Қоғамның дамуы мен ел мүддесін қорғау жолында тиянақты ісімен танылған халық қалаулысы, «AMANAT» партиясының мүшесі – Ібайдулла Тілеп өңірге қажетті бірқатар мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп жүр. Жуырда халық қалаулысымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
– Ібайдулла Тілепұлы мәслихат депутаттарының жұмысы көбіне «халық пен билік арасындағы алтын көпір» деп айтылады. Бүгінгі таңда депутаттың рөлі қалай өзгерді деп ойлайсыз?
– Иә, мәслихат депутатының жұмысы – ел мен билік арасындағы байланыстың негізгі арқауы. Қазір халықтың талап-тілегін нақты есту, оны орындау тетіктерін тиімді ұйымдастыру жергілікті өкілді органдардың басты міндеттерінің бірі. Қоғамның саяси сауаты мен азаматтық белсенділігі артқан сайын депутаттарға қойылатын талап та күшейіп келеді. Сондықтан өңірдегі әрбір халық қалаулысы өз жұмысында ашықтық пен тиімділікті басты қағида ретінде ұстануы тиіс деп есептеймін.
– Сіз ұзақ жылдар бойы мәслихат депутаты ретінде қызмет атқарып келесіз. Осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды?
– Мен облыстық мәслихаттың III, IV, V, VI, VII, VIII шақырылымдарының депутаты ретінде халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келемін. Мен үшін әрбір шешім – елдің мүддесіне қызмет етуі керек. Осы жылдар ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал еткен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Мәселен, бірнеше жыл бойы көтерілген ауданды газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тапты. Атап айтар болсақ, Қазалыдағы қазіргі газбен жабдықталып жатқан Жанқожа ауылы, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ құбыры тартылуда. Алдағы міндет – ауылішілік газдандыруға қажетті қаржының бөлінуіне ықпал ету. Сонымен бірге газ құбырын айналма бағытпен Қожабақы, Бірлік, Өркендеу елді мекендері арқылы Қазалыға қосу. Қожабақы тұсынан бұрмақұлақ (примыкание) жасап, Бозкөл-Кәукей-Тасарық-Тасөткел бағытында айналып шығу – аудан халқы үшін аса маңызды жобалардың бірі.
Ауылішілік газдандыру – тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың негізгі тетігі, сондықтан бұл мәселені де жіті назарда ұстап отырмын. Бұл – тұрғындардың тұрмысына ғана емес, экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізді. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеу – көптен шешім күтетін мәселе болатын. Бұл бағытта облыстық және аудандық деңгейде қолдау көрсетіліп, бірқатар көшеге асфальт төселді. Сарыбұлақ және Шәкен ауылдық округтеріндегі сумен жабдықтау жүйесін жақсарту мақсатында артизиан ұңғымасын қазу жобасы да қаржыландырылып, су тапшылығын шешуге ықпал етуде. Сондай-ақ III шақырылымдағы депутаттық қызметімнің басында Қазалы ауданының 6 елді мекенінде электр жарығы мүлде болмаған еді. Оны да дер кезінде көтеріп, облыстық бюджеттен қаржы тартып, электр желілерінің жүргізілуіне жағдай жасадым.
Аудан тұрғындарының басты сұраныстарының бірі – елді мекендерді өзара жалғайтын сапалы жол мәселесі болатын. Осы бағытта шалғай ауылдарға жол тарту және асфальт төсеу мәселесін көтеріп, алдағы уақытта Аранды ауылына асфальт төсеу, Бозкөл-Тасөткел-Тасөткел-Тасарық бағытындағы жолдарды толық асфальт жабындысымен қамтамасыз ету, Лақалы елді мекеніне қиыршық тасты жол салу жұмыстарын қолға алмақшымыз. Одан бөлек Арал өңірінің инфрақұрылымдық жағдайы да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Бүгінде аймақтағы жол сапасы ең төмен аудандардың қатарында Арал мен Қазалы тұр. Ауыларалық жолдардың жоқтығы тұрғындардың қатынасын қиындатып отыр. Бұл бағытта да жүйелі түрде ұсыныстар беріліп, нақты жұмыстар атқарылуда.
– Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы, білім салаларында да бірқатар бастамалар көтердіңіз. Осы бағыттағы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз…
– Иә, кәсіпкерлікті қолдау – өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігі. Инвест жобаларды іске асыруға жәрдем беріліп, субсидия, жеңілдетілген қаржы, инфрақұрылым жеткізу мәселелері оң шешімін тапты.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау, өнімділікті арттыру, субсидия бөлу мәселелері бойынша бірқатар ұсыныс енгізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Ал білім саласына келер болсақ, өзекті мәселелер бар. Қазалы ауданы бойынша Бекарыстан би елді мекеніндегі №24 мектеп пен Ғани Мұратбаев ауылындағы мектеп апаттық жағдайда. Оны қайта салу керек. Аудан орталығына Оқушылар үйін салу да күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Сонымен қатар, ғасырдан астам тарихы бар №70 мектептің жанынан 300 орындық қосымша жаңа мектеп ғимаратын салуды да көтеріп, шешімін табуға жұмыс жасап жатырмыз. Мұндай мәселе Арал ауданында да кездеседі. Мәселен, Сапақ елді мекенінде кезінде асарлатып салынған мектепті қайтадан салу керек. Бүгінде тиісті ұсыныс беріліп, қаржысының шешілуін күтіп отырмыз.
– Кейінгі уақытта балалар арасындағы аутизм мәселесі жиі талқыланып жүр…
– Иә, өкінішке қарай, кейінгі жылдары балалардағы аутизм мәселесі жиілеп кетті. Бұл өте өзекті тақырып. Осы мәселені назардан тыс қалдырмай, облыс орталығынан аутизммен ауыратын балаларға арналған арнайы орталық немесе жаңа бейімделген ғимарат салу туралы ұсыныс енгізілді. Бұл бастама тиісті органдарда қаралып жатыр. Біз бұны тек медициналық қажеттілік деп емес, ең алдымен әлеуметтік жауапкершілік деп қарауымыз керек. Әр бала дамуға тең мүмкіндік алуы тиіс.
– Депутат ретінде өз қызметіңіздің басты қағидасы қандай?
– Қандай жағдайда да басты мақсат – нәтижелі еңбек. Мәселені көтеру бір бөлек, оның шешімін табу депутаттың негізгі міндеті. Бұл – мен үшін азаматтық парыз ғана емес, ел алдындағы аманат.
Халықпен тұрақты кездесулер өткізу, ауылдарды аралау, әр тұрғынның өтінішін тыңдау – менің күнделікті жұмысымның бір бөлігі. Мемлекет басшысы да депутат халықтың қасында болуы керектігін атап өтті. Сондықтан мен елден алыстамауға, әрдайым халықпен бірге болуға басымдық беремін. Жалпы депутаттық қызметтің мәні мен мазмұны жайында өткен ғасырда-ақ, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы айрықша ой қалдырған. Ол: «Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін таза жүректі болса, өз пайдасынан ел пайдасын жоғары қоя білсе, саясатқа жетік, білімді, шешен, көсем болса» деп жазады. Бұл бүгінгі күнге де дәл келетін өлшем. Мен осы қағидаларды қызметімде басшылыққа алып келемін.
Сұхбаттасқан
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





