Алтын қазық Ата Заң

2532

0

Қай мемлекетте де оның әрбір азаматының ерік-жігері мен таңдауы сол елдің басты заңы аясында жүзеге асады. Бұл тұжырым Конституцияға тікелей қатысты. Еліміздің басты құжатын ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің негізі деу­ге әбден болады. Сонымен бірге мемлекеттіліктің бастауы мен біртұтастығының қайнар көзі ретінде орнығып үлгерді.

Қазақ тарихында «Қасым хан­ның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сынды заң үлгілері болғаны белгілі. Ата Заңымыз солардың жалғасы ретінде 25 жылда өрлеу мен рухани жаңғыруымыздың, сая­си тұрақ­тылықтың алтын қазығы бола білді.

Қызылорда қалалық сотының төрағасы Мұхтар Еркінбековпен Конституция күні қарсаңындағы сұхбатымыз басты заңымыздың салмағы және сотқа жүктелген жауап­кершілік турасында өрбіді.

– Конституция әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты әділеттік пен құқық нормаларына қаншалықты жауап береді?

– Тура  ширек  ғасыр бұрын жалпы­халықтық референдум барысында Конституция қабылданды. Ол кезде облыстық прокуратурада қызмет атқардым. Конституцияны талқылау, қабылдау процесіне өзіміз де куә болдық. Референдум барысында халық белсенділік көрсетті. Осылайша Қазақстан өзін зайырлы әрі біртұтас мемлекет ретінде танытып, өркендеу жолындағы табыстарға жетуді мақсат етті. Ата Заңымыз «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деген сөздермен басталады. Онда жаңа әділ қоғам құруға ұмтылған ұрпақ сабақтастығының негізі жинақталған. Кез келген мемлекет іргетасының мызғымас беріктігі Конституция мен заңдардың пәрменіне тікелей байланысты. Еліміздің басты құжатында демократиялық, зайырлы, құқықтық Қазақстанның ең басты байлығы – адам мен оның өмiрi, бостандығы екені анық көрсетілген. Осы орайда әрбір азаматқа өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік берілген. Қазақ қоғамы қашанда заңға арқа сүйеп, тәртіпке тәуелді болған. Өзіңіз айтқан көненің көзі – жарғылардан бас­тау алған Ата Заңымыз мемлекеттігіміздің тұғыры, халық бірлігінің ұйытқысы, жеріміздің саяси қалқаны, елдігіміздің арқауы, кемелдігіміздің кепілі десек, артық айтқанымыз емес.

– Конституцияда судьялардың құқық­тары мен міндеттері қалай белгіленген?

– 75-бапта көрсетілгендей, сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық, заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісі алқабилердің қатысуымен жүргізіледі. Қандай да бір атау­мен арнаулы және төтенше сот құруға жол берілмейді. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады. Мақсаты – азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституция, заң­дар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету. Ол аталған құжаттар негізінде туындайтын істер мен дауларды шешуде қолданылады.

– Заңды қолданғанда қандай прин­циптерді басшылыққа аласыздар?

– Мынадай 10 принцип басшы­лық­қа алынады. Олар:

1. Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.

2. Бір құқықбұзушылық үшін еш­кімді қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды.

3. Заңда көзделген соттылықты оның келісімінсіз ешкім өзгерте алмайды.

4. Сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы.

5. Жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқықбұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.

6. Айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлел­деуге міндетті емес.

7. Ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын ­туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес.

8. Адамның кінәлі екені туралы кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады.

9. Заңсыз тәсілмен алынған айғақ­тардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуы тиіс емес.

10. Қылмыстық заңды ұқсас­тығына қарай қолдануға жол беріл­мейді.

– «Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халық сеніміне ие болу», – деді Президент. Осы айтылған сенімнің негізгі өлшемі не?

– Әрине, адам сотқа еріккеннен келмейді. Әртүрлі дау-дамаймен әділдік, төрелік іздеп келеді. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты даудың екі жағы болады. Ал біздің мақсат – ұсынылған дәлелдемелер мен фактілерді ескере отырып, заң шеңберінде шешім қабылдау. Осы орайда судьяға нұсқау беріп, оның жұмысына араласуға ешкімнің құқығы жоқ. Үкім немесе қаулыға келіспеген адам жоғары тұрған сотқа шағымдана алады. Біз өз тарапымыздан сот жұмысының ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Шешімнің әділ болуы және осындай игі бастамалар ғана халықтың бізге сенімін күшейте түспек.

– Ұсақ-түйек дауды ушық­тыр­май шешудің бірден-бір жолы – медиация. Бұдан сот жүктемесі жеңілдеді ме?

– Бұл «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген қағиданы бас­шы­лыққа алған дарабоз билердің дəстүрлі билік жүргізу тəсілінің заңды жалғасы деуге болады. Бітімгершілік рәсімі халықты дау­ды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ық­палын тигізуде. Қалалық сотқа төраға болып келген 2017 жылы 27 мың іс қаралған еді. 2018 жылы ол 20 мыңға, былтыр 16 мыңға дейін азайды. Биыл тағы шамамен 20-25 процентке төмендегені байқалады. Осылайша болмашы дау-жанжалдар үшін уақыт жоғалтпай, маңызды мәселелерде төрелік айтуға мүмкіндік беріліп отыр.

– Карантин жұмыстарыңызға қалай әсер етті? Істі онлайн форматта жүргізудің артық-кем тұсы қандай?

– Судьялардың, мамандар мен сотқа қатысушы қос тарап өкілдерінің денсау­лығын сақтау мақсатында істер онлайн тәртіпте қаралуда. Оның қиындығы аз емес. Бейнебайланыс жүйесіндегі кейбір келең­сіздіктер себебінен істі тоқтатуға тура келген жағдайлар болды. Дегенмен, карантин кезінде сақтық талаптарын орындау арқылы ғана ауруды жеңе аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Мереке құтты болсын!

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<