«Ғылыми жоба көп, қаражат тапшы»

1845

0

Әлемде Альцгеймер мен Паркинсон ауруларының әлі күнге дейін емі табылмаған. Бүгінде дертке еуропалық ғалымдармен бірлесіп қазақтандық 5 ғалым шипа іздеуде. Олардың бірі − Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі Нұрбол Аппазов. Ауқымды жобаның қазақстандағы жетекшісімен сұхбаттасқан едік.

−  Нұрбол Орынбасарұлы, дерттен айықтыратын дәрі жасауда қандай жаңалықтарыңыз бар?

− Альцгеймер және Паркинсон миды зақымдайтын аурулардың қатарына жатады. Альцгеймерде ми семіп қалады да, адамда ұмытшақтық пайда болады, моторикалық мүмкіндіктері төмендейді. Ал Паркинсон ауруында діріл пайда болады, адамның негізгі өмір сүру қабілеттері бұзылады. Мысалы, тамақ жей алмай, жүре алмай қалуы мүмкін. Біз әлі дәрі ойлап тапқан жоқпыз. Тек еуропалық ғалымдармен бірге аурудың алдын алуға әсер ететін негізгі затты әзірлеп жатырмыз. Ол дәрі ретінде өндіріске ене ме, жоқ па белгісіз.

− Жантақ пайдаға жарады ма?

− Флавоноидтар деген қосылыстар жантақтың құрамында бар. Жантақ халық емінде әртүрлі ауруларды емдеуде қолданылып жүр. Одан бөлек, антиоксиданттық қасиеттері бары анықталған, яғни, адам ағзасында бос радикалдар түзіліп, салдарынан қосымша жаңа аурулар туады. Антиоксиданттар сол үдерісті тежейді. Алайда, флавоноидтардың бір кемшілігі – олар суда нашар ериді және қолдану аясы тар. Сондықтан суда ерітудің түрлі әдісін қолданамыз. Ағзада амилоид фибрилдері шамадан тыс түзілген кезде Альцгеймер және Паркинсон ауруларын тудырады.

Біз айтып отырған нанобөлшектермен модификацияланған флавоноидтар осы амилоидты фибрилдердің түзілуін тежей алады. Әкем Паркинсоннан көз жұмды. Ауырғанда дертіне шипа таба алмағаным жаныма қатты батты. Сондықтан бұл жобаның орны мен үшін ерекше. Жалпы, жантақтың біз білмеген жұмбағы көп, соны аша алсақ талай ауруды болдырмаудың жолы табылар еді.

− Бұл жобаға Еуропалық Одақ қашан қолдау білдірді?

− 2017 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген грант ұтып алдым. Сол кезде Португалияға барып, тәжірибе алмастық. Бұл елдегі ғалымдармен бірге флавоноидтарды суда еритін күйге көшіру керек деп шештік. Мысалы, фуллерендер мен флавоноидтарды әрекеттестірсек, өте жақсы еритіні және амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті пайда болатыны анықталды. Тағы қандай ауруларды тежейтін қасиеті бар екенін анықтау үшін еуропалық әріптестерімізбен экспресс-тест жүргізіп көрдік. Нәтижесінде Альцгеймер және Паркинсон ауруларына әкелетін амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті расталды. Соны Еуропалық Одақтың Horizon-2020 бағдарламасына жоба ретінде ұсындық. Екі жыл қатарынан кемшіліктерді толықтыру үшін жоба кері қайтарылды. Пандемия да бөгет болды. Енді ғана екі жақ іске кірістік.

− Жобаның ғалымдар құрамы қандай?

−  Бұл жобамен Қазақстан, Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Украина және Беларусь елдерінің ғалымдары айналысып жатырмыз. Қазіргі Украинадағы жағдай әрі Ресей мен Беларусияға жарияланған санкциялар да біздің жобаға кері әсерін тигізуде. Жобаның негізгі координаторы – португалдықтар. Қазақстандық топта бес адам бар. Бәрі де – жас ғалымдар. Жалпы ғылыми топта 25-45 жастағы профессорлар, PhD докторлар, ғылым кандитаттары бар. Әр топтың өз міндеті қарастырылған. Біз негізгі әсер етуші затты табуымыз керек.

− Күріштің қауызы да кәдеге жарады ма?

− Иә, біз күріштің қауызы мен сабандарын өңдеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қауыздан кремний диоксидін және кремний алудың ұтымды әдісін таптық. Ал кремний диоксиді көбіне пасталар, адгезиялық материалдар жасауда қолданылады. Кремний − күн энергетикасында, басқа да химиялық өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын шикізат. Күріш қалдығынан мұнан бөлек сорбенттердің екі түрін алудамыз. Біріншісі – белсендірілген көмір, екіншісі – кремний диоксидін бөліп алған соң оны әртүрлі заттармен модификациялап, кальций силикаты негізінде сорбент алып жатырмыз. Алынған заттар медицинада да, өндірісте де кеңінен пайдаланылады. Ал күріш сабанынан целлюлоза алу арқылы қағаз өнеркәсібін қолға алғымыз келеді. Қағаз алудың ұтымды жолдарын таптық. Бұл жобаға қаржы қажет. Мұнан бөлек, өсімдіктердің өсуі кезінде тұқымдардың әртүрлі ауруы пайда болады. Салдарынан өсімдіктің дамуы тежеліп, өнімділігі азаяды. Тіпті мүлде өнім бермеуі мүмкін. Сол себепті әртүрлі бактериялар негізінде аурулармен күресетін жаңа заттарды синтездеумен айналысудамыз. Бұл жобаға Ауыл шаруашылығы министрлігінен қаржылай қолдау таптық. Бүгінде Алматы қаласындағы Ж.Жиембаев атындағы Қазақ Өсімдік қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтымен бірге жобаны орындап жатырмыз.

– Ғалымның қолын қаржы байлайды дегенге келісесіз бе?

– Иә, әрине. «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханамызда 8 адам жұмыс істеп жүрміз. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілуі қаржыға келіп тіреледі. Барлық ғылым қаржыны қажет етеді. Зерттеу үшін қаншама лабораториялық база, реагенттер, химиялық ыдыстар және тағы да басқа қондырғылар керек. Олар болмаса, ешбір ғалым ешқандай зерттеу жүргізе алмайды. Тағы бір мәселе – қаржыландыру. Қай ел ғылымға көбірек қаржы бөлсе, сол елдің экономикасы да, ғылыми әлеуеті, әлеуметтік жағдайы да жоғары болмақ. Ғылым саласын республикалық бюджеттен қаржыландыру кейінгі екі жылда 2 есеге өсті. Өткен жылы университеттің жас ғалымдарына арнайы 10 млн теңгені құрайтын 4 грант тағайындалды. Биыл осы гранттар игерілген соң, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне арналған жаңа конкурс жарияланады. Сонымен қатар былтыр сегіз жас ғалым PhD докторлық диссертациясын қорғады. Студенттердің ғылыми жұмыстарына арналған түрлі деңгейдегі конкурс нәтижелері бойынша 85 студент жүлделі орын иеленді.

− Әріптестеріңізбен тәжірибеңізді жиі бөлісесіз бе?

− Ізденіс үстіндегі жастарды үнемі қолдаймыз. Жақында «Инжирингтік технологиялар және экология» кафедрасының зерттеуші-профессоры ретінде университет профессор-оқытушыларына «Scopus және Web of science» базасындағы ақпаратты сараптау және мақалалар жариялау» тақырыбы бойынша семинар-тренинг өткіздім. Әріптестеріме журналдарға мақала жазу жөнінде біршама ақпарат бердім.

− Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<