Цифрландыру жүйесі – жемқорлыққа тосқауыл

869

0

Цифрландыру жүйесі – жемқорлыққа тосқауыл Жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге қауқарсыз ел замана көшінен қалып қояды. Сондықтан, мемлекеттік басқаруда жаңа технологияларды енгізу – кезек күттірмейтін мәселе. Елбасы өз Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру қажеттілігін алға тартты. Мақсат – заманауи технологияның көмегімен қызмет сапасын жақсартып, жемқорлықтың тамырына балта шабу. Оны электрондық форматқа ауыстыру да тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы және салаға қатысты өзге де мәселелер төңірегінде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ержан Қарымсақовпен  сұхбаттасқан едік.

– Ержан Нағызханұлы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қажеттілігі күн санап артып келеді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында да электронды қызметтің үлесін арттыруға, цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Осы орайда департамент тарапынан қандай шаралар қолға алынды?

– Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуы қажет. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою мақсатында бірқатар шара іске асырылды. Бүгінде департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, облыс бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет саласын бақылау және мониторингтеу жұмысымен айналысып келеді. Өздеріңізге мәлім, Ел Президенті  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруды тапсырды. Ол жемқорлықтың жолын кесіп, індетке тосқауыл болмақ. Бұл бағытта да тиісті шаралар атқарылуда. Электронды қызмет үлесін арттыруда айтарлықтай нәтиже бар. Ол 40 процентке артып отыр. Қызметкерлер халық көп шоғырланған аймақтарда E-gov электронды үкімет порталы арқылы қызмет алуды насихаттау мақсатында арнайы акциялар  ұйымдастырып, мектеп оқушылары мен жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің қатысуымен құқықтық оқулар өткізді. Бұдан бөлек, қызмет көрсету кезінде кезектілікті болдырмау мақсатында электронды терминалдар орналастырылды. Қазіргі таңда да мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне, шалғайдағы елді мекен тұрғындарына порталмен жұмыс жасау дағдыларын үйрету жұмыстары жалғасын табуда.

– Халықтың мемлекеттiк аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттiк қызметтiң сапасына және қолжетiмдiлiгіне байланысты. Кей тұрғындар белгілі бір мемлекеттік органның қызметіне қанағаттанса, кейде көңілі толмайтын тұстар болады…

– Мұндай жағдайда департамент өз құзыреті шегінде сыртқы бақылау жұмыстарын жүргізеді. Қызметке тексеру және мониторинг мемлекеттік орган нысанында жүзеге асырылады. Өткен жылы департамент тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша 38 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 27 209 заң бұзушылық анықталды және ол 2016 жылмен салыстырғанда 25259-ға  артып отыр. Бұзушылықтардың басым бөлігі қызмет көрсету тәртібін бұзу, стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету, толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсету және қызмет көрсетуден негізсіз бас тартуға байланысты. Деректер ескерусіз қалған жоқ. Заң бұзушылыққа жол берген мемлекеттік органның 37 қызметшісіне тәртіптік жаза қолданылды, 1 лауазымды тұлғаның ісі департамент жанындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

– Ал тексеру нәтижесімен қылмыс белгілері анықталған жағдайда қандай шара қолданылады? Әкімшілік айыппұлдарға қатысты нақты фактілермен де бөліссеңіз.

– Қылмыс белгілері болса, тиісті уәкілетті органға материал жолданады, ал егер әкімшілік белгілер анықталса, мемлекеттік органның бірінші лауазымды тұлғасына әкімшілік хаттама толтырылады. Есепті мерзімде департамент ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 465-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қызмет көрсету мерзімін сақтамағаны үшін 1 лауазымды тұлғаға, осы кодекстің 465-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қызмет көрсету тәртібін бұзғаны үшін 3 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырып, тиісті сот шешімі қабылданды. Қазір сотта қаралған хаттамалар бойынша мемлекет қаржысына өндірілген айыппұл мөлшері – 499 180 теңге.

– Қызмет көрсету тәртібін бұзу, артық құжат талап ету, мемлекеттік орган қызметкерлерінің дөрекі сөйлеу деректері қалай анықталады және қызмет алушы құқығы бұзылған жағдайда қайда шағымдана алады?

– Жоғарыда айтып өткендей, департамент жүргізетін тексеру аясында аталған заң бұзушылықтар анықталып жатады. Оған қоса, агенттік тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың мамыр айынан бастап қазіргі кезеңге дейін үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлескен «Жасырын сатып алушы» жобасы сәтті жүргізілуде. Ол қоғамда орын алып жатқан әкімшілік кедергілерді жоюға көп көмектесуде. Қазіргі таңда аталған жоба нәтижесінде 52 мемлекеттік органда 130-ға жуық заң бұзушылық әшкере болды. Алдағы уақытта да мұндай жобалар өз тиімділігін көрсететініне сенімдіміз. Ал мемлекеттік қызмет алу барысында тұрғындар тарапынан шағым туындайтын болса, департаменттің (kyzylorda.adgspk@kyzmet.gov.kz) сайтына жазба қалдыруына немесе 8 (7242) 70-56-36 сенім телефонына хабарласуына мүмкіндік бар.

– Сіздер мемлекеттік орган қызметкерлерінің тәртіптік, әкімшілік жауапкершілігін қарамастан бұрын алдын алу жұмыстарына қаншалықты мән бересіздер?

– Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік қызметші  өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі керек. Бүгінде департамент тарапынан мемлекеттік орган қызметкерлеріне ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтық актілеріне түсіндірме жұмыстары, құқықтық сабақтар, семинарлар, дөңгелек үстелдер жиі өткізілуде. Былтыр 154 түсіндірме шаралары жүргізілген. Бұл жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан:

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<