылордада көп игілікті шаралар атқарылды. Бірақ қа­ланың жеке секторы жайылып кетті. Соңғы уақытта ғана Сыр­дарияның сол жағалауында көп қабатты үйлер салынып игеріле бастады.

– Есіңізге тағы бір әлемдік деңгейдегі қайраткердің сөзін сала кетсем деймін. Өткен ғасырдың 80 жылдары сол кездегі Қытай мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Дян Сяо Пинь «Мысықтың сары не­месе қара түсті болғаны ма­ңызды емес, ең бастысы тыш­қан ау­ласа болды» деп­ті. Бұл эконо­микаға қа­тыс­ты айтқаны. Ком­му­нистік Қытай дүниені төң­керіп, нарыққа көшеміз деп дауыс көтермей-ақ 40 жыл­да әлемнің АҚШ-тан ке­йін екінші экономикасына ай­налды. Қазір ол тіпті сол АҚШ-ты басып озуға таяды… 

– Меніңше, нарық еркін­дік. Бізде сол еркіндік жетіс­пейді деп ойлаймын. Әрине, Қытайда барлығы мемлекеттің бақылауынсыз бетімен жібе­ріл­ген деп ойламаймын. Олар­дың өз жолы бар. Менталитеті бөлек, 1,4 млрд халық. Бірақ еңбеккеш. Бізді ұдайы қаны­мыздағы «шүкіршілік» деген сөз жұбата береді. Бәлкім, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ғасырлар бойы қиындық кө­ріп, арман болған бүгінгі тә­уелсіздікке қол жеткізуінен шығар, әйтеуір барға қанағат тұтамыз. Әйтпесе мемлекет мо­нополияға қарсы саясатты жыл сайын жетілдіруде. Біз қазір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, негізгі салалар бойынша ең­бек өнімділігі жөнінен озық ел­дерден 2-3 есе қалыс келеміз. Неліктен?

Несін жасырамыз, біз ұзақ жыл оңай ақшаға үйрендік. Есіңізде болар, 2010-2015 жыл­дары әлем нарығында мұнай бағасы жоғары болды. Ал жалпы өнеркәсіп, агрокешен жаңа технологиямен жаңғыр­туды күтті. Еңбек өнімділігінің төмен деңгейде қалуы – осының салдары.

Нарық заманы еңбектенуге, ізденуге, іскерлік байланыс жасауға бейімдей бастады. Әсі­ресе жастар арасында  осындай озық көріністер көбейіп ке­леді. Дегенмен, «адамды сы­на­ғың келсе, билік пен бай­лық бер» деген ғой, қазір бас­шылық кеңсеге билікке бар­ған жастардан  өзімшілдік, мен­мендік, мансапқорлық бай­қалады. Бұл жақсылықтың ны­шаны емес.

– Адамға бір келі бал беру үшін 40 мың ара 6 млн гүлге қонақтап, 100 мыңдаған ша­қырым қанат қағудан, не болмаса, жер шарын 7 рет ай­налудан тайынбай бал жи­науға туған күннен бастап-ақ кірісіп кетеді екен. Адам да осы аралар секілді еңбек етсе ғой деп армандайсың. Әсіресе қазақ. Әке-шешенің еркелетіп, 30-ға келгенше асырап бағуымен өмірге икем­сіз болып жатқандар қан­шама? 

– Еңбек дегеннен шығады. Бізде өткен заманды әлі де аңсаушылар көп. «Алма піс, аузыма түс» деген сияқты пси­хологиядан әлі арыла алмай келеміз. Нарық пен кеңес идеологиясына сіңісті болған жоспарлы экономика мүлдем үйлеспейді. Біз осыны әлі тү­сіне алмай жүрміз. Өзіңіз айт­қан Президенттің сөзіне ұдайы назар аударамын. Өзгеріс бар, айталық, Қазақстанның бюд­жет кірісі ретінде мұнайдан түскен табысы бұрын 60-70 процентті төңіректейтін. Соң­ғы жылдары алға қарай жыл­жыдық. Ол үлес қазір 35-40 процентті құрайды. Әсіресе, Қазақстанда Прези­дент пәрменімен қазір эконо­микадағы мемлекеттің үлесін азайту бағытында көптеген шаралар қабылданып жатыр. Алдағы жылдары оның шы­найы жемісін көретін боламыз деп ойлаймын.

Жаңалықтарға құлақ түре­мін. Президент сондай-ақ эко­номиканың құрылымдық жү­йесін өзгерту қажеттігін айт­ты. Осы салалар қатарын­да энергетикаға, ауыл шаруа­шы­лығына айрықша мән бе­ріледі. Энергетика дегеніміз, Қазақстан дамуының басты көзіне айналады. Егер біз әле­уеті мол елге айналғанымыз рас болса, таяу жылдары азық-түлік өнімдерін сырттан им­порттаудың үлесін мүлдем азайтуымыз қажет. 

Нарық  икемі бар, көзін тап­қан, еңбек еткенге кең жол ашты. Осы бағытта ісін дөң­гелетіп отырған қаншама кә­сіп иелері бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша ашыл­ған көптеген жұмыс орнына еңбектенуге шақырады, өкі­ніш­ке қарай, барлығымыздың бірдей жұмыс жасауға ықы­ласымыз жоқ. Қайтсем оңай жолмен ақша табамын деген бойкүйездік пиғыл бар.

Сыр бойында ежелден қа­лыптасқан  жақсы дәстүр бар.  Үлкенді сыйлау, кішіге көмек қолын созу секілді ізеттік, ізгілік қадір-қасиет ортаның қанына сіңген. Осы игі дәстүр ұмытылмаса деймін. Сүйсінетін жағдай да жеткілікті. Жалпы қоғам – бір адам емес, көптің жиынтығы. Онда көп пікір, көп ой бар. Ал көптің көңілінен шығу – ең ибалы іс.

– Қазір Сыр өңірінде егін­шілік қиын жағдайға тап болды. Су жетімсіз.

– Экологиялық жағдай қа­лада да, далада да әбден мүш­кіл халге жетті деп айтуға болады. Табиғат тепе-теңдігі әлдеқашан бұзылды. Соның зардабы – құрғақшылық, судың тапшылығы, құм көшкіндерінің көбеюі, жайылымдық жерлер­дің құрғап, бұлақтардың тар­тылуы – адамдардың қоршаған ортаға деген бейжай қарап, осы халге жеткізуінің нәтижесі деп қабылдаймыз.

Суды аз пайдаланатын, мол табыс беретін диқаншылық са­лаларына көшпей болмайтын сияқты. Жауапты салалар ма­мандармен кеңесе отырып, бір жағына шықпаса болмайды. Бүгінгі су төңірегіндегі ахуал осыны талап етіп отыр деп айтсақ болар.

Елдегі биліктің бұл бағытта жасап жатқан қадамдарын құп­таймын.

Сыр-сұхбатты

жүргізген

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<