Ерболат КӨШТАЕВ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры: Солқылдақ заң сапаға кепіл болмайды

3670

0

Фото: ашық дереккөз

Аталған мекеме 2019 жылдың наурызында Үкімет қаулысымен құрылған. Негізгі міндеті – республика аумағында салынып жатқан немесе жөнделіп, жаңартудан өткен автожолдардың сапасын сараптау. Бір сөзбен айтқанда, жол құрылысына қажетті барлық зат құрамынан зертханалық сынама алып, салынған жолдың жарамды не жарамсызын анықтайды. Газет тілшісі орталық директорымен тілдесіп, аймақ жолдарының ахуалына қатысты әңгімелескен еді.

– Ерболат Серікұлы, алдымен орталықтың негізгі жұмысына қысқаша тоқталсақ.

– 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдегі жолдардың сын көтермейтінін, сапасыз һәм жүрдім-бардым салынатынын қатаң ескерткен еді. Расымен де Мемлекет басшысының сөзінен соң жауапты сала етек-жеңін енді жинай бастағандай. Сол жылы наурызда Үкімет қаулысы шығып, оның негізінде республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Атауы – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК.

Бір айта кететін нәрсе, бұған дейін облыстық жергілікті зертхана ретінде жұмыс істедік. Бірақ оның құзыреті тек республикалық маңыздағы жолдардың сапасын қадағалау болатын. Ал қазіргі орталық пен ондағы зертхана жүйесі облыстағы барлық маңыздағы жол сапасын жіті зерттейді. Иә, мысалы, мына жол қалай салынды, қалыңдығы, ұзындығы мен ені құжат бойынша сәйкес пе, асфальт құрамы, битум сапасы, бәрін-бәрін арнайы зертханада анықтап, қорытындысын бере қояды.

– Орталық жұмысы басталысымен сапа деңгейі артты ма? Әлде…

– Иә, орталық құрылғалы жол салушы компаниялар тығырыққа тірелгендей. Мысалы, облыс бойынша сол уақыттары жолдың сапа деңгейі мен айтпасам да жұртқа белгілі. Одан кейін жағдай біршама жақсарды десек те болады. Бірақ, әлі де кемшілік жоқ емес.

Биылдың өзін айтсақ, филиал мамандары осы кезге дейін салынған жолға қатысты, яғни, 2190 шаршы метр астыңғы қабатынан, 13205 шаршы метр асфальт-бетон жабындысынан және 3008 тонна инертті материалдардан ақау тапты. Кеткен кемшіліктің барлық сомасы 218 млн 837 мың теңгеден асады. Жалпы осы күнге дейін облыста жолға қатысты 188 нысан тексерілді. Бұл жерде біздің зертханашылар 1693 сынама алған. 613 сынама нормативке сәйкес емес. Ал аспаптық тексеру кезінде жолға төселген материалдар ішінен 158 кемшілік шыққан. Тапсырыс берушілерге олар жолданды. Қазір 38 кемшілік қана қалпына келсе, қалғаны орындала қойған жоқ. Жыл соңына дейін әлі қанша ақау шығатыны бізге беймәлім. Демек, мұнда асфальт құрамы немесе басқа да керекті дүниенің сапасыз дайындалғанын өзіңіз де байқап тұрсыз.

Екінші мәселе, өз жұмысына немқұрайлы қараған техникалық қадағалаушыларға шара көрілуде. Филиал тарапынан былтыр облыс бойынша мемлекеттік бақылау басқармасына 10 жол нысаны бойынша ұсыныс жолданып, нәтижесінде бір техникалық қадағалаушыға 180 айлық есептік көрсеткіш (551 мың 340 теңге) айыппұл салынып, 6 айға лициензиясы тоқтатылды. Биыл да бұл мәселе бойынша кемшілік жоқ емес. Айыппұл арқалаған техникалық қадағалаушы маман бар.

– Жақында ғана дәл осы республикалық кәсіпорын мен оның барлық өңірдегі филиалынан құрам жасақталып, Еуропа елдерінде болғанын естідік. Мұндағы мақсат қандай?

– Рас, бұл іссапардың маңызы ерекше. Басты мақсат – өзге шет мемлекеттегі түрлі жаңашылдықты, ондағы жол сапасын зерделейтін зертхана жұмысы мен құрал-жабдықтар базасын көзбен көру. Дұрысы, білім мен тәжірибе толықтыру.

Біз не көрдік? Германия, Дания, Польша елдерінде болғанымызда, көп дүние байқадық. Мысалы, зертханада сапа барысын анықтайтын заманауи компьютерлік бағдарлама инженер көмегінсіз қорытынды шығарады. Өзге де жаңалықтары жоқ емес. Бірақ олар пайдаланып отырған жол зертханасы бізде бар. Көп айырмашылық жоқ. Оларда бар құрал-жабдықтар бізде де тұр. Мысалы, филиалда мемлекет қолдауымен заманауи автоматтандырылған зертхана қайта жасақталды. 200-ден астам жол сапасын анықтауға қажетті зертханалық сынаққа арналған құрал-жабдықтар алдық. Сондай-ақ биыл 132 млн теңгеге облыстық филиал ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Көлік қоятын гараж салынды. Бұл – мамандардың жұмыс өнімділігін арттыруға үлкен көмек.

Еуропадағы басты ерекшелік – заңның күштілігі. Сапасыз жол біздегідей көзжұмбайлықпен қабылданбайды. Кішкене кінәрат табылды ма, бітті, ол мердігер кемшілікті қайта қалпына келтіреді. Келтірмесе, келесі жолы құрылысқа жібермейді. Жол салу ісінен аластатылады. Жалпы, өз көзіммен көргенім, еуропалықтар тек сапаға ғана жұмыс істейді. Тағы бір қызық жайт, Польшада мердігерлер жоба-сметалық құжатты өздері жасап, өздері жол салады. Дұрысы, мемлекет ұсынған техникалық-экономикалық негіздеме арқылы бірнеше мердігер өз жобаларын ұсынып, конкурсқа түседі. Ал конкурстан өткен компания өзі дайындаған жоба-сметалық құжат арқылы жол салып, өз ішіндегі лаборатория арқылы жолға қажетті материалды жиі зерттеп, сапасын қадағалайды. Өздері бақылауда ұстаған соң жол да сапасын жоғалтпайды.

Менің түсінгенім, Еуропада жол салушы компаниялар тендерге түспес бұрын он ойланады. Әр құжаттағы есептің түзулігіне жіті назар аударып барып, жол төсеуді бастайды. Ал құрылыста сәл нәрсе дұрыс болмаса, мемлекет дереу шара көреді.

– Ал бізде керісінше ғой…

– Мойындау керек, бізде жол құрылысымен кім көрінген айналысып кетті. Не техникасы, не маманы жоқ мердігер мекемелер арзан баға көрсетіп, жол салуға тендер ұтып алуға әуес. Әрі қарай бөлінген қаржының бір үлесін жырып, қосымша техникасы бар компанияны жалдайды. Әр тараптан жұлмаланған ақшаның оңбасы белгілі. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс заңдылығын қайта қарап, жол салушы жеке компанияларға талапты күшейту керек. Өйткені, солқылдақ заң сапаға кепіл болмайды. Сонда ғана осы салада тәжірибесі мол, білікті мамандары бар, заманауи техникасы жеткілікті компаниялар жол салудан кенже қалмайды.

Сондай-ақ сарапшылар жол құрылыс материалдарына тұрақты баға қою керектігін айтады. Бұған мен де қосыламын. Қазір баға мың құбылып тұр. Әсіресе, маусымдық кезде асфальт бағасы көтеріліп, битум тапшылығы пайда болады. Жанармай бағасы да осындай. Шалғайдағы ауыл жолын салатын мердігер мұндай қымбат бағада біраз шығындалып қалатыны анық. Алыс ауылдарға асфальт тасудың өзі қып-қызыл шығын. Осындай қолдан жасалған қымбатшылық кесірінен мердігерлер жол салудан бас тартып жатады. Өйткені, шығыны тендерден бөлінген қаржыдан асып кетіп тұр.

– Жол салу ісінде жиі айтылатын кемшілік – маман аздығы. Сапалы құрылыс өз ісіне жетік кадрға байланысты. Бұл мәселеге сіздің ойыңыз?

– Жол құрылысында білікті маман тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Өзіңізге белгілі, жергілікті әкімдіктер – жол құрылысына тапсырыс беруші. Бірақ көп жағдайда олар жоба-сметалық құжатпен таныс емес немесе түсінбейді, содан жол салу кезінде көп қателік кетеді. Сондай-ақ, жол салғанда техникалық қадағалаушының талаптарын күшейтіп, үнемі құрылыс басында болуына ықпал жасау қажет. Көп жағдайда осындай мамандар болмауынан тапсырыс берушілер бюджет есебінен техникалық қадағалаушы жалдайды. Ал олар жол салына бастағанда не аяқталғанда бір рет қана төбе көрсетіп кетіп жүр.

Өзім жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын ояту қажет деп есептеймін. Бізде осы мәселені шешу үшін жұмыс жоқ емес. Жастарды жол саласында еңбек етуге шақыру үшін орталық тарапынан «2000 мектеп» жобасы қолға алынды. Содан бері елдің әр өңіріндегі филиал мамандары білім ордаларында оқушылармен кездесіп, жол саласы бойынша кәсіби бағдар беруде. Жыл басынан бері жергілікті филиал мамандары Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандары және Қызылорда қаласында 64 мектептің оқушыларымен онлайн және офлайн жүздесті. Мұндағы мақсат – біздің мамандыққа деген олардың қызығушылығын ояту. Мойындау керек, жалғыз зертханаға ғана емес, жол салушылардың өзі қазір түрлі техникалық мамандарға зәру.

Бір жақсысы, мұндай насихаттың нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Кейінгі уақытта салаға қызығушы жастардың саны артқан. Екінші қуаныш, облыс орталығындағы Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжде былтыр алғаш рет «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығы ашылған еді. Былтыр 23 студент қабылданса, биыл бұл мамандықты игеру үшін 24 шәкірт оқу орнына түскен.

Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша бұған 10 мыңнан астам маман жетіспейді. Ал қазіргі жол саласында жүргендер көбі маман емес екенін ашық айту керек. Төселіп жатқан асфальт не басқа да материалдың жағдайы жіті зерттелмеген соң сапасы оңды бола ма? Кеше салған жолдың бүгін тозатынына тағы бір себеп осы. Жалпы жоғарыда айтып өткен жұмыстардан соң жол құрылысы саласына қызыққан жігіттердің қатары аз болса да көбейіп келеді. Бәлкім, нағыз қат мамандыққа сұраныстың жоғары болатынын олар да түсінген болар.

– Облыстық филиал мамандарының өзге де іс-шараларда белсенді екенін естіген едік.

– «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалында 18 қызметкер бар. Барлығы да өз ісіне жауапты мамандар. Қоғамдық жұмыс болсын, қайырымдылық шаралар болсын, қалмауға тырысамыз. Спортпен доспыз. Әсіресе, жігіттеріміз футболмен жиі айналысады. Жақында ғана жүлде алдық. 27-28 қазанда Шымкентте футболдан өткен турнирде оңтүстік өңір филиалдары арасында 9 команда қатысып, онда 3-орын алдық. Ал 17-18 қарашада Астана қаласындағы финалдық ойынға 16 команда қатысқан еді. Біздің жігіттер мұнда да жүлделі үшінші орын иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Әңгіме барысында айтылғандай, халыққа адал қызмет ету – филиал қызметкерлерінің басты мақсаты болып қала бермек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<