Кейде отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, үйдің берекесі сияқты мәңгілік тақырыптарды қаузағанда бір тоқтамға келе алмай жатамыз. Әңгіме әдеттегідей аға ұрпақтың кейінгіге көңіл толмаушылығынан басталып, әркім өз пікірін дәлелдеуге тырысады. «Баланы да тапқанбыз, ата-енені де баққанбыз, өкіметтің жұмысын да істегенбіз» деген үлкендердің уәжіне кейінгілердің жауабы әзір – «Ол кезде жұмыс, үй, балабақша – бәрі дайын болды».
Тіршілік тегершігі бір орында тұрмайтыны аян. Заман өзгерді, жаңа дәуірмен бірге жаңалықтар келді. Мұндайда бұрынғы мен бүгінгінің алтын ортасын тауып, дәстүр мен жаңашылдықты тең ұстаудың маңызы зор. Қазір ақыл айту ең оңай жұмыс болып тұр. Отбасын құру, ажырасу сияқты «нәзік» тақырыптарда оңды-солды сөйлей салсаң, біреудің жанын ауыртып алуың мүмкін. Дала заңының жазылмаған баптарын бұлжытпай орындаған аға буын білген-түйгенін кейінгіге өнеге етіп айтып отырса, айып па?
Отбасы күні қарсаңында С.Майқанова атындағы «Бастаңғы» аналар клубының жетекшісі, 8 баланың анасы, желкілдеп өсіп келе жатқан немере-шөберелердің тілекшісі Шамшырақ Көрпешовамен әңгімелестік.
– «Көп жағдайда жоқшылықтан, жетіспеушіліктен отбасының берекесі кетеді, ажырасуға осы себеп болады» деген пікірге не дейсіз?
– Мен осы шаңыраққа келін болып түскенде 19 жаста едім. Күйеуім 7 ағайынды, бір үйде 17 жанбыз. Ошақтағы үлкен қазанға істелген тамақ кейде жетпей қалады. Бес балалы болғанша ата-ененің қолында тұрдық.
Енем біреудің жалғыз қызы екен, аруағы разы болсын, есімін айтайын, Марал еді. Соғыстан кейінгі жылдары атаммен бас қосқан. Жарының дімкәс анасын баққан. Екі баланы ауру кейуананың қасына қалдырып, біреудің үйін жинап, енді біреудің тамағын істегенін көзкөрген әжелеріміз осы кезге дейін айтып отырады.
Біздің жас кезімізде үкімет ешкімді жұмыссыз қалдырмайтын. «Риссовхозстрой» деген мекемеде іс жүргізуші болып жұмыс істедім. Кейін кассир, бас есепші болып еңбек еттім. Бірақ біз Сырдария ауданының, жұмыс істеп жүрген мекемеміздің тарағанын, тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықты бастан өткердік. Шиеттей бала-шағаны жеткізу үшін қандай қиын жұмыстан да бас тартпадық.
Енді қара, қазіргі уақытты жоқшылық кез деп айтуға бола ма? Еңбек еткен адам ризық-несібесін молынан теріп жүр емес пе? Енемнен естігендерімді, өзіміз жеңген қиындықтарды қыздар мен келіндердің құлағына құюға тырысамын. Заманның бар игілігі – дайын отын-су, бір тетікпен басқарылатын мәшинелер сендерге бұйырған екен, соның қадірін біліңдер деймін.
– Сізге статистикадан бір мысал айтайын. Елімізде әр үшінші отбасы ажырасады. Жалпы некені бұзу туралы шешім бір күнде қабылданбайтын шығар. Мұндайда арасына сызат түскен екі адамды қайта жарастыруға арағайындық жасап, үлкендер жүретін еді…
– Түсініп отырмын сұрағыңды. Ондай міндетті мен де мойныма арқалап барғанмын. Екі жасты табыстыруға тырыстық. Аяғы ауыр келіншектің жағдайын айттық. Бірақ ол үйдің үлкен кісісі қарсы болды. Жастардың арасына отбасының басқа мүшелері түскеніне қынжылдық сонда.
Өз басымнан мысал келтірейін, Аралға құдалыққа барған енем менің қой бағып жүргенімді сыртымнан көріп, баласына қолайлапты. Үйіне демалысқа келген баласы, яғни күйеуіме «осындай қыз көріп келдім, соны аласың» депті. Бір-бірімізді танымаймыз сонда. Бірақ жас болсақ та, мойнымызға жауапкершілік жүктелгенін түсіндік. Екі жақтың, бір-біріміздің, дүниеге келген балалардың алдында жауапты екенімізді естен шығармадық. Қазір бәрі оңай болып кетті. Мұның зардабы ұрпағына тиетінін, екі жаққа кетіскен жандардың баласы жатбауыр болып өсетінін пайымдай алмайтындар көбейді.
– Астатөк той жасау, жастарға пәтерден бастап, майда-шүйдесіне дейін сайлап беру оларды масылдыққа үйреткен жоқ па? Одан қалды дастарханға қоятын барлық тағам, еттің жаймасына дейін дүкенде әзір тұр.
– Дұрыс айтасың, үйретті, бірімізден біріміз қалмаймыз деп қызға жасау дайындаймыз. Несие алып, той жасаймыз. Арадағы алыс-беріске қаншама шығын кетеді. «Алған-бергенде тұрған ештеңе жоқ, жастар бақытты болсын» деп сол жерде екі жақ та тілек айтамыз. Сөзіміз осы болғанмен, ісіміз басқа.
Қазір ақшаға адамның жанынан басқаның бәрі табылады. Кеңестік дефициттің дәуірінде күйеуімізбен ақылдасып, айлықтан ауыстырып, жаңа кілем алсақ та, шкаф алсақ та, балаларға киім алсақ та қуанатынбыз.
Бұрынғыны айта бересіз деп жастар жазғырмасын, кезінде ағайын-туыстың бірінде жиын-той белгіленсе, әр келіннің өз міндеті болатын. Малдың ішек-қарнын тазалауға, бауырсаққа, тәтті-пәттіні даярлауға, дастархан жасауға, ыдыс жууға, шүберек-шаршы таратуға деп жұмысты бөліп алатынбыз. Қазір бәрін адам жалдап жасатады. Бұл келін-кепшіктің бір-бірімен араласуына, танысып-білісуіне, бір-біріне қамқорлық көрсетуіне кедергі ғой. Келіндер қонақпен қонақ болып келеді бір күні.
– Қыз бала үйдегі тәрбиесін өзімен бірге түскен жеріне алып келеді. Өзіңіз де 7 қыз тәрбиелеген анасыз. Қыздарыңызға қандай ақыл айтасыз?
– Тұрмыстағы қыз – сол жақтың адамы. Төркіні – анда-санда бір келіп, аунап-қунап кететін жер. Бұрынғының адамдары төркіншілеп барсақ, «Қашан қайтасың, қарағым, үйіңде ата-енең, жолдасың, бала-шағың бар» деп алдын ала ескертіп қоятын. Сосын бірер күн ғана аялдап, үйге қайтамыз.
Қазір «сені ол үйге құлдыққа берген жоқпын» деп «ақыл айтатындар» бар екен. Бұдан ол қыз барған жеріне тастай батып, судай сіңе ме? Тұңғышым жастай тұрмыс құрды. Балалықпен істеген шалалығын көргенде уайымдайтынмын. Әжесі, енесі үшеулеп ақылымызды айттық. Қазір өзі немере сүйіп отыр. Кейін оның мысалын басқа қыздардың құлағына құюмен болдым.
Қолымда келінім бар. Бір үйдің әжесі тәрбиелеген ерке қызы еді. Аллаға шүкір, біздің үйге тез сіңіп кетті. Ойласып отырады, өз орнын біледі. Өз үйімізде ғана емес, бүкіл әулеттің жиын-тойында қызметін жасаудан жаңылған емес.
– Кейінгі кезде отбасы институты, әйел мен ер адамның міндеті туралы оңды-солды ой айтатындар шықты. Әлеуметтік желіні айтам… Әйел, бала құқын қорғаймыз дейтіндердің қарқыны тіпті қатты. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі отбасы құндылықтарын мансұқтауға шақыратындар да төбе көрсетіп қалып жүр. Әсіредіншілдердің де әйелге, қыз балаға қатысты көзқарасы талайлардың тағдырына әсер етті. Оларға қалай қарсы тұрамыз?
– Иә, қолымыздағы телефонға небір жазбалар келіп жатады. Теріс ағымның жетегіне кеткендердің уағыздары да ұрпақ санасын улайды. Одан қалды, әкімдікке басып кіріп, «үй бермедің, тамақ бермедің» деп айқай салған жап-жас келіншектердің бейнежазбалары жүр. Солардың барлығы жалғызбасты ма өзі? Күйеулері қайда? Үлкендері бар ма? Болса, неге тоқтатпайды? «Мынаны оқыған, көрген көкөрім жастар не болады?» деп уайымдап қаламын. Дәстүрдің де, жаңашылдықтың да жолы, жөні бар.
Мұндайда асыл мен жасықтың парқын білетін кісілер жүрген жерінде айтып отыруы керек. Біреу тыңдар, енді біреу жүре тыңдар. Сонда да насихат жұмыстары тоқтамауы керек. Мен жетекшілік ететін «Бастаңғы» аналар клубы мектептерге барып, тәрбие сағаттарына қатысамыз. Қыздарға ақылымызды айтамыз, ер балаларға Отанның қорғаушылары, отбасының тірегі өздері екенін түсіндіреміз. Қиын балалар тәрбиеленетін мекемеде де болдық. Жүректі ауыртқан көріністерге де куәміз. «Мұндай мінез-құлқы ауыр балалар қайдан шығады?» деп ойлансақ, тағы сол әке-шешесі ішкілікке салынып кеткендердің балалары.
Клубымыздың құрылғанына 30 жылдан асты. Республикалық, облыстық сайыстарға, шараларға қатысып тұрамыз, жүлделеріміз де баршылық. Клуб мүшелері немере-шөбере бағудан бір уақ қолымызды босатып, жиналып, әнімізді шырқап, мәдени шараларға дайындалып жүреміз. Бар тілегіміз балаларымыз бен олардан өрбіген ұрпақтарымыздың үстінде. Солар өсіп-өркендесе, көгеріп-көктесе – біздің бақытымыз. Бұрынғы үлкендер «Жаратқан, осылардың жамандығын көрсетпе» деп тілеп отыратын еді ғой. Сол кісілердің жолымен келеміз.
Отбасы күнін атап өту өте дұрыс бастама болды. Бірақ отбасы құндылықтарына қатысты шаралар біркүндік науқанмен шектелмеуі тиіс. Олай болатын жөні бар. Өйткені адамзат баласының алтын қазығы – отбасы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<