Топ-баннер2

Біз үшін әрбір дауыс беруші маңызды

6

0

Фото: аумақтық референдум комиссиясы

15 наурыз еліміздің саяси дамуы мен болашағына әсер ететін маңызды тарихи кезең болғалы тұр. Осы күні қазақстандықтар өткеннің қорытындысы ғана емес, мемлекет дамуының жаңа дәуірін айқындайтын құжат – жаңа Конституция үшін дауыс береді.

Республикалық референдум қарсаңында Сыр елінің саяси маңызды науқанға дайындығы жөнінде Қызылорда облысының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановпен әңгімелестік.

Әділбек Бөрібайұлы, референдум өтетін уақыт таяп қалды. Қаланың көрікті жерлері мен халық көп шоғырланатын орындарда референдум өтетін уақыт белгіленген билбордтар мен бейнероликтерді көріп жүрміз. Жалпы науқанға дайындық қалай жүріп жатыр?

– Осы жексенбі, яғни 15 наурыз еліміз үшін маңызды күн ретінде тарих қойнауына енгелі тұр. Азаматтар «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ бойынша бюллетень алып, таңдау жасайды. Бюллетень алған әрбір дауыс беруші «иә» немесе «жоқ» белгісінің тұсына таңдауын көрсетеді. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 387 референдум комиссиясы бар. Оның 9-ы – аумақтық, 378-і – учаскелік референдум комиссиялары. Онда 2705 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Бүгінгі күні барлық учаске қажетті материалдық жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Кестеге сәйкес, демалыс күндерінсіз жұмыс жасауда. Жалпы Қызылорда облысында референдум өткізуге дайындық қызу. 14 наурыз – тыныштық күні. 15 наурыз дауыс беру күні ретінде белгіленген. Дауыс беру 07.00-ден 20.00-ге дейін жүзеге асады.

– Референдум күні өзге қалада болатын немесе жұмыс бабымен басқа ауданға кетіп қалған азамат дауыс бере ала ма? Олар нені ескеруі керек?

– Әлбетте, Қазақстанның әрбір аймағынан келген немесе өзге қалаға іссапарға кеткен азаматтар үшін дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін әрбір дауыс беруші өз учаскесінен 14 наурыз, сағат 18.00-ге дейін есептен шығару куәлігін алуы керек. Учаскеге келген азамат өз жеке куәлігі және өтініш қалдыру арқылы куәлік ала алады. Есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Мұндай жағдайда сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді. Бірақ, оқырманға айтарым, куәлік бір рет қана беріледі. Жоғалған жағдайда қайта берілмейді. Облыста 4925 есептен шығару куәлігі дайындалды. Бүгінгі күнге дейін аймақта 132 дауыс беруші куәлік алып үлгерді.

– Аймақта қанша азамат дауыс беру құқығына ие, оның ішінде алғаш рет дауыс беруге ниеттілердің үлесі қандай?

– 22 ақпаннан бастап аймақтағы 378 референдум учаскесі жұмысқа кірісті, яғни әр күні комиссия мүшелері кезекшілікте тұрады. Арнайы кесте белгіленген. Сол уақыттан бері учаскелерде азаматтар тізімдермен таныса алады. Комиссиялар қажет болған жағдайда тізімдердегі қателер мен дәлсіздіктер туралы өтініштерді қарап, оларға тиісті өзгерістер енгізу туралы мәселелерді шешеді. Облыста 492524 азамат референдум күні дауыс беруге құқылы. Оның 213452-сі – Қызылорда қаласының, қалғаны – аудандардың тұрғындары. Бұған өзге аймақтан есептен шығару куәліктерімен келген азаматтар да қосылуы мүмкін. Облыста 2637 азамат науқанда бірінші рет дауыс беруге мүмкіндік алса, оның 36-сы 15 наурыз күні 18 жасқа толады. Алғаш дауыс берушілер мен учаскеге ерте келген жастарға комиссия шағын естелік сыйлықты табыс етеді.

– Учаскеге баруға мүмкіндігі жоқ азаматтар қалай дауыс береді? Ал келе алатын мүгедектігі бар дауыс берушілер үшін қандай ыңғайлы жағдай қарастырылған?

– Біз үшін әрбір дауыс беруші маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар 15 наурыз күні түскі 12.00-ге дейін өтініш қалдыра алады. Мұндай жағдайда комиссияның 2 мүшесі тасымалданатын жәшікпен дауыс беруді ұйымдастырады. Қазіргі таңда облыс бойынша 1668 азаматтан өтініш келіп түсті. Бұл цифр әлі көбейеді. Ал учаскеге келетін мүгедектігі бар дауыс берушілер үшін 15 наурыз күні 63 инватакси және 49 ымдау тілі мамандарының кезекшілігі ұйымдастырылады. Дауыс беру учаскелерінде жаңа Конституцияның мәтіндік және аудио нұсқадағы жобасы қолжетімді. Сонымен бірге дауыс беру күні Жас сайлаушылар клубының жастары автоволонтер ретінде егде жастағы дауыс берушілерді учаскеге тасымалдау үшін көмек көрсетуді көздеп отыр.

– Тұрғындардың көбі өз учаскесін науқан таяп қалғанда іздейді. Оқырман біле жүрсін, дауыс берушілер өз учаскесін қайдан таба алады?

– Ең алдымен, дауыс берушілер үшін учаскедегі комиссия мүшелері QR белгісі бар А4 форматтағы 492524 дана жеке шақыру қағазын таратып бітті. Сонымен қатар референдум учаскесінің мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетілген ақпараттық плакаттардың 6340 данасы 1682 көпқабатты үйдің кіреберісіне ілінді. Дауыс берушілерге өз учаскесін оңай табу үшін облыста 4 арнайы платформа жүзеге асырылды. «Өзіңді дауыс берушілер тізімінен тексер» платформасы referendum.orda.gov.kz және Telegram арнасында t.me/referendumKzo_bot боты жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы, қала және аудан әкімдіктерінің жанынан сall орталықтар белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Азаматтар үшін учаскені анықтау қызметі бар арнайы «Smart Қызылорда» мобильді қосымшасы іске қосылды. Дауыс беруші азаматтарды уақытша тіркеумен айналысатын 5 учаске және азаматтардың қай учаскеге тіркелгенін онлайн форматта айқындайтын 187 учаске дайындалды.

– Комиссия мүшелері референдум өткізу тәртібі, тағы басқа мәселелер бойынша білімін қалай жетілдірді?

– Біздің учаскелердегі комиссия мүшелерінің басым бөлігі – тәжірибесі қалыптасқан, бұған дейін бірнеше науқанды өткізген өз ісінің мамандары. Референдум қарсаңында 157 семинар ұйымдастырылып, 3252 комиссия мүшесі оқыды. Оқыту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 19,2 млн теңге қаражат бөлінді. Семинар комиссия мүшелерінің заңнаманы білуіне, дауыс беруді ұйымдастырудың тәртібіне негізделген. Сондай-ақ практикалық кейстер мен рөлдік ойындарға басымдық берілді.

Соңғы дайындық жұмыстарына қатысты не айтасыз?

– Референдум учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы бойынша қажетті шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда 1 пайыз резервімен 497 449 дана дауыс беруге арналған бюллетень басылуға жіберілді. Бюллетеньді облыстық полиция департаментінің қыз­мет­керлері күзетуде және дайындалған референдум бюллетеньдерін барлық ауданға жеткізу үшін де сүйемелдейді. Бюллетеньдер референдум аяқталғаннан кейін сол күні арнайы жабдықталған сақтау қоймасына жеткізіледі. Заңға сәйкес дауыс беру аяқтал­ғаннан кейін учаскелер 12 сағат ішінде дауыстарды санау процесін жүргізеді. Бұл әрекеттерді аккредиттелген байқаушылар мен БАҚ өкілдері тіркелу арқылы көре алады.

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»