Инновацияға қызығушылық артып келеді

7

0

Өңірде инновациялық жобаларды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы үдерістің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы. Ол өңір жастарын, кәсіпкерлерді және мемлекеттік секторды заманауи технологияларға, әсіресе жасанды интеллектке бейімдеуді басты мақсат етіп отыр. Kyzylorda Hub-тың бүгінгі жетістігі мен биылғы жоспары туралы орталық жетекшісі Жанарыс Түбекбаевпен әңгімелескен едік.

– Алдымен Kyzylorda Hub-тың атқаратын қызме­тіне тоқталсақ… Өңір үшін бұл орталықтың маңызы қандай?

– Kyzylorda Hub – бұл тек іс-шаралар өткізетін алаң ғана емес, өңірдегі то­лық­қанды ин­новациялық эко­жү­йені қа­лыптастыруға бағыт­талған орталық. Біздің басты мақ­са­тымыз – облыста техноло­гиялық кәсіпкерлікті дамыту, жастарды IT саласына тарту және цифрлық шешімдерді нақты секторға енгізу.

Хаб өз жұмысын бастаған уақыттан бері көп нәтижеге қол жеткізді. Бүгінгі күнге де­йін 389 іс-шара өткізі­ліп, 13994 қатысушы қамтыл­ды. Бұл өңір тұрғындары­ның ин­новацияға деген қызы­ғу­шы­лы­­ғының артқанын көрсе­те­ді. Соның ішінде жасанды ин­теллект бағыты бойынша 93 іс-шара ұйымдастырылып, 1752 адам қатысқанын ерек­ше атап өткім келеді. Хаб ая­сында жүзеге асқан жоба­ларға тартылған инвестиция көлемі 42,2 млн теңге.

– Осы жыл Kyzylorda Hub үшін қандай басым­дық­тармен ерекшеленбек?

– Басты стратегиялық ба­ғыт – жасанды интеллект. Бүгінде ЖИ барлық саланың даму драйверіне айналып ке­леді. Сондықтан біз өңірде «AI-Movement» концеп­ция­сын іске асыруды жоспарлап отыр­мыз.

Осы бастама аясында мем­лекеттік мекемелерге, әлеу­­меттік қызмет көрсету ор­та­лықтарына және кәсіп­керлерге арналған арнайы AI Bootcamp бағдарламалары ұйымдасты­рылады. Бұл – 4 күндік интенсивті оқыту фор­маты. Қатысушылар ге­не­ративті жасанды интел­лекттің негізгі құралдарын меңгеріп, оны өз күнделікті жұмысында тиімді қолдануды үйренеді. Нәтижесінде қыз­меттік процестерді автомат­тандыруға, уақыт пен ре­сурс­ты үнемдеуге мүмкіндік туады.

– Өңірлік стартаптарды қолдау бағытында қандай нақты бағдарламалар жү­зеге асырылады?

– Биыл стартаптарды қол­дауға арналған екі ірі бағ­дарламаға басымдық бе­ріліп отыр. Біріншісі – Startup Joly преинкубация бағ­дар­ла­масы. Бұл бағдарлама техно­логиялық кәсіпкерлікке ал­ғаш­қы қадам жасағысы келетін, 16 жастан асқан кез келген азаматқа арнал­ған. Бағ­дарлама идея сатысын­дағы жобаларды MVP, яғни минималды өміршең өнім дең­гейіне дейін жеткізуге ба­ғытталған.

Екіншісі – Startup Orda инкубация бағдарламасы. Бұл – MVP сатысындағы жо­баларды нарықтағы алғашқы сатылымға дейін жеткізетін 2 айлық бағдарлама. Қаты­сушылар 10 апта бойы се­минарлардан өтіп, тәжі­ри­бе­лі тре­керлерден тегін кон­суль­тация алады. Үздік деп танылған жобалар рес­пуб­ли­калық венчур­лық қор­лар алдында танысты­рылып, инвес­тиция тарту мүмкін­­ді­гіне ие болады. Айта кету керек, бұл бағдар­лама Astana Hub халық­аралық техно­пар­кінің жетекші­лігімен елі­міз­дің барлық өңірлерінде өтеді.

– Инновациялық са­йыстар, яғни хакатондар өңір үшін қандай мүмкіндік береді?

– Хакатон – нақты мәсе­лелерге жедел әрі тиімді IT шешім табудың ең ұтымды форматы. Биыл Kyzylorda Hub аясында 4 хакатон өт­кізу жоспарланып отыр. Әр­қайсысының тақырыбы мен нақты тапсырмалары болады.

Бұл шаралар арқылы өңір­дің үздік технологиялық ше­шімдері әзірленіп, жер­гі­лікті мекемелер мен кәсіп­орындарға жасанды интел­лект құралдарын енгізуге мүм­­кіндік туады. Кәсіп­орын­­дар өздеріне қажетті IT ше­­шімдерді Kyzylorda Hub арқылы тап­сырыс беріп, ха­катон нә­тижесінде дайын өнім алуға қол жеткізе алады.

– Жаңа «HUB TASKS» платформасының ерекше­лігі неде?

– «HUB TASKS» – өңір­лік IT компаниялар мен фри­лансерлерге арналған ар­найы платформа. Бұл плат­­форма Қызылорда облысын­дағы тапсырыс беруші­лердің тех­нологиялық тап­сыр­маларын орындауға бағыт­талған.

IT шешімге мұқтаж кәсіп­орындар мен мекемелер өз қажеттілігін сауалнама арқы­лы жолдайды. Ал өңірдегі ең үздік әзірлеушілер сол тап­сырмаларға өз ұсыныс­тарын береді. Осылайша келісім-шарт жасау мәдениеті қалып­тасып, жергілікті IT нарық­тың дамуына серпін беріледі.

IT білім беру бағы­тын­да қандай жұмыстар ат­қарылуда?

– IT саласына қызығушы­лық танытқан жастар үшін Tech Orda бағдарламасы өз жалғасын табады. Бағдарлама аясында облыстың кез келген жас тұрғыны еліміздегі ак­кредиттелген жеке IT мек­теп­терінде грант негізін­де білім ала алады. Қызылор­да­лықтар өңірлік мектеп­тер­мен қатар, Астана және Ал­маты қалаларындағы IT мектептерде онлайн формат­та оқуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда IT білім берудің үздік үлгілері саналатын Tomorrow School және TUMO School мектептерін ашу бойынша облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің қолдауымен жұ­мыстар жүргізілуде. Бұ­дан бөлек, хабта тұрақты түр­де воркшоптар, буткемп­тер мен кездесулер ұйымдас­тырылады. Ал LUPIC ха­лық­­аралық бағдарламасы ая­сын­дағы 3 айлық 4 білім беру бағдарламасы қыркүйек айы­нан бастап іске қосылады.

– Стартаптар мен IT компанияларына қандай қолдау көрсетіледі?

– Өңірдегі IT стартаптар мен компаниялар Astana Hub қатысушысы атанып, са­лық­тық преференцияларға ие бола алады. Ең бастысы Ky­zylorda Hub аясында көр­сетілетін барлық қызметтер стартаптар үшін тегін. Бұл – жас кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.

– Сыр жастарына ай­тар ойыңыз?

– Инновация мен техно­логия – өңірдің болашағы. Біз барша жастарды, кәсіп­керлерді және жаңа идеясы бар азаматтарды Kyzylorda Hub алаңына белсенді қаты­суға шақырамыз. Барлық анонс­тар мен жаңалықтар    @kyzylordahub әлеуметтік же­лідегі парақшамызда тұ­рақ­ты жарияланады.

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»