ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезең. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде 100 мыңнан астам қазақ жер аударылған, 25 мыңнан астам Алаш ардақтысы жазықсыз жала жабылып атылып кеткен. «Банды» деген айыппен сұраусыз, сотсыз атылғандар қаншама?!
XX ғасырдағы репрессия құрбандарын ақтау мақсатында 2020 жылы 24 қарашада Президент Жарлығымен мемлекеттік комиссия құрылды. «Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
2021-2023 жылдары облыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істеді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеді. Осы бағыттағы жұмыс нәтижесі туралы комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев айтып берді.
– Өңірлік комиссияның жұмысы қалай басталып еді, соған шолу жасасақ…
– 2021 жылы 20 қаңтарда Президент Жарлығына сәйкес облыс әкімдігінің №185 қаулысы негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Комиссия құрамына 22 адамнан тұратын зиялы қауым мен зерттеуші-ғалымдар енгізілді. Сол жылы 2 сәуір күні комиссия отырысының хаттамалық шешімі негізінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында құрамына ғалымдар, зерттеушілер мен өлкетанушылар енген облыстық жұмысшы топ, одан бөлек қала және аудандарда жұмысшы топтар құрылды.
Олардың жұмысының тиімділігін арттыру және өзекті мәселелерді шешуге қолдау көрсету мақсатында топ мүшелері мен ғалымдарға университет базасында, облыс архивтерінде арнайы жұмыс бөлмелері берілді. Материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етілді. Комиссия шаруасын жүйелі ұйымдастыру, аудандарға зерттеу экспедицияларын жіберу, ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау үшін арнайы қаржы қаралды. Топтағы 8 ғалымға құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Ғалымдар құқық қорғау органдарының архивінде сақтаулы тұрған құпия құжаттардың тереңіне үңіліп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісіне атсалысты.
– Жұмыс тобы құпия қормен жұмыс істеу кезінде қандай материалдарға қол жеткізе алды?
– 2022 жылы облыстық жұмысшы топ 11 бағытқа бөлініп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның барысында ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс және саяси қуғын-сүргін құрбандары, күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылар жөніндегі құжаттарды анықтау, соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындардан құрылған Түркістан легионы сарбаздарының істері негізінде ақталмаған азаматтарды ақтау бойынша ұсыныстар әзірленді.
Ғалымдар облыстық полиция департаментінің архивіндегі 4669 адамға қатысты 3016 қылмыстық іс, 6058 құжатты қарады. Оның ішінде қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдары ақтаған 3752 адамның, ақтауға жатпайтын 499 адамның, Германияда әскери тұтқында болған және өз еліне қайта оралған 418 КСРО азаматының іс құжаттары табылды. Құжаттар комиссия ұсынысымен құпиясыздандырылды. Қазіргі күні ҚР Президенті архивіне өткізілді. Сондай-ақ жұмысшы топ мүшелері облыстық мемлекеттік архив қорындағы тәркілеуге ұшыраған байлар туралы ақпаратты зерттеді.
– Зерттеу нәтижесі қандай болды?
– Жұмыс тобы құзырлы органдардың архивіндегі 1940-1950 жылдар аралығында сотталған, бірақ ақтауға жатпайтын адамдар туралы 70 іс қарап, 145 адамды ақтау туралы ұсыныс берді. Олардың ішінде аса құпия тізім құжаттары қаралып, ондағы Түркістан ұлттық кеңесіне қатысты айыптау қорытындысын, 1996 жылы Қызылорда облысы территориясында саяси қуғын-сүргін құрбандарының жерленген жерін анықтау жөніндегі комиссияның іс-құжаттарын құпиясыздандыруға ұсыныс берілді. Нәтижесінде комиссияның шешімі бойынша 2 құжат құпиясыздандырылды.
Қаралған архив құжаттары бойынша Сыр өңіріндегі «Қарақұм» көтерілісі және мүшелері туралы естеліктер жинақталды. Сонымен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшырап, әлі ақталмаған адамдардың жақын туыстарынан маңызды мәлімет алуға мүмкіндік туды. Қызылорда қаласы маңында XX ғасырдың 20-40 жылдары репрессия құрбандары атылған 3 жер анықталды. Олар – «Қарауылтөбе» елді мекенінің маңы, «Арай» саяжайының аумағы және Орал қазақтары қорымының жаны («Ақмешіт» шағын ауданы). Сонымен қатар, аудандарда саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген орындарда екі экспедиция жұмыс жүргізді.
– Комиссия жұмыс істеген жылдары ғалымдар не ұсына алды?
– Бұл уақытта аймақта ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы уақытқа дейін құпия болып келген құжаттар ғылыми айналымға түсіп, ақпарат құралдарында, ғылыми орталарда кеңінен таратылды.
Түрлі бағыттағы ғылыми-практикалық, танымдық шаралар өткізілді. «Сыр өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: зерттелуі және мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық, облыстық конференциялар өтті. Оларда ғалымдар саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған, сотсыз немесе тергеусіз атылған, НКВД ГУЛАГ-тың 26-лагерінде болған азаматтар, саяси науқандар мен аштық кезінде елден кетуге мәжбүр болған босқындар, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жеке күрескен адамдарды ақтау, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттерін зерттеу нәтижесінде анықталған басқа да тарихи деректер негізінде баяндамалар жасады. Тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпағына қайтаруға күш салды.
Мемлекеттік комиссия өңірлік комиссиялармен бірге екі жыл көлемінде жинақталған архив материалдары негізінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдары XX ғасырдың 20-50 жылдары» тақырыбымен 52 томдық ғылыми жинақтар топтамасын әзірлеп, оны Президентке таныстырды. Соның бірі – өңірлік комиссияның «Кеңестік саясат құрбандары: Сыр өңірінің материалдары негізінде (1920-50 жж)» атты кітап. Ғылыми негізделген және тарихи құжаттар арқылы әзірленген еңбектер облыстық кітапханаларға, ғылыми орталықтарға таратылды.
Алдағы уақытта ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының естеліктері бойынша «Зұлмат жылдар жаңғырығы: Қызылорда облысы бойынша нәубет құрбандары мен ұрпақтарының естеліктері» атты ғылыми еңбек шығару жоспарланып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Назерке САНИЯЗОВА






