«Бәрі мультфильм кейіпкерлеріне еліктеуден басталды» (видео)

1781

0

Сұхбат кейіпкері Әділ Ахметжановтың өнері таңғаларлық. Әншілігінен бөлек, сахнада даусын мың құбылтатыны қызық. Бірде рок-гитара, енді бірде керней «бола салады». Әп-сәтте саксофонға «айналатыны» тағы бар. Құдды бір өзі – бір оркестр. Білетіндердің оны «оркестр-адам» дейтіні содан.

Өзі – Шиелінің тумасы. Бүгінде Алматыда тұрып жатыр. Ретін тауып, ерекше дарын иесін әңгімеге тарттық.

– «Әзіл әлеміндегі» Қанат Әлжаппаров автоматтың, Аманғали Сыпабеков аң-құстың даусын айнытпай салады. Ал музыкалық аспаптардың үні сіздің визит карточкаңызға айналды. Бойыңызда мұндай қасиет барын қашан, қалай байқадыңыз?


– Музыкалық қабілет бойымда бала күннен бар. Мектепке барған 1998 жылы республикалық «Әнші балапан» байқауының облыстық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алдым. Өнер жолындағы қадамым осылай жалғаса берді. Бала кезімде кино, мультфильм кейіпкерлеріне еліктеп, солардың даусын салатынмын. Өз жұртым да, нағашы жұртым да өнерден құралақан емес. Бірақ ешқайсысының кәсіби білімі жоқ. Қазақстанда маған дейін музыкалық аспаптардың даусын салатын адам болмады. Содан шығар, бұл бәріне қызық көрінді. Бірақ менің арманым кәсіби әнші ретінде танылу еді. Ол ойым да ақырындап орындалып келеді. Ерекше қабілетімнің арқасында студент кезімде, әйтеуір, аш қалғаным жоқ. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүргенде жоғары курс студенттері мені өздерімен бірге тойға апарып жүрді. Ақша тапқан сайын шабытым артты. Кейін түрлі байқауларға, жобаларға шақырту алдым.


– Алғашқы табысыңыз есіңізде ме?


– Ол кезде Шиеліде мектепте оқимын. Нартай мектебін жалғастырушы жырау, марқұм Құрманбек Бекпейісов сабақтан кейін кейде той-томалаққа ертіп апаратын. Алғашқы табысыма сонда DVD плеер сатып алғаным бар. Қателеспесем, жеті-сегіз жыл соның қызығын көрдік.


– Өнердің бұл түрін қалай атайды және онымен кімдер айналысып жүр? Әлемде болсын, Қазақстанда болсын…


– Қалай атайтынын білмейді екенмін. Бірақ әлемде онымен айналысатындар көп. Мысалы, «Berywam» франциялық битбоксерлар тобы «Америка таланттарды іздейді» шоуында топ жарды. А капелла стиліндегі американдық «Naturally 7» тобы гитара, керней, ауыз сырнайы сияқты музыкалық аспаптардың даусын салады. Қазақстандықтар туралы әзірге естігенім жоқ.


– Осындай қабілетіңіздің күшімен көптеген байқауда, телевизиялық жобада көзге түстіңіз. Қайсысынан олжалы қайттыңыз?


– «Қазақстан дауысы», «I’m a singer Kazakhstan», «Жұлдызды сәт» сияқты көптеген отандық жобада көрінгенім рас. Барлығында жолым болды. Алғашқы екеуінде жартылай финалға жеттім. «Жұлдызды сәтте» белгілі себептерге байланысты жобаны жалғастырудан бас тарттым. Ешқайсысында қаржылай сыйлық алмасам да, өміріме, өнеріме азық боларлық тәжірибе жинадым.


– Шетелдіктер өзіне шақырмады ма?


– Екі жыл бұрын Германиядан шақыру келді. Бірақ тіл білмеуіме байланысты бара алмадым. Былтыр Ресей шақырды. Әзірге ойланып жүрмін.


– Қос дипломы бар кәсіби әнші екенсіз. Ән әлемінде өзіңізді қай қатардан көресіз? Қоржыныңыздағы дүниелер қай сарында?


– Әуелі өнер академиясын театр актері, одан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын камералық концерт әншісі мамандықтары бойынша бітірдім. Ендігі арманым – тыңдарманға уақытпен сыналған ескірмейтін есті әндер ұсыну. Осыған дейін отызға тарта өлең жазыппын. Көбі лирикалық бағытта. Бірақ ешқайсысын жарыққа шығарғаным жоқ. Бір өлеңнің өзіне кем дегенде жарты жыл уақытымды жұмсаймын. Сол себепті арада қаншама жыл өтсе де, осы жазғандарым тарихта қалса екен деймін.


– Ән шығарады екенсіз. Қандай ақындармен шығармашылық байланыстасыз?


– «Бір сурет» атты тырнақалды туындым сегізінші сыныпта туды. Ол ауданда хит болды. Жүргеновте оқып жүргенде «Махаббат мелодрамасы» мюзикліне арнап ақын Қанат Жүнісовтің сөзіне ән жаздым. Қазіргі күні жерлесіміз Мөлдір Айтбай және көкшетаулық Мұхаммед Қоңқаевпен шығармашылық тандем орнаған.


– Ерекше дарыныңыз бола тұра көп әншінің бірі болып, тасада қаламын деп қорықпайсыз ба?


– Қорқатын ештеңесі жоқ. Жұмыс істесең, тасада қалмайсың. «Бір процент талант, 99 процент еңбек» деген кесімді қағида да бар ол туралы. Еңбектенген адам өз жолын табатыны анық.


– Өзіңіз айнытпай салатын музыкалық аспаптармен түгел таныссыз ба? Қанат, Аманғалилар сияқты оны басқамен ауыстыру ойда жоқ па?


– Консерваторияда саксофоншылармен, кернейшілермен, домбырашылармен, барабаншылармен, гитарашылармен араластық. Өзім дыбыстайтын аспаптармен түгел таныс­пын, бірақ бәрінде бірдей ойнай алмаймын.


– Танымал болған жақсы. Бірақ даусыңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін ғой…


– Мүмкін. Бірақ бәрі бір Алланың қолында. Тек жақсы ойлау керек. Кез келген нәрсе ниетке байланысты.


– «Әншілер даусын күту үшін шикі жұмыртқа ішеді» дейді. Шынымен, солай ма?


– Қайдам, өзім олай істемейді екенмін. Білуімше, кәсіби әншілер де бұл әдісті қолданбайды. Бұл – миф. Дауыстың жақсы шығуы – әуелі Алладан, сосын үлкен дайындық пен дұрыс күтінуді талап етеді. Ұйқының қанық, көңіл-күйдің жоғары болуы да әсер етпей қоймайды.


– Қазір немен айналысып жүрсіз?


– Жеке шығармашылыққа бет бұрдым. Репертуарымды толықтыру үстіндемін. Жеке альбом шығаруға ниеттімін.


– Актерлік бітірдіңіз, ол аяқсыз қалмайтын шығар…


– Дипломдық спектакльдерде ойнадым. «Асыл арнаның» қысқаметражды фильмдерінде, «Хабар» телеарнасының «Мәде­ниет үйі» комедиялық телехикая­сында төбе көрсеткенім бар. Толық­метражды фильмдерде әзір­ге роль бұйырмады.


– Өнер адамдарымен аралас-құраластығыңыз қалай? Кімдерді үлгі тұтасыз?


– Қай-қайсысымен де сәлемім түзу. Бірақ бәрімен бірдей сырласпын, ойы­мыз ортақ деуге келмейді. Дегенмен, шығармашылығымды қолдап жүретіндер бар. Үздіксіз ізденіс үстіндегі, өнерге адал, атағы Алатаудай болса да, кішіпейіл жандарды жақсы көрем. Ал кеңес және қазақ опера әншісі, КСРО мен Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ермек Серкебаев, кеңес және орыс опера әншісі, Ресейдің халық артисі Дмитрий Хворостовский, кеңес және орыс әншісі, музыкант Григорий Лепстің шығармашылығына тәнтімін.


– Отбасыңыз туралы да білгіміз келеді…


– Әке-шешем Шиелі ауданында тұрып жатыр. Інім, қос қарындасым бар. Келіншегім өнер академиясын да, консерваторияны да өзіммен бірге бітірді. Бір курста оқыдық, бір партада отырдық. Студент кезімізде көңіл жарастырып үйлендік. Қазір бала күтімімен үйде. Ұл-қызымыз өсіп келеді.


– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<