Білімді, тәлімді ұрпақ – біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші

2916

0

Тарих қойнауына енген ескі жылдың қорытындысы шығарылып, нәтижесі айқындалып жатқан кезде қоғамдағы ең іргелі салалардың көрсеткіштеріне ерекше назар аударатынымыз заңдылық. Соның бірі – білім саласы. Адамның білуге, үйренуге деген талпынысы артқан сайын білім беру жүйесінің жүгі ауырлап барады. Балабақша, мектепке дейінгі даярлықтан басталатын әр тармақтың бір мақсатқа жұмылатыны, ол мақсаттың білімді, тәлімді ұрпақ тәрбиесі екені анық.

Жоспарланған жұмыстардың жүзеге асуы саланы ілгерілетумен қатар, іс басында жүрген азаматтардың да еңбегіне көрсеткіш болады. Осы орайда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбетпен әңгімелесіп, жыл қорытындыларын сарапқа салған едік.             

– Мейрамбек Зинабдинұлы,  тізгінді қолға алған аз уақытта атқарылған жұмыстарға қандай баға берер едіңіз? Пайдалануға берілген жаңа мектептер, ашылған балабақшалар орын жетіспеушілікке, үш ауысымға қатысты мәселені шешті ме? 

– Жалпы өткен жыл табысты болды. Барлық көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткіздік, алға қойған барлық мақсат-міндеттер толық орындалды. Білім – жан-жақты және жүйелі жұмысты қажет ететін күрделі әрі ауқымды сала. Соның маңызды құрамының бірі – қаражат мәселесі. Өткен жылы білім саласына бөлінген қаржы 208 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 50%-ға жуығын құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 17%-ға артық (2021 жылы 173 674,7 млн тг). Ал биыл 260 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Аймақта мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 680-ге жетті. Жекеменшік балабақшалардың үлесі – 73,5%, 2-6 жас аралығында қамту көрсеткіші  –  88,8%, 3-6 жас аралығы 100% қамтылған. Білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүргізілді, 6 жаңа мектеп, 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке), 1 Оқушылар үйі (Жалағаш ауданы) пайдалануға берілді. Бұған 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізілгенін қосыңыз. Оған облыстық бюджеттен  2,1 млрд теңге қаралды.

Биыл Жаңақорғанда 300 орындық «Майбекет», Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 250 орындық, Шиелі ауданы Байсын ауылында 250 орындық, Қызылорда қаласы «Бәйтерек» шағын ауданында 600 орындық мектептерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, Шиелі ауданындағы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық мектеп құрылысы басталады. Жоспарға сәйкес ауылдардағы 47 мектеп жаңғыртудан өткізіліп, 51 мектепке пәндік (физика, химия, биология) кабинеттер алынады. Бүгінде балаларды гаджеттен ажыратып, кітап оқуға ынталандыру – көптің көкейіндегі мәселе. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 120 млн теңгеге 70 аталым бойынша 45 мыңға жуық көркем әдебиет алуды жоспарлаудамыз.

– Апатты, үш ауысымды мектептер проблемасы  бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы біздің өңірдегі бұл түйткілді түбегейлі шеше ме? 

– Былтыр апатты деп танылған 6 мектептің үшеуінің мәселесі шешімін тапты, ал қалған 3 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын болады. Бүгінгі күні демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептердің желісі 22-ге жетті. Алдағы үш жылда инвестор есебінен тағы  12 мектеп құрылысы жүргізілмек.

Мектептерде жыл сайын орын тапшылығы туындайды. Қажеттілікті ескере келе, қаладағы Абай мектебіне 550, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс жұмыстары басталды, оларды биыл табыстаймыз. Оған қоса облыс орталығындағы бала саны көп №3 лицейге 375, №264 мектепке 550 орындық қосымша ғимарат құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау үшін қолға алынды. Жаңа айтып өткен 3 мектеп осы жоба аясында салынатын болады. Алдағы 3 жылда облыста 15100 орынға арналған 21 заманауи мектеп  салынады. Қызылордада 8, Аралда 4, Қазалыда 2, Қармақшыда  2, Жалағашта 1, Сырдарияда  1, Шиеліде 1, Жаңақорғанда 2 мектеп құрылысы жүреді. Биыл – ұлттық жобаның басталатын жылы, яғни 10 мектеп бой көтереді. Жобаның жалпы құны – 100 млрд теңге. Бұл – тәуелсіз ел тарихындағы білім саласындағы ауқымды әрі ірі жоба.

– Баланың өмірін, қауіпсіздігін қорғау үшін енгізілген стандарттар уақыттың талабынан туындағаны мәлім. Бала саны көп мектептерде мұғалім әр оқушының ізінен жүрмейтіні аян. Қауіпсіздікті бақылайтын құрылғылар орнату ісі қай деңгейге жетті?  

– Біз үшін бала өмірі, оның қауіпсіздігі маңызды. Бүгінде облыстағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылаумен 100% қамтамасыз етілген. Құрылғылардың санын толықтыру және жөндеуді қажет ететін бейнебақылау жүйесіне өткен жылы 35 мектепке 250 млн теңге бөлінсе, осы жылы 35 мектеп, 28 балабақшаға бейнебақылау орнатуға 453,6 млн теңге қаралды. Жергілікті бюджеттен 170 мектепке дабыл түймесін орнатуға 97,1 млн теңге бөлініп отыр. Осылайша, 100% қамтамасыз етілетін болады.

– Ұлттық жоба өз алдына, білім саласына жетіспейтін инфрақұрылым мәселесі тек мектеп салумен шешілмейтіні анық. «Жайлы мектептен» басқа тағы қандай бағдарламаларға арқа сүйей аламыз?

– Қосымша «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры есебінен типтік мектептер-интернаттар, лагерьлер, Оқушылар үйі мен Өнер мектебі және қосымша білім беру ұйымдарының құрылысын салуға салалық министрлікке ұсыныс берілді.

Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Смайыловтың облысқа іссапары барысында қаланың сол жағалауында дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика интернатын салу мәселесі талқыланды. Сметалық құжаттары дайын. Құрылысын салу жоспарланып отыр.

Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорына 3,8 млрд теңге бөлінді.  Оның 1,2 млрд теңгесі бір реттік қаржылай көмек көрсетуге жұмсалды, яғни 34743 балаға 37389 теңгеден берілсе, 2,5 млрд теңгесі ыстық тамаққа қаралды. Қалған қаржы балалардың сауықтыру-тынығу бағытындағы шараларға жұмсалды.

Облыс әкімінің тапсырмасымен биылғы 9 қаңтардан бастап 1-4 сыныпта білім алатын 55901 бала тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 5,1 млрд теңгені құрайды.  Бұл аймақ бойынша биыл алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, жастарды кәсіптік біліммен қамту көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Былтыр республикалық бюджеттен 1600, облыстық бюджеттен 3108 мемлекеттік тапсырыс (грант) бөлінсе, биыл бұл бағытта 4668 (республикалық бюджеттен 1560, облыстық бюджеттен 3108)  грант бөлініп отыр. 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс саны 600 орынға, яғни 28 пайызға артатын болады.

Аймақта «Жас маман» жобасына көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сервис бағыттары бойынша 9 колледж қатысып, заманауи жабдықталды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 284 арнайы техника мен құрал-жабдықтар алынды.

Ал биыл «Жас талап» жобасы бойынша өңіріміздегі 5 мемлекеттік колледжге техника мен құрал-жабдықтар алынады деп күтілуде.

– Қазіргі уақытта ротация жүріп жатыр, аттестация туралы да айтылуда. Мәртебесі биіктеген мамандық иелерінің біліктілік көтерудегі көрсеткіштері қандай?      

– Кейінгі жылдары мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдан бастап ұстаздар жалақысы артты. Биыл тағы 25 пайызға көбейді. Былтыр бұл мақсатқа 52,4 млрд теңге бөлінсе, биыл 83,7 млрд теңге қаралып отыр.

Білім беру жүйесіне ротациялау тәртібін енгізу – уақыт талабынан туындаған міндет. Өткен жылы білім беру ұйымын 7 және одан көп уақыт басқарған 56 білім беру ұйымының басшысы ротацияланды.

Былтырдан бастап педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілген болатын. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін мектептерге 153 маман жұмысқа қабылданды.

Білім берудің үздік тәжірибесін сақтай отырып, ұстаздардың біліктілігін көтеруді лайықты жалғастырамыз. Былтыр өңірде 7610 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтсе, биыл тағы да 8 мыңға жуық ұстаз біліктілігін арттырмақ. 

Ұстаздардың біліктілігін арттырудың тағы бір критерийі – аттестация. 2022 жылы 700 педагог (педагог модератор – 299, педагог сарапшы – 282, педагог зерттеуші – 119, педагог шебер – 0) аттестациядан өтті.

– Өткен оқу жылы пандемиядан кейінгі толыққанды жұмыс режиміне көшкен кезең болды. Онлайн оқудың амалсыз шара екенін бәріміз түсіндік. Дәстүрлі оқу форматына көшкенде оқушылардың білім сапасынан, мұғалімдердің жұмысынан не байқадыңыздар?    

– Педагогтеріміз республикалық, облыстық сайыстарда үздік шықты, лайықты марапаттарын алды. «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына қатысқан 4 ұстазымыз тарихта алғаш рет үздіктер қатарынан көрінді. Ал облыстық байқауда жеңімпаз атанған алты ұстазға 918 мың теңгенің сертификаты табысталды.

 Жыл көлемінде білім сайыстарында жеңімпаз болған 81 педагог пен 200-ден астам оқушыға сый-сыяпаттар табысталды. Сондай-ақ республикалық білім бәсекелерінде 14 ұстаз жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Мектепке дейінгі үздік ұйым – 2022» республикалық байқауында «Бегім ана» бөбекжай-бақшасы жүлделі  І орынды иеленді.

Өткен жылдың тағы бір жетістігі – ҰБТ нәтижесі бойынша 8 мектебіміз республикадағы «Топ 100 мектеп» қатарына енді. Біз ізденіске құмар, балаларға озық білім беретін ұстаздарды қолдауды биыл да өз деңгейінде жалғастыратын боламыз.

2022 жыл оқушыларымыз үшін де табысты болды. Сырбойылық 7 студент «ТОП 100 студент» республикалық байқауында үздік шықты. «Уорлдскиллс» ұлттық чемпионатында колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалап, жетістігімізді еселеді, 402 Сыр өрені халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың (138), спорт турнирлері (247) мен конкурстардың (17) жеңімпаздары атанды.

Біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші – білімді, тәлімді ұрпақ, осы мақсатқа жұмылғанда ғана нәтиже оң болады.   

– Өткен жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялап, жыл бедерінде көптеген жұмыстар атқарылды. Әрине, бұл орайдағы жұмыстардың ең ауқымдылары сіз басқаратын саланың жауапкершілігінде болғаны белгілі. Жыл аяқталды, атаулы жылды қорытындылағанда қандай жұмыстарды ерекшелеп айтар едіңіз?

– Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының бастамасымен «Балалар жылында» ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бірінші кезекте облыс басшысы Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салу бойынша «ҚазГерМұнай» компаниясы басшылығымен келісімге келді. Нысан биыл Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтереді.  Бұған қосымша атаулы жылы облыста 80 спорттық-ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй салынып, қолданысқа қосылды.

Сондай-ақ, аймағымызда «Балалар жылына» орай 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, 47 балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен 2 балабақшадан аутизм кабинеті ашылды. Бүгінде осы арқылы балаларға әлеуметтік психологиялық-педагогикалық және түзету арқылы қолдау көрсетіліп, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың бұзылысына қарай жағдай жасалуда. Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарының желісі арттырылып, «Балалар жылы» қарсаңында 1 аутизм орталығы ашылды.

Балаларды қорғау күнінде арнайы санаттағы балалар мен халықаралық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне ноутбук, республикалық лагерьге жолдама табысталды. Жас жеткіншектерге «Еуразия», «Мұз айдыны» спорт кешендеріне тегін абонемент үлестіріліп, балаларға рухани құндылықтарды насихаттау үшін 43 тегін спектакль қойылды. 5 мыңнан астам бала музейге тегін экскурсия жасады.

Жаз мезгілінде қала сыртындағы лагерьлерде 8300 оқушы демалды. Республикадағы алдыңғы қатарлы тынығу лагерьлерінде жыл көлемінде 1350 баланың демалуына жағдай жасалды. Жалпы «Балалар жылы» аясында түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шара ұйымдастырылып, оған 200 мыңнан аса бала қамтылды.

Жаңажылдық шыршаға балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ерекше білім беруді қажет ететін, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасының балалары, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта жетістіктерге жеткен 8-14 жас аралығындағы барлығы 1000 бала шақырылды. «Балалар жылының» қорытынды шарасында республикалық, халықаралық олимпиада, ғылыми жобаларда үздік атанған 50 дарынды бала марапатталды. Бұл шаралар бір реттік емес, тұрақты түрде жүргізіледі.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<