– Қазақстан кубогының финалына шыққандарыңыз құтты болсын! Бұл 20 жылда қайталанған жетістік екен…
– Рахмет. Көптен күткен жеңіске көпшілікпен бірге қол жеткіздік. Мұның ішінде ең алдымен қолдау көрсетіп келетін облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының, футболшылардың, бапкерлердің, барша жанкүйерлердің еңбегі бар. Өздеріңіз білесіздер, 20 жыл бұрын «Қайсар» Қазақстан кубогының финалында ойнап, өскемендік «Востокты» жеңіп, кубокты Қызылордаға әкелген болатын. Енді осынша жылдан соң осы жетістікті қайталауға мүмкіндік туып отыр. Финалға оңайлықпен жеткен жоқпыз. Ақтық сынға дейін премьер-лиганың үздіктерімен ойнап, жарыс жолынан тайдырдық. Жартылай финалда жеңістің қалай келгенін көрдіңіздер. Соңғы секундтарға дейін үмітімізді үзбей, «Тобылмен» тайталастық. 12 жыл бұрын ел кубогының жартылай финалында қостанайлық ұжымға есе жіберіп алған едік. Кеткен есеміз қайтты деген ойдамыз. Сәтін салса, 22 қыркүйекте «Атырауды» жеңіп, кубокты Сыр еліне жеткіземіз деп ойлаймын.
– «Атырау» командасымен бұған дейін де ойнадық. Шешуші сәт қалай болар екен?
– Әрине, кубокты алуға мүмкіндігіміз жетеді. Десе де, «Атырау» оңай шағылар жаңғақ емес. Қарсыласты дұрыс бағаламау – үлкен кемшілік. Финалға әлсіз команда жетпейді. Оның үстіне қарсыласымыз қатарынан үшінші мәрте ақтық сынға жетіп отыр. Бірақ мұндай нәрселер бізді алаңдатпайды. Оның үстіне алғашқы турдағы кеткен есені қайтарғымыз келеді.
– Біздің ойыншылардың арасында Тигран Барсегян мен Куле Мбомбоның шеберлігін көріп жүрміз. Командада басқа қандай мықтылар бар?
– Команданы бөліп жарудың қажеті шамалы. Өйткені әр ойынның қорытындысына алаңдағы 11 ойыншы жауапты болады. Мысалы, біздің барлық позициядағы футболшылардың шама-шарқы өзгелерінен бір саты жоғары деп айта аламын. Әрине, голды көп соғатын ойыншыны кім ұнатпасын?! Бірақ, шабуыл бар, пас беру бар – әрбір гол көпшіліктің үлесімен салынады. Сіз атаған ойыншылар шабуылға етене араласатын футболшылар. Сондықтан олар гол соғып, халық қошеметіне бөленіп жатады.
– Кубоктан бөлек, премьер-лигадағы болжам қандай?
– Кубоктың финалына өттік екен деп премьер-лиганы ысырып қойған жоқпыз. Сондықтан біріншіліктің негізгі аламаны саналатын чемпионатта жоғары орынға ілігуді көздейміз. Сол себепті үздіксіз жаттығу жұмыстарын жүргізудеміз. Қазір біріншіліктің қызған шағы. Барлық командалар қалыпқа келді. Қай-қайсысымен жолықсаң да оңай ұпай ұстатпайды. Дегенмен, әр ойында жеңіс үшін шығып, мақсатымызды жүзеге асыруға күш жұмсаймыз.
– Кейінгі жас толқын туралы пікіріңізді білсек…
– Қазір «Қайсардың» әр жасқа арналған футбол үйірмесі үздіксіз қызмет етуде. 2001 мен 2011 жыл аралығында туған жеткіншектер шеберлігін шыңдауға болады. Жақсы футболшы болып қалыптасуға бапкерлердің біліктілігі жеткілікті. Бүгінде 26 бапкер еңбек етіп келеді. Көбіне ауыл балаларының футболға келуі қиындық тудырып жатады. Сол себепті былтырдан бастап аудандардан клубтың академиясын ашуды қолға алдық. Мәселен, Қазалы ауданында үйірмеміз жұмыс істейді. «Қайсар» сапындағы Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев сынды ағаларына қарап бой түзеп келеді. Біздің орталықтан қазақ футболының мақтаныштары шығарына сенемін. Қызылорданың брендіне айналған клубымызға соңғы жылдары қолдау ерекше. Клуб тарапында ешқандай мұқтаждық жоқ. Футболшылар үшін бар жағдай жасалған. Қолдау барда нәтиже болатыны анық.
– Алдағы ойындарда да жеңіс тілейміз.
Дәулет ҚЫРДАН,
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<