Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздің жаңа экономикалық бағытының және елмен етене жақын «Nur Otan» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Партия алдағы уақытта да кәсіпкерлікті дамытудың тиімді құралдары арқылы жұмыс істеуді мақсат еткен. Мәселен, партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламада азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша барынша ойластырылған шаралар қамтылса, соның бір тармағы ретінде кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың да жағдайын жақсарту көзделген. Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, облыстық мәслихаттағы кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мақсұт Нәлібаевпен болған сұхбатымыз осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Мақсұт Ыбырайханұлы, мәслихатта өзіңіз төрағалық ететін комиссияның негізі қызметі қандай, құрамында қанша адам бар?
– Бұл комиссияның түпкі мақсаты – өңірде кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Құрамына келсек, 8 депутат бар. Негізгі қызметі – кәсіпкерлікті дамыту, жастар ісі және құқықтық бағыттағы мәселелерді алдын ала зерттеп, тиісті басқармалармен бірлесе талқылап, нақты шешім шығару үшін мәслихаттың кезекті сессиясына ұсыну.
– Бұл жұмыстарды алдын ала жоспарлап отырасыздар ма, қоғамда көтерілген мәселелер, тұрғындар ұсынысы негізінде жинақтайсыздар ма?
– Негізінен біздің комиссия жылдық жоспарын бекітіп, сол бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Жоспар өңірде қордаланған мәселелер негізінде дайындалды. Халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Депутаттық сауалдар арқылы тұрғындарды қабылдау, кездесу барысында көтерілген мәселелер негізінде дайындап, шешілуіне қаржы қарастыруға мәслихатқа ұсынамыз.
– «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесісіз. Партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол карталары әзірленді. Осы құжатта кәсіпкерлікті дамыту бағытында биыл қандай жұмыстарды жүзеге асыру көзделді және жүзеге асқандары бар ма?
– Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасы 7 негізгі бағыттан тұрады. Соның ең бірінші бағыты – «Экономикалық тұрақты аймақ». Осы бөлімде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселесі ерекше көрініс тапқан. Атап айтсақ, биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде өңірде 150 жобаны субсидиялау, 75 жобаны кепілдендіру, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 55 мыңға жеткізу көзделген. Бірінші тоқсанның қорытындысымен шағын және орта бизнес субъектілерінің 598 жобасы несие портфелі 7,2 млрд теңгеге субсидияланды. Ішінара кепілдендіру құралы бойынша 438 жоба 2,5 млрд теңгеге кепілдендірілді. Одан бөлек, жақында кәсіпкерлік және туризм басқармасына қарасты «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымының бақылау кеңес отырысында облыстың кент және ауылдық кәсіпкерлерінің несиелендіру үшін ұсынылған жобаларын қарадық. Сонда облыс бойынша ұсынылған 1 млрд 590 млн теңге болатын 202 жобаның ішінен инвестициялық орталықтың қаржы мүмкіндігіне сәйкес жалпы соммасы 660 млн теңгені құрайтын 143-і қолдау тапты. Бұл – кәсіпкерлер үлесінің көбеюімен қатар, жаңа жұмыс орындарының да артуы. Біз кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты азайтамыз әрі азаматтардың сапалы өмір сүруіне жағдай жасаймыз.
– Қолдау тапқан жобалар қандай бағыттарды қамтиды?
– Егін, мал, балық және құс шаруашылығы мен қызмет көрсету, өндіріс, сауда салалары.
– Қазір пандемияға орай, көптеген кәсіпкерлер бизнесін тоқтатып, кейбіреулері өзге бағытқа ауыстыруға мәжбүр болып жатыр. Жалпы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны мәлім бе?
– Жоғарыда атап өткенімдей, «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламада алдағы 5 жылда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 55 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 47,9 болса, биыл 49 мыңға жеткізуге жұмыс істелді. Қазіргі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 49090 бірлікті құрады. Демек, бұл бағытта біздің партия көздеген мақсат орындалуда.
– Жол картасында көзделген жұмыстардың жүйелі орындалуына кім бақылау жасайды?
– Әрине, бақылау керек. Бұл, ең біріншіден, партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Наушақызының тікелей бақылауында. Құрамында депутаттардан басқа белгілі қоғам қайраткерлері, сарапшылар және журналистер бар республикада 14, өңірімізде 12 аймақтық қоғамдық кеңес құрылды. Бұл кеңестер де Жол картасында көзделген әрбір іс-шараның жүйелі, сапалы орындалуын, оған қаралған қаржының тиімді жұмсалуын қадағалап отыр.
Әңгімелескен
Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<