Депутат – халық пен билік арасындағы дәнекер. Оған артылар сенім жүгі ауыр. Осындай жауапкершілікті арқалап жүрген облыстық мәслихат депутаты Батырхан Базарбаевпен сайлауалды бағдарламаның орындалуы, сайлаушылармен байланыс тұрғысында әңгіме өрбіттік.
– Мәслихатқа келудегі мақсатыңыз қандай болды? Сайлауалды бағдарламаңызда не айтылған еді?
– «Amanat» партиясының атынан Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттығына партиялық тізіммен үміткер болып ұсынылып, сайландым. Сайланғаннан бері партияның «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасының жол картасына енгізілген тармақтарының орындалуына әрбіріміз жауаптымыз. Қазіргі таңда ел аманатын арқалаған құжат – сайлауалды бағдарламаның уақытылы, сапалы жүзеге асырылуы бақылауда. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының ұйымдастыруымен өңірімізде бірқатар жаңа нысан ашылып, тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, тұрғындар газ, ауызсу, жол, жарық, тағы басқасының игілігін көріп отыр.
Мәслихатқа келудегі мақсатым – халыққа пайдамды тигізу. Өзім теміржол саласында еңбек етемін. Еңбек адамы ретінде қоғамдағы нақты мәселелерді көріп, естіп жүрмін. Сол тәжірибем арқылы ортақ игілікке үлес қосқым келеді.
– Берген уәдені орындау қаншалықты мүмкін болып жатыр және ол неге байланысты?
– Берген уәдені орындау – мен үшін басты жауапкершілік. Бұл процестің жүзеге асуы бірнеше негізгі факторға байланысты. Ең алдымен, уәденің заңнамалық және бюджеттік негізі болуы керек. Кейбір жобалар ұзақмерзімді стратегиялық жоспарға енеді, кейбірі шұғыл шешімді қажет етеді. Қазіргі таңда өзім берген уәделердің бірқатарын орындау жолында депутаттық сауалдар жолдап, нақты жұмыстар жүргізіп жатырмын. Бұл істердің орындалуы жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік бағдарламалармен және бюджет бөлінісімен тығыз байланысты. Халықтың аманаты мен сенімін ақтау үшін күнделікті жұмысты ашық, жүйелі және тиімді етуге күш саламын.
– Оқырман білгені дұрыс, облыстық мәслихатқа қаланың қай аумағынан сайландыңыз? Тұрғындарды көбіне қандай мәселелер мазалайды? «Міне, мынау шешілді» дейтіні бар ма?
– Мен партиялық тізіммен сайланғандықтан аумаққа бөлінбейміз. Елдік мәселелерді бірігіп шешуге жұмыс жасаймыз. Негізінен нақты мынадай мәселе деуге келмейді. Түрлі сұрақтар болады. Оның ішінде инфрақұрылым және жол мәселесі, жұмыссыздық пен табыс, тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық қызмет, әлеуметтік қолдау және тағы басқа салалар. Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізуге, Арал ауданында теміржол арқылы өтетін аспалы көпір ашылуына, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелін салу бағытында үлесім болды. Әрине, «депутатпын, тау қопарып, тас жарам» дей алмаймын. Барлық өтініш-тілектің заң аясында кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал жасаймын.
– Тұрғындармен қаншалықты жиі кездесесіз? Сайлаушылардың жағдайын жақсы білесіз бе?
– Сайлаушылармен жиі кездесемін. Мысалы, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде, бастауыш партия ұйымында жеке қабылдаулар, одан бөлек аудандарда көшпелі қабылдаулар ұйымдастырып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, назарға алып, кейде сол мезетте шешуге, кей жағдайда тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Халықтың жағдайын жақсы білемін. Нақты шешімге бағытталған жұмыстар жүріп жатыр деуге болады.
– Әлеуметтік желі халықпен байланыс орнатудың тиімді құралына айналды. Өзіңіз оны қалай пайдаланып жүрсіз?
– Иә, қазіргі заманда әлеуметтік желі – халықпен ашық әрі тікелей байланыс орнатудың ең тиімді тетіктерінің бірі. Мен өз парақшаларым арқылы тұрғындардың пікірін, өтінішін, ұсынысын бақылап отырамын. Әр жазбаға уақытылы жауап беруге тырысамын. Халық қай мәселеге назар аударып отыр, қандай түйткіл бар – соның бәрін сол алаңда көріп отырамыз. Сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстар, кездесулер, бастамалар туралы да ашық ақпарат беріп келемін.
– Халықтың депутатқа сенімі туралы не айта аласыз?
– Халықтың сенімі – депутат үшін ең үлкен капитал. Бұл сенім бір күнде пайда болмайды, ол тұрақты жұмыс пен ашық диалогтың нәтижесінде қалыптасады. Адамдар уәденің орындалуын, сөзден кейін нақты әрекетті күтеді. Сондықтан мен үшін әрбір кездесуде, әрбір өтініште, әрбір мәселеде халықтың сенімін жоғалтпай, керісінше, күшейту – басты міндет. Сенім болған жерде нәтиже болады. Ал сенімнің өлшемі – атқарылған іс, ашықтық және қолжетімділік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






