«Бағаны өсіруге жол берілмейді»

2858

0

Күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы ырық бермей тұрғанымен, өңірде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін  шаралар қабылдануда. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы басқармасы мен тиісті мекемелер қандай жұмыстар атқаруда? Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тиімді тәсілдері бар ма? Осы сауалдар төңірегінде газет тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен жедел сұхбат құрған еді.

– Талғат Тұрсынұлы, аймақта азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қандай жұмыстар қолға алынды?

– Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Қызылорда қаласы және барлық аудандық әкімдіктер әлеуметтік сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізуде. Бағаны реттеудің тиімді әдісі – тұрақтандыру қорын қалыптастыру. Бұл бағытта облыстық бюджеттен кейінгі екі жылда (2020-2021) 2134,3 млн теңге бөлінгенін айта кету керек. Бүгінде қорда 1376,8 тонна өнім бар.

Оның ішінде: бірінші сұрыпты бидай ұны – 412,8, қарақұмық жармасы – 70,3, күріш – 177,2,  макарон – 53,2, картоп – 108,4, пияз – 200, күнбағыс майы – 94,9,   сәбіз – 100 тонна, сондай-ақ 160 тонна қант бар.

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тиімді шараларының бірі ретінде айналым схемасы бойынша кәсіпкерлерге заем беру тәсілі кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі күні 973 млн теңге 19 кәсіпкерлік субъектісіне берілді. Заем алған кәсіпкерлердің 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі мен  «Байқоңыр» ӘКК-ға қарасты Қызылорда қаласында орналасқан 36 әлеуметтік дүкенде және қосымша 14 ірі супермаркетте келісім негізінде ашылған бұрыштарда нарықтан төмен бағада жеткізіліп, сатылуда.

– Дүкендерде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері сатылады дедіңіз.  Олардың бағасын айтып өтесіз бе?

– Барлық әлеуметтік дүкендерде нан – 55, қант – 263, өсімдік майы – 630, картоп – 130, сәбіз – 130, пияз – 65, қырыққабат – 90, 1 сортты ұн – 135, қарақұмық жармасы – 415, күріш – 200,  макарон – 200, сиыр еті – 1650, тауық еті – 785, жұмыртқа – 32, сүт – 280, айран – 225, сүзбе –1283, сары май – 2504 және тұз 40 теңгеден сатылуда.

– Ас атасы – нанды тұтынбайтын адам жоқ. Алайда оның бағасы дүкендерде әртүрлі. Нан бағасын белгілі бір сомадан асырмау үшін қандай істер жасалуда?

– Наубайхана иелерімен келіссөздер жүргізіліп, наубайхана басынан 80-85 теңгеден босатып, бөлшек саудада 90 теңгеден асырмай сату жөнінде келісілді. Республика бойынша нан бағасын тұрақтандыру үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт  корпорациясы» ҰК» АҚ астық өндірмейтін оңтүстік өңірлерге арзандатылған бидай бөлу шараларын қабылдауда.

–    Бізге келетін тауардың көп бөлігі сырттан тасымалданады. Ортадағы делдалдардың жұмысы қаншалықты қадағаланады?

– Бүгінгі күні облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеудің тізбегі анықталып,  оның 5533 қатысушысына тиісті тексерулер жүргізілуде. Атап айтар болсақ, оның ішінде 324 өндіруші және дистрибьюторлық компания, 430 заңды және жеке тұлға, көтерме жеткізу бойынша фирма, сондай-ақ 4779 супермаркет, шағын маркет, үй жанындағы дүкендер бар. Бұдан бөлек «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының рұқсат етілген мөлшерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы» биылғы жылға арналған облыс әкімдігінің қаулысы әзірленуде. Жалпы облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, тапшылық байқалмайды. Тұрақтандыру қоры мен айналым схемасы бойынша 5 мың тонна өнім қорын жасақтауға 2022  жылы облыстық бюджеттен қосымша 1,3 млрд  теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде 800 млн теңге қаржы тұрақтандыру қорының өнімін ұлғайтуға бөлінсе, 500 млн теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне заем беруге бағытталады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<