«Бастау Бизнес»: ҮМІТТЕР АҚТАЛҒАН ҮШ ЖЫЛ

4059

4

Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге «Бастау Бизнес» жобасы үміт сыйлады.  Кәсіпкерлікке бағыт сілтейтін жобаның негізгі мақсаты – жұмыссыздар санын азайтып, ел экономикасының дамуына үлес қосу.  Биыл жобаның басталғанына үш жыл.  Осы уақыт аралығында қаншама тың идея іске асырылып, жұмыс орындары құрылды. Дегенмен, пандемия көптеген жоспарға өзгеріс енгізуге мәжбүр етті. Жоба діттеген мақсатына жетті ме? Грант пен жеңілдетілген несиені кімдер алды? Кәсіп бастағандарға тағы қандай жеңілдіктер қарастырылған? Осы сұрақтар төңірегінде облыстық кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасын сүйемелдеу бойынша аға кеңесшісі Мадина Қасымжанмен  сұхбаттасқан едік.

«Бастау Бизнес»: ҮМІТТЕР АҚТАЛҒАН ҮШ ЖЫЛ

– Жалпы, өңірде «Бастау Бизнес» жобасы қалай жү­зеге асырылып жатыр?  Жоба­ның игілігін көріп, кәсіп баста­ған­дар көп пе?

– Облыс бойынша  «Бастау Биз­нес» жобасы 2017 жылы қолға алын­ды. «Ең­бек» нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті да­мы­тудың 2017-2021 жылдарға ар­налған мемле­кеттік бағ­дарламасы шең­берінде «Атамекен» Ұлттық кә­сіпкерлік палатасы  жүзеге асыруда.

Жобаның ерекшелігі бұл – бір айлық курс. Бір ай ішінде  курсқа қа­тысушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша біліктілік арттырады. Курс­та «Атамекен» ҰКП орталық ап­па­ратында оқы­ған бизнес-тренерлер сабақ бе­реді. Облысқа 8 тренер бөлін­ген. Жоба басталғалы 8000-ға жуық адам сертификат алған. Оның ішінде 3354 қатысушы же­ңілдетілген несие мен қай­та­рымсыз грант иемденді. Ал, биыл жобаны 2150 адам оқу жос­парланған еді. 2181 адам оқы­тылып, оның 914-і қаржылан­ды­рылды.

Әсіресе, қайтарымсыз грант, же­ңіл­детілген несие алуда Арал, Қазалы ауданы көш бастап тұр. Мұнда кәсіп ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған аза­маттарды көп кездестіруге бо­ла­ды. Де­ген­мен, барлық ауданда да іл­герілеу бар.

– Өзіңізге белгілі, қазір әлем пан­демиямен күресіп жатыр. Курс онлайн жүргізіліп жатыр ма? Жо­баға кімдер қатыса алады және талаптары қандай?

 – Иә, біз де онлайн форматта жұ­мыс істеп жатырмыз. Себе­бі, ден­саулық бәрінен маңыз­ды. Ка­ран­­тин талап­тарына ба­ғынуға тиіс­піз. Дегенмен, бұл қатысушылар са­нына әсер еткен жоқ. Қайта ниет біл­дір­гендер са­ны артып отыр. Биыл «Бас­тау» жобасы шілде айында бас­талды. Қатысушылардың 4 ле­гі оқытылды. Курс онлайн түр­де жүргізілді. Курсқа қатысу үшін үміткер жұмыспен қамту орта­лығына барып, жолдама алады. Бұл жолдама не үшін қажет де­сеңіз, жобаға тек жұмыс­сыз­­дар ғана қатыса алады. Сон­­дық­тан орталық олардың оқу­ға қа­тысу мәртебесін анық­тайды. Кә­сіпкерлік палата­сы­­ның жа­ны­нан оқуды ұйымдас­тыратын «Атамекен. Ко» порталы жұ­мыс істейді. Порталға тіркелу үшін жолдама мен жеке куәлік керек. Онлайн болғандықтан, қа­тысушының өзі немесе  кәсіп­керлік палатасына келіп, кеңес­шілер арқылы тіркеледі. Курс – 21 күн, барлығы 62 сабақ. Ол модульдерге бөлінген. Әр модуль аяқталып, келесісіне өту үшін тиісті тесттен өтеді. Тақырыптар то­лық қамтылғаннан кейін қоры­тынды тест тапсырады. Бұл тесттен өтуге үш рет мүмкіндік беріледі. Егер үш мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаса, оқу­дан шек­тетіледі. Ал, қорытынды тест­ті сәтті тапсырғандар бизнес жо­ба­сын жасайды. Дайын жобаны пор­талға жолдайды. Бизнес жо­­­ба арнайы мамандардың қа­рауы­на жіберіледі. Мұнда бір ескеретін жайт бар, егер жобасын сәтті қорғаса серти­фикат беріледі. Керісінше, жобасы сәтсіз шықса, оқуға қатысты деген сертификат табысталады. Бірақ еш­қандай жеңілдік иелене алмайды.  Кәсіп бастаймын деп, бірақ  жобасын қорғай алмаған үміткер келесі жылы тағы да бақ сынаса болады.

«Бастау Бизнес»: ҮМІТТЕР АҚТАЛҒАН ҮШ ЖЫЛ

– Онлайн мен оффлайн форматта оқытудың айыр­машылығы қан­дай?

– Дәстүрлі оқудың жө­ні бөлек. Себебі, тиімді. Өйткені, қатысу­шы­лар тре­нер­лермен бірге отырып тал­­қылайды. Зерттеп, зерде­леп алуы­на мүмкіндік мол. Көкейдегі сұ­рақ­тарына то­лыққанды жауап алады. Ал, онлайн форматта оқу бір­шама қи­ын­дық туғызды. Се­бебі, көпшілік әлі де смарт­фонның мүмкіндігін тиім­­ді пайдалана алмайды. Бейне­са­бақ­тарды жіберген кезде, қайта сұрақ қоя­тындар бар. Тақырыптарды жіті түсіне алмайды. Міне, осы жерден мә­селе пайда болады. Дұрыс бі­лімін жетілдірмеген тыңдаушы ал­ған қаражатты мақсатты жұм­сай ал­мауы мүмкін. Биыл мұн­дай жағ­дай анықталды, яғни, грант жеңіп ал­ған қатысушы бе­рілген қаражатты дұ­рыс пай­даланбаған. Нәтижесінде тиіс­ті шаралар көрілді. Осы ретте жұ­мыс­пен қамту орталығында ар­найы мо­ни­торингтік топ жұ­мыс жасайды. Олар жобаға қаты­су­шылардың алған қара­жа­тын мақ­сатты жұмсалуын қадаға­лайды.

Сонымен қатар онлайн оқы­туда тағы бір кедергі кездесті. Ол – аудан орта­лықтарынан шет ор­наласқан ел­ді ме­кендерде интернет желісінің на­шарлығы.

– Ал, қорытынды тесттен өтіп, жобасын сәтті қорғаған үміт­кер­лерге қандай жеңілдік­тер бар?

– Оларға «Еңбек» бағдарла­ма­сы шең­берінде қаржы ұйым­дары, яғни Өңір­лік инвести­ция­лық орта­лы­ғынан, ауыл ша­руашылығын қар­жылай қол­дау қорынан, «АгроНесие» кор­по­ра­циясы арқылы жеңілде­тіл­­­ген несие алуға болады. Осы ұйым­дарға барып, құжат тап­сырып, сер­­тификатын көрсетеді және өтінім біл­­діреді. Міндетті түрде кепіл мү­лік талап етіледі. Себебі, бұл – мем­лекеттік бағ­дарлама. Сонымен қатар несие тари­хы бұзылмауы шарт. Ал, грантқа қаты­су үшін екі жол бар – «Еңбек» және «Биз­нестің жол картасы – 2025» бағдар­лама­лары. Оның өзіндік тәртіптері бар.  «Еңбек» бағ­­дар­ламасының гран­ты 555600 теңгені құрайды. Алу үшін алдымен жұ­мыспен қамту орталығына қа­жет­ті құжаттарын тапсырады. Ар­найы гранттық комиссияның ал­дын­да жобасын қорғап шығады. Ко­миссия жо­баны құптаса, қай­тарымсыз грант алады. Бұл – қай­тарымсыз. Де­генмен, мақсатты жұм­салуы ке­рек. Грантты алған адам үш ай ішінде алған қаражатын толық игеруі тиіс. Мемлекет тара­пынан жасалып жат­қан же­ңілдіктің арқасында кә­сібін аш­қан жастар қатары да артып келеді. Солардың бірі, қала тұр­ғыны Аружан Рамазанованың мамандығы – инженер-технолог. Ол биыл жоба бойынша оқып, зергерлік бұйымдар жасауды қолға алды.  Мәс­кеуде арнайы бі­лімін жетілдіріп қайт­ты. Қазір грант алып, құрал-жаб­дығын тү­гендеп, іске кірісті. Қар­­жысы мақсатты жұмсалып, енді же­ңіл­детілген несие алудың жол­дарын қарас­тырып жатыр.

Сондай-ақ «Бизнестің жол кар­тасы – 2025» бағдарламасы аясында ин­нова­циялық грант деген бар. Оған қатысу үшін «Бастау» жобасының серти­фи­каты жарамды. Бұл гранттың ерекшелігі – ин­новациялық жоба, қа­ражат көлемі 2-5 млн теңге аралы­ғында. Бизнес жоспарда көрсетілген соманың 10 проценті ЖК есепшоты­на салынып, мұны растайтын құжаты болу керек. Биыл жобалар онлайн форматта  болғандықтан «Қолдау.кз» сай­тында  жүзеге асырылады. 

– Жобаға кімдер қатыса алады?

– Жалпы, жоба жұмыссыз­дық­пен кү­реске бағытталған. Оған жас ерек­ше­лігіне қарамастан жұмыс­сыз­дар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ғандар, ең­бекке жарамды мүгедектер, көп­ба­лалы және аз қамтылған от­басы мү­шелері қатыса алады. Бір ерек­шелігі атаулы әлеуметтік көмек алатындар «Бастауды» оқымай-ақ грант алуға болады. Тек бизнес жос­парын қорғайды.

– Қатысушыларға же­ңіл­детілген не­сие алу кезінде кепіл мүлік шартын орындау қи­ын­дық туғызып жатқан жоқ па?

– Иә, мұндай мәселе бар. Се­бебі, ауылда көбіне ескі үйлер. Қа­тысушылар бірнеше мүліктерін қо­йып, несиеге қол жет­кізуде. Осы рет­те «Ау­ыл шаруашылығын қар­­жы­­лай қолдау қоры» ке­­піл­дікке қо­йылатын үй­­лердің сапасына қа­ра­майды. Дегенмен, баға­лау ке­зінде кедергі бар. Мәселен, 3 млн тең­генің несиесін алу үшін мү­лік бағасы кемінде 6 млн теңге бағалануы керек. Ауыл­дағы мүлік мұндай сомада ба­ғаланбайды. Сон­дықтан біз бұл жайды бірнеше рет тиісті орындарға жеткіздік.

– Грант пен жеңіл­детілген не­сие алғандардың басым бө­лігі өз кәсіптерін қай салада дөң­гелентіп отыр?

– Басым бөлігі ауыл шаруа­шылығы саласында еңбек ету­де. Сонымен қатар құс өсіру ісі де жандануда. Мал шаруа­шылығында  ет және сүт ба­ғыттымен айна­лы­сып, табысқа жет­кендер бар. Ал, қызмет көр­сету са­ласында кондитерлік өнім­дер пі­сіру, наубайхана, ті­гін шеберханасы мен сұлулық салонын ашу көптеп кездеседі. Тіпті, сирек кездесетін кәсіп түрі арқылы пайда тауып жат­қандар да жетерлік.

Әңгімелескен

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<