«Әрбір тамшы суға құрметпен қарайық»

571

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Қазсушар» ШЖҚ «Сыр суы» филиалы – халыққа ауызсу жеткізуде бірден-бір белді қызмет етіп келетін кәсіпорын. Бұл мекеме топтық су құбыры және оқшау су жүйелері арқылы тұтынушыларды тәулік бойына сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын басшысы Нәжмадин Шамұратовпен әңгімеде өткен жылы атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар жөнінде ой бөліскен едік едік.

– Нәжмадин Шакизадаұлы, фи­лиалға қарасты қанша топ­тық және оқшау су жүйесі бар? Бұл бағытта қандай қызметтер көрсе­тіледі?

– Топтық су құбырының жалпы ұзындығы 5757,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1979,15 шақырымы – ма­гист­ральдық су құбыры болса, қалғанын таратушы желілер құрайды. Топтық су құбырының бойында 130 елді мекен бар. Онда тұратын халық саны 350 мың адамнан асады. Ал оқшау су жүйесінің ұзындығы – 851 шақырым. Бұл бойынша 60 елді мекенде тұратын 145 мыңнан астам адам біздің кәсіпорын қызметін пайдаланады.

Былтыр ауызсу бойынша 8157,78 мың текше метр көлемінде нақты қызмет көр­сетілді. Ол жоспарланған көлемнен 139,46 мың текше метрге артық. Рас, кейбір тұтынушылар тарапынан ке­лең­­сіз жағдайлар кездеседі. Атап айт­қанда, кейбір азаматтар су есептегіш құралындағы пломбаны жұлу, есепте­гішті ескертусіз өз бетінше алып тастау, ұр­лық жасау арқылы жасырын су кө­зін тұтыну секілді заңсыз әрекетке ба­рады. Кейінгі екі жылда аталған мақ­сатта 32 рейдтік шаралар өткізілді. Нә­тижесінде заңсыздыққа жол берген 521 заңды және жеке тұлғалардан 43 млн теңге көлемінде қаржы өндірілді. Биыл топтық су құбыры бойынша 9422,17 мың текше метр ауызсу тарату жос­пар­ланған. Ал былтыр оқшау су жү­йесі бойынша 3799,9 мың текше метр кө­лемде қызмет көрсетілді.

– Биылғы жылға қандай инвес­тициялық бағдарламалар қабыл­дан­ды?

– Осы мақсатта биыл 338,062 млн теңге жоспарланып отыр. Ол техника­лық және электр қондырғысының жаңғыр­тылуына бағытталады. Сондай-ақ не­сие сомасын қайтаруға жұмсалады. Фи­лиал қаржы-шаруашылық жағдайын тұ­рақтандыру, жұмыс өндірісін жолға қою үшін нақты іс-шараларды жүзеге асы­рып келеді. Негізгі мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету. Осы мақ­сатта облыс әкімдігі және өзі­міздің жо­ғары басшылықпен тығыз бай­ла­нысты жұмыс жасалып келеді. Әкім­діктермен жұмыс жасау нәтижесінде филиалға қысымды 9 су мұнарасы, 5 насос қон­дырғысын алуға қол жетті.  Филиал өз күшімен қол­даныстағы мүлікті күтіп-ұстау жұмыс­тарын атқарып келеді.  Айта кетсек, биыл жергілікті әкімдіктер қысымды су мұнарасын алып беруге, оқшау су жүйесіндегі жалғыз ұңғыманы тұтынып отырған елді мекендерге тағы ұңғыма қазып беруге ниет білдіріп отыр.

– Ендігі кезекте ауызсуды ма­гистральдық құбырлар арқылы жет­кізуде та­­рифтік сметаның орында­луына ойыс­сақ. Қандайда бір өзекті мәселелер бар ма?

–  Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша бекітілген тарифтік сметадағы жоспарланған ауызсудың көлемі 9,012 тек­ше метр болса, оның 91 пайызға жуы­ғы орындалды. Оның себебі бар. Тәулік­тік ауызсу пайдалану кө­лемі қо­йылған шектеуден асқан тұты­нушылар толық тарифпен төлеуге мәжбүр. Сон­дықтан олардың тарапынан ауызсуды үнемдеу байқалады. Айта кететін бол­сақ, бір адамға арналған тұтыну нор­мативі суды есепке алу құ­рылғысы бо­йынша тәулігіне 140 литр көлемінде бекітілген. Бұл ҚР Ин­дуст­рия және инфрақұрылымдық да­му ми­нистрінің 2021 жылғы «Ауыз­сумен жаб­дық­тау­дың баламасыз көз­дері болып табы­латын аса маңызды топ­тық және оқ­шау сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз­су беру жөніндегі қыз­меттердің құ­нын субсидиялау» қа­ғида­ларының 13-тар­ма­ғына сәйкес жү­зеге асады.

ҚР Табиғи монополияларды реттеу департаментінің 2024 жылғы 15 ма­мырдағы бұйрығымен ауызсуды ма­гистральдық құбыр жолдары және та­­ратушы желілер арқылы жеткізу қыз­метінің ұзақ мерзімді тарифі мен та­рифтік сметасы 2024 жылдың 1 шілдесі мен 2025 жылдың 30 маусымы аралығы болып бекітілген. Ол бойынша барлық кіріс 4577,070 млн теңге бол­са, оның орындалуы 75 пайызды құра­ды. Табиғи монополияларды реттеу де­­партаменті 2023 жылдың 1 қараша­сы­нан уақытша өтемдік тариф (341,71 теңге) бекітті. Соның негізінде өткен жылдың шілде айына дейін жұмыс ат­қарылды. Одан кейін ұзақ мерзімді та­риф (492,22 теңге) бекітілді.

Тарифтік сметаның орындалуы се­гіз тармақты қамтып отыр. Олардың ішінде материалдық шығындар, электр энергиясы, еңбекақы, амортизация, ағым­­дағы және күрделі жөндеу, күзет, са­лық төлемдері және басқа да шығын­дар бар.

– Мамандар өзге өңірлердегі әріп­тестерімен тәжірибе алмаса ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүр­гі­зілуде?

– Бұл мәселеге тұрақты түр­де назар аударып келеміз. Ауызсу та­рату қызметіндегі жұмыстарды жетіл­діру – негізгі мақсатымыз.  Сол үшін мамандардың тәжірибе алмасуына кө­ңіл бөліп отырмыз. Олар өзге өңір­лер­дегі өндіріс орындарына бара алады. Сондай-ақ шетелге шығу мүмкіндігі қарастырылады. Нәтижесінде озық үл­­гі­дегі технологияны меңгеріп, оң тә­­жірибені үйренеді. Мекеме тара­пы­­нан жаңа жобалар әзірленді. Жұ­мыс про­цесін автоматтандыру, цифр­лан­дыру ойластырылуда. Ол бойын­ша жыл­дық жоспарға және инвести­ция­лық жобаларға ұсыныс енгізілді. Нақ­тырақ айтқанда, ауызсу өндіру кө­зінен бастап, елді мекендегі насос стан­циясына дейінгі құбырдағы ауызсу кө­лемін автоматты есептеуге мән бе­ріл­мек. Оған қоса бас сағадағы өн­ді­рілген су көлемін автоматты түрде фи­­лиалдың орталық базасындағы дис­петчерлік пунктіне жолдау жүйесін орналастыру, автоматты басқару және техникалық күтіп-ұстау жұмыстары жоспарға енгі­зілді. Осы бағытта ин­вестициялық жоба дайындалды.

Кәсіпорын мамандарының іссапары нәтижесінде Шымкент қаласындағы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не,  Петропавл қаласындағы «Есіл су» фи­­лиалына және Қытайдың Үрімші, Сан­жы, Құлжа қалаларындағы озық тех­но­логия мен жұмыс тәжірибесі зерттелді.

– Әлгінде саланы цифрландыру мен автоматтандыру жағдайын қоз­ғап өттіңіз. Ендігі мақсаттарыңыз қан­дай?

– Әрине, ол уақыт пен көп қа­ражатты талап етеді. Дегенмен, мем­лекеттік бағдарламалар қолдауымен әріп­тес­тердің озық тәжірибесін үйрену – негізгі міндетіміз. Сан алуан мүмкіндік көзін пайдалану арқылы тұтынушыларға қо­лайлы жағдай туғызуға мән беруіміз тиіс. Алдағы уақытта несиелендіру жо­лымен су есептегіш құралын жаңа авто­матты есептеу құрылғысына ауыс­тыруды қолға алу қажет. Бұл – уақыт талабы, суды тиімді үнемдеудің бірден-бір жолы.

Филиал өз күшімен ауызсуды үнем­деу, су қаржысын толық жинау бағы­тында тиімді жұмыстарды жүзеге асы­рып отыр. Екі жыл бұрын «Арал-Са­рыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің инспекторларына арнайы бағдарлама орнатылған 16 ұялы теле­фон таратылып берілді. Мамандар теле­фон арқылы жеке тұтынушылардың есептегіш құралын фотоға түсіріп, «Ат­лас-биллинг» базасына жолдай алады. Соның нәтижесінде база су шығынын автоматты түрде есептейді. Абоненттің бет есебіне немесе банк қосымшасына төлем сомасын автоматты түрде жол­­дайды. Бұл бақылаушыға да, тұты­ну­шыға да өте қолайлы. Азамат­тардың  кас­саға барып кезекте тұруын  қажет етпейді.

Сондай-ақ телефондағы бағдарлама инспектор-бақылаушының жұмысын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік бе­реді. Мәселен, бақылаушы абонентке бармаса ол қызыл түсті көрсетеді. Бар­ғаннан кейін су есептегіш құра­лы туралы мәлімет алмаса сары, мәлі­мет алса жасыл белгі береді. Осы арқы­лы бекітілген участок бойынша ба­қы­лау­шының атқарған жұмысы GPS арқылы қадағаланады. Өткен жылдың соңында тағы 16 телефон алынды. Ол «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы» Қазалы өндірістік бө­лімшесіне таратылып берілді. Алдағы уақытта барлық өндірістік бөлімше инс­пекторлары осындай телефонмен қам­тамасыз етілмек.

Суды үнемдеуге байланысты тұтынушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Сыр өңірінде елді мекендердің басым бөлігі сапалы ауызсумен қам­тамасыз етілген. Оны өз қажеттілігімізге пайдалана аламыз. Дегенмен судың қа­дірін қаншалықты түсіне алдық? Әлемнің кейбір мемлекеттерінде бір тамшы су алтыннан жоғары бағаланады. Сондықтан оған құрметпен қарай бі­луіміз керек. «Судың да сұрауы бар» деген, бәріне ұқыптылықпен қарау әрбір тұтынушының міндеті деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<