Жекешелендіру – мемлекеттің жеке секторға қатысуын азайтуға бағытталған рәсімдердің жиынтығы және ең бастысы, бұл бизнесті ынталандыру мен дамыту жөніндегі шаралардың бірі. Жекешелендіруге жататын ұйымдар тізіміне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала объектілері, акционерлік қоғамдардың, ұлттық компаниялар мен холдингтердің активтері кірді. Мемлекеттік кәсіпорындар жеке бизнестің бәсекелесі және жекешелендіру жеке бизнес жұмыс істейтін салалардағы тең емес бәсекелестікті жоюға бағытталған.
Газет тілшісі жекешелендіруге қатысты сұрақтарды облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаевқа қойып, кешенді жоспардың жүзеге асу барысы туралы білген еді.
– Кейінгі жылдары бизнес процестерді оңтайландыру үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның бірқатар ережелері қайта қаралды және жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына елеулі өзгерістер енгізілді. Осы орайда біздің аймақта қандай өзгерістер болды?
– Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары қабылданды, оған 13 объект енді. Бәсекелес ортаға беруге жататын объектілер тізбесіне «Байқоңыр» ӘКК АҚ-ның 4 тәуелді ұйымы да енгізілді.
2014 жылдан бері ел бойынша жекешелендірудің екінші толқыны жүруде. Содан 2020 жылға дейін 17 нысан мен үлес сатылды.
Облыс бойынша барлығы тізбеге 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 коммуналдық кәсіпорын және 1 акционерлік қоғам енгізілді. Жекешелендіру жоспарына сәйкес жылдың басында «Қайсар «Қызылорда облыстық футбол клубы» ЖШС-ның мемлекеттің қатысу үлесінің 51%-і кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға берілді. Бұдан бөлек бәсекелестікті дамыту және мемлекеттік активтердің бір бөлігін жеке секторға беру мақсатында білім саласындағы колледждерді бәсекелестік ортаға беру мәселесі қарастырылып жатыр.
– Жекешелендіру объектісі деген не? Жекешелендіруді өткізудің негізгі қағидалары туралы айтып берсеңіз…
– Мемлекеттік мүліктің мынадай түрлері – кәсіпорын мүліктік кешен ретінде; акционерлік қоғамдардың акциялары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, т.б., жекешелендіру объектілері. Жергілікті атқарушы орган оны жекешелендіру туралы шешім шығарған күннен бастап мемлекеттік мүлік жекешелендіру объектісі болып саналады. Осыған байланысты, коммуналдық меншіктегі объектілерді жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия құрылды, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстанның Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілді, сату кестелері бекітілді. Барлық нысандар бойынша Жол карталары бекітіліп, мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталына орналастырылды, сату алдындағы дайындық жұмыстары басталды.
Жекешелендірудің 2021 жылға арналған Кешенді жоспарының іске асырылу барысын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында облыстық медиа-жоспар бекітілді. Мемлекеттік мүлікті басқарудың негізгі принциптері – заңдылық, есеп берушілік және бақылауда болу, жариялылық, мемлекеттік мүлікті қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану, бәсекелестікті дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
– Жекешелендіру объектілерін сату ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы айтсаңыз…
– Егер жекешелендіру объектілерін сатудың бұрын қолданылған нормаларында объектіні бірінші және екінші сауда-саттыққа шығару кезінде жалғыз қатысушыға сатуға жол берілмесе, онда жаңа редакцияда бұл норма алынып тасталады, яғни бірінші немесе екінші сауда-саттықта (аукцион және тендер) объект жалғыз қатысушыға сатылуы мүмкін. Осыған байланысты объектіні алғашқы сауда-саттықта сату мүмкіндігі күрт артады, бұл объектілерді жекешелендіру мерзімдерін айтарлықтай төмендетеді. Енді аукциондар мен тендерлер бұрынғыдай газеттерде жарияланбайды. Ақпараттық хабарламаларды жариялау мемлекеттік мүлік тізілімінің вебпорталында ғана жүзеге асырылатын болады.
Жекешелендіруге белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға қатыса алады. Осы Заңға сәйкес тендерде мемлекеттік кәсіпорындар мүліктік кешен ретінде сатылған жағдайда тендердің шарты – қызмет бейінін сақтау. Қызмет бейінін сақтау мерзімін сатушы айқындайды.
– Жалпы процесс қалай жүзеге асырылады? Қатысатын кәсіпкер үшін нені білу маңызды?
– Жекешелендіру процесі барынша ашық болады. Бүгінде процестің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ететін мүлікті сату бойынша бірыңғай электрондық алаң жұмыс істейді. Барлық сауда-саттық туралы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде, жекешелендіруге жататын объектілердің фотосуреттері www.gosreestr.kz вебпорталында орналастырылады. Сауда-саттықтың ашықтығы сатушы мен сатып алушы бір-бірімен байланыспайды, сатып алушылар өзара әрекеттеспейді және бір-бірін көрмейді. Сауда-саттық тек электрондық нысанда жүргізіледі және сауда-саттыққа елдің кез келген нүктесінен қатысуға болады. Электрондық сауда-саттыққа қатысу үшін ЭЦҚ – электрондық цифрлық қолтаңба болуы қажет. Сауда-саттыққа қатысушылар хабарламада көрсетілген мөлшерде, мерзімде және тәртіппен кепілдік жарнаны енгізеді. Егер сауда-саттық өткізілмесе, кепілдік жарна қайтарылады. Кепілдік жарна өтінім берген, бірақ сауда-саттыққа қатыспаған, сауда-саттыққа қатысқан, бірақ оларды ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттыққа қатысудан жазбаша түрде бас тартқан тұлғаларға оларды өткізгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қайтарылады. Кепілдік жарналар осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып, сауда-саттыққа қатысушы берген кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Сауда-саттықта жеңіп шыққан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасасқан кезде ол енгізген кепілдік жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындау есебіне есептеледі. Жекешелендіру объектілерін сату жекешелендіру объектісінің нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте жекешелендіру объектісінің нарықтық құны жекешелендіру объектісінің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін. Сатып алу-сату шартының негізінде сатушы міндеттемелердің орындалуын, оның ішінде қызмет бейінін сақтау бойынша тексеруді жүзеге асыратын болады.
– Сатылған объект бойынша есеп айырысу және төлем тәртібі қалай жүзеге асырылады?
– Жекешелендіру объектілерін сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушы арасында жүргізіледі. Бұл ретте сатып алынатын объектіге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн ішінде жүргізілуге тиіс. Объектіні бөліп-бөліп сатуға жол беріледі. Жекешелендірілетін объектіні бөліп-бөліп сату кезіндегі бастапқы жарнаның мөлшері сату бағасының он бес процентінен кем болмауға, ал бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс. Одан кейінгі сомаларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген ақшалай міндеттемені орындау қағидалары қолданылады. Бөліп-бөліп сату кезінде әлі енгізілмеген сомаға проценттер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негізге ала отырып есептеледі.
– Объектілерді жекешелендіруден қаражат қайда түседі және жекешелендірудің екінші толқынынан қандай нәтиже күтіледі?
– Коммуналдық меншікті сатудан түскен қаражат жергілікті бюджетке, компания меншігін сатудан тиісінше осы компанияларға түседі.
Бүгінгі таңда жекешелендіру мемлекет иелігінен алу нысандарының бірі ретінде бизнесті жандандырудың тиімді тетігі. Шын мәнінде, мемлекет дайын бизнесті сатады, ол қолжетімді және тартымды болады.
Ірі объектілерді жекешелендіру – бұл өндірісті жаңғырту және кеңейту үшін инвестициялар тарту, өнімді өткізу нарықтарын кеңейту, жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту мүмкіндігі.
Әңгімелескен
Гүлжазира Жалғасова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<