Осы аптада Сырдария өзеніндегі су жағдайы өткір тақырыпқа айналды. Өңірге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бастаған өкілдер келіп маңызды жиында вегетация кезеңіндегі болжамды су көлеміне, суды үнемдеуге және жаңа технология енгізуге байланысты мәселелер жан-жақты таразыланып, кәнігі мамандар ой-пікірін білдірді. Сондай-ақ министрден бір күн бұрын ҚР Парламенті Сенатының депутаттары облысқа келіп, жергілікті шаруашылық басшыларымен жүздесті. Шын мәнінде, тіршілік тамыры өзеннен өзек алатын өңір үшін бұл аса өзекті мәселе болып отыр. Былайғыда байқала бермейтін «сұрауы бар судың» енді анық қадірі біліне бастады. «ҚазСуШар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетовпен әңгімеде тақырыпқа тұздық іздеп көрген едік.
– Өзіңіз жақсы білетіндей, осы аптада облыста су шаруашылығына байланысты екі бірдей маңызды жиын өтті. Онда еліміздің және жергілікті тәжірибелі мамандар мен ғалымдар бас қосты. Сіз қандай ой түйдіңіз?
– Байқасақ, бұл мәселе әлемде өзекті тақырыпқа айналды. Әрбір мемлекет қолдағы мүмкіндік көзін пайдаланып отыр. Олардың арасында суды үнемді пайдалану ісінде оң тәжірибесі қалыптасқан елдер бар.
Дарияның төменгі бөлігінде орналасқан Сыр өңірі үшін су тапшылығы кейінгі жылдарда күн тәртібінен түскен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Түркістан және Қызылорда облысында су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертіп, су ресурстарын ұқыпты пайдалануға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Шынында, ендігі кезекте біз осы бағытта тыңғылықты жұмыс жасауымыз тиіс. Облысқа алдымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келсе, артынша Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов халықпен жүздесті. Екеуінде де тақырыпқа байланысты өзекті мәселелер ортаға салынды. Жергілікті мамандар мен еңбеккерлерді тыңдады, жағдайды саралады. Ендігі жерде сол ұсыныс-пікірлерге алдағы уақытта министр және депутаттар тиісті деңгейде назар аударады деген ойдамын.
– Былтыр Су және ирригация министрлігі жұмысын бастады. Бұл мәселеде біз кешеуілдеп қалған жоқпыз ба?
– Бұл мәселе біраз жылдан бері айтылып келді. Өкінішке орай, бізде ол комитет деңгейінде қалып қойды. Комитет көптеген мәселені шешуге келгенде қауқар таныта алған жоқ. Сондықтан мен министрлік құрылуын қолдаймын. Ол дер уақытында жұмысын бастады.
Министрліктің жүйелі жұмыс жасауы үшін қажет талаптар бар. Мәселен елімізде «Су кодексі» жаңадан қабылдануы тиіс деп санаймын. Бұдан бұрын ол 2003 жылы өмірге енгізілді. Одан бері қанша уақыт өтті. Десе де жиырма жылдан астам уақыттан бері оған ешқандай өзгеріс енгізілмегені сала жұмысын қожыратып жібергені жасырын емес. Осындай себептерге байланысты мамандар кодексті жаңадан қабылдау жөнінде айтып жүрген еді. Қазіргі таңда кодекс қайтадан дайындалып, құзырлы орындардың барлығы сараптамадан өткізілді. Қазір Парламент талқылауында жатыр. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының облысқа сапарында жергілікті мамандар бірқатар ұсыныс-пікірін жеткізді.
– Су ресурстарын үнемді пайдалануда қандай тәжірибеге сүйенген абзал?
– Біздің өңірде егіннің 98 пайызы суармалы жүйеге негізделген. Осы орайда депутаттар алдында төрт ұсыныс айтылды. Менің ойымша, кодекс дұрыс жасалған. Әсіресе, суды қорғау, ысырабына жол бермеу мәселесіне баса назар аударылған. Мұндай келеңсіздікке жол бергендерге қандай шаралар қолдану қажет екені ескерілген. Осы бағытта жұмыс істейтін алты инспекцияның бірі біздің облыста орналасқан. Кодексте аталған мекеменің құзыретін күшейту тиянақты ойластырылған. Оны дұрыс шешім деп санаймын. Ашығын айтсақ, елдің арасында суды ұқыпсыз, артық пайдаланатын шаруашылықтар жоқ емес.
– Ысырапшылдықты айыппұлмен шеше аламыз ба?
– Кодексте шашпа-төкпелікке жол берген шаруашылықтарға айыппұл мәселесі қамтылған. Әйтсе де, ескерілмей қалған жағдайлар бар. Мәселен, олардың қатарында ішкі су жолдарында суды пайдаланатын тұтынушылар мәселесі бар. Бұл проблема назардан тыс қалып қойған. Әдетте, бір каналдың бойында бес-алты шаруашылық орналасады. Алғашқы орналасқаны күрішті алдымен суаруға әрекет етеді. Ал аяқ бөлігіндегі шаруашылыққа су жетпей қалуы мүмкін. Соның салдарынан диқандар арасында келіспеушілік туады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мұны оң шешу үшін бір тетік қажет. Бұл жауапкершілік белгілі бір мекеменің құзыретінде болғаны дұрыс.
Қазір суға қатысты мекемелер ішкі шаруашылық каналдар жұмысын бақылай алмайды. Оған қатысты шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау туралы заң талабы бар. Соның салдарыннан шаруашылықтар суды ортақ пайдалануда келіспей жататын жағдайлар бар. Депутаттар алдында осындай ұсыныс айтылды.
– Су шығынынан өзге ақысына қатысты да түрлі пікір бар. Ашығын айтыңызшы, біз қай деңгейде жүрміз?
– «Судың да сұрауы бар» деген сөз енді мәнін айшықтайтын кез келді. Кемшілікке жол берген шаруашылыққа қандай талап қоя аламыз? Көп жағдайда кейбір шаруашылық басшылары су ақысымен күзде есептесетінін айтады. Бірақ кейде сол уәде орындалмай қалады. Қазірге дейін оны реттейтін тетік болған жоқ. Амалсыздан оларды сотқа беруге мәжбүрміз. Оған қаншама уақыт кетеді. Екі ортада ақша құнын жоғалтады. Жалпы, мына жағдайды түсінуіміз тиіс. Қаржы уақытында төленген жағдайда көп жұмысты жүйелей аламыз. Мәселен, гидротехникалық құрылыстар уақытылы жөнделіп, оларды тазалауға мүмкіндік туар еді.
Айта кетерлігі, кодексте су жүйелерін бір мекемеге бекіту мәселесі ескерілмей қалған. Бұл – жиі көтеріліп жүрген мәселе. Облыста егесіз жатқан су жолдары бар? Оны кім тазалайды? Кеңестік кезеңде ол мемлекет есебінен жүзеге асты. Шаруашылықтар оны жан-жақты пайдаланады. Алайда, оған жауап беретін мекеме жоқтықтан су жолдарын тазалау қолға алынбайды. Ендігі кезекте олай жасауға ешбір негіз жоқ. Мұндай каналдарға жауап беретін бір мекеме бекітілгені жөн. Сонда ғана нәтиже шығады. Бәріне есеп жасалуы қажет.
– Кіші Аралдың тағдырына қатысты да әрқалай пікір айтылып жатыр…
– Кіші Аралды сақтап қалу Сыр өңіріне ғана қатысты емес, бүкіл дүниежүзіне тән экологиялық жағдай. Жаңа су кодексінде кіші теңізге бөлек су лимитін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылуда. Лимит мәселесі Сырдарияның бойында жатқан барлық мемлекетке ортақ болуы тиіс.
Су ресурстары және ирригация министрі қатысқан жиында төрт-бес мәселе көтерілді. Атап айтқанда, «Қараөзек» көлдер жүйесіндегі су қоймасын қалпына келтіру алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміттеміз. Министр халықпен жүздесуінде жерасты суын пайдалану мәселесін қозғады.
Еліміздің 50-60 пайыз бөлігі трансшекаралық өзендер бойында орналасқан. Су көздері бастауын Қытай, Ресей, Орта Азия елдерінен алады. Тығырықтан шығатын жол қайсы? Ендігі кезекте су ресурстарын үнемді пайдалануды толық жолға қойғанымыз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 9 су қоймасын салу және 120 гидротехникалық құрылысты жөндеу жөнінде тапсырма берді. Оның ішінде біздің облыстағы 26 гидротехникалық құрылыс пен су жүйелері бар. Олардың жоба-сметалық құжаты дайын болғаннан кейін қаржы республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Бұл жұмыстар жүзеге асқаннан кейін су пайдалану коэфициентін 70-75 пайызға көтеруге болады.
Жасыратыны жоқ, отыз жылдан астам уақыттан бері оған тиісті қаржы қаралған жоқ. Олардың барлығы дерлік кеңестік кезеңнен қалған құрылыстар. Енді су жүйелерінің барлығы жаңадан ашылған министрлікке қарайды.
Министрлік су жүйелерін қарауына алған жағдайда оны ретке келтіруі тиіс. Оған әрине қыруар қаржы қажет. Тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісі Жамбыл, Түркістан, біздің облыстың оңтүстік аудандарында пайдалануға болады. Ал күрішке қолдануға келмейді. Облыс әкімі суды үнемдеудің тиімді жолы ретінде жерді лазерлік тегістеуге баса мән беру қажеттігін атап өтті. Аймақтағы іргелі шаруашылықтар өзіне қарасты алқаптардың басым бөлігін тегістеп, суды мейлінше тиімді пайдаланып отыр. Сол арқылы су шығынын 15-20 пайызға дейін азайтты. Облыс әкімі кодексте лазерлік тегістеу ісін жолға қойған шаруашылықтарды қолдау жағы да ескерілуі қажет екенін назарға салды. Біздің облыс үшін тиімді тәсіл ретінде бағалаймыз. Ішкі каналдарды тазалап, жерді лазерлік әдіспен тегістеуге жол ашқанымыз дұрыс.
– Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен көкөніс-бақша, алма бағын өсіріп жүргендер бар. Мұндай алқаптардың ауқымын кеңейтуге не кедергі?
– Оған қойылатын талап та жоқ емес. Біріншіден, мұнда пайдаланылатын су таза болуы тиіс. Оған дарияның суын бірден пайдалана алмайсың. Екі-үш мәрте тазалаудан өткізуге тура келеді. Қазір жаңбырлатып суару әдісімен дария суын пайдаланып жүрген шаруашылықтар алдымен суды тұндырып алады. Одан кейін израильдік технология бойынша қажетті мақсатқа жұмсайды.
– Австралиялық «Рубикон» компаниясының құрылғысы туралы не айтасыз?
– Мұның тиімділігі қажетті суды дәлме-дәл мөлшерде бөліп бере алады. Ендігі кезекте оны «Қызылорда сол жаға» магистралды каналын да іске қосамыз. Десе де мына мәселеге назар аударғанымыз жөн. Австралияда су жүретін каналдың барлығы бетондалған. Әрбір тамшы су тиісті мақсатына жұмсалады. Бізде олай емес. Келешекте біз де оған көшеміз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
– Кешегі жиында министр еліміз жерасты суының 0,8 пайызын ғана кәдеге асырып отырғанын айтты. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?
– Әрине, оны ауызсу есебінде пайдалана алмайсың. Дегенмен көкөніс-бақша дақылдарын суаруға әбден болады. Тоқсаныншы жылдарға дейін облыста 40-50 метр тереңдікте қазылған 167 дренажды скважина халыққа қызмет көрсетті. Жалпы жерасты суын пайдалану арқылы бірқатар проблеманы шешуге болады. Алайда кейбір өсімдікке кері әсері бар. Ағаштың көктемей қалуына да әсер етеді. Министрмен жүздесуде мен осы мәселені көтердім. Өкінішке қарай, бүгінде сол скважиналардың небәрі 18-і жұмыс жасап тұр. Тиісті қаржы бөлінсе, қалғанын қайтадан қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Кеңестік кезеңде ғалымдар Сыр өңірінің ауа райы, климаттық жағдайы, топырағын зерттеді. Сол арқылы 238 мың гектар алқапты инженерлік жүйеге келтірді. Оған кезінде қаншама қаржы жұмсалды. Облыстың күріш шаруашылығына бейімделу себебі бар. Мәселен, біздің аймақта Арал теңізі орналасқан. Егер өңірде күріш екпеген жағдайда одан ұшқан тұз қоршаған ортаға көптеген зиянын тигізеді. Ғалымдар осындай мәселенің барлығын басты назарда ұстаған.
Облыста жылына кем дегенде 70-75 мың гектар күріш егілуі тиіс. Олай болмаған жағдайда экологиялық тепе-теңдіктен айрылып қаламыз. Ол үлкен апатқа соқтыруы мүмкін. Қазірге дейін облыста 89-90 мың гектар күріш егіліп келді. Әрине, оны сәл азайтуға болады. Дегенмен толық көлемде күріштен бас тартуға ешбір негіз жоқ. Рас, кейбір сәтсіз жобаның кесірінен инженерлік жүйеге келтірілген бірқатар жерлер жарамсыз күйге ұшырады. Бұл алқаптар – алтын қорымыз. Одан ешбір көз жазып қалуға болмайды. Оны қайтадан қалпына келтіру дегеніңіз қыруар қаржы мен еңбек.
Сұхбаттасқан
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<