«Басты мақсатымыз – салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасау»

476

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Салық саясаты мен салық тетігінің тиімділігін арттыру елдің экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне байланысты» деп атап көрсетті. Осы орайда Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Амановпен өңір бюджетін толықтырудағы салық саясатының үлесі жөнінде әңгіме өрбіттік.

– Салық – мемлекеттiң өмiр сүруi мен дамуының негiзi. Мемлекет құрылымы салық жүйесiнiң қайта құрылуымен және жаңаруымен бiрге қалыптасады. Ел қазынасы салық есебінен толығып отыратыны белгілі. Сондықтан әңгімемізді бюджет түсімі туралы сөзден бастасақ…

– Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттері – бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету. Осы бағытта үнемі заңдылыққа сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіліп отырады.

Жергілікті бюджет түсімі өткен жылғыдан 48 млрд теңгеге артып, түсім қарқыны 144%-ға жетті. Кірістер органдарының құзыретіндегі салықтық түсім үлесі 127%-ға жетіп, 24 млрд теңгеге артты. Нәтижесінде облыстар арасында жыл қорытындысымен республика бойынша алдыңғы қатардамыз. Дегенмен, салықтық түсімді арттыру мақсатында бизнестің кәсіпкерлік табыстарын, салық төлеушілердің салық потенциалын бағамдап көрдік. Өзге өңірлермен салыстырғанда табыстан түсетін салық үлесінің аз екенін анықтап, бұл бағытта жұмысты күшейтудеміз.

Жүргізілген әкімшілендіру нәтижесінде өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін табыс салығы 2 есеге көбейіп, 13,7 млрд теңгеге артты. Ал салық төлеушілердің табысынан түсетін салықтан 2023 жылы 12,4 млрд теңге түссе, 2024 жылы 26,2 млрд теңгеге көбейді. Бұдан бөлек жұмысшы санын жасырып, конвертпен жалақы берушілер санын азайту бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Биыл да бұл бағыттар бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады.

– Аймақ басшысының бастамасымен өңіріміздегі салық салу базасын кеңейту бағытындағы отырыста бірқатар тапсырмалар берілді, осы жөнінде айтып өтсеңіз.

– Өзіңіз айтып отырғандай, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен салық салу базасын кеңейту бағытындағы отырыста жергілікті бюджет түсімін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді.  Жүйелі жұмыс нәтижесінде салықтық әкімшілендіру нәтижесімен жергілікті бюджетке 9,5 млрд теңге қосымша өндірілді. Оның негізгі үлесі еңбекақы қорын әкімшілендіру, камералдық бақылау мен бақылау-экономикалық жұмыстарына тиесілі. Қосымша резервтің негізгі бөлігі мемлекеттік сатып алу қатысушыларынан түсті.

Есепті кезеңде 2023 жылы 242,5 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алуға қатысқан 2929 салық төлеушіге талдау жасалынды. Оның негізгі үлесі құрылыс, білім, сауда салаларына тиесілі. Атап айтқанда, табысын, жұмысшысын жасыру арқылы салықтан жалтарған салық төлеушілерден қосымша 4,8 млрд теңге өндірілсе, оның 2,2 млрд теңгесі жергілікті бюджетті толықтырды.

Сондай-ақ 461 мемлекеттік сатып алуға қатысушы жұмысшы санын 4 942-ге көбейтіп, жалақыдан 1,4 млрд теңге қосымша салық өндірілді. Салық жүктемесі төмен 624 қатысушыдан 5 млрд теңге қосымша өндірілді. Одан бөлек тәуекелі жоғары 59 қатысушыдан 1,5 млрд теңге өндірілді. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардан 2023 жылы 34,4 млрд теңге түсім түссе, 2024 жылы 43,1 млрд теңгеге артты. Осылайша өсім қарқыны 125,3%-ға жетті. 2023-2024 жылдары мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы 6 154 адамға 34,1 млрд теңге қаржы берілген. Олардан жалпы 3,8 млрд теңге түссе, қосымша салықтық бақылаудың нәтижесінде бюджетке 794,3 млн теңге өндірілді.

– Мұнай қоры жылдан-жылға сарқылып келеді. Осындай қысылтаяң шақта мұнай өндірушілердің бюджеттегі үлесі азайып кеткен жоқ па?

– Жалпы жергілікті бюджеттің 34%-ы орта және шағын бизнес субъектілеріне, 27%-ы бюджеттік мекемелерге, 22%-ы ірі компанияларға, 9%-ы мұнай, уран кәсіпорындарына және  8%-ы басқаларына тиесілі. Оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті бюджеттегі үлкен үлесі – мүлік салығы мен қоршаған ортаға елеулі зиян тигізетіні үшін төленетін төлем.

Осы ретте мүлік салығына тоқталып өтсем, аталған кәсіпорындар жыл сайын негізгі құралдарының амортизациялық шығындарын есептеу арқылы мүлік салығын азайтып келеді. Мысалы бірнеше мұнай өндіруші компаниялар 2020 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 1 593 млн теңгеге мүлік салығын азайтқан. Халықаралық қаржылық есептілік стандартына сәйкес амортизация – активтің амортиза­цияланатын мөлшерін оның пайдалы қызмет ету мерзімі ішінде жүйелі түрде бөлу. Стандартқа сәйкес, жыл сайын амортизация шығынын есептегенмен, мұнай өндіру барысында мүліктерін өндірісте пайда­лануда. Сондықтан салық салу саясатына өзгеріс енгізіп, қолданыстағы мүлік құнын көбейту мүмкіндігін қарастыру қажет деп есептеймін.

Уран өндіруші компаниялардың да қоршаған ортаға елеулі зиян тигізетіні анық. Соңғы 3 жылдың көлемінде қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы түсіміде айтарлықтай азайып отыр.

– «Жаңа Салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс» деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы. Енді осы бағытқа ойыссаңыз…

– Облыс бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарына 12 774 заңды тұлға, 58 855 дара кәсіпкер тіркелген. Біздің басты мақсатымыз – осы салық төлеушілерге барынша қолайлы жағдай жасау арқылы сапалы қызмет көрсету. Аумақтық мемлекеттік кірістер органдары тарапынан өткен жылы барлығы 656836 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 99,8%-ы электронды түрде, 0,2%-ы қағаз түрінде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында «Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын» деп атап көрсетті. Осы орайда салық салу салысында заң талаптарын орындамаған салық төлеушілерге қатысты 2023 жылы 251 тұлғаға әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы толтырылса, 2024 жылы 164 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы статистикалық мәліметтен-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың 34,6%-ға азайғанын көруге болады. Бұл көрсеткіштерден салық төлеушілерге хабарлама жіберу арқылы кемшілікті өз еркімен жөндеуге мүмкіндік беріліп отырғанының айғағы. Біз салық төлеушілермен әріптестік қарым-қатынас құруға мүдделіміз және өз кезегінде бизнес өкілдерінің көлеңкеден шығып, өз міндеттемелерін заңға сәйкес орындауына, яғни бюджетке түсімдердің артуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Осы жерде айтқым келетіні, салықтық әкімшілендіру бағытында талдау жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Жергілікті бюджет түсімін қадағалау облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатаң бақылауында. Осыған сәйкес шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты алдағы уақытта да салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстары күшейтіледі. Ал кәсіпкерлік бағытындағы қызметін адал атқарып, салықтық міндеттемелерін уақытылы орындап жүрген салық төлеушілерді біз әрдайым қолдаймыз. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<