Атаулы жылдан жаңашылдықтар күтеміз

70

0

2025 – «Жұмысшы мамандықтар жылы». Бұл бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттау мақсатында қолға алынып отыр. Статистикаға сүйенсек, елімізде осы күні 2 млн 300 мың адам 2 мыңнан астам жұмысшы мамандық бойынша еңбек етеді екен. Олардың 52 пайызы – кәсіби немесе техникалық білім алғандар. Бұл саладағы мамандарға сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын ескерсек, арнаулы орта білім беру жүйесіне мемлекет қолдауы еселенеді деген сөз.

Қызылорда қаласында орналасқан Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледж директоры Жәнібек Исаевпен сұхбатта жұмысшы мамандықтары бағытында оқитын жастардың қатарын арттыру және кәсіптік білімнің сапасын көтеру жайын қозғадық.

– Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жариялауы бір демде туған шешім болмағаны анық. Бұл осы салада шешімін күткен мәселелер барын және қара нардай болып жүрген қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы орнын, мәртебесін көтеру әлі де өзекті екенін көрсетеді. Бұл қатарға тағы не қосар едіңіз, сіз қандай өзгеріс, нәтиже күтесіз?

– Мен өзі Кеңес одағын аңсап жүрген адам емеспін. Бірақ әр заманның жақсы тұстары болатынын жасыра алмаймыз. Біз мектепте оқығанда оқу-өндірістік комбинат деген болды. Былайша айтқанда, балаларды кәсіптік білімге баулу әдісі. 9-10 сыныптан бастап бізді көңіліміз қалаған кәсіпке бейімдейтін. Аптасына бір рет арнайы базаға барып, тәжірибе жүзінде іске асыратынбыз. Мен, мысалы, токарь боламын деп шештім. Басқа оқушылар біреуі автомобиль жүргізушісі, біреуі слесарь, енді бірі тігінші сияқты мамандықтарды таңдады. Бір күніміз сол базаның ішінде өтетін. Бұл қай-қайсымыз үшін де тәжірибе алаңы болды. Енді бізге осы жүйені заман талабына сай қайта жаңғырту қажет. Екі-үш жыл бұрын өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен облыстық білім басқармасы Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде «Оқу-өндірістік комбинат» жобасын қолға алған-ды. Тек осындай игі бастамалар аяқсыз қалмаса екен. Бұл болашақта түлектің саналы түрде орта немесе жоғары арнайы білім алуға, мансапқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін маман болуына септігін тигізеді деп есептеймін.

– Жұмысшы мамандар даярлау саласында өзіңіз басқарып отырған колледж де бар. Осы орайда оқу орнында қандай мамандық иелері оқиды, оның ішінде қайсыларына басымдық берілген?

– Елімізде техникалық және кәсіптік білім беруге бөлінетін мемлекеттік грант саны жыл өткен сайын артып келеді. Бұл талапкерлерді жұмысшы мамандығын таңдауға ынталандыратыны сөзсіз. Біздің колледжде бүгінде 720 бала білім алып жүр, соның 645-і – мемлекеттік білім грантының иегерлері. Бір жылға оқу ақысы – 130 мың теңге, белгілі бір топ өкілдеріне арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Құрылтайшылар демеушілер тарту арқылы кейбірінің тегін білім алуына мүмкіндік жасайтын кездер де болады. Дуальды оқыту жүйесінде 5 мамандық бойынша 192 білім алушы қамтылған. Жұмысшы мамандығы бойынша төтенше жағдай кезінде қорғау, құтқарушы біліктілігі бойынша 109 бала оқып жатыр. Одан бөлек, бізде модельер-пішуші, құрылыс материалдары өндірісіндегі жабдықты реттеуші, газ құбырын пайдалану және жөндеу слесары, киім конструкторы, санитарлық-техникалық жүйелер мен құрылғыларды құрастырушы, ақпараттық жүйелер технигі, техник-электрик, кең бейінді құрылыс жұмастырының шебері және тағы басқа мамандықтарды игеріп шыға алады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш білім беру, денешынықтыру және спорт мамандықтарының баспалдағын қалыптастыруға да мүмкіндік бар.

– Колледждің материалдық-техникалық базасы қай деңгейде? Теория жүзінде оқыту өз алдына, бірақ одан көзбен көріп, қолмен ұстағандай болмайды…

– Қажеттілікке байланысты заман талабына жауап беретін спорт залын салдық. Одан бөлек, кабинеттер арнайы жабдықталған, шағын тігін цехымыз бар. Колледжде теориядан гөрі практикалық сабақтарға жіті көңіл бөлінеді. Балалар өндірістік тәжірибені мекемелер мен компанияларда өткізеді. Білімі мен кәсіби біліктілігін ұштастырып, көзге түскендерін жұмыс берушілер алып қалып та жатады. Жыл сайын облыс мектептерін аралап, оқушыларды оқуға шақырып, үгіт-насихат жүргізген кезде білім алушылар үшін осындай мүмкіндіктер барын айта жүреміз.

– Қандай жетістіктермен, шәкірттермен мақтана аласыздар? Өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар?

– Ұстаздар арасында оқу-ісі жөніндегі орынбасарым Ботакөз Таңқыбаева «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 2024 жылы мектепке дейінгі білім беру, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан республикалық басшылардың кадр резервіне іріктеліп алынды. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Барлық кезеңнен сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Тағы бір әріптесіміз Шаттық Айтбай облыстық білім басқармасы ұйымдастырған «Үздік жалпы пән оқытушысы-2024» атты облыстық байқаудан сертификат иеленді. Бұдан бөлек, көптеген білім алушымыз білім додаларында, спорт бәсекелерінде бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп үлгерді.

– Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында елімізде, әлемде «WorldSkillsKazakhstan» чемпионаты өтіп тұрады. Осындай додаларға қатысып тұрасыздар ма?

– «WorldSkillsKazakhstan» ұлттық чемпионаты жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты жастарды, сарапшылар мен тәлімгерлерді бір алаңда тоғыстырады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған дода Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа жетістіктерді паш етеді. Ұлттық чемпионаттың республикалық кезеңіне дейінгі сында ұл-қыздарымыз топ жарып жүр. Мысалы, 2022 жылғы облыстық чемпионатта сантехника және жылыту құзыреттілігі бойынша жоғары кәсіби шеберлігі мен біліктілігін көрсеткені үшін Диас Аманбай, Бақытбек Сәрсенбаев, 2023 жылы Икрам Болатбекұлы, сән технологиясы саласында Айшат Сайлаубаева марапатталды. Осы оқу жылында Астанада өткен ұлттық чемпионатқа сантехника және жылыту, ұялы қосымша әзірлеу бағыттары бойынша екі студент апардық. Орынға ілікпесек те бұл біз үшін де, балалар үшін де үлкен тәжірибе алаңы болды. Айта кету керек, бұл оқу жылында мобильді қосымшаларды әзірлеуден біздің облыс тұңғыш рет республикалық деңгейде бақ сынап көрді.

– Биыл колледждердегі техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны көбейгенін білеміз. Бұл құптарлық, бірақ жастардың кәсіптік мамандыққа қызығушылығы қандай? Мәселе сонда сияқты…

– Өкінішке қарай, қоғамда кәсіптік-техникалық білімге оң көзқарас қалыптасқан жоқ. Ата-аналар баласының мектепті аяқтауға қабілеті жетпейтінін біліп бізге әкеледі. Одан бөлек, білім грантының мүмкіндігіне және шәкіртақыға арқа сүйеп, осында оқытатын да адамдар бар. Жұмысшы мамандықтарын да кәсіпкерлік сияқты экономиканың драйвері деуге болады. Ковид пандемиясы кезінде бизнес иелері сияқты олардың да жұмысы үзілген жоқ. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны қуантарлық. Бірақ бұған дейінгі басы бар, аяғы жоқ кейбір жобалардың кейпіне түсіп, шала-жансар күйде қалмағаны дұрыс. Өйткені біз әлі құр есеп берумен шектеліп, қағазбастылықтан арыла алмай келеміз. Ал бізге керегі – көп сөз емес, тындырымды іс. Өз басым жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттырудың бірден-бір жолы жалақыны өсіру деп есептеймін. Кезінде мұнай-газ саласында жалақы жоғары болғанда жастардың осы бағытқа қызығушылығы артқаны рас. Ал қазір тау-кен ісіне бет бұрғандар көбейді. Жұмысы ауыр болғанына қарамастан жастарымыз жалақысы үшін кенді орындарға кетіп жатыр.

– Оқу бітіргендердің жұмысқа орналасуына талдау жасала ма, нәтижесі туралы білгім келеді…

– 2023-2024 оқу жылына талдау нәтижесі туралы айтайын. Жұмысшы мамандықтары бойынша 44 бала колледж бітірсе, соның 13-і оқуын жалғастыруды құп көрді. 12-і әскери борышын өтеуде. Ал 19 бала еңбекпен қамтылды.

– Олардың арасында мемлекет қолдауымен немесе жеке қаражаты есебінен өз кәсібін ашып, жолға қойғандар бар ма?

– Ондай түлектеріміз бар. Мысалы, Назерке Кенжетай, Гүлбақыт Ізім есімді қыздарымыз тігін ательесін ашып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Екеуі де өз қарым-қабілеттерінің арқасында жақындарының қолдауымен кәсіп бастағанын айтуға тиіспіз. Тігін мамандығында оқыған сіңлілері осы ательелерде өндірістік тәжірибеден өтті.

– Мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Олардың қатарында құрылысшылар, кеншілер мен шахтерлар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері бар. Жұмысшы мамандықтарына тағы қандай қолдау жетіспейді?

– Жұмысшы мамандар дегеніміз кімдер? Олар – механиктер, электриктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, столярлар, кондитерлер, тігіншілер және тағы басқа. Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда маңызды роль атқарады. Экономикалық даму қарқыны жоғары, әлеуметтік теңдікке көңіл бөлетін мемлекеттерде олардың еңбегі жоғары бағаланады. Еңбекті бағалаудың бірнеше критериі бар. Соның ішінде ең бастысы – жұмысшылардың жалақысы дер едім. Атаулы жыл аясында жұмысшы мамандарды ынталандыру, олардың еңбегін насихаттау бағытындағы іс-шаралар жаңа қарқынмен жалғасады деген сенім бар. Кәсіптік-техникалық білім беру саласы да реформаланып, түрлене түссе, құба-құп.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<