Өтіп бара жатқан жыл облыстың ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде егін шаруашылығы үшін де оңайға соққан жоқ. Ең басты қиыншылық су жетіспеушілігіне байланысты туындады. Суармалы егіншілікпен айналысатын Сыр өңірі үшін тіршілік нәрінің әдеттегі көлемнен кем болуы диқан қауымын біраз абыржытты.
Осы орайда су шаруашылығына артылар жүк ауыр. Сала басшылары мен мамандары алдағы уақытта су жеткізуде жаңа қиындықтар туындамас үшін үнемі белсенділік танытып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Ол туралы «Қазсушар» РМК өндірістік учаскесінің бастығы Жорабек Нұрымбетовке бірнеше сауал қойған едік.
– Жорабек Ибрагимұлы, облыстағы су шаруашылығының ірі нысандарын күрделі жөндеу мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқаны белгілі. Биыл осы мәселелер шешімін тапты. Оған қалай қол жетті?
– Жыл басында «Әйтек» су торабындағы апатты жағдайды баяндадық. Оның оң жақ бетінде сызат пайда болды. Тез арада жөнделмесе апат орын алып, үш елді мекенді су басып қалуы ықтимал. Сондай-ақ 8 мың гектар алқап сусыз қалады. Осыған тез арада республикалық бюджеттен қаржы бөлуіне ықпал жасауын сұрадық.
Екінші мәселе ретінде 60 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келген «Қызылорда» су торабы мүлдем жөндеу көрмегенін айттық. Су реттегіш тоспа 2014 жылы апатты деп танылып, үстінен көлік жүруге тыйым салынды. Бұл жағдайды Елбасы да, Мемлекет басшысы да, Үкімет басшысы да жақсы біледі. Әйтсе де, қаржы бөлу үнемі кешіктіріліп келді. Үшінші сұрағымыз «Көкарал» бөгетін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуге қатысты болды. Ол тезірек жүзеге аспаса, біз Кіші Аралдан айырылып қалатынымыз анық.
Қыркүйек айында «Әйтек» су торабындағы жұмыстарға жоба-сметалық құжаттар дайындауға 48 млн теңге қаржы бөлінді. Құжаттар дайындалып болысымен, республикалық бюджеттен тағы да 672 млн теңге қаржы бөлінді. Қазір онда жұмыс жүріп жатыр. Дәл сол сияқты «Қызылорда» су торабындағы жұмыстар 2,6 млрд теңгеге есептеліп, биыл оның 481 млн теңгесі бөлініп, бұл жерде де жұмыс басталып кетті. «Көкарал» бөгетіндегі жұмыстардың жоба-сметалық құжаттарына қаржы бөлініп, дайындалып, қазір сараптамадан өтуде. Сараптамадан кейін келесі жылы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді.
– Су тапшылығы жағдайында оны үнемдеудің қандай іс-шараларын жүзеге асырдыңыздар?
– Алғашқы кезекте күріштікте пайдаланылып, қашыртқыға жіберілген суды екінші қайтара пайдалануды жүзеге асырдық. Екінші бір жолы – бір каналдың бойында орналасқан бірнеше шаруашылыққа суды кезегімен беруді ұйымдастырдық. Сондай-ақ өздігінен су бармайтын жерлерге 57 насос қойылды. Осындай тәсілдермен қиыншылықтан шықтық, бұл егіннен мол өнім алуға септігін тигізді.
Мұндай қиыншылықтар алдағы уақытта қайталанбас үшін облыс бойынша күріш егістігі көлемін 5,1 мың гектарға қысқартып отырмыз. Жалпы біздің облыс күріш дақылын егуге бейімделген. Кеңес одағы кезінде аграрлық саланың ірі ғалымдары өңірдің климатын, топырағын, су жағдайын зерттеп, күріш егуге қолайлы екенін анықтап берген. 250 мың гектар ауыспалы суармалы алқап тегістеліп дайындалған. Бұл – біздің ең басты байлығымыз, алтын қорымыз. Егер күріш екпесек, онда экологиямыз өзгереді, барлық дайындалған ауыспалы егістен айырылып қаламыз. Сондықтан бізде күріш көлемін 75-80 мың гектардан төмен түсіруге болмайды. Бірақ ауыспалы егістікті ұстап тұру қажет.
– Пандемияға байланысты біраз саланың қаржысы қысқартылғаны белгілі. Сіздердегі жағдай қандай?
– Иә, қысқартулар барлық жерде болды. Соның ішінде 2021 жылғы Қызылорда облысының көл жүйелерін сақтау үшін табиғат қорғауға, су жіберуге арналған 648 млн теңге қаржы қысқартуға ілікті. Бұл ақпарат жеткен бойда бірден дабыл көтердік. Су шаруашылығы комитетіне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне шықтық. Біздің облыстан сайланған Парламент депутаттары Абзал Ералиев, Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова Үкіметке хат жазды. Өзім Қаржы министрлігіне бардым. Ондағылар бұл қаржы келесі жыл жоспарына енгізілмегенін айтты. «Бұл қаржыны қысқартпайтын едік, бірақ Су шаруашылығы комитетінен тапсырыс түспеді» деген уәж келтірді. Комитетке барсам, олар тапсырыс бергені туралы құжаттарын көрсетті. Қысқасы, бір-біріне сілтеп салып, соңын табу мүмкін болмай кетті.
Содан тездетіп Қызылордаға жетіп, бүкіл жағдайды баяндап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат дайындадым. Тиісті қаржы бөлінбесе, онсыз да экологиялық жағдайы төмен өңірдің ахуалы тіпті нашарлап кететінін, сонымен бірге қаншама адам жұмыссыз қалатынын жеткіздім. 276 гидротехникалық құрылғыны ұстап тұратын 230-дай су маманы жұмыссыз қалса, онда су шаруашылығы мекемесі де таратылады деген ойымды жеткіздім. Хат дайын болғаннан кейін облыс орталығында тұратын елге белгілі қадірменді ақсақалдарымызды жағалап, хаттың мазмұнын түсіндірдім. Ешқайсысы да бас тартпастан қол қойды. Хатты поштамен Президенттің атына жібердім.
Екі апта өткен соң таңертеңмен телефоныма қоңырау түсті. Қаржы министрлігінен хабарласып, Президент тапсырмасы бойынша келесі жылдың бюджетіне көлдерді суландыруға арналған 648 млн теңге енгізілетінін жеткізді. Мен алғыс айттым, ауызша уәделердің орындалмай қалғанына куә болғанымызды алға тартып, арнайы хат жолдауын өтіндім. Министрлік өкілінің айтуынша, мұндай қаржы басқа облыстардың бәрінде қысқартылған, тек Қызылорда облысына ғана беріледі. Кейін қаржы қысқармайтыны туралы хат жіберді.
Осы сұхбатты пайдаланып, хатқа қол қойған барлық ардагерлерге ризашылығымды жеткізгім келеді. Сол кісілердің арқасында көлдерді суландыру мәселесінде пайда болған түйткілдің түйіні тарқатылып отыр.
– Жорабек Ибрагимұлы, әңгімеңізге рахмет! Мәселеге қаныққан оқырмандар Президентке де, ардагерлерге де, өздеріңізге де риза болады деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<