Конституция – заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ата Заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.
«Конституция» латыншадан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы. Осы орайда Қызылорда облысының Әділет департаментінің басшысы Ирина Бакишевамен сұхбаттасқан едік.
– Ирина Жұмабайқызы, Ата Заңның ел Тәуелсіздігіндегі, азаматтар өміріндегі ролі қандай?
– Еліміздің Ата заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Қазақстанда Ата Заң тұңғыш рет 1924 жылы одан кейін, 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Ал қазіргі қолданылып жүрген Конституция 1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Конституция жобасын дайындау кезінде әлемдік демократияның тәжірибелерін, қазақстандықтардың қалауын жан-жақты сараптауға, қызу және өткір талқылауға назар аударылды. Нәтижесінде, 1995 жылдың 30 тамызында өткен Бүкілхалықтық референдумда қатысушылардың 90 проценті жақтап дауыс беріп, қазіргі қолданыстағы Конституцияның қабылданғаны белгілі.
Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Ата Заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді.
Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ал Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді.
Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы – адам, оның құқығы мен бостандықтары. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады.
Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.
– Конституциямызда бекітілген тұлғаға құрметпен қарау қағидалары қандай?
– Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Конституциямызда бекітілгендей, тұлғаға құрметпен қарау, оның жеке құқықтарын таптамау, сот пен заң алдындағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары заманымызға сай идеологияға айналды.
Мәселен, Конституциямыздың 16-бабы әркiмнің жеке басының бостандығына құқын жария етті. Яғни, заңда көзделген реттерде ғана және тек соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi.
Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды» делінген. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды. Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы.
Осылайша, мемлекетіміздің Ата Заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге, адамзат ғаламына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат болып табылады.
«Жалпы, Конституцияда мемлекеттің барлық құрылымдарының, елдің әрбір азаматының, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Сондай-ақ,
Конституция – мемлекет өміріндегі үдерістерді реттейтін басты әрі негізгі құжат. Ендеше мемлекеттің өсіп-өркендеп, қарыштап дамуына тікелей ықпал ететін Ата Заң. Басты талап – Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
– Конституция күнін мерекелеудің мән-маңызына тоқталсаңыз…
– Конституция күнін мерекелеу – тек ұлттық емес, өз елінің әрбір патриоты үшін жеке мереке. 30 тамызда Қазақстан халқы дәстүрлі түрде Конституция күнін атап өтеді. 26 жыл ішінде тәуелсіз ел екендігіміздің айғағы – бұл қасиетті дата мемлекеттік мереке болып саналып, демалыс күні ретінде жарияланған. Қазақстан Конституциясы – халықтың бірлігі мен мемлекетіміздің Тәуелсіздігі үшін берік іргетас. Біздің Ата Заңымыз алдағы уақытта да азаматтарымыздың мүдделеріне сай табысты қызмет етеді, еліміздің одан әрі дамуына үлес қосады. Мереке қазақстандық мемлекеттілікті дамытудағы айтулы оқиға.
– Құқықтық жүйенің, Ата Заңның қазіргі цифрландыру мен ақпараттандыру қарқынына, жаңа заман талаптарына, жаңа технологиялық процестерге сәйкестігі туралы айтсаңыз…
– Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесі қоғамдық қатынастарды реттейтін, жалпыға бірдей мінез-құлық ережелерінің жиынтығы ретінде түсінуге негізделеді. Адамның табиғи құқығы мен бостандығын мойындау, Конституция деңгейінде бекіту және ерекше мән беру – Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің ерекшелігі.
Тағы бір ерекшелігі – Конституцияның жоғарылығы. Бұл принцип мемлекеттің Конституцияға бағыныштылығын білдіреді. Яғни, барлық мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды адамдардың жұмысы Конституцияға негізделуі керек.
Ата Заң – барлық нормативтік-құқықтық актілердің негізі. Республикада қабылданған заңдар мен өзге актілердің Конституцияға сәйкестігін Конституциялық Кеңес қабылдайды. Қазақстан Республикасында құқықтың жеке салаларына жататын мемлекет заңдары бірыңғай жүйеге келтірілген.
Цифрландыру мәселесіне көшсек, негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Әділет департаментінің маңызды функцияларының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Бұл салада, мемлекеттік қызметтер электронды түрде жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметтер халық тұтынатын басты қызмет болғандықтан, оның қолжетімді әрі жылдам атқарылуы маңызды. Тұңғыш Президенттің «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде іске асып жатқан «Электронды үкімет» жобасының да көздейтіні осы. Иә, электронды үкімет – цифрландыру терминінің күнделікті тұрмысқа дендеп енуімен бірге келген жаңа үрдіс. Ол мемлекет пен халықтың виртуалды байланысын қалыптастырып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алуды барынша жеңілдетуге көмектеседі.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған тұста ҚР Конституциялық кеңесі тарапынан көтерілген мәселенің бірі – азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғырту туралы пікіріңіз қандай?
– Конституциялық Кеңестің қызметі елдің Негізгі Заңының мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ол конституциялық құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау және қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда. Мұндағы мақсат – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудағы Конституцияның ролін терең ұғыну, халықтың конституциялық мәдениетін арттыру. Сондықтан да азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғыртуда Конституциялық кеңес тарапынан көтерілген мәселенің маңыздылығын атап өткім келеді. Азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру жөнінде мақсатты жұмыстарды әділет департаменті де жүргізіп келеді.
– Бұл бағытта департамент тарапынан қандай шаралар атқарылуда?
– Халықтың еркі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
Жалпы Әділет органдары мемлекеттіліктің нығаюы мен дамуына, заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың конституциялық құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғауға және жүзеге асыруға әрдайым белсенді үлесін қосып келеді.
Сонымен қатар, қазіргі елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн режимінде департамент басшылығымен және сала мамандарымен азаматтарды жеке қабылдаулар жүргізіліп түрлі құқықтық көмектер көрсетілуде.
Сұхбаттасқан
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<