Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Онда ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттері мен елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері талқыланды. Басқосуға облыстан 124 делегат қатысса, оның 116-сы ауыл әкімі.
Елордаға барған делегаттың бірі, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Бектайқызымен аз-кем әңгімелескен едік.
– Нұржамал Бектайқызы, ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Бұндай басқосу кең көлемде алғаш рет өтіп жатқанын да тілге тиек етті. Өзіңіз кездесуден қандай ой түйдіңіз? Президент айтқан кейбір мәселелер сіздерде де бар ма?
– Президентпен жүздесу кез келген мемлекеттік қызметкерге, соның ішінде ауыл әкімдеріне үлкен жауапкершілік және үлкен сын деп сезіндім. Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің жұмысына баға бере отырып, Үкіметке де біршама мәселелерді шешуді тапсырды. Осының өзі ауыл әкімдеріне қолдаудың бар екендігін білдіреді. Әрине, әріптестеріміз айтқан мәселелердің бар екендігін теріске шығармаймыз, бірақ өз ауылымыздың игілігі үшін, барлық шаруаларды қатар алып жүреміз. Панельдік отырыста сала мамандары мен мәжіліс депутаттарымен кездестік. Бұл біз үшін ұтымды болды. Мәселемізді тікелей жеткізуге мүмкіндік алдық.
– Ауыл әкімдерін тікелей сайлау мемлекетті басқару ісін жаңғыртудағы маңызды қадам болды. Дегенмен бұл жергілікті халық үшін қаншалықты тиімділігін көрсетуде?
– Сайлау өткізу – халыққа да, үміткерге де оңай емес. Дегенмен, сайлау арқылы, тұрғындар өз таңдауын жасайды. Көпшілік дауыспен сайланған әкім де өз аманатын жіті сезіне білуі керек. Әкім сол жердің өзекті мәселелерін тұрғындармен бірлесе отырып шеше алса, онда сол аманаттың бір парасы орындалды деп ойлауға болады. Ашықтық бірінші қағида болуы тиіс.
– Ауылдың жағдайын, оның алдағы бетбұрысын сол аймақтан шыққан азамат қана жақсы біледі. Басқосуда сөйлеген әкімдер өздерінің функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгенін айтты. Әр өңірдің, ауылдың мәселесі әртүрлі дегенмен, ауыл әкімдеріне қойылатын міндет бір секілді… Қалай ойлайсыз?
– Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасында «Биліктің осы деңгейі халыққа барынша жақын, негізінен оны халық қалыптастырады, оның бақылауында болады және халықтың негізгі өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Жергілікті өзін-өзі басқару ұтымды құрылса, тек жергілікті ресурстардың жұмсалуы оңтайланып қана қоймай, сонымен қатар халықтың билікке деген сенімі едәуір артады» деп көрсетілген, яғни ауыл әкімдері қаншалықты тұрғындарға жақын болса, соншалықты сенімнің орнауын көрсетеді. Қазір ауылда жүрміз, әлеуметтік желілерді былай қойғанда, ауылдағы чаттарда отырмыз. Кішкене бір мәселе туындаса, бірден сол чаттар арқылы да жауабын береміз. Бүгін ғана ауылға «техникалық заттарды Каспи редпен сатамыз» деген азаматшалар келген екен, ауыл тұрғындарына алаяқтарға алданбауын ескерттік. Келген азаматшаларға да ескертпе жасап, шығарып жібердік. Сондықтан ауыл әкімінің құзыретіне кірмейтін мәселе болмайды деп білемін. Құқықтық жағынан қатыссыз мәселелерді учаскелік инспекторлар құзыретіне тапсырамыз.
– Қазір ауыл әкімдері бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселелерін қиындықсыз сараптай алады. Дегенмен Мемлекет басшысы кейбір әкімдердің бұл мәселеге атүсті қарайтынын сынға алды. Сіз ауыл тұрғындарының мәселесін жақсы білесіз бе? Олармен қаншалықты жиі кездесесіз?
– Ия, рас ауыл тұрғындарының мәселелерін 100 пайыз білемін деу, әсте әбестік болар. Бірақ тұрғындар үшін қажетті мәселелерді зерттеп жүремін. Ауыл бір отбасы деп қарайтын болсақ, оның түрлі мәселелері болатыны түсінікті. Бірақ бірінші кезекте, игілікті істерге көп мән беруге тура келеді. Ауыл болған соң, телі де, тентек те шығады. Оны «бөрік ішінде басып, үлкендердің алдында бетін бастыруға» тура келетінін жасыра алмаймыз. Тәрбиенің бір парасы да осы бір ауылдың ауызбірлігінде. «Ауыл – ұлттың ұясы» деп, осындай пәлсапаға сүйеніп айтатын болар.
Әңгімелескен,
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





