Ғалымжан Тоғызбаев: «МӘДЕНИЕТ – МЕДИЦИНАДА ДА БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ»

1596

1

Ғалымжан Тоғызбаев:  «МӘДЕНИЕТ – МЕДИЦИНАДА ДА  БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ» Қазақстан ревматологтар қауымдастығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ревматолог дәрігер Ғалымжан Тоғызбаевтың есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Қатардағы дәрігерден бастап, бірқатар басшылық қызметтер атқарған ол, бүгінде жеке медициналық компанияның жетекшісі. Оңтүстік Корея елімен бірлескен жоба аясында биыл Алматы қаласында ашылған орталық қазақстандықтардың шетел асып, ем іздеп сабылмауына мүмкіндік береді. Жуырда белгілі дәрігермен тілдесудің сәті түскен еді.

– Ғалымжан Асылбекұлы, Сыр өңірі­нің тумасы екеніңізді білеміз. Алдымен айты­ңызшы, дәрігерлік әке жолын қуу ма, әлде…

– Иә, мен осы жерде туып-өстім. Әкем дәрігер және бұл мамандық бала кезден арман болды. Әкемнің әріптестері Ернияз Омарұлы, Тұрғанбай Маханұлы, Әділ Ізтілеуұлы, Құл­сартов секілді мықты дәрігерлерді көргенде ерекше қызығушылық бойыма жігер беретін. Сол арман жетегінде Ақтөбе медицина институтына оқуға түстім. Еңбек жолымды облыстық диагностикалық-кеңес беру орталығында дәрі­гер болудан бастадым. Ол кезде жас маманбыз, «көрсек, білсек» деп тұрамыз. Онан соң аспирантураға түсу бұйырды. Қазір, міне, медицина саласында жүргеніме жиырма жылдан асты. Осы жылдар аралығында көптеген елдерді, тіпті, әлемді аралап шықтым десем болады. Дегенмен, туған жерімде алған тәжірибем, көрген-білгенім, түйгенім маған өмірлік үлкен сабақ болды.  Әрине, ол кез бен қазіргі кездегі медицинаны салыстыруға келмейді. Медицина сәт сайын дамып жатыр. Осыған орай қойылатын талап та жоғары. Біз сол өзгерістерге ілесе білуіміз керек.

– Биыл Алматы қаласында «Mediсal Part­ners Korea» клиникасы (mpk clinic) ашылғанынан хабардармыз. Клиниканың мақ­саты қандай? Қандай көмектер көрсетіледі?

– Мен көптеген қызметтер атқардым. Білім беру саласында жұмыс жасадым. Сонда байқағаным, мамандардың білім сапасы, науқасқа деген көзқарасы әлі де төмен. Мұны тұрғындардың медицина қызметіне, сала қызметкерлеріне деген наразылығынан, рені­шінен де білуге болады. Яғни, біздің медицинада әлі мәдениет қалыптаспаған. Осы мәселе дұрысынан шешілсе деген менің көптен бері арманым бар еді. Сондықтан алдыма мақсат қойып, соның аясында осы жобаны қолға алдым. Бұл – әлеуметтік жоба. Төрт жылдан бері Корея елімен жұмыс жасап келемін. Соның негізінде көпсалалы клиника ашылды. Ондағы мақсат – халықаралық стандарт бойынша қазақстандықтарға медициналық көмек көрсету. Біздің клиникада ішкі ауруларды емдейді. Кардиолог, терапевт дәрігеріміз Оңтүстік Кореяның профессоры Хисук Мин диагнозды анықтап, хирургиялық тәсілге жеткізбей емдей алады. Яғни, мақсатымыз Оңтүстік Кореядағы заманауи технологияларды елімізге енгізу. Сондай-ақ, орталықта қатерлі ісік скринингі мен молекулярлық диагностика жасалады. Алдағы уақытта онкологиялық аурулардың бастапқы кезеңінде қан анализінен аурудың 8 түрін анықтайтын мүмкіндік туады. Осыған жұмыс жасап жатырмыз. Оған қоса инфекциялық ауруларға, оның ішінде тыныс жолдарының инфекциясына, яғни, молекулярлық диагностика жасалады. Инфекциялық аурулардың дені судың сапасына байланысты. Ауызсу таза болса ауру да азаяды. Бұл орайда Қызылордада оң өзгерістер бар. Соңғы жылдары Сыр өңірінде су сапасына көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бұл дегеніміз, жаңа айтқанымдай, аурудың алдын алудың басты шарты.

– Әрине, ол рас. Аймақ басшысының айрықша көңіл бөлуімен бүгінде қызылор­далықтар сапалы, таза су ішіп отыр. Ал менде неліктен Корея елі таңдалды деген сұрақ туындап отыр. Өзге де медицинасы дамыған мемлекеттер бар ғой?

– Қазір денсаулық сақтау саласы бойынша озық тұрған Сингапур. Одан кейін Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг. Оңтүстік Корея бізге жақын. Бұл елмен байланыс жасап келе жатқаныма төрт жылдан аса уақыт болды. Сонда байқағаным, олардың менталитеті бізге өте ұқсас. Сонымен бірге адамдармен қарым-қатынасы да ерекше жылы. Кез келген емдеу орнына барсаңыз, адамдарға көңіл аударуы, жы­лышырай танытып, күтіп алып, шығарып салуы, жалпы ішкі мәдениеті өте жоғары. Жоғарыда айтқанымдай, осы нәрсе біздің медицинада жетіспейді. Соңғы кезде біздің халқымыз дертіне ем іздеп шет елдерге сабылуда. Мәселен, жылына Қазақстаннан 100 мыңнан астам адам Кореяға барып емделеді.  Сондықтан сол елдің мамандарын осы жаққа тартуды ойладым. Сонымен бірге ішкі мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді деген сенім бар. Осылардың бәрін ескере келе, осы елмен бірлесіп жұмыс жасауды ұйғардық. 

– Қызмет бағасы қандай?

– Қаншама отандастарымыз шетелдерге барып ем алып жатқанда олар ақшалары тасығандықтан бармайды. Амалдың жоғынан, соңғы тиынына дейін салып шығады. Мәселен, Оңтүстік Кореяның өзінде  дәрігерге бір рет қаралу біздегіден бірнеше есе қымбат. Оған жол шығынын, жатын орны мен тамағының бағасын қосыңыз. Біздің қызметіміз, былайша айтқанда, қолжетімді. Мәселен, Оңтүстік кореялық дәрігерлердің кеңес беру ақысы 10 мың теңге тұрады. Жүрекке УДЗ жасау да осы бағада. Ортопед, лор, педиатрлардың алғашқы қарау бағасы 5 мың теңгеден басталады.

– Ғалымжан Асылбекұлы, тәуелсіздік алғалы бері реформаға жиі ұшырап келе жатқан саланың бірі – осы денсаулық сақтау саласы. Соңғы бір-екі жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуде. Шет елдерде бұл бұрыннан бар. Ал, біздегі жағдай туралы не айтасыз?

– Дұрыс айтасыз. Денсаулық сақтау саласы түрлі реформаларды бастан өткеріп келеді. Мұның барлығы саланы дамытуды көздейтіні белгілі. Ал енді медициналық сақтандыруға келсек, оны енгізген дұрыс. Мұны қолдауымыз керек. Дамыған елдердің барлығында сақтандыру жүйесі жақсы жолға қойылған. Негізі денсаулық тегін болмауы қажет, ол ақылы болуға тиіс. Өйткені, тегін нәрсенің қадірі болмайды. Сонымен бірге, бұл жүйе емдеу мекемелері арасындағы бәсекелестікті арттырады. Демек тұрғындар үшін де пайдалы болмақ. Қай клиниканың қызметі жақсы, сапалы, ыңғайлы науқас соған барады. Сол арқылы ол клиника ақша табады. Науқас бармаған ауруханаға ақша төленбейді. Яғни, бұл жүйе мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің артуына, жеке клиникалардың көбеюіне, олардың жұмысының жолға қойылуына мүмкіндік беріп отыр. Адамдар да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастайды. Сондықтан медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгені өте орынды.

– Рахмет!

Әңгімелескен

Айнұр БАТТАЛОВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<