Елдің аманатын арқалау және орындау – өте жауапты іс. Абай ғұлама айтқандай, ол үшін адамға алдымен, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қажет. Қолға алған ісін нәтижеге жеткізу жолында жауапкершілік пен табандылық болуы тиіс. Осындай аманат жүгін арқалаған «Ақжол» партиясының өкілі, облыстық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Боранбаевпен әңгімелескен едік.
– Қайрат Жомартұлы, жалпы депутаттың міндеті және оның қоғамға ықпалы қандай болуы керек деп білесіз?
– Депутат – қарапайым тілмен айтқанда, сайлаушылардың сауалдары мен ұсыныстарын билікке жеткізетін өкіл. Айта кетейік, қазір облыстық мәслихат құрамында төрт партия өкілдері бар. Олардың әрқайсысының сайлау алдында қабылдаған бағдарламасы бар, соны жүзеге асыруы тиіс. Алайда қандай да бір мәселені көтерген жағдайда депутаттардың дауысы жеткіліксіз болса, шешімін табуы қиын.
Сондықтан барлық мәселеде депутаттардың басым көпшілігінің қолдауы маңызды.
Сөзіміздің бір мысалы, облыста «бөлшек салық» (розничный налог) көлемін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетуге қол жеткізгеніміз жергілікті кәсіпкерлерге едәуір қолдау болды деп ойлаймын. Түсіндіріп айта кетсек, кәсіпкер компания кірісіне салынатын салықты белгіленген мөлшер бойынша төлейді. Оның ішінде, салық шегерімін қолданбайтын жеке тұлғалар мен компанияларға тауарлар мен қызметтер сатудан түскен табыстардан 4 пайыз (салық шегерімін қолданатын заңды тұлғаларға сатудан түскен табыстардан 8 пайыз) салық ұсталады. Дегенмен оған мәслихаттар шешімімен өзгеріс енгізіп, салық мөлшерін екі есеге дейін төмендетуге мүмкіндігі бар.
Осылайша, яғни салықты төмендету арқылы жергілікті билік өз аймағындағы белгілі бір бизнес салаларын дамытуды ынталандырады.
Бір жылдары Жаңақорған ауданына қарасты «Бесарық» ауылында аяқсу мәселесі өзекті болатын. Оны жүзеге асыруға қыруар қаражат керек. Алайда азық-түлік бағасы күннен-күнге қымбаттап бара жатқан бүгінгі жағдайда тұрғындардың бау-бақша егіп, отбасын қамтамасыз етуі үшін қалайда аяқсу жеткізіп беру қажет. Бұған байланысты «Ақжол» партиясы атынан сайланған Парламент депутаттары республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал етіп, аталған мәселе толық шешімін тапқан еді.
Жасыратыны жоқ, шалғай елді мекендерде жол, жарық, суға қатысты мәселелер әлі де бар.
Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан салық, несие, коммуналдық төлемдер тарифіне қатысты сауалдар жиі алдымыздан шығады. Соның бір мысалы, Жаңақорған ауданына қарасты «Сүттіқұдық» ауыл тұрғындары бірінші кезекте көшелерді жарықтандыру мәселесін ұсынған болатын.
Депутаттар қолдауымен мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар, өңірдің спорт саласына қатысты өзекті мәселелер туындағанда, әр ауданнан бір-бір штат ашып, шешімін табуына қолдау көрсеттік.
Бұл да – жас ұрпақ тәрбиесі үшін өте қажетті шешімнің бірі.
Тағы бір жайт, ауданда өзекті, бірақ аудандық деңгейде шешілмейтін мәселелер бар. Біз өз тарапымыздан бұл мәселелерді облыс деңгейінде көтеріп, одан әрі қарай тиісті орындарға жолдап, шешілуіне ықпал етеміз.
Оған бір мысал айта кетейін, Шиелі ауданының ауылдары республикалық (халықаралық) трассаның екі жағында орналасқан. Енді мәселе неден туындап отыр? Бір ауыл тұрғындары келесі ауылға барғанда трасса арқылы небәрі 50-100 метрдей жүріп, бұрылады, сол үшін ақы төлеуі тиіс. Шындығында, бұл мәселе өте өзекті. Дегенмен, аудан, облыс деңгейінде шешілмейді.
Сондықтан депутаттық фракция арқылы республикалық деңгейде көтеруге тура келеді.
– «Халықпен жиі кездесемін» дедіңіз. Жалпы қазір халықтың әлеуметтік әл-ахуалы қандай?
– Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы деп жалған айта алмаймын. Кездесулерде байқағанымыздай, әр адамның басында бір емес, бірнеше несие. Оны төлеуге жағдайы келмей, сотқа жауап беріп жүргендер қаншама? Егер жағдайы жақсы болса, ол адам несие ала ма? Біріншіден, көп адам несиені баспана үшін алады. Одан кейін баласын оқытуға, денсаулығына байланысты алуы мүмкін. Осы ретте денсаулық, білім саласында көптеген мәселе бар екенін айтуға тура келеді. Мысалы, тұрғындар көбіне емханалардың қызметіне мұқтаж болып жатады.
Өйткені мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде айлап-жылдап кезек күтуге тура келеді, ал ақылы қызмет көрсететін жеке клиникалар жетіп-артылады.
МӘМС-тің айналасында да біраз мәселе бар. Сол сияқты, білім саласында баланы оқыту үшін бірінші сыныптан бастап ақылы түрде репетитор қызметі бар.
Сонда мұғалімнің жауапкершілігі қайда қалды? Мемлекет не үшін арнайы грант бөліп, мұғалімдерді дайындап отыр? Міне, осындай мәселелер де халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер етеді.
– Облыстық мәслихат депутаттығына «Ақжол» партиясының атынан сайландыңыз. Бір кездері бұл партияның «атынан ат үркетін» еді. Қоғамдық ұйымның қазіргі ұстанымы қандай?
– Иә, шындығында, бұрын бұл партия өкілдері халық жиналған орталарға бара алмайтын. Клубтардың есігінен кіргізбейтін.
Ал қазір заман өзгерді, соған сәйкес биліктің беті бері қарап, халықтың көзқарасы да қалыптасты. Сандық технология дендеп еніп, ақпарат алмасудың мүмкіндігі артты. Қазір халықтан ештеңе жасыра алмайсың, әлем жаңалығы алақанда тұр. Дегенмен сол ақпараттарды пайдаланғанда ақ-қарасын айырып, әрбір адам өз талғамына сай таразылай білуі қажет деп ойлаймын.
«Ақжол» партиясының ұстанымына келсек, елді көшеге шақырмайды. Конструктивті көзқараста. Халықтың игілігі үшін қандай мәселе болсын, билікпен ашық қарым-қатынаста, бірлесе шешуді құптайды.
Қарап отырсаңыз, қазір біздің өңірде құрылыс өте қарқынды жүріп жатыр. Елдің тарихын түгендеп, жас ұрпақтың білімін, мәдениетін, рухын көтеруде көптеген орталық ашылып, халыққа қызмет етуде. Сондай-ақ жол мәселесі де еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, алдыңғы қатарда. Өздеріңіз білесіздер, бұл жұмыстарды атқаруда қаншама қаржы жұмсалды. Ал осындай жобаларды қорғап шығып, республикалық бюджеттен қаржы алу оңай емес. Оған білімділікпен қатар табандылық та қажет.
Біз – депутаттар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды барынша қолдай білуіміз керек. Қазақтың сөзі бар ғой, «Өзің бол, бола алмасаң, болатын ердің қосын жек» деген.
Міне, сондықтан бір-бірімізге кедергі келтірмей, қолға алынған іске қолдау танытқанымыз дұрыс деп ойлаймын.
Өзіңіз білесіз, кезекті немесе кезектен тыс сессияның алдында міндетті түрде тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтеді. Осы отырыста күн тәртібіне ұсынылған мәселелер жан-жақты талқыланады. Депутаттар өзара келіспей қалатын кездері де болып тұрады.
Бірақ әр партия өкілі өз позициясын алға тартып, айтысып-тартысып отырса, жұмыс жүрмейді. Барлық мәселеге байыппен қарап, өз кезегімен, бірлесе, келісе отырып шешкенде ғана нәтиже болады.
– Президент қоғамдағы ашықтықты талап етіп, билік пен халық арасында сенім қалыптастыру жайында үнемі айтып келеді. Сіздің ойыңызша, ашықтықтың біздегі көрінісі қандай?
– Қай кезеңде де қоғамның басты қажеттілігін уақыт өзі елеп-екшеп, алға шығарып отырады. Бір ғана мысал, осыдан бірер жыл бұрын облыс әкімдігі ғимаратында қоршау болатын. Ал қазір қоршау алынған. Бұл да жергілікті биліктің халыққа жақындай түсуінің бір көрінісі деп ойлаймын.
Жоғарыда айтып өттік, әріге бармай-ақ, кейінгі екі-үш жылды салыстырғанда облыста қаншама құрылыстар салынды?! Оның ішінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, мәдени орталықтар бар. Осының бәрі елдің игілігі, жас ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылып жатыр. Әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер бар, әрине.
Бірақ әр нәрсеге байыппен қарап, барымызды бағалай білген де жөн.
Осы орайда айта кетейін, облыс әкімі депутаттар, қай партия тарапынан болсын қандай мәселе көтерілсе де, назарынан тыс қалдырмай, ұсыныстарды таразылай отырып, өз кезегінде шешімін табуына қолдау танытып келеді.
– Қазір қоғамда қандай мәселе өзекті? Халық қалаулысы ретінде сізді қандай мәселе алаңдатады?
– Осы күні мені қатты алаңдататыны – жастарды әскерге көшеден ұстап әкету фактілері. Қолын қайырып, күштеп әкетіп, «еліңді қорға» дегенді қалай түсінуге болады? Одан қандай қорғаушы шығады? Бұл жерде патриоттық сезімнің жұрнағы да жоқ. Біз, яғни барлық деңгейдегі депутаттар бұл мәселемен айналысып, шешу жолын табуымыз керек.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






