Ұлттық ұлан – тәуелсіз еліміздің қорғаны. «Жат елдің жақсысы болғанша, өз еліңнің сақшысы бол» деген атадан қалған дәстүрді берік ұстанған, мемлекетіміздің қауіпсіздігін нығайтуға үлесін қосып жүрген Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5547 әскери бөлімінің командирі, подполковник Төлеби Чубаевпен сұхбаттасқан едік.
− Төлеби Досалыұлы, Ұлттық ұланның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
− Ұлттық ұлан − мемлекеттің қалқаны. Олар аса маңызды стратегиялық объектілер мен түзеу мекемелерін күзетеді. Ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға үлес қосады. Тасымалдау кезiнде арнайы жүктердi күзету, ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге атсалысады. Сондай-ақ төтенше және соғыс жағдайының, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге қатысады. Табиғи, техногенді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға үлес қосады. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзетіп, тәртіп бұзу барысында ұсталатын адамдардың, сондай-ақ олардың аумағындағы азаматтардың жүріс-тұрысын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады. Ұланға жүктелген міндет көп.
− Ұлттық ұлан жауынгерлік қызметті қалай атқарып жүр?
− Әскерге келген жастар Отан алдындағы міндетті абыроймен атқарып бір жылдан кейін нағыз сарбаз болып оралады. Темірдей тәртіпке бағынған олар күндіз-түні кірпік қақпай жауынгерлік қызметте жүреді. Әскери киім киіп, Отан үшін адал қызмет ету үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан әскери бөлім – әрбір сарбазды шыңдайтын, шынықтыратын нағыз өмір мектебі. Бүгінде әскери нарядтар құрамындағы әскери қызметшілер қаламыздағы қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі жауынгерлік қызметті тәулік бойы атқарады.
− Аймақтағы түзету мекемесін күзету де сіздерге жүктелген. Бұл жұмыс қалай орындалуда?
− Түзеу мекемесін күзету мен ішкі жағдайын бақылау − біздің жауынгерлерге жүктелген міндет. Күнделікті біздің әскери қызметшілер жауынгерлік тапсырмалар мен міндеттерін орындау бойынша жауынгерлік қызметке түседі. Күні кеше ғана қаладағы түзету мекемелерінің бірінде ефрейтор Ықылас Досмаханов алып кіруге рұқсат етілмеген затты өткізбек болған жерінен қала тұрғынын ұстады. Мұнан бөлек түзеу мекемесіне қызмет бабымен келген жүк көлігін ефрейтор Нұрлан Баймырзаев мұқият тексеріп, рұқсат етілмеген есірткі затын анықтады. Мұндай оқиғалар жиі болады. Әскерилер өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды.
− Сарбаздар қатары толығып жатыр. Олар әскери дайындықтың қандай тәсілдерін үйренеді?
− Әскер қатарына алынатын жастардың кейбірі физикалық және психологиялық тұрғыдан әлсіз болатыны рас. Ол отбасында алған тәрбиесіне, өскен ортасына байланысты болады, яғни, қысқаша айтсақ, балаға ата-анасы кішкентайынан шектен тыс қамқорлық жасаған. Өзі таңдау жасамаған, өзі үшін шешім қабылдай алмайтын жеткіншектер әртүрлі кедергілерге тап болады. Ал әскери өмірдің жөні бөлек. Бастысы, әрбір сарбазға жеке тұлға ретінде қарап, әрқайсысына жеке-жеке тапсырмалар беріп, соның шешімін өздері табуына, шешім қабылдауға, батылдыққа, ерлікке тәрбиелейміз. Олар таңмен таласып ерте тұрады, дене жаттығуларын орындайды. Оның өзі жас буынды шыңдайды. Жауынгерлік дайындықта қоян-қолтық ұрыс әдістерін, ату жаттығуларын, шабуылдау және қалай қорғану, жарақат алған жағдайда алғашқы көмек көрсету секілді, тағы басқа соғыс жағдайындағы даярлыққа үйретеді. Себебі ер азаматтарымыз кез келген сәтте Отанын қорғауға дайын болуы керек. Ал оны күнделікті өмірде үйрене алмайтыны анық. Сондықтан әскери дайындықтың жастарға берері мол. Бізге келгенде әскери ортаға бейімделіп, басқалардан қалыспайын деп тырысады. Әскери дайындық сарбаздарды ер азамат ретінде шыңдайды. Отан алдындағы борышын өтеген және өтемеген ер азаматтардың айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан болашақ өміріне берер тәлім-тәрбиесі орасан зор.
− Сарбаздардың жетістігі туралы айтсаңыз…
− Қатардағы жауынгерлер Әділет Нұрымов, Арнат Исмаилов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы арасында өткен қоян-қолтық ұрыс жарысынан I орын алды. Сарбаздарымыз Қызылорда гарнизоны бойынша футболдан сынға түсіп, жеңімпаз болып жүр. Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін төсбелгілерімен марапатталып отырады. Сарбаздар сайысқа қажетті барлық спорттық киім түрлерімен қамтамасыз етілген. Жауынгерлік қызмет барысында үздік көрсеткіштермен, ел қорғауда батыл іспен танылған әскери қызметшілер Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан арнайы наградалармен марапатталады. Үлгі етіп айтар жастардың бірі − Жандос Баянбаев. Ол Алматыдағы 5572 әскери бөлімінен тәрбие жөніндегі жасақ командирінің орынбасары болып ауысып келді. Барлық әскери тәртіп пен талапты мінсіз орындап, өзін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Бүгінде келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүрген офицер. Оның бір ерлігі – «Алматы-Семей» бағыты бойынша жоспарлы теміржол қарауылында жауынгерлік қызметін атқарып жүріп аса қауіпті қылмыскердің қашып кетпеуіне жол бермеуі. Оқиғада сотталған адам өтірік талып құлап қалады да, қатардағы сақшының тапаншасын алып қояды, оған оқ атады. Бірақ кіші сержант Баянбаев саспай, жігер танытып, қарсы тап беріп тапаншаны қайтып алады. Жараланғанына қарамастан сотталғанды резервтік топ жеткенше ұстап жатады. Жандос қайсарлығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен ІI дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінде шаңырақ көтеріп, перзент сүйіп қызмет пен отбасыны қатар алып жүр.
− Баласын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналар көбейді. Себебін де білесіз. Сіздің әскери бөлімде сарбаздарға қандай жағдай жасалған?
− Ер бала дүниеге келгеннен отбасында мықты рухани тәрбие алуы қажет. «Біздің көмекшіміз, қорғанымыз, ертеңгі күні елін қорғайды» деп тәрбиелеу керек. Әскери бөлімде сарбаздардың жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болып шығуына барлық жағдай жасалған. Спорттық кешен бар. Онда бірнеше спорт түрінен шынығады. Жастардың әскери, саяси сауатын арттыратын түрлі тақырыптағы дәрістер өтеді. Сарбаздар 3 мезгіл тамақтанады, киім-кешектері толық қамтылған. Олардың патриоттық рухын көтеру үшін бөлімде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, көңілді тапқырлар алаңы, «Үздік сарбаз» байқауы, спорттық сайыстар жиі өтеді. Үздік көрсеткіштерге ие болғандар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының арасында өтетін додаларда бақ сынайды.
− Отан қорғаушыларды мектеп жасынан дайындау керек деп жатады. Сіздерде оқушылармен байланыс бар ма?
− Біздің офицерлер барлық мектептерге барып, әскери бөлім мен әскери институт жайлы тұрақты түрде насихаттап тұрады. Оқушыларды әскери-патриоттық тәрбиелеу үшін С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебімен бірлескен «Жас бүркіт» әскери-патриоттық оқу сыныбының ашылуы және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бағдарламаға сәйкес әскери-патриоттық оқу сыныбын әскери бөлімнің жасағы қамқорлығына алған, өрендер әскери өмірге машықтануда.
Біздің уақыттың батыры, қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаровтың есімі «Атамекен» балалар ауылының бір үйіне берілген болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5547 әскери бөлімі мен Қызылорда қаласының отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі де өтті.
− Көптеген сарбаз әскерден соң келісім-шарт бойынша қызмет етуге өтініш білдіреді. Енді оларға білім гранты берілетіні айтылуда. Толығырақ тарқатсаңыз…
− Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауымен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 44 жоғары оқу орнымен меморандумға қол қойды. Енді әскери борышын өтегендерге 3 мың грант бөлінеді, яғни бір жыл әскери борышын өтегендер осы жоғары оқу орнындарының біріне ҰБТ-сыз түсе алады. Жастарымызды әскери қызмет атқаруға ынталандыратын осындай тетіктер қажет. Өкінішке қарай, қазір көп жастар әскерге барғысы келмейді. Әскери қызметтен кейін оқытуда халықаралық тәжірибеге сүйену керек, мысалы Израильде, АҚШ-та, Еуропа елдерінде, мына тұрған Өзбекстанның өзінде осындай үлгі бар.
− Келісім-шарт негізінде жұмысқа қабылдау үшін қандай талаптар қойылады?
− Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарғысы келетін үміткерлерге бастысы мерзімді қызмет атқару немесе әскери-техникалық мектепте оқудан өткен әскери билеті бар жастар өтініш бере алады. Олар орта немесе жоғары білімі бар, 19 бен 32 жас аралығындағы еліміздің ер азаматтары болуы керек. Ең бастысы, денсаулығы жарамды болуы қажет, арнайы медициналық тексеруден өтіп келеді. Үміткер әскери бөлімге өтініш білдіріп, тапсыруға тиісті құжаттарды жинап, арнайы тексеруден соң жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Сұхбаттасқан
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<