Пандемия біраз саланың жұмысына іркіліс әкелді. Қауіпті вирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде экономиканың қозғаушы күштерінің бірі – құрылыс саласы да тоқтады. Әйтсе де, карантиндік шектеу шаралары азайтылғанда жұмысын қайта жалғастырған алғашқылардың қатарында құрылысшылар да болған еді. Бүгінгі ахуал қандай? Алдағы уақытта нендей өзгерістер болмақ?
Құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетовпен болған әңгіме-сұхбатымызда бірқатар сауалға жауап алған едік.
– Бердияр Автайұлы, басқармаға басшылыққа жаңадан келдіңіз. Сізді және барлық құрылысшыларды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!
Білуімізше, құрылысқа жас кезіңізден араласып, одан бергі кезеңде талай құрылымдарды басқарып мол тәжірибе жинақтаған екенсіз. Айтыңызшы, өңірге келгелі қандай ой түйе алдыңыз?
– Жақсы тілектеріңіз үшін рахмет! Мен өзім Сырдария ауданының түлегімен. Алғаш еңбек жолымды Қызылорда қаласындағы №355 құрылыс-монтаж пойызы мекемесінде бастадым. Бұл мекеме Ақтөбе облысына қарағандықтан, көп ұзамай жұмыс бабымен сол жаққа ауысуыма тура келді. Сол кезеңнен бері Ақтөбе облысында қызмет атқардым. Арасында сирек болса да туған жерімізге келіп тұрдық. Сонда Қызылорда қаласының жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын көріп қуанатынмын. Әдемі, тап-таза қала. Көп құрылыс салынған. Сол жағалау игеріліп, жақсы нысандар бой көтеріпті.
Енді көп жылдан кейін туған жерімізге қызмет етуге келдік. Құрылысшы ретінде бір байқағаным, соңғы жылдары бой көтерген үйлердің бәрі тек қызыл кірпіштен ғана салыныпты. Сонымен бірге үйлердің дизайнына да өзгерістер енгізу керек. Кеше мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырзаға арнайы жолығып, өз ойларымды жеткіздім. Құрылысқа басқа да материалдар пайдалану жөнінде ұсынысымды айттым. Кейбір салынып кеткен нысандардың сыртын жаңа технологияны пайдалана отырып, 30-40 жылға шыдайтын, ыстыққа да салқынға да төзімді жақсы бояулармен сәнін келтіру секілді ойларымды ортаға салдым. Бірқатар жобаларға өзгерту енгізу қажет болады. Ол кісі ұсыныстарымды құптады. Әрине, айту жеңіл ғой. Енді оны орындау үшін барлығын есептеп шығарып, жобаларын дайындап апаруым керек. Оған біршама уақыт қажет. Содан соң қала басшысымен бірлесіп, бюджеттің шамасына қарап, бір тоқтамға келгеннен кейін ғана концепциямызды облыс әкіміне ұсынатын боламыз.
– Қазіргі күрделі кезеңнің экономикалық зардаптары жетерлік. Бәлкім барлық жерде бюджетті қайта қарауға тура келер. Облыста биылғы жылға жоспарланған әлеуметтік және басқа да нысандар құрылысына өзгерістер еніп жүрмей ме? Келесі жылы қалай болмақ? Құрылысқа бөлінетін қаржы көлемі қысқара ма?
– Облыста биылғы жылы жоспарланған құрылыс жұмыстарына еш өзгеріс енгізілмейді. Соған сәйкес, жоспарланған қаржы өз көлемінде бөлінеді. Ағымдағы жылы әлеуметтік нысандар құрылысына және жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп сараптамадан өткізуге мемлекеттік бюджеттен, оның ішінде республикалық және облыстық бюджет есебінен барлығы 9,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жоспарланған 2,9 млрд теңге қаржы толықтай игеріліп, жоспар 100%-ке орындалды.
Жалпы басқарма арқылы 30 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, білім саласында – 11, денсаулық сақтау саласында – 4, мәдениет саласында – 4 нысан құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ, 4 спорт, 4 қоғамдық тәртіп саласы нысаны, 4 әкімшілік ғимараты мен «БЖК-2020» бағдарламасы шеңберінде 1 нысан салынады.
Жыл соңына дейін барлығы 22 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қалған 8 нысан жоспарға сәйкес 2021 жылға өтпелі болып қалдырылады. Оның ішінде, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы арқылы 5 нысанның, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 4 нысанның құрылысын жүргізу жоспары бар. Бүгінгі күнге құрылысқа рұқсат алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып жатыр.
2020 жылы барлығы 16 нысанның жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жоспарланса, оның екеуі (Байқоңыр қаласындағы әкімшілік ғимараттың реконструкциясы, сол жағалаудағы әкімшілік ғимарат) мемлекеттік сараптамадан өтті. Жылдың соңына дейін қалған жобалар бойынша да мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынады деп күтілуде.
Ал келесі жылға жоспарланған бағдарламалар әзірге өзгерген жоқ. Жалпы өзгерістер бола қоймайды деп тек жақсылықтан үміттенейік. Мемлекет үшін де халық үшін де құрылыс қарқыны бәсеңдемегені тиімді.
– Баспаналы болу – әр адамның арманы. Соңғы жылдары Сыр құрылысшылары тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізіп, мыңдаған отбасы қоныс тойларын өткізгені белгілі. Биыл тағы қандай жаңалықтар болмақ?
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында, облысымызда тұрғын үй құрылысында жылдан-жылға өсу байқалады. Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1406 пәтерді құрайтын 87 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 815 пәтерлі сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 20 тұрғын үй, 215 пәтерлі 57 несиелік тұрғын үй және 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүргізілуде.
Жыл соңына дейін 698 отбасы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, 115 отбасы кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, жеке құрылыс салушылар есебінен 156 пәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Жыл соңына дейін барлық бағдарламалар шеңберінде 969 пәтерлі 74 тұрғын үй құрылысын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осы жылдың өзінде мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды.
Жеке тұрғын құрылысы үшін ашылған жаңа тұрғын аумақтар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бағдарламалар аясында облыста осы бағытта 15 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11 жоба облыс орталығына тиесілі болса, Арал ауданында 1, Сырдария ауданында 2, тағы бір жоба Шиелі ауданында жүзеге асырылмақ.
Жалпы 2020 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 591,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді және 45,3 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізуді жоспарлап отырмыз.
– Құрылыста ең басты талап сапа екені анық. Бұған қаншалықты мән берілуде?
– Сапа мен сәні үйлесім табуы тиіс. Бұл бағытта бақылау құрылымдарымен ұдайы бірлесе жұмыс жүргізіп келеміз. Техникалық-қадағалау қызметі үнемі құрылыс барысын қадағалап отырады. Олар нысанға тапсырыс берушінің тікелей өкілі болып табылады. Нысан құрылысының жобаға сәйкес жүргізілуі авторлық қадағалау арқылы ұдайы тексерілуде.
Облыс әкімі де әркез құрылыстың сапалы болуына аса мән беру керектігін ескертіп отыр.
– Қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде құрылыс нысандарында сақтық шаралары қаншалықты орындалып отыр? Кәсіби мерекелеріңіз қалай атап өтілмек?
– Облыстың бас санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысына сай 29 сәуірден бастап құрылыс жұмыстарын жалғастыруға рұқсат берілген. Қазіргі уақытта нысандардың құрылысы толықтай жүргізілуде. Барлығында міндетті түрде күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық шаралар мен техникалық қауіпсіздік талаптар орындалады. Әрбір жұмысшы сақтық ережелерімен таныстырылып, қолдарын қояды. Құрылыс жұмыстарының қауіптілігі жоғары деңгейде саналатын нысандарда жұмысшылар міндетті түрде арнайы киімдермен, қауіпсіздік белдіктерімен, каскалармен қамтамасыз етілген.
Ал енді құрылысшылар үшін кәсіби мерекенің маңызы ерекше. Пандемияны сылтау етіп, мейрамды мүлде ұмыт қалдыруға тағы болмайды. Еңбегі сіңген құрылысшы азаматтар бар. Оларды марапаттау салтанаты бұрынғы кездегідей үлкен жиын ретінде өткізілмейтіні белгілі. Сақтық шаралары барынша ескеріліп, бірнеше жерде шағын көлемде марапаттау салтанаты болып өтеді. Оған құрылысшыларымыз түсінікпен қарайды деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<