Мемлекеттік қаржы жүйесінің толыққанды қызмет атқаруы көп жағдайда бюджет саясатын тиімді жүргізумен сабақтас. Бұл орайда қаржы-тексеруші, бақылаушы органдарға айрықша міндет жүктеледі. Қазақстан Президентінің кешегі Жолдауында мемлекет қаржысын жұмсау тиімділігін арттыру жөнінде атқарушы билікке тиісті тапсырмалар берілді.
Газет тілшісінің облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сәуле Құлымбетовамен әңгімесі маңызды саланың бүгінгі өзекті мәселелеріне арналады.
– Сәуле Ибрагимқызы, әңгімемізді мемлекет басшысының Жолдауынан бастауды жөн көріп отырмын. Өзіңізге мәлім, Президент Жолдауда қазына қаржысын тиімді пайдалану қажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, жобалардың сметалық құнын артық көрсету өткір проблемаға айналғанын, оның ішінде бұл келеңсіздік көптеген салаларды қамтып отырғанына алаңдаушылық білдірген болатын. Жалпы мемлекеттік маңызды саяси құжатқа қатысты не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Онда пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, халықты сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, оның ішінде мемлекет қаржысын тиімді жұмсауға байланысты атқарушы билікке маңызды міндеттер жүктеді. Қысқасы, ел өмірінің барлық салалары қамтылған құжат болғанын атап өткім келеді. Енді сіздің сауалыңызға қатысты мәселеге тоқталайын.
Президент бұл орайда қолданыстағы нормативтік база мен тәжірибені өте қысқа мерзім ішінде түбегейлі қайта қарау керектігін атап көрсетті. Менің ойымша, ,осының барлығы тиісті мамандардың пысықтауымен жүзеге асырылатын мәселелер қатарына жатады. Жасыратыны жоқ, мұндай проблемалар бар. Бұл орайда тиісті тапсырмалар берілді. Үкімет пен Есеп комитеті осыған орай ұсыныстар дайындайтын болады.
Бұдан шығатын қорытынды, тексеру комиссиясы қаржылық тәртіпті нығайту және Қызылорда облысы бойынша экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды жалғастыратын болады. Атап өту керек, қаржы жүйесін одан әрі жетілдірудің маңызды қадамдары жасалып жатыр. Осының барлығы өмірдің өзі туғызған талаптар жиынтығын құрайды.
– Сізбен газет бетінде сұхбаттасқанымызға жылдан астам уақыт болыпты. Содан бері әлемде көптеген өзгерістер болды. Пандемия салдарынан толыққанды айыға алмай жатқан жағдайымыз бар. Дегенмен, дағдарыстан кейін дамудың басталатыны секілді оңды өзгерістерді байқаймыз. Экономика біртіндеп сауығып келеді. Болжам бойынша 2021 жылдың соңына қарай Қазақстан, оның ішінде Сыр экономикасы өзінің 2019 жылғы деңгейіне жетеді деген болжам бар. Атап айтқанда, қазір мұнай өндіру көлемін арттыру жөнінде ОПЕК шешімі де бізге қолайлы болып тұр. Сонымен осы жылдың бірінші жартыжылдығының жұмыс барысы не көрсетті? Аудиторлық қызмет туралы не айтар едіңіз?
– Сауалыңызда өзіңіз атап көрсеткеніңіздей, өткен жылы және биылғы жылы бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан экономикасы үшін де үлкен сындарлы, сынақ кезеңі болды. Оның қаншалықты қиыншылық әкелгенін баршамыз күнделікті өмірімізден байқап, біліп отырмыз. Дегенмен, Мемлекет басшысының өткен жылы шұғыл шаралар кешенін қабылдауының нәтижесінде және сол іс-шаралардың үстіміздегі жылы да жалғасуының арқасында еліміздің экономикасы ауыр кезеңнен шайқалмастан біршама тұрақтылықпен өтуде.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртетін болсақ, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Сыр өңірінің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір өсімнің болғанын байқауымызға болады. Бірақ, әлемдік ауқымдағы сыртқы әсерлердің аймақ экономикасының толыққанды өз дәрежесінде жұмыс жасауына біршама тосқауыл болып отырғанын естен шығармау керек.
Шынын айтқанда, дағдарыс жағдайында жұмыс істеудің өз тәртібі бар. Бұл орайда облыстың тексеруші органдары карантин тәртібін сақтай отырып, өзіне тиесілі белгілеген міндеттері аясында қызмет атқарды. Жалпы мемлекеттік аудиттің мақсаты – бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыруды көздейді десек, тексеру комиссиясының негізгі міндеті – жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы мемлекеттік аудитті жүзеге асыру болып табылады.
Демек, сыртқы мемлекеттік аудит халықтың өмір сүру жағдайы сапасының серпінді өсуін және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржы және басқадай ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру және заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 12 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, онда мемлекеттік аудитпен жалпы қаражат көлемі 24,2 млрд теңге болатын 112 нысан қамтылды. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша қолданыстағы заңнама нормалары сақталмауынан анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 8,6 млрд теңгені, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 1 млрд теңге, 300 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері – 23,1 млн теңге, тиімсіз жоспарлау – 7,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік аудит объектілерінде анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 17 процентке төмендеп отыр.
– Осы орайда, кезекті сауалдың реті келіп тұр. Өзіңіз айтқан «тиімсіз жоспарлау» деген сөз тіркесі күмәнді ойларға жетелейтін сыңайлы. Әлгі айтқан 7,6 млрд теңге «тиімсіз жоспарлауға» тым көп емес пе? Түсінік бере кетсеңіз.
– Сырт қараған кезде бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау деген сөз тіркесі маман емес қарапайым адамдардың түйсігінде «бекер жоспарлаған», «жоспарламаса да болатын еді», «несіне шығындарға жол берген» деген ой тудыруы мүмкін. Бірақ, мамандарға мәлім, ол түсінік аталған мәселені толық сипаттамайды. Мәселе бұзушылықтың табиғатын, жан-жақтылығын, салдарын, тереңдігін түсінуде деп білемін. Жалпы бюджеттік заңнамаға сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау немесе тиімсіз пайдалану дегеніміз қаржыны бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес келмейтін жоспарлау немесе пайдалану болып табылады, яғни бюджет жүйесінің заңнамамен бекітілген он төрт қағидаттарының ең кемінде біреуі бұзылған жағдайда тиімсіз жоспарлауға немесе тиімсіз пайдалануға жол берілген деп айта аламыз. Біздің қызметімізде мемлекеттік аудит кезінде жиі кездесетін негізгілеріне толымдылық, реалистік, нәтижелілік, негізділік, тиімділік және бюджет қаражатының атаулылығы мен нысаналы сипаты секілді принциптерін жатқызуға болады.
Жоғарыда айтып өткенімдей, жалпы 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта бұзушылықтар бойынша қалпына келтіруге және өтеуге жататын сома – 1,1 млрд теңгені құраса, 2020 жылдың тиісті кезеңінде 7,9 млрд теңге құраған болатын. Салыстыратын болсақ, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметінде бюджетті атқару кезінде алға ілгерілеушілік, яғни заңнама нормалары бұзушылықтарының төмендеу үрдісі байқалады. Мұның себебі неде деген сауалға, біріншіден, заңнаманың уақыт өте жетілдірілуі, соған байланысты де-юре мен де-фактоның практика жүзінде жақындасып, үйлесуінде болса, екіншіден, жергілікті атқарушы органдардың қаржы мәдениетіне ден қоюы, бюджеттің жоспарлау, атқару мәселелеріне бірінші кезекте мән берілуі, үшіншіден, аудит пен қаржылық бақылаудың ден қою шараларын өз дәрежесінде атқаруында деп айта аламын.
Оған дәлел ретінде, келесі мәліметтерді келтірейін. Бұзушылықтарға жол бергені үшін 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта 116 лауазымды тұлға, соның ішінде, тәртіптік жауапкершілікке – 59 тұлға, әкімшілік жауапкершілікке – 57 тұлға, оның 43 «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілік қолданылса, 14 кінәлі тұлғаға 1,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған, ал 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта 338 лауазымды тұлға, соның ішінде, тәртіптік жауапкершілікке – 67 тұлға, әкімшілік жауапкершілікке – 271 тұлға тартылып, 1,5 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және немесе қарауға уәкілеттілік берілген органдарға ағымдағы жылдың 6 айы мен 2020 жылдың 6 айында жолданған аудит материалдарын салыстырмалы түрде қарайтын болсақ 214 материалға немесе 4,5 есеге азайғанын байқауға болады.
– Сәуле Ибрагимқызы, қазір жұртшылық пікірінде барлық салада білікті мамандардың тапшылығы жөнінде жиі айтылады. Қазақта «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Демек, бекер айтылмаған ғой. Бұл орайда, өзіңіз басқарған салада нендей шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2011 жылғы өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы Жарлығына сәйкес аймақтарда тексеру комиссиялары құрылып, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының штатында 33 мемлекеттік қызметші бірлігі бекітіліп берілген болатын.
Тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит жүйесінде адами капиталды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Қазіргі таңда 23 қызметкер біліктілігін арттырып, 26 қызметкерге «Мемлекеттік аудитор» біліктілік дәрежесі, оның 16-на «Жоғары санатты мемлекеттік аудитор» біліктілігі берілген. Мемлекеттік аудиторлардың жоғары білікті корпусын қалыптастыру мақсатында 2020 жылдың тамызынан бастап «CIPFA public auditor, DipIPSAS» халықаралық дәрежедегі аудитор біліктілігі бар Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторларының жалақылары жоғарылады.
Тексеру комиссиясы жұмысының транспаренттілігіне, ашықтығына ерекше назар аударылуда. Аудиттердің нәтижелері – тексеру комиссиясының ресми сайтында орналастырылады, сайт пайдаланушыларымен кері байланыс үнемі жұмыс жасайды.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<