Ескертуді ескермейтіндер көп

4534

0

От пен судың айтып келмейтін апат екенін білгенімізбен, оның алдын алуда жасалатын жұмыстар туралы біліміміз аздау. Осы орайдағы сауалдарды қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаевқа қойған болатынбыз.

Ғабит Әбдінәбиұлы, суға түсу маусымы қашан жабылады?

– Биылғы суға түсу маусымы қыркүйек айының 20-на дейін жалғасады. Қала қонақтары мен тұрғындарына тек белгіленген орындарда суға түсуге кеңес беремін, балаларыңызды қараусыз қалдырмауды сұраймын.

– Биылғы статистика қандай?

– Қала аумағындағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде жасөспірімдердің қайғылы жағдайға ұшырамауының алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері 1 жағдай тіркеліп, 2 жасөспірім суға түсу маусымы кезінде қаза болды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылы қала аумағында 2 жағдай тіркеліп, 2 адам қаза болды, оның 1-уі – бала.

– Су айдындарындағы алдын алу жұмыстары қандай нәтиже берді?

– Тәулік бойы тынымсыз атқарған жұмыстар нәтижесіз емес. Дегенмен ескертуді ескере бермейтіндер де бар. Суға түсу маусымы басталғаннан бері басқарма қызметкерлерінің, құтқару бөлімшелерінің қатысуымен су айдындарында 270 рейд өткізіліп, 5350 азаматқа түсіндірме жүргізіліп, үнпарақтар таратылды.

Адам көп шоғырланған орындарда, атап айтар болсақ, «Аraу citу mall» сауда ойын-сауық орталығы, жаңа базар мен ескі базар маңайы, теміржол, автовокзал аумағында дауыс зорайтқыш арқылы ескертпелер айтылды. «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында арнайы материалдар жарияланды, 18 қауіпті аймаққа арнайы тақтайшалар орнатылды.  Жалпы қала аумағында барлығы 78 тақтайша орнатылған. Тұрғындар осыған зер салып, өз өмірін сақтандыруын сұраймыз. Сондай-ақ «Kinoplex» және «Жібек жолы» сауда ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрда әр сеанс басталар алдында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 50 секундтық бейнеролик көрсетілді. Бұл да – төтенше жағдайдың алдын алудың бір ескертпесі.

– Суға кету себептерін атасаңыз…

– Әрине, ең алдымен мамандар ескертуіне құлақ аспай қауіпті аймаққа шомылу. Бұл үлкендер арасында да жиі орын алуда. Ал жасөспірімдер бірін-бірі суға түсуге үгіттеп, соңында осындай жағдайға душар болып жатады. Мұндайға көбіне-көп ата-анасының қадағалауынсыз қалғанда ұшырайды. Өзен немесе каналдардың кез келген әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) тұсына суға түсу аса қауіпті. Масаң күйде суға шомылу, қайыққа жабысу және қайық бортынан секіру, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі және жүзе білмеуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

Қала аумағында қанша қауіпті учаске бар және суға түсуге рұқсат етілген орындар бар ма?

– Қала аумағында 18 қауіпті учаске бар. Сонымен қатар, суға түсуге арналған екі аймақ белгіленген, яғни «Сыр самалы» және «Сыр толқыны». «Сыр самалы» – «Арай» шағын ауданында орналасқан ақылы демалыс аймағы. Ал «Сыр толқыны» – «Көксу» демалыс аймағында. Бұл аймақтар арнайы мамандар қадағалауында болады.

– Рұқсат етілмеген жерде суға түскендерге қандай шара қарастырылған?

– Қазіргі таңда басқарма, қала әкімдігі мен полиция басқармасы қызметкерлері, Ұлттық ұлан күнделікті сағат 13:00-20:00 аралығында рейдке шығады. Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес бекітілмеген су айдындарында суға түскені үшін 10 адамға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 81 адамға  ескерту шарасы көрілді.

– Балалар қауіпсіздігі үшін қосымша қандай жұмыстар жасалуда?

– Бүгінге дейін 8650 оқушыға «Су айдындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында түсіндірме жүргізілді. Сондай-ақ суда зардап шегушіні құтқару, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері бойынша 48 интерактивтік сабақ өткізіліп, 56 мектептің басшысы мен мұғалімдеріне судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. «Kundelik.kz» платформасына төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертетін ақпараттық жадынамалар орналастырылды. «Евразия» спорт кешенімен меморандум жасалып, әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларын суда жүзуге тегін үйрету жұмыстары іске асуда. Бұл – маңыздылығын жоймайтын нәтижелі іс.

– Алда жылу беру маусымы басталады. Өрт қауіпсіздігіне бағытталған қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– 15 тамыз – 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Осыған орай қазіргі таңда екі мыңға жуық тұрғын үйге тексеру жүргіздік. Бұл жұмыстар жүйелі жалғасын таба бермек. Газдан улану жағдайының алдын алу мақсатында арнайы дыбыс қондырғылары орнатылуда.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<