Қазақстан елордасы, Ақордасы, Елтаңбасы, көк байрағы бар, әр ұланы Әнұранын жатқа айтатын қуатты ел болып қалыптасты. 1992 жылдың 4 маусымы – тарихи күн. Бұл күні Қазақстан Республикасының Туы мен Елтаңбасы бекітілді. Мемлекеттік рәміздерден қазақтың еркіндігін, болмысын, тарихын, мәдениетін білуге болады. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен ұлттық нышанның жасалу идеясы, насихатталуы туралы шағын сұхбат құрдық.
– Жандарбек аға, мектепке барған балаға алдымен мемлекеттік рәміздер таныстырылады. Сондықтан бүгінгі буын елтаңбада не бейнеленгенін жақсы біледі деп ойлаймын. Елтаңбаны жасау идеясы қалай келді?
– Әңгіме сол Елтаңбада не бейнеленгенін елдің бәрі білмейтінінде болып тұр ғой. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқыдың. Соның ішінде әр кейіпкердің өзіндік образы, тарихы бар. Елтаңба да кітап сияқты. Біздің кезімізде «қазақтың тарихы, мәдениеті, дәстүрі болмаған» деген пікір көп айтылды. Ал мен Елтаңбаны жасау арқылы «Жоқ, қазағымның тарихы бар. Мәдениеті мен дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан» деп айтқым келді. Сондықтан бұл намыстан туды деп айтуға да болады.
Жобаны жасарда киіз үйді негізге алдым. Киіз үй деген – отау. Егемендік алып, Кеңес үкіметінен бөлініп шығып, қазақтың түсінігі бойынша отау тіктік. Енді сол отауды қорғау керек. Қалай қорғаймыз? Тарихпен, мәдениетімізбен қорғаймыз. Елтаңбада бізідің заманымыздан бұрынғы 4-5-мыңжылдықта пайда болған киіз үй, сақ дәуірінен бастап, ғұн дәуірі, түрік қағанаты, оғыз-қыпшақ дәуірі, одан кейін біріккен заман, Кеңес үкіметі кезінде көп ұлт болып қалыптастық, соның бәрі бейнеленген. 1923 жылы Ордабасыда үш жүздің басы қосылып, жоңғарларға қарсы шықты. Оны «біріккен заман» деп айтамыз. Жұдырықтай жұмылғанда ғана жауларымызды жеңдік. Елтаңбада үлкен, ортаншы, кіші деп аталатын үш қауырсын бар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі үш жүздің баласының ұрпағы ғой. Жоғарғы жақта үлкен, ортаншы, кіші буынның арасында кірме буындар бар. Сол арқылы үш жүзге кірмейтін қожа, сунақ, төлеңгіттер бейнеленген. Бәрібір олар қазақтар. Соның барлығы омыртқа секілді элементке біріктірілген. Содан кейін тұлпарға отырғызылады. Тұлпардың мүйізінде жеті сақина бар. Ол жеті атамызды, тектілігімізді білдіреді. Мүйіздің өзі біздің Отанымызды, шаңырақты қорғап тұрмай ма? Көбісі босағадағы желбауды түсіне бермейді. Желбаудың не екенін білесің бе?
– Киіз үйдің бауы ғой…
– Иә, желбау киіз үйдің шаңырағына байланып, төмен түсіп тұрады. Қатты жел соққанда үйді ұшырып кетпеу үшін желбауға диірмен байлап қояды. Елтаңбада да желбау босағада тұр. Бұл «босағаң берік болсын» дегенді білдіреді. Елтаңбада қошқар мүйіз элементі бар. Біздің ою-өрнектер сақ дәуіріндегі аң стилінен шыққан. Киіз үйде, текеметте қошқар мүйіз салынады. Ол – біздің қолтаңба өнеріміздің туындысы. Ертеде қазақтар ою-өрнектер арқылы хабар алысып тұрған.
– Архитектор болғаныңызбен, кейде тарихшы, кейде жазушы секілдісіз. Сіздегі қазақы түсінік, елге деген құрмет бала кезде қалыптасқан болар…
– Қазір жастар «білім жоқ, жұмыс жоқ» деп жүр. Неге ондай болады? Жас кезде ақыл жинау керек. Бұрын би-шешендер жасында ақыл жинаған. Он-он екі жасында елге билік айтқан. Тұрмағанбет Ізтілеуұлының нақыл сөздерін қазір ешкім қолданбайды. Бірақ соны білу керек. Тұрмағанбет аударған «Шахнамада» жалпы Шығыстың асыл қазынасы бар. Жасымда «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбдіқадыровты, атақты өнер иесі Нартай Бекежановты көрдім. «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын тыңдамасам, қанатты тұлпарлар туралы қайдан білемін? Жылқы алғаш рет қазақ даласында үйретілген. Елтаңбада тұлпарды бейнелеу арқылы «біздің жерде тұлпарлар үйретілген, біздің жерде ұлы дала демократиясы қалыптасқан» дегенді айтқым келді. Халқымызда ақыл, еркіндік, қайсарлық бұрыннан болған. Қайсар деген сөздің өзі сақ дәуірінен келе жатыр. Тарқатып айтсақ, қайрат, қайсар, қайсақ, сақ деп айтуға болады. Бауырсақ қашан пайда болған? Ол бауырмалдығымыздың сонау сақ дәуірінен келе жатқанымызды білдірмей ме? Біздің киіз үй қашан пайда болды, сол кезде қазақ та, ұлттық тағамымыз бауырсақ та пайда болды.
– Сұхбаттарыңызға қарасам, елтаңбаның насихатталауына көңіліңіз толмайтын секілді…
– Елтаңбада элементтер неге олай бейнеленгенін қазір үлкендер де, мектеп оқушылары да білмейді. Үкімет мүшелерінің ішінде де білмейтіндері бар. Айталық, Елтаңбаның ішінде жота деген элемент бар. Оны неге бейнеледім? 1723 жылы қазақтар «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп сипаттаған, аса қиын заманды басынан өткерген. Елтаңбада сол Қаратау жотасы бар.
– Бір елтаңбаға қарап бүкіл тарихты түсіндіруге болатындай…
– Елтаңбадағы 41 элементтің қандай мағына беретінін түсіндіре алатын «Қазақтың елтаңбасы» деген кітабым бар. Соны әрбір қазақ оқуы керек. Әйтпесе, мына жері атқа, мына жері қанатқа ұқсаған екен деп қоя салады. Егер шын тарихын іздейтін болса, елтаңбадан бүкіл тарихты білуге болады. Ақсақалдар мектебі де елтаңбада тұр.
– Өзбектің кез келген ғимаратына қарасаң, ою-өрнегінен-ақ көрші елдікі екенін біле қоясың. Бізде неге осы жағы кемшін?
– Мысалы, қазақ даласында Түгіскен, Баршынкент, Сауран, Сығанақ, Көккесене, Отырар деген қалалар болған. Соның бәрін бір заманда Шыңғысхан жойып жіберді. Түркістан сақталып қалды. Ал Өзбекстанда кейбір қалалар, ғимараттар сол заманнан бері бар. Кеңес үкіметінің кезінде «адам болам десең, орысша оқы» деді. Қазірдің өзінде жастарда қазақы түсінік жоқ қой. Қазақы түсінік болмағасын, қазақы дүниені қалай жасайды? «Ойтек» деген архитектура шығарып, кітабын жазып жатырмын. Содан кейін ғана сәулетшілер қазақ архитектурасын жасап шығарады. Кірме архитектура ығысып шыққаннан кейін тілің де, мәдениетің де қайтып келеді.
– Өзіміздегіні бағаламайтын, шетел мәдениетіне еліктейтін буын туралы көп айтылып жүр. Ұлттық сана қалыптасу үшін не істеу керек?
– Қазір бұрынғы ақсақалдар жоқ қой. Университетте сабақ беретін жасы үлкен ғалымдар бар. Бірақ біз бұрынғы ақсақалға жатпаймыз. Ақсақал ауылға, елге, соның ішіндегі жақсыға да, бұзығына да жауап берген. Қазір ақыл айтатын ақсақалдар аз. Көршілер жүйесі бұзылды. Сондықтан орта қалыптастыру керек. Ал ортаны архитекторлар қалыптастыра алады.
– Өзбекстаннан көшіп келгесін ірі нысандардың архитектуралық жобасын жасауға атсалыстыңыз. Нұр-Сұлтан қаласының бас қақпасын, EXPO нысандарын салуда қолтаңбаңыз бар. Қазір де жобаларға қатысасыз ба?
– Елге келмей тұрып Қызылордадағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйін, «Айтбай» мешітін жаңғыртудан өткізу жұмыстарын жүргіздік. Астанадағы шағын аудандар, мешіт құрылысының жобасын жасадық. Бірақ оның бәрін айта бергім келмейді. Ол менің жұмысым, сондықтан оны міндетсінбеу керек. Қазір конкурстарға қатысып жүрген себебім, ғимараттардың қазақи қалыпта шығуы үшін күресіп жүрмін. Сол арқылы қазақ архитектурасын қалыптастырғым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<