«Халыққа қызмет жасау үшін депутат болу міндетті емес»

448

0

Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселелерді шешуге белсене араласып жүрген Мейрамбек Жұмашев туған жерді түлетуге еңбек етіп келеді. Оның басты ұстанымдарының бірі – халықпен тікелей әрі ашық байланыс орнату.

«AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі Мейрамбек Тоғысұлымен газет тілшісі Арал ауданындағы, әсіресе шет ауылдардағы күрмеуі қиын мәселелерді сөз етіп, түрлі тақырыпта ой қозғап, әңгіме өрбіткен еді.

– Мейрамбек Тоғысұлы, ашық­тық бар жерде сенім болады. Халық пен билік арасындағы көпірді жал­ғаушы болғандықтан сайлаушылар сенімінен шығу өте маңызды. Ол үшін не істеу керек? Өз тәжірибеңізбен  бөліссеңіз…

– Әрине, көпшілікпен жұмыс жа­сау оңай емес. Қазіргі таңда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы облысымыздың әлеуметтік мәселелері мен эко­номи­касын көтеру мақсатында тынымсыз ең­бектеніп, заман талабына сай көптеген шешімін таппай тұрған түйінді тарқату барысында үлкен қызмет етіп келеді. Өздеріңіз күнделікті көріп, естіп жүргендей аймағымыздың әлеуеті мен болашағы күннен-күнге дамуда.

Қанша адам болса, сонша мәселе бар. Халықпен кездесу бір бөлек, ал сайлаушылардың нақты мұң-мұқ­тажынан хабар­дар бол­мау, жан-айқайға мән бермеу – бұл үлкен мәселе ту­дырады. Содан екі ортадағы сенім жоғалады. Сол себепті олар­мен етене байланыста бо­лып, ішкі жайын түсініп, шын мұқ­таждығына көз жеткізу керек. Бір кабинетте отырып сонау шалғайда өмір сүріп жатқан халықтың күйбең тірлігін көзбен көрмей, ішінара әң­гімелеспей сырттан қарап тон пішу дұрыс емес. Мейлінше ха­лықпен тығыз байланыста болу керек.  Кездесуге барғанда ар­найы уақыт бөліп, барынша ауыл жастарымен, орта буынмен, қарт­тармен еркін та­қырыпта пікір алмасып, қара­пайым жұрт­шы­лықтың орта­сында өткізу керек. Сонда әр жайттан хабардар болып, оның шешімі де табылады.

– Өзіңіз ел ішінде тұрып жат­сыз. Кімде қандай мәселесі барын білетін шығарсыз?

– Сол елде туып, өсіп-өніп, туған жерді түлетуге барымызды салып жүр­гендіктен әр адамның мәселесін шешуге үлес қосуға тырысамын. Бірақ таяқтың екі ұшы бар десек, кейде көпшілікті масылдыққа үйретіп жатқандаймыз. Айталық сондай бір кездесуде әйел адам жағдайының жоғын айтып, көмек сұрап келді. Нақты көз жеткізу үшін, ол кісіге барғанымызда, үйінде ер жетіп қалған ұл-қыздары барын көріп қынжылдық. Еңбек етер жасқа келген балаларын ол масылдыққа үйретіп отыр. Ондай жандарға біз көмектесе алмаймыз. Тағы бір мысал, сексеннен асқан ақсақал үйін жөндеуге қаржы сұрап, көмекке жүгінді. Жарайды деп, барлық құрал-жабдығымызды алып барғанымызда үйінде тепсе темір үзетін төрт баласы ұйықтап жатыр. Сабаудай жігіттерді көріп, олар үшін өзіміз ұялдық. Апарған заттарымызды ақсақал үшін қалдырып кеттік. Қажет болса өздері жасап алар деген оймен. Мұндай мысалдар көп. Ал расымен жағдайы төмен жандарды әрқашан қолдаймыз. 

– Сайлауалды бағдар­ламаңыз­дың қандай бағыттары орындалуда?

– Елдің ішінде болғандықтан әр сала­дан хабарымыз бар. Әсіресе ауылға заманауи білім ошақтары қажет. Бірақ жоғарыда айтып кеткенімдей аймақ басшысының еңбегімен Жалаңаш елді мекеніне «Қазақстан Халқына» қорынан қаржы бөлініп, білім ошағы салынуда. Басқа да бірнеше елді мекендерде білім ордалары бой көтереді деп күтілуде. Қазір жастардың көбі елді мекендегі жол қатынастары қиын болғандықтан көшіп жатыр. Заман талабына сәйкес, жақсы өмір сүргісі келеді, жақсы жолмен жүргісі келеді. Қай жерге барса да тез жетуді ойлайды. Байырғы тұрғындар ғана үйреншікті жұмыстарын жасап отыр. Ал қалаға оқуға кеткен жастардың қайтып келіп, жұмыс жасап жатқаны аз. Соның салдарынан ауылда қажетті мамандар жетіспейді. Дегенмен бұл мәселені шешу жолында да көптеген жұмыс атқарылуда.

– Бірақ жақында ғана сол­түстікке ерікті қоныс аудару бойынша уәкілетті органдар келіп, ол жаққа да көп маман керегін айтқан болатын. Сонда Арал өңірінен көбірек барып жатқанын білдік.

– Солтүстікке көшіп барып, қай­тып келіп жатқандар да бар. Бізде жақсы бір бағдарлама басталады да соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Уәдені үйіп-төгеміз де, соңы біз күтпегендей болып жатады. Қайбір жылы Ұлттық Құрылтайда Асқар Жұмаділдаевтің айтқан сөзі бар.  Сол кісінің айтуынша, Еуропада сөзбен істің арасы бір сантиметр болса, Жапонияда 1-2 сантиметр, ал бізде оның арасы шақырымға жетеді. Дегенмен ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстар бар­шылық. Жаңадан білім ошақтары, мәдени орталықтар бой көтерді, ден­саулық сақтау нысандары да салынуда.

– Сайлаушылармен қанша­лықты жиі кездесесіз? Оларды қандай жайт­тар толғандырады?

– Көбіне жұмыс сұрайды. Алайда, оқыған мамандығы бойынша бізде сұраныс жоқ. Сонда да жұмысқа алса екен деп келеді. Менің есігім әр­қашан ашық. Тіпті үйге келіп те мәселесін айтатындар кездеседі. Жос­пар бойынша да кездесу ұйым­дас­тырылып тұрады.

– Елді мекеннің жағдайы бұ­рынғыға қарағанда жақсы. Ауызсу, газ, отын-су мәселесі көп жерде шешіліп тұр. Арал ауданында елді мекендер шалғай орналас­қан­дықтан, жол қатынасы сын кө­тертпейді. Халық та осы мәсе­лелерді алға тартады. Бұйыртса жол мәселесі де ке­зеңімен, ретімен шешіледі деп ойлаймын. «Құланды», «Ақбасты», «Жіңішкеқұм» елді мекендерінде жол мүлдем салынбаған. Қар, жаңбыр жауса жол қатынасы үзіледі. Жол қатынасы қиын бол­ғандықтан елде өңірлік даму мәселесі болмайды. Сатып алған немесе өткізетін тауар­лары жолдың ұзақтығына, қиын­дығына байла­нысты бұзы­лып кетіп жатады.

– Жариялылықты жақсы көре­тініңізді білеміз. Жұмысыңызды қан­шалықты айтып немесе ақпа­раттандырып тұрасыз?

– Елге қызмет ету – баршамызға міндет. Атқарылып жатқан жұмыстарды жеке-дара мен жасадым деп айта алмаймын. Ол – барлығымыздың бір­кісідей жұдырық болып жұмыла білуіміздің арқасы. Заңдылыққа сай, шындықты айтатын кезінде айтамыз. Сессия кезінде мәселені көтереміз. Халыққа қызмет жасау үшін – міндетті түрде депутат болу қажет емес.

– Алдағы жұмыс жоспа­рыңызды білсек… Тағы да сайлауға түсу ойыңызда бар ма?

– Оны уақыт көрсете жатады. Туған жерге қызмет етуден шаршамаймын. Қазір білімдінің заманы. Өкініштісі, білімді жастардың ауылға келмеуі. Басты себебі, мектеп қабырғасынан ба­ла­ларға өзінің қабілетіне сәйкес маман­дығын дұрыс таңдауға бағыт бермеу. Өзінің сүйікті қалап алған маман­дығымен емес, тек айлығы үшін екінші диплом алып жұмыс істеп жүргендер бар. Мысалы мектепте математиканы екіге оқыған адам, сол пәннен білім беріп жүрсе қалай болғаны? Ол тек ауылға маман жетіспегендіктен оқып алды. Тек келіп-кетіп айлығын алады. Бізде маман өте тапшы. Дана халқы­мыздың «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген нақыл сөзі содан қалған.

– Ауылға қандай мамандар жетіспейді?

– Бізде технолог, химик, биолог, агро­­ном, гидротехник, слесарь, дәне­керлеуші деген мамандар жоқтың қасы. Бірақ қаржы Үкіметтен бөлініп жатыр. Аралда екі бірдей кәсіптік білім беретін оқу орны бар. Өткен жылы жастар орталығында жастармен кез­десуде білім алып жатқан студенттердің көбі тек шәкіртақы үшін ғана оқып жүргенін айтқан болатын. Сондай бір оқу орнында 60 жасқа таяған әйелдің кірпіш қалаушы мамандығы бойынша оқып жатқанын көрдім. Оның кірпіш қалаушы болып жұмыс жасамайтыны белгілі.  Арнайы стипендия үшін де оқып жүрген болу керек. Біз өзімізді  өзіміз алдап жүрміз.

– Білуімше, өңірге қажетті маман­­дықтарды өз қаржыңызға оқытады екенсіз.

– Иә, медицина және басқа да са­ла­лар бойынша үшжақты келісім-шарт жасасу арқылы, бірнеше баланың оқу ақысын «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің атынан төлеп отырмыз. Олар оқуын аяқтаған соң елге келіп, міндетті түрде 5 жыл қызмет жасау қажет. Келісімде оны көрсеттік. Бұйырса алғашқы мамандық иелері келер жылы туған жерге келіп, еңбек етеді.

– Уақыт тауып редакциямызға келіп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақ­мет. Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Мейрамгүл

ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ