Әке ықпалымен көркем әдебиетке, жазу-сызуға ынталы болған апалы-сіңлілі Айсұлу мен Нұрсұлу Қасымовалар бұл мамандыққа аяқасты келмегенін көрсетеді. Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылында туған бауырлар бүгінде мәртебесі биік, жауапкершілігі зор мамандықты кәсіби тұрғыдан меңгеріп, салада жемісті еңбек етуде.
Айсұлу 1988-1993 жылдар аралығында қарашаңырақ ҚазҰУ-де білім алды. Оқуды бітірісімен бірден республикалық «Жас қазақ» газетіне жұмысқа орналасты. Қазақтың арынды ақыны Нұрлан Мәукенұлы жетекшілік еткен басылымда Ғ.Жайлыбай, Б.Үсенов, Б.Түкібаев секілді қаламгер ағаларынан үйреніп, біраз ысылды. Бертін келе туған жерге оралып әуелі «Кызылорда таймс», артынша «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде қайнаған тілшілік тіршілікке етене енді. Кейін қала әкімінің баспасөз хатшысы, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында қызмет жасай жүріп, БАҚ пен билік арасын жалғады. 2004 жылы журналистикадағы қызметі телевизия саласында жалғасты. Телеарнадағы 17 жыл соқпағында Айсұлу Қасымова телешеберханада сан қырынан сыналды. Шеф-редактор болды, телеарнаның бас редакторы қызметін атқарды. Сөйте жүріп «Айтарым, бар ағайын!», «Нысана» хабарларын шығарды. «Айқаракөз» хабарында қыз-келіншектерге пайдалы әңгіме тиегін ағытса, «Шаңырақ» хабарында қазақтың отбасылық дәстүрлерін дәріптеді. «Өмірдің өзі…» ток-шоуында қоғамдағы түйткілді дөп басуға тырысты. Журналистикадағы тәлім-тәжірибесін жастарға үйретті. Олардың бірқатары бүгінде республикалық БАҚ-тарда жұмыс жасап жүргеніне мақтанады. Төккен тер мен еткен еңбектің өтеуі болатыны белгілі ғой. Журналистикадағы қолтаңбасы үшін Айсұлу көп құрметке бөленді, 2020 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінде білікті масс-медиа маманы облыстық «Қызылорда» телеарнасы директорының орынбасары ретінде айшықты хабар таратуға сүбелі үлес қосып келеді.
Ал сіңілісі Нұрсұлу − Алматы Халықаралық Журналистика институтының түлегі. Еңбек жолын Алматы қаласындағы «Оңтүстік астана» телеарнасында бастаған. Бүгінде «Қазақстан» Ұлттық арнасының Еуропадағы меншікті тілшісі. Отбасылы, екі ұл тәрбиелеуде. Халықаралық журналистер қауымдастығының мүшесі.
Нұрсұлу мектепте оқып жүргенде-ақ ағылшын тілінен озық болды. Тілді жетік меңгеріп, жер жаһанды араласам деген бала арманы биік мұраттарға жетеледі. 2013 жылдан бері мемлекетіміздің игілігіне бағытталған қызметін Бельгия астанасы Брюсельде жалғастыруда. Тілшілік қызметінде талай жерді аралады. Қазақтың қаршадай қызы тайсалмады. Еурокомиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозу, Италияның бұрынғы Премьер министрі Романо Проди, Швейцария экс Президенті Дидье Бурхгалтер секілді сақа саясаткерлермен терезесі тең отырып сұхбаттасты. Қазақ мемлекеті үшін талай маңызды шаралардан мазмұнды ақпарат таратты. Еуропарламент сессияларынан жедел ақпарат жеткізді. Шетелдегі қазақтарды елге танытты. Мемлекеттің лауазымды тұлғаларының шетел сапарларын ақпараттандырып жүр. Ағылшын тіліне қоса француз, итальян тілдерін жетік меңгеріп алған ол НАТО мен Еуроодақ саммитінен репортаждар жасайды. Бүгінде Нұрсұлу Қасымның мәйекті сюжеттерін алыстағы ата-анасы ғана емес қалың қазақ елі асыға күтеді. Өйткені оның әдемі қоңыр даусының ә дегеннен көрерменін баурап әкететін сиқыры бар.
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында қызмет пен отбасын қатар алып жүрген нәзік жандарға ортақ сұрақ жолдап пікірлерін білдік.
− Қайта мамандық таңдап, бәрін басынан бастау қажет болса сіз кім болар едіңіз?
Айсұлу Қасымова:
− Психология саласын таңдар едім. Адам − Алла тағаланың ең керемет жаратылысы болса, әрбір адамның бойында өзіне беймәлім қасиеттер өте көп. Соны табуға, жауабы жоқ сұрақтардың шешімін іздеуге, адасып, қиналып жүрген жандарға жол табуға көмектесіп, жұбаныш болғым келеді. Менің өмірге келгендегі миссиям − адамдарға көмектесу секілді. Себебі, отбасымда, ортамда, қоғамда адамдарға қамқорлықпен қараймын. Айналамдағылар менен жылулық күтеді.
Егер журналист болмасам психолог болар едім деп ойлаймын. Адамдардың жан дүниесін ашып, рухани кемелденуіне атсалысар едім. Бизнестің өзіне де психологиялық дайындық керек. Әр адамның өмірге келген соң өз бағыты болғаны жөн. Кейбір адамдар «менің үнемі жолым болмайды» деп ойлайды. Адасып жүреді. Өйткені, өзінің жан дүниесін өзі түсінбейді. Олардың жан дүниесіне үңіліп, саңылауларды тауып, зерттеп, жәрдемдесер едім. Психология − ауқымды сала. Кез келген адамға экономикада болсын, бизнесте, бала тәрбиесінде немесе отбасылық қарым-қатынаста болсын психология керек. Өмірдің өзі тұнып тұрған стресс қой. Бойымызда блок көп. Жалпы адамдарға пайдам тисе, рахаттанып, біразға дейін шабыттанып жүрем.
Нұрсұлу Қасым:
− Дәрігер болар едім. Маған қатты ұнайтын мамандық. Адам өмірінің арашасы. «Оңтүстік Астана» арнасында медицина саласын ақпараттандыру маған жүктелді. Сол уақытта Алматыда жаңа технологиялармен жасалатын оталарға қатысатынбыз. Туабітті ақауы бар, естімейтін балаға ота жасалды. Екі күннен кейін алты жастағы баланың анасының даусын алғаш рет естіген сәтін көріп, көз жасымызға ерік бердік. Осы тәріздес көптеген оталарға қатыстым. Жүрек, бүйрек ауыстырған кезде нәр татпастан 24 сағат қызмет еткен дәрігерлердің еңбегін көрдім. Сол кезде бұл мамандық иелеріне басымды идім. Медицина тақырыбына қалам тербегеннен кейін, диагноздарды, ауруларды барлығын зерттеп оқитынмын. Бейберекет дәрі де ішпейтін болдым. Қазір балаларымның басы ауырып, ыстығы көтерілсе де оны дәрімен түсіруге тырыспаймын. Ағза өзі күресу керектігін білемін. Медицина тақырыбында жазған тілші болғанымның көп пайдасы тиді. Достарым кейде әзілдейді «медицина факультетін сырттай бітіргенсің» деп. Болашақта жойылып кететін мамандықтардың қатарына медицинаны да жатқызады. Оталарды құлтемірлер жасайды деп. Қазірдің өзінде құлтемірлер оталарға ассистент ретінде қатысуда. Бірақ дәрігерді құлтемір алмастыра алмайды.
− Қызмет барысында басыңыздан өткен бір қызықты оқиғаңыз…
Айсұлу Қасымова:
− Тоқсаныншы жылдардың басында «Ақмешіт ақшамы» газетінде жұмыс істеп жүргенмін. Қақаған қыста ТЭЦ жарылып, бүкіл қала жылусыз қалды. Қала билігі тез шешім қабылдап, тұрғындарға жылу беру қамына кірісіп кетті, яғни, көпқабатты үйлерді шағын жылу қазандықтарымен жылытуға әкімдік қомақты қаржы бөлді. Сол кезде облысқа танымал белгілі кәсіпкер жобаны ұтып алды. Алайда уәделерін орындамай, адамдар тоңып отырғанда сынап газетке жаздым. Кәсіпкер ағамыз шетелде қыдырып жүр екен. Газетке сын мақала шыққанын естісімен адамдарын маған жіберіпті. Олар қорқытып, үркітті. Ол кезде кейбір кәсіпкерлердің кабинетін қарулы жігіттер қорғайтын еді ғой. Өзі де шетелден келе сала «сені сотқа беремін, бұл жала жабу» деп біраз бұлқан-талқан болды. «Жаздым, жаңылдым» деп басқа мақала жаз деді. Мен өзіме сенімді едім. Сотқа берсе де ештеңе істей алмайтын. Себебі қолымда тұрғындар пікірін жазып алған аудиожазбалар, барлық дәлелдемелер бар еді. Қыруар қаржыны алып міндеттерін орындамай отырғаны анық болатын. Жалпы бұл оқиға арыстанның тышқанға әлімжеттік қылғаны сияқты көріністі көз алдыңа әкеледі. Бірақ, менің артымда БАҚ деген ұлы күш тұрғанын түсінген болуы керек… Газет көтерген мәселеден кейін жылу мәселесі шешілді.
Тағы бір оқиға облыстағы бір ірі зауыттың жұмысшылары біраздан бері жалақы ала алмай жүр екен. Зерттеу жүргізіп «Жыламаған жұмысшыға жалақы жоқ» деген мақала жаздым. Мекеме басшылығын сынадым. Кейін білдік, әлгі мекеме басшысы қала билігіне қатысы бар кісілерге жақын адам екен. Кейбір әріптестерім «мұндай қадамға неге бардың, бұл кісі «Пәленше Түгеншеевтің» туысы ғой» деп айтып жатты… Аз уақыттан соң мекеме жұмысшылары жалақысын алды. Ол кезде баспасөздегі сынның салмағы бар еді ғой…
Нұрсұлу Қасым:
− «Оңтүстік астана» телеарнасында маған коммуналдық саланы берді. Бір күні металл ұрлайтындар туралы сюжет дайында деді. Оператор Кирилл екеуміз Алматының шетіне шығып ұрылардың сымдарды қырқып жатқан жерінен үстінен түстік. Олар біздің түсіріп тұрғанымызды көріп қойды. Бір ер кісі қасымызға жүгіріп келіп, пистолетін шығарып оператордың басына кезеді. «Тез кассетаны шығар да маған бер» деп бұйырды. Не істерімізді білмей қалдық. Оқуды енді бітіргенбіз. Ондай оқиғаны бұрын көрмеген. Кассетаны беруге тағы қимаймыз. Бермейік десек, қорқып тұрмыз. Сол уақытта тапанша кезеп тұрған адамның қолын қағып жіберді. Қаруы ұшып кетті. Тұра қаштық. Үлкен полигонның іші. Артымызға қарамай қашып келеміз. Екі рет оқ атты. Аспанға атты ма, бізге атты ма білмеймін. Абырой болғанда көлігіміз жақын жерде тұр екен. Жылдам мініп алдық. Жүргізушіміздің лақап аты «шумахер» болатын. Қашып құтылдық. Әйтсе де, сол оқиғадан кейін жұмыстан соң мені аңдитын біреулер. Телефоныма да белгісіз нөмірмен хабарласып қоқан-лоқы көрсететін.
Тағы бір оқиға Брюсельде Бельгиядағы металл қауымдастығының өкілдері ереуілге шықты. Қытайдың сапасыз металын алмай, өзіміздің темірді тұтынайық деп талап қойды. Сол жерде бізді көріп бізге қарсы ашу-ыза көрсетті. «Қытайлар кетіңдер, сендердің кесірлерің» деп. Біз не істерімізді білмей, газеттен қалпақ жасап кидік, «Біз Қазақстаннанбыз! Біз қазақпыз!» деп жазып алдық. Содан кейін ғана, жылышырай танытты. Жұмыс істеуімізге мүмкіндік туды. Осындай оқиғалар жиі болып тұрады. Еуропалықтар үшін барлық азиаттар қытайлық болып саналады. Түбіне жетіп зерттемейді. Пандемия кезінде де ауруды қытайлар әкелді деп, азиаттықтарға күш көрсеткен оқиғалар болды. Микрофонымызға латын әріпімен Qazaqstan деп жазып алдық. Енді қауіп сейілді.
Міне, кәсіби мерекеде қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты салада ер азаматтармен иық тірестіре абыройлы қызмет жасап жүрген қос Қасымовамен әңгіме осылайша өрбіді. Олар бүгінде мамандықтың да, адамдықтың да биігінде. Журналистикада кәсіби мамандарға деген қажеттілік ұлғайған шақта олардың қызметіне сұраныс артатыны да ақиқат. Қаламдарыңыз мұқалмасын!
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<