Бірлік жарасқан жерде береке артады – Мажит Самитов

21

0

Оңтүстік Жаңақорған ауданында болдық. Ертеден ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қатар дамытқан елдің ілгерілеу жолына ой жүгірткенбіз. Бұл өлкеде Сығанақ, Өзкент, Ордакент сияқты көне қалалар ізі сақталған. Осы бір киелі мекендегі даму, елдің тыныс-тіршілігі, алдағы жоспар-міндеттің сарабы аудан басшысымен әңгіме арқауы болған еді.

– Мажит Самитұлы, алдымен сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет! Арғы-бергі тарихқа үңілмей-ақ аудан­ның бүгінгі тынысын сөз еткіміз келеді. Президент тап­сырмасы, Үкімет талабы – бәрі де өзіңізге белгілі. Ол – инвестиция тарту һәм елге жұмыс көзін ашу. Бұл салада қандай істер бар?

– Жаңақорған жеріне қош келдіңіз! Расымен де аудандар арасында халық саны көп біздің елде ауыз толтырып айтар жұмыс жетерлік. Әрине, бұған тоқмейілсуден аулақпыз. Ал сұраққа келсек, кейінгі үш жылда ауданда 200 млрд теңгеге жуық қаржыға инвес­тиция тартылды. 2025-2028 жылдар аралығында 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұлар толық іске қосылған кезде 2 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Оның ішіндегі бірнеше жоба биыл іске қосылды.

Бірлік жарасқан жерде береке артады – Мажит Самитов
default

Айталық, осы жылы «Шалқия Тас» серіктестігінің темір-бетон зауыты өткенде ғана жұмысын бастаса, «Нұр­болат» шаруа қожалығы 2 мың тонна ет өнімдерін дайындайтын мал сою пунктін Қожамберді ауылынан ашты. «Бекарыс Агрофуд» ЖШС жылына 500 тонна ет өнімдерін шығаруды мамыр айында бастап кетті. Сондай-ақ жақында ғана ірі инвестициялық жоба­ның бірі – «Жаңақорған» қызмет көрсету кешені ашылды. «В» сана­тындағы кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінде орналасқан. Жоба «Caspian Services Asia» ЖШС-ның 1 млрд теңге жеке қаржысымен бой көтерді. Қазір мұнда қонақүй, қоғамдық тамақтандыру орны, монша, жанар-жағармай және автовокзал салынған.

Келер жылы Жаңақорғанда жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу жоспарланды. Олар – «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасы, «Нұр Әділ» денешы­нық­тыру-сауықтыру кешені, «Qaratau Fruits» қожалығының 5450 тонна алма және көкөніс сақтау қоймасы. Сондай-ақ «Алаш метан» ЖШС «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлі­зінен метан бекетін тұрғызса, «Ком­хоз Жаңақорған» серіктестігі қалдық­тарды сұрыптау кешенін іске қоспақ.

– Жалпы қай өңірдің де басты мәселесі – инфрақұрылым. Халық­тың көп сұрағы осыдан туындайды. Жол, жарық, газдандыру, ауызсу тақырыбы қашаннан өзекті. Аудан­ның көрсет­кіші қандай?

– Айтуыңыз орынды. Алдымен газдандырудан бастасақ. Қазір бұл салада тұрғындардың тұтыну көрсеткіші – 54 пайыз. 8 елді мекен толық «көгілдір отынға» қосылған.  Осы жылы дария бойындағы Қожакент, Өзгент, Ақсуат, Ақжол, Жаңарық, Әбдіғаппар елді мекендерін газбен жабдықтауға «Қожа­кент елді мекеніне жоғары қы­сымды жеткізуші газ құбырын және газ тарату желілерін салу» жобасы әзірленді. Мұның бәрі 2026-2030 жылдары жүр­гізілетін «Qazaqgaz аimaq» АҚ-ның инвес­тициялық жобаларының жол картасына ұсы­нылған. Нәтижесінде біздің ауданда 300 шақырым газ құбыры тартылады. Жұмыс толық бітсе, газ тұтынатын халық саны 75 пайызға жететін болады.

Аудандағы  электр желілерін жаң­ғырту  бағытында да біршама жұмыс­ жасалуда. 2022-2025 жылдары желілерді жаңарту бағытында жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба әзірленген. Оған Екпінді, Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Тақыркөл, Құт­тықожа, Бірлік, Қосүйеңкі, Манап, Аққұм, Әбдіғаппар, Жаңарық, М. Нәлі­баев, Ақсуат, Өзгент, Қожакент, Келінтөбе, Түгіскен, Баспақкөл, Қандөз және Көктөбе елді мекендері енді. Жұмыс барысында 758 шақырым жаңа электр желісі салынып, 119 жаңа қосалқы станцияны орнату жоспар­ланған. Айта кетейін, 2023-2025 жыл­дары осы салада 9 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 5 елді мекендегі жобалар жалғасуда. Қалған 7 жобаға 2,68 млрд теңге қаржы бөлуге өтінім берілді. Мұнан кейінгі өзгерісті айтсақ, қазір электр жүйелерінің тозуы 75-тен 45 пайызға төмендеп отыр.

Бірлік жарасқан жерде береке артады – Мажит Самитов

Халыққа таза су беру күн тәртібінен түспейді. Біздегі 35 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ал Жаңақорған кентінде жаңа су тарату станциясының құрылысы жүріп жатыр. Бұл аудан орта­лығындағы «МАИ бекеті», «Алтыкрант» және «Ипподром» мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтуға бағытталған.

– Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен «Қы­зыл­орда-Жезқазған» жолының өңір­дегі бөлігі ашылды. Жалпы аймақ­тағы жол салу ісі көп облыс­­тан ілгері тұр­ғаны жа­сырын емес. Облыс­ара­лық автобаннан бө­­лек, аудан, ауыл ара­­­сындағы жол­дар­дың жаңаруы да бас­ты назарда. Ал Жаңа­қор­ғандағы жағдай қалай?

– Аудандағы жол салу ісі кенже қалған емес. Үкімет пен облыс әкімдігінің қолдауы  ерекше.  Биыл аудандық маңыз­дағы жолдың жағ­дайы 98,4 пайыз көр­сеткішпен тұр. Жалпы бізде ұзындығы 448 шақырымнан аса­тын автомобиль жолы бар. Ал 2 кент және 24 ауыл­дық округтің 526 көшесі 615 шақырымды құрайды.

Биыл салада табысты жұмыстар жоқ емес. Ауылдар мен кентішілік қозға­лысты жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды нысан пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тікелей қолдауымен құрылысы 40 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған Жаңа­қорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірді күрделі жөндеуге өткен жылы 1,4 млрд теңге құрайтын жоба әзірленген еді. Артынша күрделі жөндеу өтіп, көпір құрылысы биыл шілде айында бітті. Қазір бұл нысан Сырдария өзенінің батыс бөлігіндегі 15 елді мекеннің «Самара-Шымкент» авто­мобиль жолына тікелей қатынауына жол ашты. Сонымен қатар, аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Ек­пінді», «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хора­сан ата» бағытындағы жолдар орташа жөндеуден өтті. Айта кетейін, биыл елді мекендердегі 66,7 шақырымдық 37 көшені жөндеуге 3,7 млрд теңге бөлінді.

– Сіз басқаратын ауданда қазба байлықтарын өндіретін түрлі кәсіп­орын бар. Аталған саланы кеңейту жоспарда бар ма?

– Әңгіме барысында айтып кеттім, мұндай ірі инвестициялық жобалар бір­тіндеп іске асып жатыр. Ал өндірісті дамыту саласына келсек, бұл көп қар­жыны әрі уақытты талап ететін жобалар болмақ. Қайталап айтудың қажеті болмас, бұған дейін аудандағы өндіріс орындары белгілі. Ал алдағы үш жылға дейін бірнеше жоба бар. 120 адамдық жұмыс орнын ашатын «Қызылорда цемент» ЖШС-ның цемент шығару зауыты құрылысы» жобасы дайындалып жатыр. Сондай-ақ «VIGOR Holding» серіктестігі 2026-2027 жылдары 30 МВт күн-электр станциясын іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба Жаңа­қорған кентінің аумағында орналасқан. Құны 414 млрд теңгеден асатын «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ полиметалдық кен орнын өнер­кәсіптік байытуға арналған кен байыту фабрикасының жерасты шахта­сының құрылысы жүргізілуде. Ал негізгі ком­бинатының құрылысын жүргізетін компанияны анықтау жыл аяғына дейін жүргізілетін болады. Одан кейінгі «Горнодобывающая ком­пания Хонда» ЖШС-ның «Бурабай-Жалғыз­ағаш» қор­ғасын-мырыш кен орнын байыту фабри­касының құры­лысы» жобасы.  Мұндағы мақсат – 60 мың тонна қорғасын мен мырыш кон­цен­тратын өндіру. Ең көп жұмыс көзі де осында болады. Кен фабрикасы ашыл­са, 350 адам жұмысқа қабылданады.

Бірлік жарасқан жерде береке артады – Мажит Самитов

– Жаңақорған биыл облыста су үнемдеу технологиясын жетік мең­герген «Озат аудан» номинациясына ие болды. Диқан қауымға да белгілі, су тапшылығы өте өзекті. Дұрысы, жыл өткен сайын суармалы егістік жайы ойландырмай қоймайды. Егін егу, өнімділікті арттыру жағынан қандай жоспарлар бар?

– Мемлекет басшысының су үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес, ауданда су көп қажет ететін дақыл көлемін азайтып келеміз. Бүгінде Жаңақорғанда 100 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгіздік. Ал 4 мың гектар күріш егістігі лазерлік тегістеуден өтті. Соның арқасында су үнемдеумен қатар, өнімділік 20 пайызға артты.

Екіншіден, жерасты суын тиімді пайдаланып отырмыз. Әсіресе, тау беткейдегі шаруашылықтар осы арқылы бақша көлемін едәуір арт­тырды. Оның ішінде қарбыз егу 1500 гектарға жуықтады. Жыл сайын жаз айында жиналған өнім Ресей мен елдің солтүстік өңір­леріне сатылымға шығады. Шаруа­лардың қажырлы еңбегімен облыста «Су үнемдеу технологиясын жетік меңгерген «Озат аудан» номинациясын алдық.

Саладағы өнімдер шығарылымы жыл басынан бері 32 млрд 807 млн теңгені құрап отыр. Биыл 35315 гектарға егін егілді. Сырдың басты дақылы – күріш көлемі 7300 гектарды құрады. Кешегі күзгі науқанда оның әр гектарынан орташа есеппен 53 центнерден өнім алдық. Одан бөлек, күздік-жаздық бидай, жоңышқа, мақсары, жүгері егіледі. Өнімділік жоғары. Бақша мен көкөніс түрлерін арттыру, өнімді сату дұрыс жолға қойылған. Облыс пен аудан орталы­ғында өзіміздің ауыл шаруа­шылығы өнімдері арзан бағамен жәрмеңкелерде сатылып жүр. Тағы бір дұрыс қадам – ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту. Жергілікті серіктестіктер биыл 256 млн теңгеден астам қаржыға 16 ауыл шаруашылығы машинасын алды. Аудандағы машина-трактор паркі 8,6 пайызға жаңартылды. Десек те бұл көрсеткішті әлі арттыру керек деп есептеймін.

– Біз білетіндей, Жаңақорғандағы кәсіпкерлік саласы жедел дамып ке­леді. Дайын өнім шығаратын ша­ғын цехтар да көбейген. Бұл ретте сауда үйлері, қызмет көрсету орта­лықтары, қоғамдық тамақтану орындары ара­сында да бәсекелестік күшей­гендей…

– Иә, бұл  – өте жақсы үрдіс. Өйткені, бәсеке болған жерде сапа да артатыны сөзсіз. Қазір аудан ғана емес, іргелі елді мекендерде де ешкімнен кем емес, түрлі кәсіпкерлік нысаны бой көтеруде. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 6435-ке жетті. 596 сауда және  қызмет көрсету нысаны бар. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъек­ті­лерінің үлесі 96,8 пайыз болып отыр. Ал салада жұмыспен қам­тыл­ғандар 8400 адамнан асты. 96 млн теңгеге жуық қаржыны құрайтын өнім өндіріліп, түрлі қызметтер көрсетілуде.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарлама шеңберінде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 171 жоба 268,9 миллион теңгені құрайтын грант жеңіп алды. Осы бағдар­ламамен пайыздық мөлшер­лемені субсидиялау арқылы құны 575,3 млн теңге болатын 7 жоба несиемен қаржыландырылды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалымен құны 1515,2 млн теңгені құрайтын 79 жобаға несие берілсе, Қызылордадағы «Өңірлік инвестициялық орталығы» микро­қаржы ұйымы құны 96,7 млн теңге болатын 14 жобаны несиемен қаржыландырды. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасымен «Байқоңыр» ӘКК АҚ қаржы ұйымы 36 жобаға 288,1 млн теңгеге кредит берді. Жалпы ауданда жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 136 жобаға қолдау несиелері беріліп, 171 жоба мемлекеттік грант жеңіп алды.

– Ауданның экономикалық, оның ішінде өндіріс пен инфрақұрылым жа­ғын сөз еттік. Енді ел ішіндегі рухани-мәдени тақырыпқа келген­дейміз. Талай талант туған Жаңа­қорғанда бұл жағынан жүйелі жұмыс барын да естіген едік…

– Оныңыз рас. 82 мыңнан аса халық қоныстанған Жаңақорған өлкесі ай­мақтағы көптеген игі бастамаға мұ­рындық болып келеді. Тарихи ескерткіші көп ауданға туристер де жиі аялдайды. Мысалы былтыр Жаңақорғанға 15 мыңға жуық турист келген. Ал өнер мен спорт жағын айтпағанда, әр ауылдық округте өтетін ұлттық құндылыққа негіз­делген шаралар қаншама?!

Ең басты мақтанышымыз – «Руханият орталығы». Бұл шаңы­рақты тәрбие мен тағылымды шара­лардың қайнаған ортасы десек, қателеспеспін. Өзіңізге белгілі, өткен жылы Сыр өңірінде облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тың бастамасымен «Руханият жылы» деп жарияланды. Атаулы жылы 11,5 млрд теңге бөлінді, ар­тынша аймақтың 7 ауданында «Руханият» орталығы бой көтерді. Өзге облыс­тарда кездесе қоймайтын сәулетті ғимарат халыққа өте ұнады. Біздің елде де аталған орталық осы жылдың ақпан айында аймақ басшысының қатысуымен ашылды. Оның ішіне аудандағы музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, қоғамдық келісім, үкіметтік емес ұйымдар, Жастар орталығы сынды бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар бірікті. Қазір орталық аудан жұр­тшы­лығының жиі бас қосатын рухани-мәдени орнына айналды. Жалпы ау­данның мәдени-рухани дамуына мем­лекет тарапынан қолдау көп. 66 мәдениет ұйымы жыл бойы үздіксіз халыққа қызмет көрсетеді. Осы жылы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының 7 бағытымен 1239 шара өтті.

Сондай-ақ 35 аудан спортшысы елдің ұлттық құрама командасына енсе, 45 спортшымыз облыстық құра­мада өнер көрсетеді. Ауданда тұрақты түрде спортпен шұғылданатындар саны 33 мыңнан асып, жалпы халықтың 40,6 пайызына жетті. Бұқаралық спортты дамытуға 380 спорттық нысан қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері аудан спортшылары спорт түрлері бойынша Әлем чемпионатынан 2 күміс, 2 қола жүлдені иеленсе, жастар мен жас­өспірімдер арасындағы Азия чемпио­натында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола,  Ислам ойындарынан 3 қола, Азия ойындарынан 1  күміс, ҚР чемпионаттарында 45 алтын, 53 күміс, 28 қола медальді иеленді.

Жастар жұмысы менің назарымнан тыс қалған емес. Жаңақорғанда 14-35 жас аралығында 24764 жас бар. Бұл – аудан тұрғындарының 31,3 пайызы. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылында» 100-ден астам аудан жастарының қатысуымен «Еңбек жолы – жарқын болашақ» жастар слеті өтті. Шарада жастармен өзім кездесіп, түрлі тақырыпта ашық пікірлестік. Бізде аудан жастарын кәсіпке бейімдеуде «Мүмкіндіктер алаңы»  жылжымалы  жәрмеңкесімен бос жұмыс орындары, кәсіпкерлік гранттары жайлы түсіндіру жұмыстары көп өтеді. Соның арқасында көптеген жастар тұрақты жұмысқа тұрып не өз бетінше бизнес ашып отыр. Екінші мақтан ететін нәрсе, біздің жастар өте қайы­рымды. Жаңа­қорғанда волонтерлік қозғалыс өте жақсы да­мыған. 200-ге жуық еріктісі бар «Жаңар­ған Жаңақорған Жас­тары» қоғам­дық қоры осы кезге дейін 13 мұқ­таж отбасыға баспана салып берді. Одан бөлек, аудан орталығынан «Қамқор» әлеуметтік дүкенін іске қосты. Бұл дүкеннен 400-ге жуық отбасы көмек алып келеді.

Қорыта айтқанда, ауданымыз қар­қынды даму жолында. Аудан дамыса, өңіріміз де дамитыны белгілі. Бүгінде аймағымызда оң бастамалар мен ауқым­ды жобалар қолға алынып, тарихи жетістіктерге жетуде. Негізгі макро­экономикалық көрсеткіштер бойынша облыс республика көлемінде алдыңғы қатарда. Сыр өңірінің азаматы ретінде өзіңіз де бұл өзгерістерді айқын сезініп жүрген боларсыз. Жақында іссапармен болған Мемлекет басшысы да өңірдің дамуына оң бағасын берді. Бұл ең ал­дымен Сыр халқының береке бірлігінің, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбек­ұлының жүйелі еңбегі мен іскер бас­шылығының арқасында жетіп отырған жетістігіміз. Бұған еңбекқор, ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқы бар Жаңақорған ауданының да үлесі ерекше деп санаймын. Осындай өлкеде қызмет ету – мен үшін зор мақтаныш, үлкен жауап­кершілік. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тұрмыс сапасын арт­тыру бағытында аянбай жұмыс істеп, жаңа белестерді бірге бағындырамыз деп сенемін.

Әңгімеңізге рақмет. Аудан халқының ынтымағы арта бергей!

Сұхбаттасқан

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»