Ерсін Орынбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы: Біздің мақсатымыз – бәсекелестікті қорғау

1570

0

− Ерсін Сейтханұлы, бәсекелестікті дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы ретте қандай жұмыстар атқарылуда?

− Макроэкономикалық саясаттың негізгі міндеті – бизнесті жүргізу, компаниялар мен нарықтарды дамыту, қоғамның қажеттіліктерін барынша толық  қанағаттандыру  үшін қолайлы нарықтық ортаны  қалыптастыру. Сондықтан мемлекет жүзеге асыратын экономикалық саясат бәсекелестік принциптерге негізделуі керек. Бәсекелестікті дамыту − мемлекеттік биліктің барлық органдары жауапты болатын кешенді міндет.

− Бұл міндеттер қалай жүзеге асырылуда?

− Ұзақ уақыт бойы негізгі саясат құралы ретінде бәсекелестікті қорғау механизмдері қолданылды. Бірінші кезекте оларға монополияға қарсы заңнаманы қолдану жатады. Монополияға қарсы реттеу едәуір шектелетіндіктен қиындық болды.  Міндетіміз ең алдымен, бәсекелестікті дамытуға емес, құқық бұзушылықтарды жоюға бағытталған еді.  Қазіргі уақытта біз кәсіпкерлікке кедергі келтірмей, заң аясында түсіндірме жүргізіп,  бәсекелестікті қорғаумен қатар дамыту бағытында жұмыс істеудеміз. Экономиканың негізгі салаларындағы бәсекелестікті дамытудың ағымдағы жағдайын талдау бірқатар салалардың шамадан тыс шоғырланғанын көрсетеді. Нарықта жұмыс істейтін компаниялардың жағдайы қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті болса да, монополиялар тарапынан ел экономикасына қауіп-қатердің бар екенін көрсетеді. Тауар нарығына жүргізілген талдаулар бәсекелестікке теріс ықпал ететін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді анықтады. Талдаулар нәтижесінде жоғары монополиялану байқалатын экономика салалары электр энергетикасы, теміржол көлігі, телекоммуникациялар, отын-энергетика кешені және т.б. белгілі болды.  Бұдан басқа бәсекелестік жеткілікті дамыған нарықтар да бар, мысалы, Қызылорда облысы бойынша бастапқы тұрғын үйді сату, тұтынушыларды табиғи газға қосу кезіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары, пәтер иелері кооперативтерінің қызметтері, мектепке дейінгі білім беру қызметтері, көмірді бөлшек саудада сату, такси қызметтері бар.

− Департамент өткен жылды қалай қорытындылады?

− Біздің мақсатымыз – бәсекелестікті қорғау және дамыту. Департамент тауарлы газды, бастапқы тұрғын үйді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, құрылыс материалдарын, жанар-жағармай, сұйытылған мұнай-газ, құрама жем мен шөпті сату бойынша тауар нарығын талдады.  Сондай-ақ газдандыру жүйесіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары, зираттарды күтіп ұстау және қызмет көрсету, телевизиялық бағдарламалар жасау және трансляциялау нарығына талдау жүргізді. Олардың қорытындысы бойынша агенттікке жоғарыда көрсетілген нарықтарда белгіленген кедергілер бойынша ұсыныстар жолданды. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бағалық сөз байласу бөлігінде керамикалық кірпіш, арматура, тауарлық бетон, цемент өндіру және өткізу, дизель отыны және жанар-жағармай бекеттері арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу, қант пен тауық етін көтерме саудада өткізу нарығында заң бұзушылық белгілері анықталды. Осылайша, еліміздің Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес нарық субъектілеріне бағаларды негізделгенге дейін төмендету туралы хабарламалар шығарылды, оның нәтижелері бойынша бүгінгі күні баға орташа есеппен 7-ден 15%-ке дейін төмендеді. Бұл − дизель отынын, сұйытылған мұнай газын, кірпішті, тауарлық бетонды, тауық етін өткізу сияқты нарықтар.

− Өзімізде өндірілетін және бүкіл елге өткізілетін ас тұзы мен күріш бағасы, цемент өнімдерінің бағасы тұрақты болып тұр. Алайда өзге облыстардан әкелінетін өнімдердің бағасы шарықтады. Сіздер қандай шара қолдандыңыздар?

− Департамент республиканың басқа өңірлерінде тіркелген нарық субъектілеріне қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады. Олар − жұмыртқа өндіруші  Қостанай қаласындағы «Жас Қанат» серіктестігі, Алматы қаласындағы күнбағыс майының дистрибьюторы «Прима Дистрибьюшн» ЖШС,  арматура өндірушілеріне қатысты павлодарлық «Фирма Стальной союз» ЖШС және Батыс Қазақстан облысындағы «Металл-Сервис KZ» ЖШС. Аталған заң бұзушылықтар туралы мәліметтер сол өңірлердегі әріптестерімізге шара қолдану үшін жіберілді. Олар заң аясында тиісті шаралар қабылдады. Сондай-ақ өткен жылы бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде жергілікті нарық субъектілері 34 монополияға қарсы комплаенске қол қойды.

− «Қаңтар оқиғасына» түрткі болған сұйытылған газ бағасының шарықтап кетуі екенін білеміз. Біздің аймақта бағаны тұрақтандыру үшін қандай жұмыс атқардыңыздар?

− Біздің департамент биыл облыс прокуратурасымен бірлесіп «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-на  қатысты тексеріс жүргіздік. Тексеріс нәтижесімен серіктестіктің іс-әрекеттерінен ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1-тармақшасында көзделген үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiсiнiң монополиялық жоғары бағаларды белгiлеу, ұстап тұру кезіндегі заң бұзушылық белгілері анықталды. Атап айтқанда, компания сұйытылған мұнай газын сауда-саттық нарығында көтерме бағада нарық субъектілеріне өткізуде жоғары бағаны белгілеп, ұстап тұрған. Заңбұзушылық туралы айыппұл салуға әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұл сомасы бір миллиард теңгеден астам. Қазіргі уақытта аталған материалдар сотта қаралуда. Облыста сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізетін нарық субъектілеріне қатысты тексеріс жұмыстары жүргізілді. Аймақтағы 10 нарық субъектісі ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 170-бабында көзделген нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекет жасаған. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізетін нарық субъектілері бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерге жол берген. Осы заң бұзушылық негізінде әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 60 293 265 теңге және монополиялық табыс 116 713 264 теңге болатын әкімшілік істер қозғалды. Қазіргі таңда бұл істер облыстық мамандандырылған әкімшілік сотында қаралуда.

− Бәсекелестікті дамыту мақсатында  сарапшылармен, бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

− «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында,  сондай-ақ сарапшылармен, бизнес-қоғамдастықтармен өзара іс-қимыл негізінде ҚР Президентінің Жолдауында айтылған міндеттерді орындау мақсатында бәсекеге қабілетті орта құруға бірнеше қадам жасалды. «Open Space» кеңсесі монополияға қарсы органның қызметкерлері онлайн және оффлайн режимінде тауар нарықтарына қатысушылардың ұсыныстарын, мәселелерін, проблемалары мен шағымдарын қарайды. Нәтижесінде монополистердің бәсекелестікті шектеуін жою туралы шешімдер қабылдануда. Құқықтық қолдау бағытында кәсіпкерлерге жосықсыз бәсекелестік фактілері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері бойынша онлайн консультациялық қолдау көрсетілуде. Ал «Кедергілер картасы» жобасында  нарыққа жаңа қатысушылардың кіруін ынталандыратын және өндірістік емес шығындарды арттыратын проблемалық мәселелер тізілімі жасалды. Сонымен қатар, қоғамдық алаңдар құру қоғам және нарыққа қатысушылардың тиімді диалог алаңына айналды. Қабылданатын шешімдерді талқылауға тарту мақсатында жаңа монополияға қарсы орган қызметтің негізгі бағыттары, қоғамдық кеңес, биржалық комитет және тосқауылдар жөніндегі кеңес құрылды.

Сұхбаттасқан

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<