Өңір кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп отырған құрылымның бірі – «Бизнеске арналған үкімет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мекеме бизнесті қолдау мен дамытуға қатысты қызмет түрінің барлығын бір жерден көрсетеді. Облыс кәсіпкерлеріне рұқсат құжаттарын рәсімдеуге қажетті кеңестер мен көмектер беріп, жобаларын сүйемелдеу бағытында жұмыс істеп отырған мекеме директоры Батыржан Аймағанбетовпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Батыржан Мұхамедиярұлы, мекеме туралы айта кетсеңіз. Қай жылы құрылды, негізгі мақсаты қандай?
– Мекеме 2016 жылы «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» болып құрылып, 2017 жылдың қаңтарынан бастап облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының жанынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы болып өз жұмысын бастады. 2020 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткізілген ҚР Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде барлық өңірлерде «Бизнеске арналған үкімет» жобасын іске асыру туралы тапсырма беріліп, сол жылы мамырда облыс әкімінің қаулысына сәйкес «Бизнеске арналған үкімет» КММ-сі болып қайта аталды. Сол уақытта жобаға сай жұмыс бастадық.
– Мекеме қандай қызмет түрлерін көрсетеді?
– Бүгінде «Бизнеске арналған үкімет» ақысыз негізде облыс кәсіпкерлеріне 7 бағыт бойынша 83 қызмет түрін көрсетуде. Атап айтсақ, жер мәселесі, сәулет және қала құрылысы, инженерлік коммуникациялар, мемлекеттік кірістер, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау алуға көмектесу, инвесторлар тарту, инвестицияларды сүйемелдеу және кәсіпкерліктің барлық саласын дамытуға байланысты мемлекеттік және басқа да қызмет түрлерін көрсетеді.
– Ашылғалы бері мекеменің қызмет көрсету динамикасы қалай?
– Нәтиже жаман емес. 2017 жылдан бері мекемеміз кәсіпкерлерге 77761 қызмет көрсетті. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету барысында облыс бойынша 57 мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік ұйымдар және монополист субъектілерімен тығыз жұмыс жасалады. Әсіресе мекеменің негізгі бағыттарының бірі – техникалық шарттар алу бойынша монополист мекемелер облыстың «Қызылорда су жүйесі» ШЖҚ МКК, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК, «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК «Арал» СЖКБД салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ секілді субъектілерімен меморандум жасалған. Айталық, бұрынғы уақытта монополистерге барған кәсіпкер кәсіпкерлік нысанын іске қосу үшін кәдімгі техникалық шартты алуға бір ай уақытқа дейін жұмсауы мүмкін еді. Меморандум аясында мекеме кәсіпкерге керекті техникалық шарттарды 5 күн ішінде алып бере алады. Бұл бірлескен жұмысымыз монополия мекемелеріне де өте тиімді. Республика бойынша бұл бағыттағы қызметі жөнінен «Бизнеске арналған үкімет» мекемесі үздік үштікте.
Мекемеде көрсетілетін қызмет түрлері жыл санап көбеюде. Барлық салаға тұрақты талдау жасап, кәсіпкерлермен жиі кездесулер ұйымдастыру, еліміздің өзге өңірлерімен тәжірибе алмасу іс-шаралары ықпал еткен. Сонымен қатар, ай сайын әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Айталық, сәуір айында «Бизнеске арналған үкімет» алаңында мемлекеттік атқарушы органдар мен қаржы ұйымдарының қатысуымен кәсіпкерлердің шешімін таппай, толғандырып жүрген мәселелері бойынша ашық есік күні өтті. Іс-шара барысында 350 кәсіпкерге кеңес берілді. Бұдан бөлек облыста жаңадан енгізілген «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып облыс орталығына қарасты ауылдық округтер тұрғындарына бағдарламаны насихаттау мақсатында құрылған жұмысшы топпен біздің жауапты мамандар белсенді жұмыс атқарды.
– Мекеменің аудандарда өкілдері бар ма? Қанша қызметкер жұмыс жасайды?
– Бүгінде 33 адам қызмет етеді. Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық аудандарда өкілдеріміз бар. Біз – қызмет көрсетуші мекемеміз. Кәсіпкер келіп, бізге өз атынан сенім хат береді. Біз сол кәсіпкердің өкілі ретінде тиісті мекемелерге барып, сүйемелдеу жасаймыз. Ең танымал қызмет түрі – бизнес-жоспар. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік грант конкурстарына қатысу үшін бизнес жоспарды тегін жасап береміз. Қазіргі уақытта ақылы қызметке жүгінсең қарапайым бизнес-жоспарды орта есеппен 50 мың теңгеге жасап береді. Біз бұл қызметті тегін көрсетеміз. Мысалы, биыл шілде айына дейін 911 бизнес-жоспар жасап бердік. Олардың ішінде кәсіпкерлер, қызметін енді бастағандар да бар. Тағы бір айта кетерлігі, біз арқылы кәсіп бастағысы келгендер кәсібін тіркей алады. Салық саласына қатысты 17 қызмет түрін көрсетеміз. Сөйтіп әрі қарай сүйемелдей береміз. Мысалы, бұрын тіркелуге келген кәсіпкер, кейін техникалық шарт алуға, жаңа нысан құрылысын бастауға келеді. Біразы бүгінде үлкен жобалармен жұмыс жасап, қызмет аясын кеңейтіп жатыр. Сондай кәсіпкерлердің қалыптасу кезеңі көз алдымызда.
– Бір сөзбен, мекеме кәсіпкерлік қызметті қолдаудың барлық саласын қамтиды ғой?
– Солай деуге де болады. Облыстың барлық кәсіпкерлеріне сапалы қызмет көрсету – біздің ұжымымыздың басты мақсаты мен міндеті. Жыл басынан бері мекеме 9 мыңға жуық қызмет көрсетті. Тіпті жарнама эскизін жасау бойынша да көмек көрсетудеміз. Дизайнерлік қызметі де тегін. Оған қоса, бүгінде кәсіпкерлікті қолдау саласындағы «Бизнеске арналған үкімет», Өңірлік инвестиция орталығы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Агронесие корпорациясы, осылардың барлығы бір ғимаратта жұмыс жасауда. Бұл кәсіпкерлерге тиімді болу үшін жасалып отыр. «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай офисінде кәсіпкерлер өз бизнесін дамыту, құзыретін арттыру мен қаржыландыру мәселесі бойынша барлық қызметтер мен консультация ала алады. Соның арқасында бизнес өкілдері бұрынғыдай мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмайды. Бұл дегеніміз – бизнесті қолдау.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<