Кәсіподақтың  міндеті маңызды әрі жауапты

2425

0

Облыcтық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы тарапынан аймақ педагогтарының мәртебесін көтеріп, әлеуметтік мәселелерін шешу жолында жанжақты жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен уақыт талабына сай салада жаңа міндет, тың мәселелер туындап отыратыны заңды. Осы орайда  облыcтық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Есқалиевамен ой бөліскен едік.

Гүлнар Бабабекқызы, кәсіподақ қызметкерлерінің мерекесі құтты болсын! Білім саласы ұдайы өзгеріс пен жаңаруға толы. Осы тұрғыда кәсіподақ ұйымының үлесі қаншалықты?

– Дұрыс айтасыз. Жаңа бастамалар қолға алынса, соған сәйкес кезекті күрмеулі мәселелер күн тәртібіне шығып отырады. Осындай мәселенің бірі – балабақша қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы. Жасыратыны жоқ, бұл мамандардың жалақысы аз. Сондай-ақ, олар  жылына екі рет медициналық тексерістен өтуге сол азғантай еңбекақысынан төлейді. Ол – кемінде 10-16 мың теңге аралығындағы қаражат. Онсыз да жалақысы төмен қызметкерлер үшін бұл аз ақша емес екені белгілі.

Негізі заң талаптарын ескерсек, қызметкерлер медициналық тексеруден жұмыс беруші мекеме есебінен өтуге тиіс. Осы мәселені облыстық мәслихат сессиясында көтеріп, бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде,  шешімін тапты. Атап айтқанда, облыстық мәслихаттың кезекті 17 сессиясында «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, оның ішінде білім саласы қызметкерлерінің жаңа оқу жылының басында дәрігерлік тексеруден тегін өтуіне қажетті жағдай жасалды. Балабақша қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізу үшін 59 млн-нан астам қаржы бөлінді.

Мемлекет басшысы Жолдауында балабақша қызметкерлерінің жалақысын көтеру, біліктілігін арттыру, яғни, аттестациялау сияқты жұмыстарға назар аударды. Демек алдағы уақытта балабақша қызметіне байланысты көптеген сауалдар жауабын табады деп ойлаймын.

– Еңбек ету қандай маңызды болса, демалыстың да орны бөлек. Жыл сайын сала қызметкерлерінің бәрін лайықты демалыспен қамту мүмкін болмас, әрине.  Десек те, бұл жұмыстар қалай жүзеге асырылуда?

– Мұғалім еңбегін бағалап, оларды барынша көтермелеу – кәсіподақ ұйымының негізгі міндеттерінің бірі. Осы жолда бірқатар жаңа бастамаларды атап өтуге болады. Оларды бірізді әрі дәстүрлі десек те артық етпес.

Ең алдымен жыл сайын «Алтын белгіге» бітірген түлектердің алғашқы ұстаздарына Түркістан облысындағы «Біркөлік» шипажайына берілетін жолдамалар жайлы айтып өтсем. Ұстаздарымыз аталған шипажайда 3 ауысыммен 5 күннен тегін сауықтыру демалысында болып, ерекше көңіл-күймен тынығып келеді. Әркез алғыстарын білдіріп отырады. Негізінен «Біркөлік» шипажайы Төле би ауданында, тау етегінде орналасқан. Шатқал бойын жағалай «Біркөлік» өзені ағады. Тау беткейіндегі таза ауа денсаулыққа пайдалы. Профилактикалық шипажайда тәжірибелі мамандар тыныс алу жүйесі, жүрек, қан-тамыр, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі секілді бірнеше дертті емдеп жазады. Сонымен бірге түрлі мәдени-көпшілік және сауықтыру шарасы күнделікті ұйымдастырылады.

Жалпы кәсіподақтың Сыр өңіріндегі 55 мыңға жуық педагогтың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлі жыл сайын биіктеп келеді. Біз атқарылған жұмыстарымызды уақытында бұқарамен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелердің түйінін әріптестерімізбен бірге тарқатып, қызметкерлердің қуанышы мен қайғысына ортақтасуды дәстүрге айналдырғанбыз.

– Биылғы оқу жылы қалай басталды? Айталық, таяуда ғана ұстаздар қауымының төл мерекесі тойланды…

– Ұстаз бен шәкіртті қауыштырған биылғы оқу жылында да қалыптасқан үрдістен айнымай Білім күні, Ұстаздар күні қарсаңында Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша республика көлемінде «Үздік 100 мектеп» қатарына енген және үздік білім беру ұйымдарының педагогтарына ноутбук табыстадық. Бұдан бөлек, 1300-дей ұстазға  сый-сияпат жасап, құрметімізді жалғастырдық. Қарттар күні қарсаңында мерейлі жас иелеріне, зейнетке шыққан мекеме басшыларына бағалы сыйлықтар берілсе, 50 сала ардагеріне Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Таң нұры» шипажайына жолдама табыс еттік.

10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай, мерекелік марапаттар жиыны жалғасын табады. Оған кәсіподақ ардагерлері, сала активі, бірнеше әлеуметтік әріптестеріміз шақырылып, Құрмет грамоталары, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталатын болады.

Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы десек, оны сақтаудағы кәсіподақтардың негізгі құқықтық құралы – ұжымдық шарт. Осы екіжақты келісім негізінде әлеуметтік әріптестерімізбен бірлесіп сала қызметкерлерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғалуы, еңбек қауіпсіздігі тұрғысындағы заңнамаларда бар нормалармен қоса, жоғарылатылған мүдделі бағыттарды, кепілдіктердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп келеміз.

Мәртебелі қызметтің тізгінін ұстап, ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай тер төгіп жүрген әріптестерімізді қолдау жұмыстары уақыт талабына сай әрдайым жалғасын табады.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<