Бүгінгі қоғамда балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі өте өзекті болып отыр. Оның бір себебі, ата-ана тәрбиесінің жетіспеуі десек, екінші себебі, әр баланың қолындағы смартфондардан тарап жатқан қажетсіз ақпараттардың салдары деп топшылаймыз. Алайда мектеп оқушыларының күнделікті оқу тапсырмасына сәйкес іздену барысында ғаламтор көмегін пайдаланбауы мүмкін емес. Бұл жердегі мән беретін мәселе – баланың ақпаратты қабылдауда жас ерекшелігіне сай талғамын қалыптастырып, қауіпті ақпараттардан қорғай білу.
Бұл орайда оқушының мінез-құлқындағы өзгерісті тұрақты қадағалап, қажет болған жағдайда олармен жұмыс жүргізу мектеп психологтарының міндеті. Кезекті сұхбатымызда №268 мектеп-лицейдің педагог-психологы, республикалық «Ең үздік жыл психологі» байқауының жеңімпазы Жадыра Мэлсбайдың жұмысынан сыр тартқан едік.
– Сөзіміздің басында «балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде ең басты талап қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрсек…
– Бүгінгі ұрпақ – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты қабілетті тұлға өсіру. Басты ұстаным – бала бойына рухани құндылықты сіңіру. Сол арқылы жас ұрпақты туған жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу.
«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» деп ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың өмірге келген сәтінен басталу керек. Балаларымыз өз ойын бүкпесіз жеткізе алатындай болып жетілуі үшін ата-ана бала алдында шыншыл болуы керек деп ойлаймын. Өмір болған соң, ақ пен қарасы бірге жүретіні белгілі. Мысалы, отбасында осындай жайсыздықтар орын алған кезде мәселені айқаймен емес, ақылмен шешуге тырысқанымыз жөн. Бала тәрбиесі үздіксіз және тыңғылықты жұмысты талап ететіні ақиқат. Осы орайда әр ата-ана балаға берілетін тәрбиені тек осы күннің ғана емес, келешектің жемісі деп қабылдаса, ол баладан адамгершілігі мол, мықты азамат қалыптасары сөзсіз.
– Мектеп психологтары қандай іс-шараларды жүзеге асырады?
– Психологиялық қызметтің мақсаты – білім алушыларды оқытумен қатар дамыту, әлеуметтендіру және кәсіби білім беру траекториясын саналы таңдауды қалыптастыруда психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға бағытталған. Жалпы психологиялық қызмет бес бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші. Диагностика – оқушының мектепке дайындығын зерттеу мақсатында «Керн-Йирасек» тесті, бесінші сынып оқушыларының орта буынға бейімделу кезеңінде психологиялық дайындығын зерттеуге арналған «Менің сыныбым» әдістемесі, жасөспірімдердің психикалық саулығын бағалау мақсатында 7-11 сыныптарға «DASS» шкаласы, 5-6 сыныптарға НСВ -10 тесті, эссе және т.б диагностикалық жұмыстар.
Екінші. Түзету-дамыту – «Мектептегі жаңа оқушы», «Емтихан кезіндегі стрестен қалай арыламыз?», «Мен таңдаған жол», «ҰБТ – болашаққа басты қадам», «Достық татулықтан басталады», «Мен және менің өмірім», «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас» және т.б тақырыптарда оқушы, ата-ана, педагогтермен тренинг, сабақтар.
Үшінші. Профилактика және психологиялық ағарту – «Балалар үшін бірігейік», «Менің психологиялық денсаулығым», «Репродуктивті саулық. Оны сақтау дағдылары», «Stop bullying: бәрі сенің қолыңда!», «Құқықбұзушылықтың алдын алу: интернет қауіпсіздігі, зорлық-зомбылық», «Тәрбие үдерісі: ата-ана, мектеп, оқушы» сияқты тақырыптарда ата-аналар, сынып жетекшілері, педагогтер мен оқушыларды ақпараттандыру және салааралық жұмыстарды жүргізеді.
Төртінші. Кеңес беру – жалпы барлық жүргізілген диагностикалық жұмыстың қорытындысы бойынша сұхбат жүргізу, сұхбат барысында «тәуекел тобы», «психологиялық қолдау тобы», «бақылау тобы» бойынша анықталған оқушылардың ата-анасын хабардар ете отырып, арнайы мамандарға жолдау, сұраныс (сынып жетекшісі, пән мұғалімі, ата-ана) негізінде жеке және топтық кеңес беру жұмыстары жүзеге асырылады.
Бесінші. Ұйымдастыру – әдістемелік-психологиялық қызмет бойынша жыл бойы жүргізілетін зерттеу жұмыстарына, өткізілетін психологиялық түзету-дамыту сабақтарына ата-аналар рұқсатын алу, ата-аналар жиналысы, психологиялық қызмет отырысын үйлестіру және т.б. жұмыстар жүргізіледі.
– Жасөспірімдер үшін өтпелі кезеңнің өзіндік әсері бар. Баланың түр-тұлғасымен қатар, мінез-құлқы да өзгеріске ұшырайды. Осындай кезде олармен қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Иә, расында, бұл уақытта балаларға әдеттегіден көбірек көңіл бөліп, қолдау танытуымыз қажет. Осы кезеңде балада көңіл-күйінің жиі өзгеруі, мазасыздану, зейінінің нашар шоғырлануы, агрессия, тіл алмау, дөрекілік таныту сияқты өзгерістер жиі байқалады. Бұл проблеманың барлығы осы жас кезеңінде өтетін психо-физиологиялық өзгерістер, жыныстық жетілу процесімен тікелей байланысты болады. Сол себепті баланың өз ортасында көзқарасы өзгеріп, түсініспеушіліктер туындай бастайды. Осы кездегі олардың бар мәселесі ішкі және сыртқы өзгерістерге байланысты болғандықтан, мектеп педагог-психологтары балалармен дос, сырлас ретінде үнемі қолдау көрсетіп, қызығушылығына аса мән береді. Оқушының ішкі жан дүниесіне үңіліп, кеңес беру, түзету-дамыту, профилактика және психологиялық ағарту бағыттарында оқушы, ата-ана, педагогтер бірлесіп, әр тараптан қолдау жұмыстарын жүргізеді.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, баланың өтпелі кезеңде аман-есен, өз күш-жігерімен дағдарысты жеңіп шығуы үшін ата-ананың қолдауы маңызды екенін айтқым келеді. Бұл – өз тәжірибемнен түйгенім. Дәл осы шақта балаға сыртқы ортадан гөрі отбасының, яғни жақын жандарының қолдауы қажет. Сондықтан баланы кішкентай кезінен бастап «сен мықтысың, қолыңнан келеді» деп оған сенім арта отырып, өз ойын анық жеткізуіне мүмкіндік беру керек. Балаға отбасында оның өзіндік ерекше орны бар екенін сездіру аса маңызды.
– Бала тәрбиесіне отбасылық жағдайының қаншалықты әсері бар? Айталық, толық немесе толық емес отбасы дейміз, яғни баланың өсіп, қалыптасуына отбасының әлеуметтік деңгейі әсер етуі мүмкін бе?
– Ең әуелі мән беретін жайт, ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне әсері зор. Біздің бір әдетіміз баламыз тілімізді алмай, көңілімізді қалдырса, «Анау өзің секілді Пәленшенің баласын қарашы, қандай ақылды» деп өзге балалармен салыстыра кетеміз. Жұрттың баласы шынымен де ақылды шығар. Бірақ ол біздің баламыз емес қой. Біздің баламыз алдымызда отыр. Бұл сөзіңіздің балаңызға қалай әсер ететінін білесіз бе?! Ол жағын ойлана бермейміз. Мысалы, әлгі сөздерді естіген балаңыз дәл қазір өзін ең ақылсыз, ең жаман бала ретінде сезініп отыр. Бала санасында «ата-анам маған разы емес», «мен нашармын», «мен ондай бола алмаймын» деген ойлар қалыптасып үлгереді. Сондықтан баламен ашық сөйлесіп, оған сенім артып, жастайынан жауапкершілікке тәрбиелей білген дұрыс. Сол секілді отбасындағы келіспеушілік пен ұрыс-керіс те мейлінше баланың көзінше болмағаны дұрыс.
Жалпы ата-ананың қай-қайсысы болса да, балаларының қабілетті, талантты болып өсіп, басқа балалардан кем емес, қайта артық болып есейгенін қалайды. Сол үшін кейде баланың бар айтқанын екі етпей, тым еркелетіп, еркіне жіберіп алатын жағдайлар да кездеседі. Осындай олқылыққа бой алдырмауымыз қажет. Өйткені тым еркіндікте өскен бала, ересек өмірге қадам басқанда қателіктерге бой алдырып жатады.
Алайда әрбір ата-ана «балам жақсы адам болса екен» деп армандауы керек. Өзге балалармен салыстырудың қажеті жоқ. Өйткені әр баланың өз жолы, өз таңдауы бар. Баланың болашағын ойласақ, оның қалауымен де санаса білгеніміз жөн. Әйткенмен, көп ата-ана жұмысбасты болып, балаларымен сырласуға уақыты жоқ. Тағы бір мәселе, бала ержетіп, мамандық таңдауға келгенде, ата-ана оны өз айтқанымен жүргізіп, бұйрығына бағынышты еткісі келеді. Ал әділдігін айтар болсақ, әр баланың алдына қойған арман-мақсаты бар. Сондықтан олардың қалауымен санаса отырып, ортақ шешімге келген дұрыс деп ойлаймын.
– Ата-ана бақылауынан тыс қалған балаларды қалай анықтаймыз?
– Ата-ана назарынан тыс қалған кезде жасөспірімдер өз бетімен, дәлірек айтқанда ғаламтор арқылы өмір сүруге дағдыланып, жаһандық «тордың» тұтқынына айналады. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырласы да, мұңдасы да – сол. Қазір ата-ананың бар ойлайтыны – баласын ешкімнен кем қылмай өсіру, сол үшін тынбай еңбек етеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда көп отбасының күнкөріс деңгейі қиындап кетті. Ата-ана ертеден кешке дейін жұмыста жүреді. Осылайша отбасын асырап, балаларына тамақ тауып берер, алайда балаларымен сырласу, оларға уақытын бөлу, не істеп, не қойғанынан хабардар болуды ескере бермейді. Міне, бұл – басты проблема. Жас кезінен бастап жасөспірімдердің бұзақылық әрекеттерге баруы, қараусыз қалуы, барлық іштегі сырының айтылмай «жалғыз» қалуынан депрессияға ұшырап, булинг пен кибербулингтің кесірі… тізе берсем, жалғаса беретін ұзақ тізбек. Осындай жағдайда олардың әлеуметтік желі арқылы танысып, бұрын-соңды түрін көріп-білмеген, жасынан да жынысынан да бейхабар «достар» табатынын қайтерсіз. Ондай онлайн достың бірі ермек үшін әңгіме-дүкен құрса, енді бірі арам оймен баланың сеніміне кіруге тырысады. Біз мойындай бермейтін бүгінгі шындықтың бірі – осы.
– Баланың немесе жасөспірімнің психикасын қалыптастыруда өзіңіз жүргізген жұмыстардың нәтижесі туралы айтсаңыз…
– Жоғарыда айтып өткен бес бағыт бойынша атқарған жұмыстарымыз өз нәтижесін береді. Атап айтқанда, бала ортадан оқшауланбай, қатарымен бір жүреді. Сабағына да, мектепішілік қоғамдық іс-шараларға да жауапкершілікпен қатысады. Әсіресе, мінезі тым тұйық балалар қоғамдық ортаға араласу арқылы ашыла түседі. Бойында қандай да бір өнері, таланты болса, әрі қарай шыңдалуына да ықпалы зор.
Кейбір баланың оқу үлгерімі жақсы, сонымен қатар мінезі қызуқанды болып келеді. Демек бұл балалардың бойы энергияға толы, оларды бейімділігіне сай түрлі үйірмелерге тартып, спорттық шараларға баулыған жөн.
Педагог-психологтар жұмысының сапасын көтеруге байланысты түрлі байқаулар, тәжірибе алмасуға арналған тренингтер жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады. Бүгінге дейін қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткен байқауларда үздік атандым. Бұдан бөлек, байқауларға дайындаған оқушыларым да жүлделі орындарды жеңіп алды.
Жалпы педагог-психологтардың жұмысы жыл бойы үздіксіз жүргізіледі, сондай-ақ әрбір жұмысымыз нәтижеге бағытталған. Өйткені ұрпақтың психикалық саулығы талбесіктен берілген тәрбие арқылы қалыптасады.
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<