Бала – ата-ананың айнасы

2964

0

Ұрпақ тәрбиесі қашанда өзінің өзектілігін  жоймаған. Бүгінгінің балаларының түсінік-пайымы, ұстанымы бөлек. Қоғам болып оларды қалай дұрыс бағыт-бағдарға жетелейміз? Ата-аналарға тәрбие беру мәселесінде қандай көмек береміз? Осы сауалдар төңірегінде өңірге келген «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаевпен аз-кем әңгімелесіп үлгерген едік.

– Рахымбек Қуатбекұлы, Сыр жеріне қош келдіңіз! Өздеріңіз ұйымдастырған «Ата-ана – ұстаз – оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» атты аймақтық форумы көздеген мақсатына жете алды ма?

– Облыстық форумға бүкіл ауданнан 500-ге жуық ата-ана келді. Залда ине шаншар жер болмады. Сапалы, мәнді, мағыналы өтті деп толық айта аламын. Форумның негізгі мақсаты – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілігін арттыру, баласының болашағына бей-жай қарамау, көбірек уақыт бөлу, даму процесіне толық атсалысу. Осы бағытта білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікте жұмыс жасауды көздейді. Форум соңында Қазалы, Арал аудандарынан келген ата-аналар сөз алып, мұндай шара бұрын-соңды болмағанын, алған әсерлерін айтып, қатысқандарына өкінбейтіндерін жеткізді. Аудан көлемінде де осындай форум ұйымдастыру қажеттігін айтты. Қызылорда қаласында біздің бірлестіктің филиалын ашып жатырмыз. Осы жердегі бөлімшеде көп іс-шара жүргізілетін болады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен де меморандумға қол қойылды. Университет базасында ата-аналар лабораториясын құрамыз. Ол бойынша ғылыми зерттеулер, жобалар жүргіземіз. Бұйырса үлкен нәтижелі жұмыстарға қол жеткіземіз деймін.

–       Бұрыннан бар ата-ана, ұстаз, оқушы арасындағы үштік байланыстың қарым-қатынас деңгейі қандай деп ойлайсыз? Бала тәрбиесін, жауапкершілігін бірыңғай білім беру ұйымдары мен мұғалімге теліп қойған жоқпыз ба?

–       Иә, дұрыс. Мұғалім өзіне берілген 45 минутында жоспарға сәйкес пәнін оқытуға міндетті. Ал оның үй ішіндегі жағдайына араласып, реттеуге міндетті емес. Бірақ біздің қоғам, үкіметтік басқару жүйесі айналып келгенде білім беру саласына келіп тірелгеннен кейін педагогтерге жүктеліп, жауапкершілік мұғалімдерден сұралып кетті. Сондықтан да өткен жылы мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданды. Олардың  әлеуметтік  статусын   көтеру   бойынша жұмыстар жасалуда. Біздің бірлестіктің  құрылғандағы бірден-бір себебі – мұғалімнен гөрі баланың тәрбиесіндегі мәселеге  ата-ананы түйсіндіру, сезіндіру, сол миссияны өздеріне қайта жүктеп, санасын оятып, қоғамда жаңа өмір бастау үшін осылай жолға шықтық. Қай өңірге барсақ та, өте жоғары бағаға ие болып, серіктестікке шақырту алудамыз. Бұл республикада  өткізген 8-форум. Келесі үлкен шарамызды Ақтөбе облысында ұйымдастыруға ұсыныстар келуде. Біздің бірлестіктің артында белгілі  бір саяси мақсат, жеке мүдде жоқ. Сіздің өңірде ашылған филиалда білікті педагогтер, қоғам қайраткерлері  жоспар құрып, жұмыс жасайтын болады. Семинарлар, тренингтер, олардың арасында жарыстар ұйымдастырып, мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталады. Біз тараптан ақпараттық, материалдық қолдау көрсетіледі.

– Бүгінгі ата-аналардың балаға әсер ету күші азайған деген пікірге көзқарасыңызды білсек…

–       Ол рас. Ата-аналардың әсер ету күшінің азаю себебін жұмысбастылықпен, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығымен байланыстыруға болады. Материалдық жағдаймен қамтамасыз етеміз деп, әкесі де, шешесі де таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүреді.  Ғаламтор тәрбиелеген балаларға  үлкендердің сөзі  әсер ете алмайтын болды. Онымен қоса, ата-аналардың өздерінің психологиялық-моральдық жағдайы жеткілікті деңгейде емес. Көбіне сыртта жүріп, үйдегі балаға көңіл бөлмейді. Балаға беретін сүйіспеншілік, махаббат, жылу ата-аналардың өзінде жоқ. Бала бір күн, екі күн, әрі кетсе үш күн күтер. Ал ата-ана жеткілікті дәрежеде өзінің жылуын бере алмаса бала да оны күтуін тоқтатып, айналадан, ғаламтордан, бөгде адамдардан іздейді. Ата-аналар балаларымен біріге өмір сүру керек. Мысалы лифтімен тоғызыншы қабатқа екі адам бірге көтерілді десек, екі адам лифтіні 30 секунд бөліседі. Олар бірақ бірге өмір сүрмейді, танымайды. Қазіргі ата-аналар өкінішке қарай, осындай. Бір үйде тұрады, өмір сүреді, әрқайсысының көңілі әр жақта. Тіпті бір дастарханның басында отырғанда да ұялы телефонға телміріп, баласының асты қалай жегеніне де назар салмайтындар бар. Балаға күнделікті шын ықыласпен бөлетін 20 минут уақыттың өзі жеткілікті. Форумда тренерлер осы аз уақытта балаға қалай сапалы уақыт өткізуге болатыны, көңілін қалай аулау керектігі жайлы әдіс-тәсілдерін үйретті.

–       Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<