Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып жүрген белсенді депутаттардың бірі – Жұмабек Ембергенов.
№7 сайлау округінен Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған азамат елмен етене еңбек етуде. Аманат арқалаған азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жұмабек Әшімұлы, сұхбатымызды Мемлекет басшысының Сыр өңіріне жасаған сапарынан бастасақ…
– Өзіңіз білетіндей, Президенттің аймаққа бұл жолғы сапары тарихи сапар болды. Атқарылған жұмысты оң бағалаған Мемлекет басшысы облыстың даму қарқыны жоғары екенін айтты. Бұл – ортақ абырой және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының табанды еңбегінің, ел-халықтың бірлесе атқарған жұмысының жемісі. Сондықтан осы қарқынды бәсеңдетпей, өңірдің әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруымыз керек.
– Депутат ретінде қандай өзекті мәселелерді шешуге атсалысып жүрсіз?
– Жетістік ортақ болғаннан кейін өңірдің өзекті мәселелері де ортақ. Әріптестерімізбен бірге облыстық мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссия отырыстарында тұрғындарды өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді шешу мақсатында ұсыныстар енгізіп, оның орындалуына өзіміз де атсалысып келеміз. Мен Сырдария ауданынан сайланғандықтан, аудандағы елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, жаяу жүргіншілер жолын салу секілді мәселелерге басымдық беремін.
– Облысқа өте жақын орналасқан ауданның ең өзекті мәселесі ретінде нені айтар едіңіз?
– Заман дамыған, қоғам жаңарған сайын сұраныс та, талап та артады. Бұл – заңдылық. Ауданда бүгін-ертең шешілмесе болмайтындай аса өзекті мәселе жоқ. Бірақ біз бюджеттің мүмкіндігіне қарай ең бірінші кезекте ауылдарды газдандыруға ерекше мән береміз. Бұл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да бар. Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мысалы, соңғы жылдары Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Н.Ілиясов ауылдары газға қосылды. Жақын күндері Шаған ауылы «көгілдір отынның» игілігін көрмек. Әрі қарай басқа да ауылдарға газ тартылады. Депутаттық сауалдарым мен ұсыныстарымда елді мекендерді газдандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, электр желілерін жаңарту, автомобиль жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, абаттандыру мен көше жарығын орнату секілді мәселелерді шешуге басымдық беріп отырмын.
– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы толығырақ айтсаңыз…
– Сайлауалды бағдарламада сайлау алдындағы халықпен кездесулерде түскен ұсыныс-пікірлер жинақталып, бекітілген. Оның әр тармағына, сапалы әрі уақытылы орындалуына облыстық мәслихаттың фракция мүшелерінің бәрі бірдей жауапты. Сондықтан басқармалардың есебін тыңдаған кезде бірінші кезекте сайлауалды бағдарламаның орындалуын талап етіп, сұраймыз. «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде комиссия мүшелерімен бірге сайлауалды бағдарлама аясында іске асып жатқан нысандарға мониторинг жасап, талдап-таразылаймыз. Үкіметтің ерекше қолдауымен облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,5 есе артты. Мұның бәрі сайлауалды бағдарламаны орындауға негіз болады.
– Халық сайлаған депутат ретінде облысымыздың дамуын қалай бағалайсыз, тұрғындардың пікірі қандай?
– Депутат – халықтың өкілі, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан халықпен етене жақын араласып, пікірлесіп, олардың ұсыныстарын қаперге алуды басты мақсат санаймыз. Сосын қазір атқарылып жатқан жұмыстың бәрі халықтың көз алдында. Бұрын сырттан қонақтар келсе, көрсетіп, таныстыратын көрнекті 3-4 жер ғана бар еді. Ал қазір бір емес, бір апта, тіпті бір ай аралатуға болады. Облыс орталығындағы жұмыстың қарқыны өте жоғары. Аудандарда да нақты істер атқарылуда. Мұның бәрі – аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының жасампаз идеяларының, еңбегінің жемісі. Оны кешегі сапарында Мемлекет басшысы атап өтіп, жоғары бағалады. Сол себепті мен де осы елдің азаматы, тұрғыны ретінде облысымыздың дамуын жоғары бағалаймын.
– Қаншалықты жиі қабылдау өткізесіз?
– Облыстық мәслихатпен келісілген қабылдау кестеміз бар. Бірақ біз елдің ішінде, ауданда тұрғаннан кейін азаматты жоспардан тыс қабылдай береміз. Бұрын қабылдауға талап-тілек айтып келетіндер көп еді. Қазір бірлі-жарым ұсыныстар айтады және үлкен кісілер атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп келіп жатады. Жалпы айтқанда, жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап айына 2-3 рет қабылдау өткіземін.
– Қазір жастар мен жасөспірімдер мәселесі өзекті. Депутат ретінде жастарға арналған қандай жобаларға қолдау көрсетіп жүрсіз?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі жастардың ойлау қабілеті де, арман-мақсаты да бөлек. Жұмыс барысында жастармен жиі кездесемін. Сонда аңғаратыным, жастар цифрлық жүйелерге жіпсіз байланғандай. Оның жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Бірақ біз ұлттық кодымыздан жаңылмауымыз керек. Мемлекет басшысы зияткер ұлт қалыптастырудың төте жолы ретінде кітап оқу мәдениетіне көңіл бөлу қажеттігін үнемі айтып келеді. Сырдария ауданында бірнеше жылдан бері оқушылар арасында «Кітап оқы да кемелден!» атты дәстүрлі байқау ұйымдастырылып келеді. Осындай байқауларға, жақсы жобаларға қолдау көрсетуді азаматтық парызым санаймын.
– Жыл қорытындылануға жақын қалды. Депутаттық корпустың жұмысын қалай бағалайсыз?
– Өңіріміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етілді, республикада алдыңғы қатардамыз. Биыл облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асады. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 1 трлн 600 млрд теңге инвестиция құйылса, осы жылы 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақ. 2025-2028 жылдары құны 2 трлн теңгеден асатын 89 инвестициялық жоба аясында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сыр өңірінде 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынып, тұрғындар игілігіне берілген. Сондай-ақ 1 600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 144 млрд 775 млн теңге бөлінді. Биыл жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 95 пайызға жетеді. Қызылорда қаласында 270 көше қайта жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 83 пайызға жетті. Кейінгі жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Аудандарда алғаш рет 1,5 мыңға жуық жаңа пәтер жерлестерімізге берілді. Биыл 3 600 пәтерлік тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінген.
Елдің ынтымағымен және атқарушы органмен бірлесе атқарылған жұмыстың бәрін бір сұхбатта қамтып өту қиын. Десе де осы көрсеткіштердің өзі жұмыстың жүйелілігін көрсетеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





