Ел не көрсе, газет те соны көрді

6252

0

1929 жылдың 1 шілдесі – Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыға бастаған күні. Тоқсан бес жылдық тарихында мерзімді басылым талай тарихи белестен өтті.

Атаулы күнді Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі Алдажар Әбілов Сыр өңірінің бас басылымына қатысты өзі зерттеген деректерді бөлісті.

– Дөңгеленген дата емес, әрине. Бірақ тоқсан бес жылдық та – басылым өміріндегі айтулы белес. Осы уақыт ішінде басылымның шығуы тоқтап қалған кездер болды ма? Болса, қандай себеппен?

–  Екі ғасырдың куәсі болып, бүгін 95 жылдығын атап өтіп отырған «Сыр бойы» газеті өмірге келген күнінен бастап Сыр өңіріндегі елдің көзі, құлағы Һәм тілі қызметін абыроймен атқарып келе жатқаны әмбеге аян. Басылым өз тарихында талай қиын кездерді бастан кешірді, талай соқтықпалы соқпақтарды басып өтті. Кеңес дәуіріндегі «Қызыл террор», аштық, ұжымдастыру, Отан соғысы, тың игеру, ғарышқа адамның ұшуы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы және тағы басқа оқиғалардың барлығы газеттің шығуына, басылымның мазмұнына ықпал еткені белгілі. Бір сөзбен айтқанда, ел не көрсе «Сыр бойы» газеті де соны көрді.

Газеттің өмірге келуі Қызылорда облысының құрылуымен тікелей байланысты. Бұрынғы Ақмешіт қаласы Қызылорда атанып, қазақ мемлекетінің астанасы болып тұрған тұста біздің өңір алғашында бірнеше уезге бөлінгені, ол уездердің округтерге біріктірілгені, тіпті 1926 жылдарға дейін Қарсақпай болысының да Перовск уезі құрамында болғаны белгілі. Бұған қатысты архив құжаттары талай сырды бүгіп жатыр. Құжаттар біздің аймағымыздың дәл қазіргі территориясында бірден қалыптаса қоймағанын көрсетеді, 1938 жылы өз алдына облыс болып құрылғанша Оңтүстік Қазақстан облысы құрамында болса, бұл кейін де қайталанып, 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында тағы да Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрамында болғаны белгілі. Мұны айтып отырған себебіміз – бұл жайттың біз әңгімелеп отырған «Сыр бойы» газетіне қатыстылығы. Өйткені ол – өз тарихында екі рет облыстық басылым мәртебесінен айырылып, аймақтық басылым мәртебесін екі рет қайтып алған газет.

Міне, осы себептерге байланысты газеттің шығуы бірнеше рет аз уақытқа тоқтап, қайтадан шыққан. Бұл – газеттің жабылып, қайта ашылуы Қызылорданың бірнеше рет облыстық мәртебеден айырылуымен байланысты деген сөз.

– Тоқсан жылдық тұсында «газеттің алғашқы редакторына қатысты дерек нақтылануы тиіс» деген едіңіз. Ертеңгі күні дау тумас үшін мұны тасқа қашағандай етіп қалдыру керек сияқты, қалай ойлайсыз?

– Келісемін. Әлі де сол пікірдемін. Бірақ  осы орайда бұл шаруаны ғалымдар мойнына жүктеп қойып, қарап отыруға болмайды. Біз түрлі мәселелер бойынша пікір алысу кезінде кейбір жайттарға қатысты «неге Қорқыт ата университетінің ғалымдары зерттеу жасамайды?» дегенді естіп қаламыз. Бұл – қате түсінік. Университет ғалымдарының да мектеп мұғалімдері сияқты жылдық оқу жүктемесі бар, көлемі де тура солардікіндей. Ол жүктеме орындалуы керек, бұл – негізгі міндет. Содан соң олардың ғылыми бағыттар бойынша жүргізіп жатқан зерттеулері бар, ғылым жаңалықтарын оқу үдерісіне енгізуі бар. Мен сондайда «неге мектеп мұғалімдері, газет-журнал, телевидение қызметкерлері, архив және музей, кітапханалар мамандары неге ізденбейді, неге зерттеу жасамайды?» деген ойды айтамын. Мұны тек сөз реті келгесін айтып отырмын. Әр сала өзіне қатыстыны өзі зерттеуі керек. Бұл – менің жеке пікірім.

Енді сұраққа қатысты айталық. 1929 жылы ел астанасы Алматыға көшкен кезде Қызылорда округ болып құрылды да, біздің басылым аймақтың ақпарат тынысына айналады. Бұл кезде газет негізінен Кеңес мемлекетінің саясатын, ел жағдайын, коллективтендіру жайын, қызыл отаулар жұмысын, елді сауаттандыру ісі мәселелерін жариялады. Негізгі тірек Мәскеуден шығатын орталық газеттер материалдары мен ел хабарлары болды. Газет кеңес билігінің қатаң бақылауында болғандықтан бұл тұстағы ел жағдайы бұрмаланып көрсетілді. Көбінесе коллективтендірудің қарқынды жүргізіліп жатқаны, бұрынғы жалшы-шаруалардың еңбекке белсене кіріскені айтылғанмен, көзіқарақты азаматтар бұл кезеңнің 1929-1933 жылдардың бүкіл Қазақстан, оның ішінде Қызылорда аймағына да өте ауыр тигенін, жұттан халықтың ауыр зардап шеккенін, шаруалардың көтерілістері көптеген аймақтарда болып, оны кеңес әскерінің қан жоса етіп қырып жібергенін біледі.

Міне, сондықтан біз газеттің бұл тұстағы үлкен қызметі – елді білім алуға, сауаттануға шақыруы, мектептер мен қызыл отаулар, кітапханалар қызметін насихаттау, елдің мәдени-рухани өсуіне атсалысу, үкімет саясатын елге жеткізу, жас қаламгерлердің өсіп-жетілуіне мүмкіндік ашып, халық ақындары мен қазақ ақын-жазушылары шығармаларының бұқараға жетуіне жол ашу деп білеміз. Ал Қызылорда округінің Оңтүстік Қазақстанға қосылуы газет атының өзгеріп, «Ленин туы» атануына, аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің органы болып қалуға әкелді. Газет тарихына қатысты деректерде басылымның 1929 жылы 1 шілдеден жарық көре бастағаны, арада үш жыл өткен соң басылым аты «Ленин туы» болып өзгертілгені, 1938 жылдан бастап 1991 жылға дейін «Ленин жолы» атанғаны көрсетіледі.

Енді алғашқы редактор Жиенғали Тілепбергенов болды дегенге қатысты мәселеге келейік. Алаш ардақтыларының соңғы тұяғы Жиенғали Әділұлы Тілепбергенов (1895, қазіргі Ақтөбе облысы Темір ауданы Қызыл жұлдыз ауылы – 1933, Ақтөбе қаласы) 38 жас жасаған жазушы, драматург алғаш ауыл молдасынан сауатын ашып, одан соң Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқыды. 1915-1918 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған ол осы жылдары шығып тұрған «Садақ» қолжазба журналының Бейімбет Майлиннен кейінгі шығарушысы болды. 1918-1933 жылдары ауыл мұғалімі, Темір ауданы оқу бөлімінің инспекторы, меңгерушісі (1921-1925). 1925-1926 жылдары Ақтөбедегі «Кедей» газеті редакторының орынбасары, редакторы, 1927-1928 жылдары Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінің редакторы, 1928 жылы Қызылорда ағарту институтында оқу-тәрбие жұмысын басқарушы, кейін директоры болды. Ол 1929-1930 жылдары «Сыр бойы» газеті редакторының орынбасары, 1931-1932 жылдары Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы, 1932-1933 жылдары Темір ауданы «Социалды майдан» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. Ол «Айқап», «Қазақ», «Алаш» газеттеріне елден хабарлар жазып, өлеңдерін жариялаған. Жазушының ауыл өмірін суреттеген «Таңбалылар» (1930) повесі жарық көріп, «Перизат – Рамазан» (1928), «Тілші» (1928) атты пьесалары сахнада қойылған. Әңгімелер мен фельетондар жинағы «Ізбасар» деген атпен 1969 жылы жеке кітап болып басылды. Көріп отырғанымыздай, оның сүбелі шығармалары Сыр топырағында өмірге келген болатын. Оның Ахмет Жұбановтың музыка өнеріне келуіне бағыт беруі, Қызылордада ауыруы, елінде партия комитеті қызметкерлерінің бақылауында болуы, партия билетін лақтыруы және тағы сол сияқты жағдайлар өз алдына бөлек әңгіме.

Бізді ойландыратыны – Жиенғали Тілепбергеновтің «Сыр бойы» газетінің редакторы емес, редактордың орынбасары болғандығы. Барлық құжаттар осылай көрсетеді. Міне, бұл тұста да әлі анықтауды, зерттеуді қажет ететін жайттардың мол екені байқалады. Біз көрген деректерде Жиенғали Тілепбергенов газетке редактор үшін деп қол қойған. Дегенмен, газеттің шығуына оның мол үлес қосқаны анық. Сыр өңірі журналистикасының қалыптасуына, газеттің дамуына үлкен үлес қосқан Жиенғали Тілепбергенов жөнінде «Менің «Сыр бойы» газетіне мақала жаза бастауыма осы кісінің өзі себеп болды» деп жазады марқұм Сейіткамал Усабаев 1929 жылдары газетке шыққан мақалалары мен көтерген мәселелері туралы әңгімелегенде. Енді мұның өзі газет тарихының әлі де зерттелетін тұстары бар екенін көрсетеді. Газеттің тұңғыш редакторы, алғашқы редакция құрамы дегенді анықтау, нақтылау, ғылыми айналымға, өлке тарихына қатысты кезек күттірмес шаруа деп білемін.

– Тоталитарлық жүйенің тоқпағынан құтылған ақпарат құралы жоқ-ау, сірә. Ғасырға жуық уақытта төрт рет атауы ауысқан, «облыстық» мәртебесінен екі рет айырылып, қайтарып алған басылым қандай соқпақтардан өтті?

– «Ел не көрсе, газет те соны көрді» дегенді жоғарыда айтып өттік. Газет елмен бірге қиналды, елмен бірге дамыды, елмен бірге небір соқтықпалы соқпақтардан өтті. Газеттің тарихы басылымның небір қиын күндерді басынан кешіргенін көрсетеді. 1937-1938 жылдардағы «Қызыл террор» да газетті айналып өткен жоқ. Республикалық басылымдардан бастап, аудандық газеттерге дейін қызметкерлер үрей құрсауында күн кешті. Біздің қолымыздағы фотоқұжаттар 1937 жылдары журналистердің де көптеп ұсталып, репрессияға ұшырағанын көрсетеді. Басқасын айтпағанда, бір ғана мысал келтіре өтсек, газет қызметкері болмаса да, «Сыр бойы» («Ленин туы»), «Социалды Қазақстан» газеттеріне мақалалары мен өлеңдері жиі жарияланып тұрған қармақшылық жас жігіт Әлімбай Әлиасқаров 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, 25 жылға сотталып, Қиыр Шығысқа, Колымаға айдалған еді. Әлекең алтын кенінде айдауда жүріп, бір күні Отан соғысының басталып кеткенін естіп, қайта-қайта арызданып жүріп, соғысқа аттанғанын, соғыстан аман-есен елге оралғанын, ауыл тілшісі боламын деп, 5 жыл түрме дәмін татқанын әңгімелеген еді бірде. Басқа да біз кездескен қарт журналистердің естеліктері де аталған жайтты дәйектей түседі.

«Сыр бойы» газетіне және Ж.Тілепбергеновке, Н.Мұратбаевқа қатысты құжаттар басылымның үнемі бақылауда болғанын көрсетеді. Ж.Тілепбергенов ауырып жатқанда оның төсегінің жанында үнемі партия қызметкері күзетшілікте отырғаны, Н.Мұратбаевтың жары Жәмиланың естелігінде: «…1935-1937 жылдары қорқынышпен күн кештік. Нұрекең қызметінен кештеу келе бізден: «Мені іздеп ешкім келген жоқ па?» деп сұрайтын. Біз: «Кім келу керек еді?» десек, «НКВД адамдары» дейтін. Асығыс тамағын іше салып, түннің бір уағына дейін қағаздарын ақтарыстырып, кейбірін отқа жағып отыратын» деуі, округтік партия қызметкерлерінен газет қызметкерлерін тексеруге «үштік» құрылғанын, «Сыр бойы» газеті қызметкерлерін тексеретін «үштік» Хасанов, Лаврин, Касьяненколар басылымның басшы қызметкерлері Батырғали Калюков, Жиенғали Тілепбергенов, кеңсе меңгерушісі Датқабай Баймұхамедов, әдеби қызметкер Әбдірахмен Мұстафин, жауапты хатшы Мұхамедали Байдуллиндерді тексеріп, «қызметіне жарайды» деп мінездеме беруі, 1937 жылы «Ленин туы» газетінің редакторы Қайыпназар Қауымбаевтың партия қатарынан шығарылып, «халық жауы» ретінде сотталуы сол сұрғылт күндердің сұрқия саясатын дәлелдері хақ.

Міне, «Сыр бойы» газеті осындай зобалаңдарды басынан өткерді, жағдайдың қиындығына қарамастан өз міндетін абыроймен атқарды. Енді газеттің 1938 жылы қайтадан облыстық басылым мәртебесін алуы дегенге келейік. 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан үш облыс – Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары құрылды. Міне, осы кезде бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде қызмет атқарып жүрген Н.Мұратбаев Қызылорда обкомына үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберіледі. Бұл туралы журналист-жазушылар Т.Майлыбайұлы,  А.Нұрекеев, С.Усабаев және т.б. естеліктерінде бір кезде Ж.Аймауытов, Н.Төреқұлов, І.Қабылов, Ғ.Тоғжанов сынды Алаш зиялыларымен қызметтес болған Н.Мұратбаевтың өздерін «Сыр бойы» газетінен қызметке шақырып, 6 ай екі басылымға да – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттеріне редактор орнына қол қойып отырғаны, яки осы екі басылымның жауапты шығарушысы болғаны, ауыл-село тілшілерін облыстық екі газетке тартып, журналистер тәрбиелеудегі ұшан-теңіз еңбегі, Мырзахмет Сәтбаевтың ол кезде редактордың орынбасары болғаны, тек жоғары органдар бекіткен соң ғана оның редактор ретінде газетке қол қоя бастағаны айтылады.  Бұл тұста газетте бұрыннан бұл салаға қатысты тәжірибесі бар Сейіткамал Усабаев, Әбсадық Жанұзақов, Ізбасқан Ыбыраев, Мәлік Қарақұлов, Ахметжан Нұрекеев, Жақсыбай Құлымбетов, Бөлебай Әлменов және қызметкер жетіспегендіктен ауыл-село тілшілері Сәрсенбай Қошқаров, Құлмағанбет Шоматовтар қызмет атқарған еді.

Сол тұстағы саясат салқынынан қызметкерлердің жиі ауысуы газет жұмысына көп кедергі келтірген. Төңірегі бір-екі жылдың ішінде біраз қызметкер еңбек етіп, басқа қызметке немесе басқа өңірлерге ауыстырылып отырғанына құжаттар дәлел. Бұл тек 1939 жылдың екінші жартысына қарай бәсеңсиді, бұған себеп – сол тұстағы халықаралық жағдай, Хасан көлі, Халкин-Гол маңындағы шайқастар, Фин соғысы болуы керек деп топшылаймыз.

1939 жылдың екінші жартысында газетке редакторлыққа Тойбазар Елемесов тағайындалады. Қарт журналистер естеліктерінде оның өте іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы болғанын айтады. Газеттегі материалдар сапасы жақсарып, басылым ел құрметіне бөленеді. Бұл тұста басылым беттерінен қорғаныс жұмысы, әскери оқу, әскери ұшқыштар даярлау, Кеңес жауынгерлерінің ерліктері сынды материалдар, мақала, очерк, фотосуреттерді көп кездестіреміз. Газет ел тынысын, еңбек жетістіктерін, кеңес үкіметі саясатын, аудандар, облыс, республика, одақ жаңалықтарын жариялаумен қатар, халықаралық жағдай туралы арнайы айдар, жалқаулар, жемқорлар және тағы басқа социалистік құрылысқа кедергі келтірушілерді сын найзасымен түйреген сын-сықақ бетін ашқан. Бұл өз кезегінде Сыр өңірінен фельетоншылардың, сықақшылардың, сатириктердің өсіп шығуына жол ашты. Сонымен қатар, газет бұл кезеңде тек облыс көлеміндегі қаламгерлер шығармашылығын ғана елге жеткізіп қойған жоқ, басылым республикаға, Одаққа белгілі қаламгерлермен қатар, өзге облыстағы қалам қайраткерлері, халық ақындары туындыларын да жариялап отырды. Жамбылдың, Н.Байғаниннің өлең-жырларының, Ұлы Отан соғысында құрбан болған қазақтың аяулы ақыны Абдолла Жұмағалиев шығармаларының газет беттерінен жиі көрінуі – осының дәлелі.

Бұл айтылғандар қандай қиын күндер болмасын, редакция басына қаншама рет кеңестің жазалау бұлты үйірілмесін, газет қызметкерлерінің өз  ісіне адал болғанын, газетті шығару үшін өздерін құрбан етуге де дайын болғанын көрсетеді.

– Баяғыда басылымның рөлі басым болғаны рас. «Сыр бойындағы» жазбасы үшін басы дауға қалған, таяқ жеген қандай жағдайларды білесіз?

– Бұл сауалға қатысты аз да болса жоғарыда айтылып өтті. Дегенмен, менің білуімде газеттегі жарияланған материалдары үшін сөгіс алмаған, таяқ жемеген қызметкер саусақпен санаулы ғана. Оның қайсыбірін тізбелеп жатарсың. Бұл газет қызметкерлерінің қай кезде де шындықты айта алғанын, ақиқат ауылынан алыстамағанын көрсетеді.

– Газеттің алтын дәуірі деп қай аралықты айтар едіңіз? Бұрынғы мен бүгінгінің салмағын бағамдап берсеңіз…

– Газет қай кезде де өз биігінен түскен жоқ. Мәселен, сонау 1939-1942 жылдар аралығын қарап көрелік. 1942 жылға дейінгі шығарылымдарда «Сыр бойы» газетінің халық өнері мен көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлгені көрінеді. Газеттің әр санында өлең немесе қысқа әңгіме кездеседі, ал сын-сықақсыз газет шықпаған сияқты әсер қалдырады. Мәселен, 1941 жылғы 1 қаңтардағы газеттің №1 (815) санында Әлібек Бәйкеновтің «Жаңа жыл» атты өлеңі бірінші бетте жарияланса, 3-бет тұтасымен әдебиетке арналып, «Көркем әдебиет – шындық тұрмыстың айнасы» деген айдармен ашылып, Т.Үркімбаевтың «Мол табыстың жылы етелік», Меңдияр Киікбаевтың «Бал туралы баллада», Сейтбек Ділмағанбетовтің «Шын сұлу», Тілеген Шорашевтың «Сәлем», Мәжит Айтбаевтың «Айлы түнде», «Бір жаз сұлу аттанды», Сәбит Шүкіровтің «Осылар саған тарту, жаңа жылым», Қалас Сәрсенбаевтың «Нұрлы заман», Айтбай Дүйсенбаевтың «Құрметті қонақ туралы» өлеңдері, Сұлтан Қожаниязовтың «Отан сақшысы» атты шағын әңгімесі жарияланған. Осы нөмірде Қарағандыдағы 18-бис шахтасының бригадирі Иса Сәдуақасовтың «Елу тоннашылар қатарын көбейтейік» атты мақаласы да біздің жоғарыдағы пікірімізді дәйектей түседі.

Газет сол тұстағы үкімет саясаты мен аса маңызды оқиғаларды да халыққа дер кезінде жеткізіп отырған. Осы нөмірде жарияланған Қазақ ССР Оқу халық комиссары М.Әбдіхалықовтың «Сауатсыздықты толық жоямыз» атты мақаласы, Дүйсебек деген атпен қол қоюшының «Жаңа әліпбиді үйренейік» атты мақалалары, күріш өнімін молайту, агротехника мәселелері туралы мақалалар жоғарыдағы ойымызды тиянақтай түседі.

Газеттің 1941 жылғы 2 қаңтардағы №2 (816) санында Әлібай Мырзахметовтің «Бір жылдық туралы» туындысының, №9 (823) санында Ә.Оңалбаевтың «Шөлдегі дария» поэмасының, №39 (853) санында Қ.Баймағанбетовтің «Тас жарған шындық» поэмасының,  С.Ділмағанбетовтің «Болат тұлпар» өлеңі, М.Киікбаевтың «Тұрмыс тұлпарында» шығармаларының, №51 (865) санында Ә.Оңалбаевтың «Екі досқа», Ә.Бәйкеновтің «Заңның қуатымен», М.Киікбаевтың «Біз сайлаймыз» атты өлеңдерінің жариялануы, 28 ақпанда бір беттің түгелдей Жамбыл шығармашылығына арналуы да газет деңгейін танытқандай. 

Басылым 1941 жылғы 9 қаңтарға дейін түгел латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуымен жарияланса, осы күнгі №7 (821) санда атауы ғана кириллица негізіндегі қазақ жазуына көшкен. Бұл тұста 8000 данамен шығып тұрған. 1941 жылғы 31 қаңтардан бастап материалдардың басым бөлігі Отан қорғау, әскери дайындық, әскери өмір, Ворошилов атқыштары, халықаралық жағдай мәселелеріне арналады. «Информбюродан», «Халықаралық жағдай» айдарлары газеттің барлық санынан көрінеді, тіпті Одақтың әр түкпіріндегі әскери борышын өтеушілер, әскери зауыттағылар туралы фотохабарлар да көп. «Жауынгерлік эпизодтар» деп аталатын айдарда кеңес әскерінің түрлі жаттығу сәттері, ұшақтар дайындығы және т.с.с. фотоақпарат түрінде берілген. Газет 1941 жылдың 10 тамызына дейін латын және кириллица негізіндегі қазақ жазуының аралас қолданысы жағдайында жарық көрсе, 1941 жылдың 10 тамызынан бастап түгелдей кириллицаға көшіп кеткен. Бұл «Сыр бойы» газетінің тәжірибе жинау кезеңі болғанына қарамастан басылым өз міндетін абыроймен атқарды, елмен бірге болды, халықтың жоқшысы, тілі, құлағы Һәм көзі болды. Тіпті ел өміріндегі аса маңызды оқиғаларға айрықша көңіл бөлген. Мәселен, солардың бірі «Шіркейлі» каналының қазылуы 1941 жылдың көктемінде басталды. Канал Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы аудандарының егістігіне су беруі керек еді, сондықтан бұл істі бүкіл облыс болып қолға алған. Канал қазу жұмысы үш учаскеге бөлініп, оған обкомның қызметкері Жаңабай Дүйсенов басшылық жасады. Міне, осы кезде құрылысшыларға арнап «Ленин жолы» газетінің көп тиражды «Су үшін күрес» атты қосымшасы шығып тұрады. Бұл қосымшада бар болғаны үш қызметкер жұмыс істеді. «Ленин жолы» газетінің редакторы Тойбазар Елемесов қосымшаға да редакторлық етеді, ал материалдар дайындау Меңдияр Киікбаев пен Ахметжан Нұрекеевтің еншісінде болады. Жер қазатын техника жоқ кезде елдің осы каналды қолмен қазып шыққан ерлік ісі сол тұста облыстық газетте де, оның қосымшасында да толық баян етіледі. Міне, көріп отырғанымыздай, бүгін 95 жылдығын атап өтіп отырған «Сыр бойы» газеті талай кезеңдерді бастан кешірді. Өз дамуының алғашқы сатыларында-ақ негізгі бағытынан, ұстанымынан айнымаған басылым бүгінгі таңда да сол дәстүрді сақтап, даму үстінде.

«Газет дамуындағы алтын дәуір» деген ұғым артықтау болар, бірақ басылым дамуын кезеңдерге бөле салыстыра қарағанда 1960-1990 жылдар аралығы ерекше көзге түседі. Бұл – басылымның ерекше дамыған, өте маңызды мәселелерді көтерген әдеби шығармаларды оқырмандарға таныстырып, өмірдегі келеңсіздіктерді сынаған, жақсы, озат тәжірибелерді үнемі насихаттауға қол жеткізген, ел мен әлем жаңалықтарын, мәдени және спорттық жетістіктерді  қалың оқырманға дер кезінде жеткізген кезеңі.

«Қазір сондағы кейбір тәжірибелерді пайдаланып көрсе қайтеді?» деген де ой бар менде. Мәселен, газет арқылы айтыс ұйымдастыруға болады. Қазіргі айтыс өнерінің дамуында газетте жарияланып отыратын аудандар арасындағы айтыстың үлкен рөл атқарғаны анық. Осыған қоса студенттер арасында, оқушылар арасында айтыс ұйымдастырып, оны газет бетінде жариялап отырса, мұның жақсы нәтиже берері анық. Бұдан да басқа газетке қатысты ойлар бар, алайда оның барлығын бір сұхбатқа сыйғыза алмасымыз анық. Жалпы «Сыр бойы» газеті уақыт талабына сай қызмет атқарып келе жатқан басылым деген пікірдемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<