Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай барынша күрделі сипат ала бастады. Осының салдарынан халықтың тұрмыс деңгейі күрт өзгерді. Инфляция, яғни қымбатшылық өрісі кеңейді. Бұрын өмір сүруге қолайлы деген Еуропа халқы болашағына алаңдаулы.
Дүниежүзінде қалыптасқан ахуалды ой елегінен өткізген әлемдік сарапшылар, ғалымдар геосаясаттағы осы салқындықты талдау сүзгісіне салып, өз бағаларын беруде. Дәйектемелерін ұсынуда. Неліктен осылай болды? «Сұхбаттың» бүгінгі қонағы – физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледж директоры Бақытхан Әбдікәрімовтің журналистпен әңгімесінде осы түйткілді мәселелердің жай-жапсары кеңінен айтылады.
– Бақытхан Жүнайдұлы, бүгінгі әңгімемізді осыдан біршама уақыт бұрын жарияланған Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған тұжырымдамадан бастағым келіп отыр. Қазіргі уақыттың күрделілігі сондай, Президент әрдайым мемлекет алдында тұрған сындарлы сынақтар мен шақырулар туралы жиі әңгіме қозғайтын болды. Есіңізде болса, сол жолы Мемлекет басшысы «мемлекеттік капитализм» деген ұғымды бірнеше рет айтты. Әрине, Жолдауда көп нәрсенің үлкен оқырмандарға арналып астарлы сипатта айтылатыны белгілі. Осы орайда «мемлекеттік капитализм» дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
– Алдымен айтарым, қазір өзгерістер әлемде асқан, тіпті керек десеңіз ғарыштық жылдамдықпен жүріп жатыр. Бір нәрсені игеріп, санаға қорытам дегенше екіншісі алдымызға көлбеңдеп шыға келеді. Президенттің алаңдайтыны – Қазақстан сияқты шикізатқа бай елде көптеген проблемалар пайда болып отыр. Атап айтқанда, еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Соңғы деректер бойынша Еуропа елдерінен Қазақстанның еңбек өнімділігі 5-6 есе төмен. Еңбек өнімділігі дегенде біздің озық технологиялардан қалыс қалып отырғанымыз айтылады. Өкінішке қарай, Ұлттық табыстың игілігін жұрттың барлығы көріп отырған жоқ. Бұл орайда Президент атқарушы билік алдында атқарылатын бірқатар міндеттерді саралап берді. Салықтандыру көзін ұлғайту, табысы көп азаматтарға салық мөлшерін көбейту мәселелері айтылды.
Енді өмірдің өзі экономикаға тың тәсілдер керек екенін көрсетті. Мемлекеттік капитализм дегеніміз сол мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуды көздейді. Ең бастысы, бәсекелестікті дамыту қажет. Бәсекелестікті дамыта отырып әлдекімдерге артықшылық берудің жолы ендігі жерде тыйылады. Өмірдің өзі талап етіп отырған осы жағдай біздің алға жылжуымыздың кепілі болып табылады.
Мемлекет және жекеменшік әріптестік деген қазіргі өмірімізде үйреншікті қағидаға айналды. Бұл бір жағынан мемлекеттің өзіне тиісті жүгін біршама жеңілдетеді. Бизнеске қолайлы жағдай жасайды. Осы арқылы жекеменшіктің мемлекеттік тапсырысқа қатысын ұлғайтып, ортақ мүдденің дамуына ықпал жасайды. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Әлгі айтқан мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуын тежеу осы мақсаттан туындайды. Жалпы, менің ойымша, мемлекеттің қаржысы араласқан жерде көзбояушылық, тағы теріс құбылыстар орын алады.
Айталық, монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.
Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.
Бұл дегеніміз – халықтың күнделікті өміріне қажетті қызметтер. Ал тарифтерді күшпен ұстап тұруға, нарықты өз еркімен, өз ағымымен жібермей біз шынайы экономиканы құра алмаймыз. Егер нарық өз табиғатымен, біреудің үстемдігін жүргізбей дамитын болса, шынайы экономика қалыптасады. Өкінішке орай біз бұл туралы ұзақ жыл айттық. Демек, нәтиже мардымсыз.
– Сізге осы айтқандарыңызға қатысты тағы бір сұрақтың реті келіп тұр. Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығып, нарықта мұнайдың, газдың бағасы күрт өсуіне байланысты қазір Еуроодақ басшылары оның бағаларын шектеу жөнінде жиі айта бастады. Оның нарыққа қайшы тұстары көп. Мұндай жағдай жаңа проблемаларды тудыруы мүмкін ғой…
– Әлбетте. Әлемдік нарық экономикасының теориясын жасағандар оған қарсы. Біз бұл жолдан өттік. Есіңізде болса, жоспарлы экономика кезінде ұдайы тауар тапшылығы сезілетін. Тапшы болған соң оның бағасы өседі. Сондықтан Еуроодақ басшыларына қарсы нарық экономикасының білгірлері өз ұстанымдарын білдіруде. Айналасы екі жылдың ішінде әлемде газдың мың текше метрге бағасы 350 доллардан 3 мың долларға дейін өсті. Еуропада қарсылық шерулері өтуде. Әрине, әлемдік шикізат бағасының жоғары болуы Қазақстанға тиімді. Алайда оның тізбектеліп кете беретін теріс әсерінен сақтанбаса болмайды. Мұнай мен газдың шексіз қымбаттауы бізге сырттан келетін тұтыну тауарлары бағасының өсуімен тікелей байланысты. Демек, әр нәрсенің екі қыры бар сияқты аталған мәселеге біржақты баға берудің реті келмейді.
Біз жалпы алғанда, бағаны тұрақты ұстап тұру, белгілі бір мөлшерде шектеу жөніндегі ұғымнан арылуымыз керек. Тиімді экономика қайталап айтамын, монополияны тежегенде ғана мүмкін болады. Бұл – менің ғана емес, нарық экономикасы білгірлерінің пікірі.
– Есіңізге Алаштың қайсар ұлы Әлихан Бөкейхановтың мына сөзін салғым келеді. ХХ ғасырдың басынан бастап кешегі қуғын-сүргінге дейін қазақтың келешегі үшін күрескен, ақыры сол жолда өмірін қиған қайраткер «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе болашақ ұрпағымызға көп жүк қалдырып кетеміз» депті. Өзіңіз басқарған салада бұл орайда қандай істер атқарылып жатыр?
– Иә, уақыт жаңа талаптарды алға тартуда. Жаңа тұрпаттағы кәсіби мамандарды дайындау жөніндегі бүгінгі талап осыны көздейді. Сондықтан біз жаңа үлгідегі оқу бағдарламалары бойынша тәжірибелік сабақтарға аса мән беріп, студенттердің өндірісте сапалы машықтанудан өтуі, бітіруші түлектердің сол мекемелерде жұмысқа орналасуына кепілдікті күшейтіп келеміз. 2020-2021 оқу жылы бойынша жұмыспен қамту көрсеткіші 89% болса, оның деңгейін көтеру басты бағыттағы жұмыс болып табылады.
Осыған орай 2020-2021 оқу жылынан бастап колледжде «Мансап және кәсіби бағдар беру» орталығы ашылып, жұмыс берушілер жайлы мәліметтер базасы дайындалып, бітіруші курс студенттері түйіндемелерінің электрондық базасы жасақталды. «Табысты түлектер» тақырыбында кездесулер, студенттер мен түлектерді жұмысқа орналастыру бағытында мамандар жәрмеңкелерін, жұмыс беруші компанияларының презентацияларын ұйымдастыру осы орталықта іске асырылады.
2021 жылы колледж ISO 9001 Халықаралық стандарттар талабына сай сапа менеджменті жүйесіне көшіп, сертификатталды. Басқарудағы сапа менеджмент жүйесі білім мен тәрбие беру үрдісінің сапасын тиімді қалыптастыруды, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін инновациялық орта жасауды, әлеуметтік серіктестікті дамытуды, педагогикалық ұжымды шығармашыл ұжым етіп біріктіріп, оқу орнының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
Колледждегі құзыреттілік орталығының негізгі мақсаты – еңбек нарығындағы сұранысқа ие білікті маман даярлау, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, Wsk және – WorldsSkills халықаралық стандартқа сай мамандар кадрын даярлау, чемпионаттарға қатысу үшін аймақтық команда мен Қазақстан құрамасына бәсекеге қабілетті қатысушыларды даярлау инфрақұрылымын қалыптастыру. 2021 жылы колледждің құзыреттілік орталығында әлеуметтік серіктес мекемелердің 22 қызметкері мамандықтары бойынша тағылымдамадан өтіп өз біліктіліктерін көтерсе, 80-нен астам маман қайта даярлау курсынан өтті.
Колледж ұжымының алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, теориялық білімді, кәсіби дағдылар мен біліктіліктерді еркін меңгерген, мамандығы бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде жұмыс істейтін, стандартты емес шешім қабылдай алатын жеке тұлға қалыптастыру жұмыстары тұр.
Жолдауда техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керектігі атап көрсетілді. Бұл орайда ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезіну керек. Сондықтан, олармен үнемі әріптестік қатынас орната білуді біз өз мақсатымыздың бір бөлігі деп санаймыз.
Уақыт кейде бұрынғы, біздің ұғымдағы «ескірген» құндылықтарды қайта жаңғырту қажеттігін еске салады. Бұрын еңбек адамы құрметті болды. Оның артықшылығын, қоғамға пайда әкелгенін біз сезіп өстік. Еңбек ері мен батырларының ұланғайыр табысы үлгісімен тәрбиелендік. Оны қайта жаңғырту қазір қолға алынуда.
Бұл орайда кәсібилік пен еңбекқорлықтың қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажеттігі Жолдауда және атап көрсетілді. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз келешек ұрпақ жөнінде ойлағанда міндетімізді осы тұрғыда жүзеге асыруымыз қажет деп санаймын.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<