Ел сенімінің жүгі ауыр – Бақдәулет МАХАШОВ

5

0

Депутат – қоғамдағы өзекті мәселелерді терең түсініп, шешім табуға атсалысатын, әрбір тұрғынның тағдырына бейжай қарамайтын тұлға. Осындай абыройлы міндеттің жүгін арқалап жүрген азаматтардың бірі – облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, партия жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Бақдәулет Махашовпен сұхбаттасқан едік.

– Бақдәулет Еркінбекұлы, мәслихат депутаты болу – жауапты әрі күрделі міндет. Халықтың мәселесін жеткізетін өкіл ретінде сіздің жұмысыңыздың маңыздылығы неде?

– Расында, өкілді органдар – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қана қоймай, оның шешім табуына ықпал ететін сенімді көпір. Мәслихат – сол көпірдің негізгі тұғыры. Ал халық пен билік арасындағы алтын арқау болу – бізге артылған үлкен жауапкершілік. Сол себепті тұрғындармен тұрақты кездесіп, әрбір мәселені мұқият тыңдау, мүмкіндігінше мәселенің түйінін тарқату – депутаттық міндет қана емес, меніңше, адамгершілік парыз. Маңыздылығы да осында деп білемін.

– Сіздің бірнеше шақырылымда қа­тарынан депутат болуыңыз – халық сенімінің белгісі. Осы тәжірибеңіз жұмысыңызға қандай артықшылық береді?

– Бұл – ең алдымен, өңірдің тыныс-тіршілігін, әлеуметтік мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік берді. Халықтың сұранысы, мұқтажы, қалауы уақыт өткен сайын өзгеруде. Сол өзгерісті сезіну үшін үнемі байланыста болу керек. Халық сенім білдіріп алдыңа келсе, оның мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Қажет жерде өзім араласып, мәселенің ортасында жүремін. Мұның барлығы жұмысымның басты қағидаларының біріне айналды.

– Президент Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейту туралы айтылды. Бұл сіздердің жұмыстарыңызға қалай әсер етуде?

– Бұл – біздің қызметімізге қойылған жоғары талап әрі зор сенім. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту ең бірінші кезекте жергілікті деңгейдегі тиімді жұмысқа байланысты. Сондықтан әр мәселенің нақты шешімін табу үшін бізге де белсенділік, жүйелілік қажет.

– Қоғамдық қабылдау туралы да айта кетсеңіз…

– Тек биылдың өзінде бірнеше жеке қабылдау өткізіп, 25 тұрғынның мәселесі қаралды. Барлығы оң шешімін тапты. Депутаттық мандат алған уақыттан бері 100-ден аса азаматтың өтінішін назарға алып, тиісті ұсыныстар енгізілді. Көтерілген жүйелі мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолданды.

– Қазіргі уақытта халық қандай мәселелермен жиі жүгінеді?

– Кейінгі кезде тұрғындар көбіне жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға қатысты өтініштер білдіреді.

Бұл – халықтың еңбекке деген ынтасының артқанын көрсетеді. «Балық берме, қармақ бер» қағидасы бүгінде өз нәтижесін көрсетіп отыр. Көпшілік жәрдем күтуден гөрі, еңбектенуге ниетті.

– Аймақтық кеңестің төрағасы ретінде де бірқатар бастаманы жүзеге асырып жүргеніңіз белгілі. Соларға тоқталсаңыз…

– «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіптік білім беру ұйымдарының жағдайымен танысып, материалдық-техникалық базасының жаңаруы бақылауға алынды. «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы да  назарымызда. Ауыл халқының табысын арттыру үшін кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізу жүйесін жетілдіруге атсалысып келеміз. Сонымен бірге еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының облыста тиімді жүзеге асырылуын бақылау, ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу – күн тәртібінен түспейтін жұмыстар.

– Депутат қана емес, кәсіпкер ретінде де өңірге үлес қосып жүргеніңізді білеміз…

– Иә, бірнеше ауданға өндірістік серпін беруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуға өз үлесімді қосып келемін. Бұл да – аймақтың экономикасын нығайтуға бағытталған ортақ іс.

– Халықтың сенімін ақтау дегенді қалай түсінесіз?

– Депутаттық мандат – мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Көпжылдық тәжірибе, елдің мәселелерін білу және оларды шешуге деген шынайы ниет  – жұмыстың нәтижелі болуына негіз. Ең бастысы – халықтың сенімін ақтау. Бұл – азамат ретінде де, халық қалаулысы ретінде де ұстанатын ең басты қағидам.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»